Accessibility links

АҚШ-та Азамат Тәжаяқовтың соты басталды


Бостондағы Федералдық сот судьясының алдында тұрған Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың суреттері. 1 мамыр 2013 жыл.
Бостондағы Федералдық сот судьясының алдында тұрған Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың суреттері. 1 мамыр 2013 жыл.

Маусымның 30-ы күні 2013 жылғы Бостон марафонындағы жарылыстарға қатысты «тергеу ісін адастырмақ болды» деп айыпталған қазақстандық Азамат Тәжаяқовқа қатысты сот басталды.

Дүйсенбі күні 2013 жылғы Бостон марафонындағы жарылысты ұйымдастырушы деп айыпталған Джохар Царнаевтің ісіне қатысты «тергеу амалдарын адастырмақ болды» деген айып тағылған қазақстандық Азамат Тәжаяқовтың ісіне қатысатын алқа мүшелерін іріктеу басталды. АҚШ заңы бойынша, 12 адам - негізгі алқа мүшесіне, тағы бірнеше адам - қосымша алқа мүшесіне іріктелініп алынады. Ал шілденің 7-і күні прокурор мен адвокат кіріспе сөз сөйлейді.

Тергеу деректері бойынша, қазақстандықтар Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев Бостондағы жарылыстан кейін үш күн өткен соң «бомба орнатты» деп айыпталған Джохар Царнаевтың жатақхана бөлмесінен оқ-дәрі мен ноутбук салынған рюкзагын алып кетіп, жоюға тырысқан. Олар жаңалықтарда Царнаевтың жарылысқа қатысы бар адам ретінде сипатталып, суретін көрген соң мұндай әрекетке саналы түрде баруы мүмкін деген болжам айтылады. Рюкзак кейін қоқыс полигонынан табылған.

АP агенттігі ФБР өкілі Скотт Циепликтің: «Бұл жаңалық Тәжаяқовты үрейлендіріп жіберсе керек, себебі түтіктегі жарылғыш заттек тазаланған. Қадырбаев бұған қоса, бөлмеден вазелин ыдысын да тауып алған және Тәжаяқовқа Царнаевтың «бомбаны содан жасаған болуы мүмкін» екенін айтқан. Дәл сол кезде Тәжаяқов Царнаевтың Бостон марафонына бомба орнату ісіне қатысы бар деп ойлаған» деген мәліметін келтіреді.

Циепликтің жазуынша, Қадырбаев «Царнаевтың қиын жағдайға тап болғанын қаламағандықтан» рюкзак пен отшашу заттарын қоқыс шелегіне лақтырғанын айтқан.

АP агенттігінің жазуынша, қыркүйек айында соты болатын Диас Қадырбаев рюкзак пен отшашуды қоқыс жәшігіне лақтырғаны үшін, Азамат Тәжаяқов тергеуге қажет заттардың көзін жою ісіне араласқаны үшін айыпталып отыр.

"Бостон жарылысына" қатысты ұйымдастырушы ретінде айыпталған Джохар Царнаев (оң жақта), "тергеу амалдарын адастырмақ болды" деп айыпталған Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаев (ортада). Сурет әлеуметтік желіден алынған
"Бостон жарылысына" қатысты ұйымдастырушы ретінде айыпталған Джохар Царнаев (оң жақта), "тергеу амалдарын адастырмақ болды" деп айыпталған Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаев (ортада). Сурет әлеуметтік желіден алынған

Азамат Тәжаяқовтың адвокаттары оны «жас, аңғал иммигрант» ретінде сипаттайды және оның Царнаевқа қатысты тергеу сұрақтарына толық жауап бергенін айтады. Қорғаушылары Тәжаяқов бомба жасау ісіне қатыспаған және жарылыс жайында алдын-ала білмеген деп санайды.

Сотта Тәжаяқовқа қарсы Диас Қадырбаевтың жолдас қызы Баян Күмісқали куәлік береді деп жоспарланып отыр. Ақпарат бойынша, ол Қадырбаев пен Тәжаяқовтың пәтерін ФБР тінтіген кезде оқиға орнында болған. Бұған дейін қорғау тарабы соттан алқа мүшелеріне Күмісқалидың сөзін бағалау кезінде «аса сақ болуды» ескертуін сұраған болатын. Себебі құқық қорғау органдары Күмісқалиға сотта куәлік бергені үшін оған қатысты тергеу амалдарын қолданбау туралы кепілдік берген.

Өткен аптада болған сотқа дейінгі тыңдауда Азамат Тәжаяқов прокуратураның кінәсін жартылай мойындау туралы ұсынысынан бас тартқан болатын. Адвокатының айтуынша, ол «өзін кінәсіз есептегендіктен» солай жасап отыр.

Әлеуметтік желілерде қазақстандық жастар мен таныстары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевты қолдау парақшаларын ашқан. 20 жастағы екі қазақстандық 2011 жылы АҚШ-қа студент визасымен келіп, Қырғызстанда туып, АҚШ-та өскен Джохар Царнаевпен Бостонда танысқан.

2013 жылғы сәуірдің 15-інде дәстүрлі Бостон марафоны аяқталар тұста жарылыс болып, 3 адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған болатын. Полиция мен қауіпсіздік күштері осы жарылысқа күдікті деп жариялаған ағайынды екеудің бірі - 26 жастағы Тамерлан Царнаев сәуірдің 19-ына қараған түні полиция ұстамақ болған кезде оққа ұшып, қаза тапқан. Оның інісі 19 жастағы Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түскен. Царнаевтың соты биылғы қараша айында басталады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG