Accessibility links

Түркіменстанда қамауға алынған қазақты Human Rights Watch «саяси тұтқын» деп атады


Түркіменстандағы қазақ белсендісі Бисенғұл Бегдесінов
Түркіменстандағы қазақ белсендісі Бисенғұл Бегдесінов

Астанада өтетін құрылтайға қатысқалы отырған Түркіменстандағы қазақ қауымдастығының белсендісі қамауға алынды. Екі апта бойы тергеу изоляторында отырған Бисенғұл Бегдесіновтен әлі хабар жоқ. Туыстары бұл істі «саяси тапсырыс» деп санайды.


Сәуірдің 11-і күні Ашғабатта, Түркіменстандағы қазақ қауымдастығының белсендісі Бисенғұл Бегдесінов қамауға алынған. Сол күні елдің ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкерлері Бегдесіновтың үйіне заңсыз тінту жүргізіп, құжаттары мен компьютерін алып кеткен.

«ОНЫ ӨЛТІРІП ТАСТАУЫ ДА МҮМКІН»

Азаттыққа сұхбат беруге келіскен Бисенғұл Бегдесіновтың әйелі Бақыт күйеуін екі аптадан бері көре алмай отырғандығын айтты.

- Бүгін міне 26-сы, 11-нен бері мен одан еш хабар ала алмай отырмын. Мен оның тіпті тірі екендігін де білмеймін. Киімдерін беріп жіберіп едім, үстіндегі ескісін кері қайтарған. Оған не істеп жатқандығын, не дайындап жатқанын да білмеймін, - деді Ашғабаттан телефон арқылы Бақыт Бегдесінова.

Түркіменстанда қоғамдық істерге белсенді араласып келген 56 жастағы Бисенғұл Бегдесіновке Түркіменстанның Қылмыстық кодексінің 228-ші бабының (алаяқтық) 2-ші тармағы бойынша айып тағылып отыр. Қазір оның қызметіне қатысты салық органдары тексеру жүргізіп жатыр.

Сәуірдің 27-і Азаттық радиосына ұлы арқылы қайтара сәлем айтқан Бақыт Бегдесінова «күйеуін өлтіріп, айғақ қалмау үшін айдалаға лақтырып кетуі» мүмкін екенін хабарлады.

ШАҚЫРТУДЫҢ «ЖЫРЫ»

«Түркіменстанда баспана - басты проблема» дейді Азаттыққа сәуірдің 26-сы күні түсініктеме берген Бисенғұл Бегдесіновтың ұлы - Әмір. Оның сөзінше, тұрғын үйлердің негізгі бөлігі мемлекет меншігінде. Сондықтан ондағы қазақтар Қазақстанға көшкісі келсе, баспанасын міндетті түрде мемлекетке өткізіп кетуі тиіс. Бұл әрине, елден көшіп кетпекші барлық азаматтарына да қатысты.

- Қазақстанда үйлер жаппай жекеменшікке берілген. Ал Түркіменстанда олай емес. Ал үйді тегін жекешелендірудың жалғыз мүмкіндігі – Ресей мен Түркіменстан арасындағы мемлекетаралық келісім болып табылады. Оның негізінде Түркіменстан азаматы Ресейден «қоныс аударушы» статусын алуы қажет. Статусқа қол жеткізу үшін көптеген құжаттармен қатар, Ресей азаматынан шақырту керек. Дәл осы шақыртуды алу үшін көпшілік Түркіменстан қазақтары менің әкемнің қызметін пайдаланып келді, - дейді Әмір Бегдесінов.
Ашхабад қаласының бір көрінісі

Оның сөзінше, әкесі Ресей қазақтарын тауып, шақырту жасауға көмектескен. Ол үшін шамамен 500 АҚШ долларындай ақы алып келген. Ұлының айтуынша, бұл соманың тек 100-150 доллары ғана әкесінің қалтасына түсіп отырған. Осылайша әкесінің орташа табысы айына 1000 доллардан аспай келген.

Өз қызметінің заңды болуы үшін Бисенғұл Бегдесінов жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, сонғы төрт жыл бойы үнемі салық төлеп келген.

- Тағылып отырған айыпқа негіз болып, іс материалдарында тіркелген үш адамның арызы. Олар бойынша әкем өз міндетін толық орындаған. Шақыртуларын жасатып берген. Ресей тарапының мөрі де тұр. Яғни бұл құжаттар заңды әкем емес оны қамауға алған құқық қорғау органдарының бұзып отырғандығын көрсетеді, - дейді Әмір Бегдесінов.

