Accessibility links

Назарбаев Тәжікстандағы оқиғалардан "сыртқы әсерді" көрді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайда күтіп алушылар. Душанбе, 14 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әуежайда күтіп алушылар. Душанбе, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақстан мен Тәжікстан алты құжатқа қол қойды. Олардың арасында екі елдің стратегиялық әріптестігі туралы келісім де бар.

Душанбеде мақұлданған құжаттарға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қол қойған.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері бүгін қол қойған келісімдер екі елдің білім, спорт, ақпаратты техникалық қорғау, еңбек миграциясы, екі елдің сыртқы істер министрліктерінің 2016-2017 жылдары әріптестік орнату бағдарламасын қамтыған. Білім жөніндегі келісім бойынша, тәжік студенттері бұдан былай Қазақстандағы жоғары оқу орындарының Тәжікстан жағы таңдаған мамандықтарына дайындық курсын бітірмей-ақ түсе береді.

Президент Назарбаев екі елдің аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ынтымақтастық орнататынын да айтты. Ол кездесу кезінде "Қазақстан мен Тәжікстанды өзара құрмет пен сенімге негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстырады. Әлемдік экономикадағы қазіргідей күрделі жағдайда біздің бірлескен ынтымақтастықты дамытуға қажетті мүмкіндіктеріміз бар" деді.

15 қыркүйекте Душанбеде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясына барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ол ел "ТМД-ның оңтүстіктегі қамалы" екенін айтты. "Тәжікстан терроризм және экстремизммен күрестің өтінде тұр. Бұл ел Ауғанстанмен шекаралас. Соңғы оқиғалар сыртқы әсердің ықпалынсыз болмағанына сенімдімін" деді ол.

Биліктің дерегінше, қыркүйектің 4-і күні Тәжікстанда бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Абдухалим Назарзода басқарған қарулы топ Душанбе мен Вахдат қалаларында полицияға шабуыл жасаған. Ол шабуылдардан 9 полиция қаза тауып, он шақтысы жараланған. 11 күндік операция барысында "қарулы топқа мүше" делінген 150-дей адам өлтірілген және ұсталған.

Қазақстан - Тәжікстанның стратегиялық әріптестік туралы келісім жасаған үшінші елі. Ресми мәлімет бойынша, бұл екі елдің арасындағы тауар айналымы 2014 жылы алдыңғы жылға қарағанда 20,5 пайызға өсіп, 859 миллион долларға жеткен.

Азаттықтың Тәжік қызметінің материалы.

XS
SM
MD
LG