Accessibility links

"Бүлікші" тәжік генералдың оққа ұшқаны хабарланды


Тәжікстанның бұрынғы қорғаныс вице-министрі Абдулхалим Назарзода
Тәжікстанның бұрынғы қорғаныс вице-министрі Абдулхалим Назарзода

Тәжікстандық ІІМ мен МҰҚК Ромит шатқалында "қашып жүрген бүлікші" генерал Абдулхалим Назарзоданың көзі жойылғанын жариялады.

Қыркүйектің 16-сы күні Тәжікстанның бұрынғы қорғаныс вице-министрі, 51 жастағы Абдулхалим Назарзоданың Ромит шатқалында ажал құшқаны хабарланды. Оны ұстау үшін Душанбе арнайы операция ұйымдастырған еді. Назарзоданың өлгенін елдің ішкі істер министрі мен мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.

Ресми хабарламада: «2015 жылдың 16 қыркүйегінде сағат 14.00-де Абдухалим Назарзаданың бандасын жою бойынша ұйымдастырылған антитерроршылық операциясы толық аяқталды» деп жазылған.

Ресми мәлімет бойынша, бір жарым тәулікке созылған жедел-іздестіру шаралары кезінде Назарзоданың тобы Ромит шатқалындағы Гусгев деген жерде қоршауға түскен. Қарсылық көрсетушілер өз еркімен берілуден бас тартқан. Атыс кезінде Абдулхалим Назарзодамен бірге Джунайдулло Умаров есімді жақтасының және тағы 10 адамның оққа ұшқаны айтылады. Бұл аймақ Душанбеден 130 шақырым жерде орналасқан.

Назарзода тобының мүшелерін ұстау кезінде соңғы тәулікте екі жақтан жалпы саны 16 адам өлген. Бұған дейін "Альфа" арнайы бөлімшесі командирінің де қаза тапқаны белгілі болған.

Тәжікстан қауіпсіздік күштерінің Назарзоданың қарулы тобына қарсы арнайы операциясы қыркүйектің 4-інде – Вахдат және Душанбе қалаларындағы милиция қызметкерлеріне жасалған шабуылы кезінде құқық қорғау органдарының тоғыз қызметкері қаза тапқан соң басталған. Билік "бүлік жасау мақсатымен шабуылдарды ұйымдастырды" деп Назарзоданы айыптаған. Кейін генералдың өз тобымен бірге Ромит шатқалына жасырынғаны туралы хабарланған еді.

ҰҚШҰ саммитіне Душанбеге барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәжікстандық әріптесі Эмомали Рахмонмен кездесуі кезінде бұл шабуылдың "сыртқы әсердің ықпалынсыз болмағанына сенімді" екенін айтқан.

1990 жылдары Абдулхалим Назарзода тәжікстандық біріккен оппозициядағы қарулы топтардың бірінің жетекшісі болған. 1997 жылы билікпен мәміле жасалған соң ол қорғаныс саласында лауазымды қызметтер атқарып келген.

XS
SM
MD
LG