Батыс шенеуніктері Қытайды Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатуына ықпал етуге шақыра бастады. Осылайша бұл дағдарыстағы маңызды дипломатиялық амалдар Пекиннің араағайын болуына қарай ығысты.
5 наурызда Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба "Қытай соғыстың тоқтауына мүдделі" деген хабарлама алғанын мәлімдеді. Содан кейін Қытайдың араағайын болуы жайлы әңгіме жандана түсті.
"Қытай дипломатиясында жағдайды өзгерте алатын құрал көп. [Пекин] оларды қолдана бастағанына және күші еш кетпейтініне сенеміз" деді ол.
Кулебаның мәлімдемесін Батыстың басқа шенеуніктері іліп әкетті. Австрия премьер-министрі Скотт Моррисон Қытайды соғысты тоқтату шараларына қосылуға шақырды. Ал Еуропа одағы сыртқы саяси мекемесінің басшысы Жозеп Боррель El Mundo газетіне Пекин дипломатиялық шешім табуға араағайын бола алады деді.
"[Еуропалықтар] араағайын бола алмасы анық... [АҚШ] та бола алмайды. Сонда кім болады? Қытай [араағайын] болуы керек деген сенімдемін" деді Боррель 5 наурызда берген сұхбатында.
Пекиннің араағайын болуы жайлы мәселе күн тәртібіне шыққанда кей сарапшылар мен дипломаттар Пекиннің Кремльмен жақын байланыста екенін айтып, оның соғысты бейбіт жолмен шешуге араағайын болатынына күмән келтіреді.
"Қытайдың Украинада араағайын болуы екіталай, – деді Азаттыққа Брукинг институтының аға қызметкері, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Қытай жөніндегі бұрынғы директоры Райан Хасс. – Көп болса, Мәскеуге бүйрегі бұрып тұрса да, өзін сенімді алаң ретінде көрсетіп, дипломатиялық өкілетін асыра сілтеуге тырысуы мүмкін".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Батыс елдері Украина мен Ресейді бітістіргісі келеді. Қытай ше?ҚЫТАЙДЫҢ ӘРЕКЕТІ
Пекиннің Мәскеуге бүйрегі бұрып тұратынына күмән барына қарамастан, Еуроодақ Қытайды араағайын болуға көндіріп, Ресейге соғысты тоқтатуға, келіссөздер жүргізуге ықпал етуін көздейтін сыңайлы. 7 наурызда Боррель Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен осы жайлы сөйлескен.
"Мәскеумен жақын байланыс орнатқан Қытай оған өтініш айта алады. Қытай сол ықпалын пайдаланып, Ресейді соғысты тоқтатуға, Украинадағы бейбіт адамдардың өлімі мен атысты тоқтатуға көндіргенін қалар едік" деді 7 наурызда Еурокомиссия өкілі.
Пекин көп жыл бойы Ресеймен тығыз байланыс орнатты. Ал 4 ақпанда Қытай президенті Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуінен соң байланыс нығая түсті. Бұл кездесуде екеуі "шексіз әріптестік" жайлы айтқан еді.
24 ақпанда Ресей Украинаға шабуыл жасағанда, әсіресе, Кремль тактикасын өзгертіп, бейбіт тұрғындар шоғырланған аудандарды атқылай бастағанда, Қытай халықаралық қауымдастық сынға алған Мәскеуден бойын аулақ салуға тырысты.
Қытай соғысты "басқыншылық" деп атамай, Ресейдің "қауіпсіздік мүддесін" мойындайтынын айтты. 7 наурыздағы баспасөз мәслихатында Ван И Қытайдың Мәскеумен байланысын "алынбас қамал" деп атап, әріптестіктің болашақтағы мүмкіндіктерін қолдайтынын айтты.
Сөйте тұра Пекин Украинаның тұтастығын жақтайтынын айтып, өзін Мәскеуден алыс ұстауға тырысып жатыр. Қытай соғыстың бейбіт жолмен тоқтауы үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ әскери әрекеттерге, бейбіт тұрғындардың өліміне алаңдайтынын жеткізіп, соғысты тоқтатуға атсалыса алатынына емеурін танытқандай болды.
"Қытай тараптардың бәрімен жақсы қарым-қатынасын сақтап қалуға мүмкіндік беретін ұстанымда болғысы келеді, – деді Берлиндегі MERICS сараптама орталығының сарапшысы Франческа Гиретти Азаттыққа. – Пекиннің мәлімдемелері о бастан бірізді болды... Қазір Қытайдың араағайын болғаннан ұтары аз".
Батыс шенеуніктері арасында Пекинге қоғамдық қысымды күшейтіп, жаһандық имиджіне қауіп төндірсе, Қытай бұл ойын өзгертуі мүмкін деп ойлайтындар бар.
