Кейінгі жылдары саяси байланыс арқасында Қытай мен Ресейдің арасы жақындай түскенімен, екі елдің Орталық Азиядағы мүддесі қайшылық қаупін тудыратындай көрінген.
Мәскеу Орталық Азиядағы негізгі әскери күш саналады. Ал Пекин аймаққа миллиардтаған доллар құйып, "Бір белдеу – бір жол" инфрақұрылым жобасы арқылы ықпалын ақырындап күшейтті. Бұл – бәсеке мен қарама-қайшылыққа алып келді.
Бірақ сарапшылар Қазақстандағы қанды қырғын Қытай мен Ресейді жақындата түскенін айтады. Бұл жағдай жылдам өзгеретін дағдарыс жағдайында екі елдің бір-біріне бейімделу үшін қаншалық алысқа баруға дайын екенін көрсеткендей болды.
– Қазақстандағы дағдарыс Қытай мен Ресейдің Орталық Азиядағы байланысы өте тұрақты екенін дәлелдеді, – дейді Варшавадағы Шығыс зерттеулері орталығының бас қызметкері Якуб Якубовский Азаттыққа. – Пекин мен Мәскеудің көп қиын мәселе мен проблемаға шамасы келгені екі елдің байланысы қаншалықты нығайып жатқанын көрсетеді.
2 қаңтарда сұйылтылған газдың қымбаттағанына қарсы болған наразылық әлеуметтік экономикалық жағдайды жақсартуды, инклюзив саяси жүйені талап еткен жалпыұлттық митингіге ұласты. Зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздік елде дағдарыс туғызды.
Қазақстан қауіпсіздік күштерімен болған қарулы қақтығыс пен тонау оқиғаларынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының көмегіне жүгінді. Бұл ұйым Қазақстанға мыңдаған әскери қызметкер жіберді, олардың көбі Ресейден еді.
Елдегі элита аралық тартыстан кейін Қазақстан билігінде де өзгеріс болды: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев ықпалды лауазымынан айырылып, оның жақтасы Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшылығынан кетті. Ол мемлекетке сатқындық жасап, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен қамауға алынды.
Қазақстан үшін салдары ауыр болатын оқиға Пекин мен Мәскеудің қарым-қатынасын да бір сілкіп алғандай болды дейді сарапшылар.
Елдегі әскери әрекеттерге араласып, Тоқаевқа қолдау білдірген Кремль өзінің стратегиялық алаңы ретінде қарастыратын аймақтың қауіпсіздігінде бұрынғыдай негізгі рөл атқаратынын көрсетті. Осылайша Ресей онсыз да мықты саяси ықпалын одан сайын күшейте түсті.
Пекинмен қарым-қатынасы жақсы Нұрсұлтан Назарбаев пен Кәрім Мәсімов биліктен аластатылған соң, Қытайдың Қазақстанға ықпалын әлсіретуі мүмкін.
Дегенмен Пекин мен Мәскеу Қазақстандағы оқиға кезінде бір-біріне қолдау көрсетті.
– Екі елдің Орталық Азиядағы тұрақтылыққа келгенде мақсаты бір, – дейді Якобовский. – Қытай Ресейді құлатқысы келмейді. Пекин үшін Орталық Азиядағы жалғыз ойыншы болғаннан гөрі маңыздырақ әлемдік деңгейдегі мәселелер бар және ол Мәскеудің амбициясына құрметпен қарайды.
ОРТАҚ МӘСЕЛЕ
Қытай Қазақстанға ондаған миллиард доллар инвестициялады. Қытай президенті Си Цзиньпин 2013 жылы Қазақстанға сапарында "Бір жол – бір белдеу" жобасын жариялады.
Бірақ қаңтардың басында Қазақстанда дүрлігу басталғанда, Қытай әліптің артын бағып, елдегі жағдайға байыппен қарады.
Ресми түрде бітімгерлік миссиясы деп аталған ҰҚШҰ әскері елге кірген соң ғана Пекин батыл мәлімдеме жасады: Си Цзиньпин Қазақстандағы оқиғаны "түрлі-түсті революция" талпынысына балап, оқиғаны реттеу ісінде көмек қолын ұсынды.
Содан кейін Қытай үкіметі мен мемлекеттік баспасөз құралдары Ресей басқаратын миссияға қолдау білдіруге уәде беріп, Кремль мен Вашингтон арасындағы шиеленіс күшейіп жатқан тұста Мәскеуді Орталық Азия бойынша терең келісімге шақырды.
10 қаңтарда Қытай мен Ресей сырты істер министрлері Ван И мен Сергей Лавров телефон арқылы сөйлесті. Ван И Қытай Қазақстандағы ҰҚШҰ миссиясы "Қазақстандағы тұрақтылықты қалпына келтіруге жақсы әсер еткенін" айтты.
