Қыркүйектің 15-і күні Тәжікстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал Абдухалим Назарзоданың қарулы тобына қарсы Ромит шатқалындағы операция кезінде Тәжікстан күштік құрылымдарының кемі екі қызметкері қаза тапқан. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметіне елдің күштік құрылымдарындағы және Восе ауданы әкімшілігіндегі екі дереккөз хабарлады.
Олардың айтуынша, қаза тапқандардың бірі –мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Альфа» арнайы бөлімшесінің 41 жастағы басшысы, полковник Рустам Амакиев, екіншісі – Амакиевтің қарамағындағы қызметкер. Восе ауданындағы дереккөздің хабарлауынша, Амакиевтің қаза тапқаны туралы ақпарат бүгін таңертең түскен. Восе ауданында полковникті жерлеу рәсіміне дайындық шаралары басталған.
Восе аудандық әкімшіліктің хабарлауынша, Рустам Амакиев 1997 жылы Ресей қорғаныс министрлігіне қарасты әуе-десанты әскери институтын, Суворов командалық училищесін бітірген. Ол «Джасорат» медалімен, екінші дәрежелі «Шараф» орденімен және өзге де үкімет наградаларымен марапатталған. Рустам Амакиевтің артында әйелі мен баласы қалған.
Ал екінші қаза тапқан қызметкердің кім екені туралы хабар жоқ.
Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөздері қыркүйектің 15-і күні түн ортасында Покруд деген жерде болған қақтығыс кезінде Тәжікстан ішкі істер министрлігіне қарасты ерекше милиция жасағының тағы екі жауынгері жараланып, қазір аса ауыр халде жатқанын да хабарлады.
Покруд аймағы әкімшілік территория жағынан Варзоб ауданымен шектеседі.
Жуырда Ромит шатқалында Назарзода тобына қарсы арнайы операция өткен. Қауіпсіздік күштерінің екі қызметкері жараланғанын жергілікті тұрғындар да хабарлайды. Жараланғандарды өз көзімен көрген тұрғындардың бірі «Олардың бірі көзінен жараланған» дейді.
Кейбір дерекке қарағанда, қыркүйектің 15-і күні түстен кейін Ромит шатқалында белгісіз оқтан Тәжікстан қорғаныс министрлігінің тікұшағы да зақымданған. Бұл тікұшақ Назарзоданың қарулы тобы орналасқан жерді анықтау мақсатымен Ромит шатқалы территориясына ұшып шыққан. Тікұшақ апатты жағдайда қонған, бірақ ешкім зардап шекпеген.
Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөздерінің хабарлауынша, тікұшақтың артқы бөлігі зақымданған.
Тікұшақтың апатты жағдайда қонғаны туралы ақпаратты Ромит шатқалы тұрғындары да растайды.
Қауіпсіздік күштерінің Назарзоданың қарулы тобына қарсы арнайы операциясы қыркүйектің 4-інде – Вахдат және Душанбе қалаларындағы милиция қызметкерлеріне шабуылдан кейін құқық қорғау органдарының тоғыз қызметкері қаза тапқан соң басталған. Билік бұл шабуылдарға Назарзоданы айыптаған.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, министрдің бұрынғы орынбасары жақтастарымен Ромит шатқалы территориясына жасырынған. Құқық қорғау органдары арнайы операция басталғаннан бері топтың 100-ден аса мүшесі ұсталып, 20-дан астамының көзі жойылғанын хабарлаған. Ал Назарзоданың нақты қайда жасырынғаны әлі белгісіз.
Операция басталғаннан бері Тәжікстан күштік ведомстволары қарулы топтың қолға түскен және көздері жойылған мүшелері туралы ақпаратты ғана жариялаған. Ресми органдар қауіпсіздік күштерінің шығыны жайлы ақпарат бермеген.
Азаттықтың Тәжік қызметінің материалы.