7 наурызда Литваға барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Пекинді екіжүзді деп атады. Ол "халықаралық тәртіпті, тұрақтылықты және егемендікті қолдайтынын" айтқанына қарамастан, Пекин әлі де Мәскеуді қолдайтынын, "ісі мен сөзі сәйкес келмей жатқанын" сынға алды.
Қытайға қарсы жуырдағы шараларға қарамастан, елеулі өзгеріс болмағанға ұқсайды.
Жағдаймен таныс Еуроодақ дипломаты Азаттыққа қазір Брюссель байланысқа шыққанына қарамастан, Қытайдың ресми араағайын болуы жайлы нақты мәлімет жоқ дейді.
"Путинге жақын адамдардың бәрі осылай істей алады, – деді дипломат. – Осы күнге дейін ол қандай да бір келіссөзге [немесе] араағайын болуға дайын екенін көрсеткен де, білдірген де жоқ".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңа әлемдік тәртіп пе, билік үшін күрес пе? Қытай-Ресей қатынасы туралы сарапшылар пікіріПЕКИННІҢ МҮДДЕСІ
Қытай мен Ресей АҚШ-қа қарсы бірігіп, Батыстың қысымына қарсылық танытуға ниеттенген.
Сарапшылар мен бұрынғы шенеуніктер Пекиннің Мәскеумен әріптестіктен бас тартуы екіталай екенін, бірақ Ресейдің Украинаға басқыншылығы, соғыстан туындаған гуманитарлық және саяси дағдарыс Пекинге еш пайда тигізбейтінін айтады. Олар қазір Қытай ұстанымын қайта қарап жатқан болар дейді.
"Бұл шиеленіс АҚШ-тың назарын аударып, трансатлантикалық бөлініске әкелетіндіктен, Қытай оны өзінің де мүддесіне сай келеді деп ойлаған болар, – деді Rhodium Group маманы Ноа Баркин. – Оның орнына бұл Еуроодақ пен [АҚШ-ты] жақындата түсіп, Еуропаны сыртқы саясатын қайта қарауға итермеледі. Бұл Пекинге бумеранг болып тиюі мүмкін".
Ақпанда The New York Times басылымы Қытай шенеуніктері Ресейдегі әріптестеріне Пекиндегі қысқы олимпиада аяқталмай Украинаға шабуыл жасамауға кеңес бергенін хабарлаған. Басылым Батыс барлау қызметінің баяндамасына сілтеме жасады. Алайда Путиннің Украинаға қатысты қандай да бір әскери жоспар туралы Си Цзиньпинге тікелей айтқаны-айтпағанын нақтыламады.
Қытай шенеуніктері баяндама жайлы хабарды "жалған ақпарат" деді. Пекин Мәскеумен байланысын сақтап, Мәскеудің Украинаға шабуылынан және азаматтардың өлімінен өзін қорғауға тырысып жатқанда, бұл жағдай оның беделі мен стратегиясына қандай қауіп төнуі мүмкін екенін көрсеткендей болды.
"Не Пекин Путинді және оның Украинаға шабуылына Батыстың реакциясын дұрыс бағалаған жоқ, не соғыстың қысқа мерзімді қатерінен ұзақ мерзімді пайдасы көп деп ойлады, – дейді Баркин. – Анығы, Қытай жуық арада риторикасын өзгертуі, немесе Еуропамен байланысын бәске тігуі керек. Украина Еуроодақ пен Қытайдың байланысына бетбұрыс жасауы мүмкін".
Бұл Пекинді екі оттың ортасында қалдырып отыр.
Қытай саясаткерлері АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты аймағына қысымынан қауіптенеді және әлі де Ресейді болашақ текетірестегі серіктесі көреді. Бірақ Мәскеу шапқыншылығының салдары қазірдің өзінде Қытайдың бас ауруына айналды.
Барак Обама билікте болған кезде АҚШ президенті жанындағы ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Қытай істерімен айналысқан Хасстың сөзінше, Пекин Мәскеумен тығыз байланысты жөн көреді, бірақ Қытай Украинадағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесе де алады.
"АҚШ пен басқа елдер Пекинді Қытай ықпал ете алатын мәселелер жайлы келіссөздерге қоса алады, – деді Хасс. – [Мысалы] Ресейге қатысты халықаралық санкциялар мен БҰҰ [Мәскеуді] жауапқа тарту шараларына емес, Украинаға гуманитарлық көмек көрсету мәселесіне [араластыра алады]".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қытай Ресейге бола басын бәйгеге тікпейді". Си Цзиньпин Путинге қандай өтініш айтты?Қаңтар оқиғасы Қытай мен Ресей қатынасына қалай әсер етті?Си Цзиньпинге алғыс, "жаңа Қазақстан" құруға көмек. Тоқаев Пекинге не үшін барды?2022 жылы Қытайды не күтіп тұр?Қытай СССР-дің ыдырағанын қалай пайдаланды?