Accessibility links

Талапкерлерге "Ұлт лидері" жайлы эссе жазуды міндеттеді


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Нью-Йорктегі тәжік студенттерімен бірге. Мұрағаттағы сурет
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Нью-Йорктегі тәжік студенттерімен бірге. Мұрағаттағы сурет

Тәжікстан Білім және ғылым министрлігі елдің жоғары оқу орындарында талапкерлерге жазғызатын эссе тақырыптарының тізімін бекітті. Олардың арасында "Пешвои миллат- ҳомии миллат" ("Ұлт лидері – ұлт қорғаушысы") немесе "Пайравони Пешвои миллатем!"("Біз – Ұлт лидерінің ізбасарымыз") деген эссе тақырыптары бар.

Тәжікстанда биылдан бастап барлық абитуренттерге (қай тілде білім алатындығына қарамастан) тәжік тілінде эссе жазғызатын тәртіп қолданысқа енгізілмек. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди) хабарлады.

Білім және ғылым министрлігіндегі дереккөзінің Озодиге хабарлауынша, абитуренттерге жазатын эссе тақырыбын мектеп бағдарламасындағы тәжік әдебиетінен алуға немесе шығармасына еркін тақырыпты таңдауына болады.

"Абитуренттер Білім және ғылым министрлігі алқасы бекіткен 60-қа жуық тақырыптың бірін, олардың арасында "Пешвои миллат- ҳомии миллат" ("Ұлт лидері – ұлт қорғаушысы") немесе "Пайравони Пешвои миллатем!"("Біз – Ұлт лидерінің ізбасарымыз") деген тақырыптарды таңдай алады. Сонымен бірге тізімде "Ман ориёиям ва бо ин фахр мекунам" ("Арийлікпін және оны мақтан тұтам"), "Либосҳои миллӣ -- тараннумгари фарҳанги миллат" ("Ұлттық киім – ұлттық мәдениет нышаны"), "Танзими расму оинҳо - осоиши зиндагӣ" ("Дәстүрді жөнге салу – өмір игілігі") деген басқа тақырыптар да бар", - дейді ол.

Тәжік тілінде эссе жазу туралы ұсынысты ең алғаш 2015 жылы қыркүйекте Куляб қаласындағы мемлекеттік университетте сөйлеген сөзінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон айтқан болатын. Бір жылдан кейін, 2016 жылы күзде ел астанасы Душанбедегі 28 мектептің 11-сыныбында оқитын 1015 шәкірт әлеуметтік, тарихи және мәдени тақырыптарға эссе жазған. Кейін белгілі болғандай, түлектердің 80 пайызға жуығы байқау сынағынан өте алмаған.

Тәжікстан президенті жанындағы ұлттық тестілеу орталығы өкілдерінің айтуынша, бұған дейін талапкерлер тапсырған емтихан қорытындылары тәжік тілі мен әдебиетінен білімдері нашар екенін көрсеткендіктен, абитуренттер шығармасының мазмұны мен сауаттылығын анықтау үшін бұл сынақты қолданысқа енгізу өте дұрыс. Озоди журналистері сөйлескен Тәжікстан ғылым академиясының қызметкерлері де осындай пікірде.

Тәжікстандық абитуренттер тест тапсырып отыр. Көрнекі сурет
Тәжікстандық абитуренттер тест тапсырып отыр. Көрнекі сурет

Бірақ, кей сарапшылар жоғарғы оқу орнына түскен кезде абитуренттің саяси ұстанымы негізгі критерий болмауы керек деп санайды. АҚШ жоғары оқу орындарында бірнеше рет оқу тәжірибесінен өткен тарих ғылымдарының кандидаты Камолиддин Абдуллоевтың сөзінше, жоғары оқу орнына түскен кезде абитуренттің білімі – басты критерий болуы тиіс.

Қоғам билік иесіне мадақ айтуды ғана сүйетін дәрігерге емес, науқасты емдей алатын дәрігерге мұқтаж

- Егер абитурент жазатын эссе саяси тұрғыдан "дұрыс" ұрандарға құрастырылған болса, ондай шығарманың құны көк тиын. Қоғам билік иесіне мадақ айтуды ғана сүйетін дәрігерге емес, науқасты емдей алатын дәрігерге мұқтаж, - дейді ол.

Ал биліктегі Тәжікстан халық-демократиялық партиясының Хатлон облыстық комитетінің төрағасы Абдулло Рахмонзода болса "Ұлт лидерінің арқасында елде ту, әнұран, елтаңба мен ұлттық валюта пайда болды" деп санайды.

- Сондықтан біз Ұлт лидеріне ұлттық құндылық ретінде қарауға тиіспіз, - дейді шенеунік.

Оқи отырыңыз: Орталық Азиядағы "демократияға" арналған сыйлық

Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып отыр. Тәжікстан парламенті 2015 жылы желтоқсанда қабылдаған "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт лидері" туралы конституциялық заң бойынша, Эмомали Рахмон тәжіктердің өмірлік көшбасшысы болып ресми жарияланған.

Заң Рахмонға биліктен кеткеннен кейін де жеке басына қол сұғылмайтындығына кепілдік береді. Бұған қоса заңда Тәжікстанда "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы" қорын, Ұлт көшбасшысына арналған кітапханалар мен мұражайлар ашу да қарастырылған.

Қазақстанды соңғы 28 жыл бойы үздіксіз басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлт лидері - Елбасы" атағын Эмомали Рахмоннан да бұрын иеленген. 2010 жылы Қазақстан парламенті әлгі атақты арнайы заң қабылдап бекіткен. Қазақстанда Назарбаев атындағы музейлер, саябақтар, мұражайлар мен университет бар, тұңғыш президент туралы ондаған фильм түсіріліп, кітаптар жарық көрген. Қазақстанда және бірнеше шет мемлекетте Назарбаевқа ескерткіш, мүсіндер орнатылған. Парламент депутаттары Назарбаевтың сіңірген еңбегін ескеріп, мемлекет астанасына оның есімін беру туралы бірнеше мәрте бастама көтерген. Өткен жылы Астананың халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріліп, Алматының орталығындағы Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілген.

XS
SM
MD
LG