Әмір әкесінің қамауға алынуына «экономикалық немесе қылмыстық емес, саяси астардың» бар екендігіне сенімді.

ҚЫСЫММЕН ЖАЗЫЛҒАН АРЫЗДАР

Бақыт Бегдесінованың сөзінше, күйеуіне қарсы жазылған арыз-шағымдардың мазмұны тіпті күлкілі көрінеді.

- Бисенғұл ақша алған адамдарға қысым жасап арыз жаздыртып жатыр. Ал жазылған арыздардың мазмұны тіпті күлкілі. Арызда «Оны түрмеге отырғызуларыңызды сұраймын» деп жазылған,- деді Бақыт Бегдесінова.

Бегдесінова күйеуінің ұсталуын саяси тапсырыс деп бағалап отыр.

- Ол осы жерде белсенді қызмет етті. Алғашқылардың бірі болып қазақ мәдени орталығын құрмақ болды. Алайда оған тіркелуге рұқсат берген жоқ. Келесі айда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына баруды жоспарлап отырған. Меніңше бұл - саяси тапсырыс. Ал қалғандарының барлығы тек сылтау, - дейді Бақыт Бегдесінова.
Түркіменстандағы түрмелердің бірі. 10 шілде 2008 жыл

Біз бұл мәселеге қатысты Қазақстанның Түркіменстандағы елшісі Асхат Оразбайға хабарласқанымызбен, елші мырза «ол кісі Қазақстанның азаматы емес» деп жауап берді. Оның атап айтуынша, Бегдесіновтың туыстары елшілікке көмек сұрап, өтініш білдірмеген.

Бисенғұл Бегдесінов келесі айдың аяғында, Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысуы тиіс-тін. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы оны делегат ретінде тіркеген. Дегенмен, Алматыдағы қауымдастық өкілдері Түркіменстандағы делегаттың қазіргі жағдайы туралы мүлдем хабарсыз екендігін айтты.

- Мен ешнәрсе айта алмаймын. Оның қайда екенін, не істеп жатқанын қайдан білемін, - деді радиомызға қауымдастық өкілі Ботагөз Уатқан.

Ал Түркіменстан тергеу изоляторында отырған Бисенғұл Бегдесіновтың туыстары, сейсенбі, сәуірдің 26-ы күні президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазды. Онда олар президенттің Түркіменстандағы қазақ азаматына араша түсуін сұрап отыр.

«САЯСИ ТҰТҚЫН»

Азаттық радиосының тілшісі Түркіменстанның ресми органдарына Бегдесіновқа қатысты мәлімет берулерін сұрап телефон соқты. Түркіменстан ішкі істер министрлігінің атын атамаған өкілі қазақ қауымдастығының белсендісін өз мекемесінің тұтқындамағанын айтты. Ал осы елдің ұлттық қауіпсіздік министрлігінің қызметкері де бұл мәселеге қатысты ақпарат беруден жалтарып, аты-жөнін атаудан бас тартты.
Вероника Голдстоун, Human Rights Watch ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша адам құқықтарын қорғау бағдарламаларының директоры

Сәуірдің 27-і Еуропа Одағы парламенті мүшелерінің Түркіменстанда басталған ресми сапарының қарсаңында Human Rights Watch ("Хьюман Райтс Уотч") ұйымы осы елде жүріп жатқан адамдарды қамауға алудың жаңа кезеңі туралы арнайы мәлімдеме жасады.

Ұйымның Еуропа мен Орталық Азия бойынша адам құқықтарын қорғау бағдарламаларының директоры Вероника Голдстоун түркімен билігінің бұл әрекетін "тәуелсіз адамдардың дауысын тұншықтыру" деп бағалады. "Түркіменнің билік өкілдерімен кездесу кезінде Еуропалық парламент мүшелері азаптауға қарсы қатты-қатты сөйлеп, саяси тұтқындарды босатуға шақырулары керек,-" деді ол.

Human Rights Watch ұйымының мәлімдемесінде аты аталған төрт тұтқынның бірі - Бисенғұл Бегдесінов. Ол түркіменстандық қазақтардың "Елім-ай - Түркіменстан" атты әлеуметтік-мәдени орталығының негізін қалаушы деп сипатталған.
XS
SM
MD
LG