– ҰҚШҰ әскерін Қазақстан үкіметі шақырғандықтан және оны бітімгерлік миссия деп атағандықтан, бұл – Пекин үшін айтарлықтай проблема болмаған сияқты, – дейді Италиядағы халықаралық саяси зерттеулер институтының қызметкері Джулия Сцирати. – Бейбітшілікті сақтау – бұл ресми Қытай қолдайтын шетелдік интервенцияның жалғыз түрі.
Пекин Тоқаевтың сөзін қайталап, тәртіпсіздіктерді халықаралық содырлардың қатысуымен болған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің нәтижесі деп атады. Содырлардың кім екенін айтпаған Пекин бұл сөзі арқылы аймақтағы терроризммен күресте әріптес болуға шақырды.
Қытай бастаған Шанхай Ынтымақтастық ұйымы Қазақстандағы жағдай терроризм, сепаратизм, діни экстремизм секілді "үш зұлымдықпен" күресті күшейту керегіне дәлел екенін айтып, ШОС-тың аймақтағы қимыл-қозғалысын күшейтуді ұсынды.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо да соған ұқсас мәлімдеме жасады. Ол 12 қаңтарда Global Times басылымына берген сұхбатында Батыс жоспарлаған ислам экстремизмі немесе түрлі-түсті революцияларға да, 2003 жылы Грузияда, 2005 жылы Украинада билікті құлатқан наразылықтар секілді оқиғаларға да қарсы тұру үшін Қытай құқық қорғау және қауіпсіздік салаларында Қазақстанмен байланысын нығайтатынын айтты.
– Қытайға мұндай ұзақмерзімді риторика ұнайды, – дейді Азаттықа Фростбург мемлекеттік университетінің профессоры, Пекиннің Орталық және Оңтүстік Азиядағы елдермен байланысын зерттейтін Хайюнь Ма. – Бұл әңгіме Қытайға да, Ресейге де жағады және әріптестікті кеңейтіп, Батысты маргиналдандырудың жақсы мүмкіндігі болады.
ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫС
Қытай Қазақстандағы жағдайға жылдам бейімделіп, аймақтағы Ресейге жақындай түскенде, Орталық Азиядағы тәртіпсіздіктер Пекинді титықтатып жіберді дейді Ма. Ол сондай-ақ Қазақстандағы өзгеріс "Қытай үшін әлі де құбылмалы жағдай" екенін айтады.
ҰҚШҰ бірінші рет мүше елдерге бітімгерлік миссиямен әскер жіберді. Бұл жағдай ШОС-қа қарағанда осы альянс мәнін арттыра түсуі мүмкін. Ал Қытай ШОС-ты аймақпен байланыс құралы көреді.
Мәскеудің Тоқаевты қолдау шешімі кейін Қазақстанды достық талаптарды орындауға итермелеуі мүмкін. Ма Қазақстан элитасындағы Қытай өкілі болған, Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасын Қазақстанда жүзеге асыруға көмектескен Мәсімовтың ұсталуы елге ықпал ететін Қытай тетіктеріне кері әсер етуі мүмкін дейді.
Оның сөзінше, бұл Ресей мен Қытайдың тығыз байланысына кері әсер ете қоймайды және Қазақстанға келгенде Пекин мен Мәскеу "айтарлықтай әріптес болмаса да, бәсекелес емес екені анық".
Лондондағы Prism Political Risk Management сараптама тобының басшысы Бен Гудвин Қазақстандағы оқиға кезінде Қытай мен Ресейдің ұйысуы Кремльдің Пекинге көзқарасы өзгергенін, жалпы, Ресей сыртқы саясатында өзгеріс барын көрсететінін айтады.
– Ресей 10 жыл бұрын өзінің ықпал аймағын санайтын жерде өзге державалардың болуын өзіне төнген қатер көретін, қазір өйтпейді, – дейді Гудвин Азаттыққа. Ол Ресейдің 2008 жылы Грузияға кіргенін, 2014 жылы Украинадағы Қырым аралын аннексиялағанын тұспалдап отыр.
Қазақстандағы жағдай Пекин мен Мәскеудің Орталық Азияға көзқарасын өзгерткенімен, екі держава арасындағы АҚШ-қа қарсы байланыс динамикасын өзгертуі екіталай.
– Ресей Қазақстанды оккупациялауды көздемейді. Ондағы іске араласуы арқылы Ресей өзін бүкіл әлемдегі авторитар режимнің кепілі екенін көрсеткісі келді, – дейді Гудвин. – Қытай бұл рөлді Ресей атқаратына разы.
ПІКІРЛЕР