Қытайдың Украинадағы соғыс жайлы ақпараттық саясаты қалай өзгерді?

Телеарнадан Ресей күштерінің Украинаға басып кіргені жайлы жаңалықты көріп тұрған адам. Гонконг, Қытай, 24 ақпан 2022 жыл.

Украинадағы соғыс басталғалы Қытай Ресейді қолдайтынын ашық білдірмесе де, елдегі мемлекеттік баспасөз құралдары Кремльдің сөзін сөйлеген еді. Сарапшылар енді Қытай пропагандасы Украинаның да көзқарасын қамти бастағанын, бірақ көбіне АҚШ-қа қарсы бағытталғанын айтады.

Қытай Ресей үшін қуатты пропаганда мен жалған ақпарат алаңына айналды. Пекин шенеуніктері мен мемлекеттік баспасөз құралдары Кремльдің соғыс ашқанын ақтап алуға тырысып жатыр. Олар көбіне Украина хабарламаларын елемей, түрлі оқиғалар жайлы жалған деректер таратып келеді.

Бірақ 30 сәуірде Қытайдың "Синьхуа" мемлекеттік ақпарат агенттігі Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаға цензурасыз алаң ұсынды. Сұхбат барысында ол Кремльді сынап, Қытайды Ресейдің Украинамен келіссөз жүргізуіне ықпал етуге шақырды. Сондай-ақ Мәскеуге халықаралық қысым күшейіп жатқан тұста мұның Пекин үшін де жаһандық салдары ауыр болатынын айтты.

"Ресей Қытай лидерінің "Бір белдеу – бір жол" бастамасын қатерге тігіп отыр, – деді Кулеба Қытай президенті Си Цзиньпиннің сыртқы саясатқа бағытталған жобасын атап. – Бұл соғыс Қытай мүддесіне сай келмейді. Жаһандық азық-түлік дағдарысы мен экономикалық проблемалар Қытай экономикасына үлкен қауіп төндіреді".

Кулебаның сұхбаты Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сұхбатынан кейін жарияланды. Онда Лавров Мәскеудің "Украинаны нацистер басқарып отыр. Украина Батыстың қолшоқпарына айналды" деп айтып жүргенін қайталады.

Бір-біріне қарама-қайшы сұхбаттардың жариялануы Қытай саясатының өзгеретінін көрсетпесе де, Кулебаның сөзін қаз-қалпында жариялауы Украинадағы соғыс кезіндегі Қытай пропагандасының эволюциясын көрсетеді. Кулеба сұхбатында Ресейді жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіретін ел деп атап, Қытайға сенімді одақтас болмайды деген. Қытай пропагандасы енді Украинаның көзқарасын да қамтып, соғыстың басталуына кінәлі деп көрсетілетін АҚШ-қа бағытталып жатқандай әсер қалдырады.

Қытай президенті Си Цзиньпин (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Владивосток, 11 қыркүйек 2018 жыл.

Қытай мемлекеттік арналары елдегі және шетелдегі аудиторияға Украинадағы соғыс жайлы Мәскеудің сойылын соғатын ақпарат таратты. Бұған 2013 жылы Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай президенті Си Цзиньпин қол қойған міндеттемелер мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы ондаған жылға созылған әріптестік, ақпанда екі президент кездескен соң тереңдей түскен Батысқа қарсы жұмылу да ықпал еткен болар.

Мемлекет қатаң бақылауда ұстайтын Қытай бұқаралық ақпарат құралдары соғысты Ресей басқыншылығы деп атамайды. Оның орнына Кремль терминологиясын қолданып, "арнаулы әскери операция" деп сипаттайды. Тағы бірде Қытай арналары Ресейдің "АҚШ Украинадағы биологиялық қару дайындау зертханасын басқарады" деген жалған ақпаратын таратқан. Мариупольдегі балалар ауруханасын бомбалау, Бучадағы бейбіт тұрғындарды қырып-жою жайлы деректердің "ақылға қонбайтынын" айтқан. Олар Украина президенті Владимир Зеленскийді Америка миллиардері Джордж Сорос бақылап отыр деп те хабар таратқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай Ресей мен Украинаға араағайын бола ала ма?

"Қытайдың ақпарат алаңында осы тақырыптың тарау жылдамдығы [Қытай мен Ресей] мемлекеттері мен бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірінің айтқанына сүйене отырып оп-оңай жалған ақпарат тарата алатынын көрсетеді" деп жазды Тайваньдағы Doublethink Lab сарапшысы Джерри Ю жуырда жарияланған баяндамада. Бұл ұйым Қытай тарататын жалған ақпарат пен пропаганданы зерттейді.

БАСҚА АРНАҒА ОЙЫСҚАН ПРОПАГАНДА

Қытай билігі медианы қатаң бақылауда ұстайды. Бұл медиа орта негізінен мемлекет қолдауындағы баспасөз құралдарынан, цензура аппараты бақылауындағы интернет пен әлеуметтік медиа платформалардан тұрады. Билік құпия саналатын кез келген ақпаратты өшіріп отырады.

24 ақпанда Ресей күштері Украинаға шабуыл жасағанда Қытай дипломатиялық шешімдерінде сақтық танытты. Сынға қалудан қорқып, Мәскеуден бойын аулақ ұстауға тырысты.

Сарапшылар Пекин Мәскеумен әріптестігінен бас тарта қоймайтынын, бірақ Ресейдің Украинаға басқыншылығы, оның экономикалық және саяси салдары Қытайға пайда әкелмейтінін мойындайтынын айтады. Олар Пекин соғыстың аяқталмай жатқанына осылай наразылық білдіргісі келген болар дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс Қытай-Ресей әріптестігіне әсер етті ме?

Бірақ Қытай мәлімдемелеріндегі ресейшіл көзқарасқа қарағанда, Мәскеуді қолдаудағы тұрақтылық жайлы айту орынсыз көрінеді.

Қытай мемлекеттік баспасөз құралдары көбіне Кремль шенеуніктеріне және Ресей билігінің қолындағы ақпарат құралдарына сілтеме жасап, Ресей пропагандасын күшейту үшін платформа ұсынуды жалғастырып келеді. Қытайдың онлайн цензурасын бақылаумен айналысатын China Digital Times тобы олардың мемлекеттен нұсқау алып, қатаң қадағалауда отыратынын айтады.

Пекин соғыс басталғалы ешбір пікірінен бас тартқан жоқ. Ол "НАТО мен АҚШ Ресейді Украинаға шабуыл жасауға итермеледі" деген ойда қалып отыр.

Ресей әскерінің Украинаға басып кіргені жайлы жаңалықты көріп отырған адамдар. Гонконг, Қытай, 24 ақпан 2022 жыл.

Бірақ он аптаға созылған соғыс кезінде мұның сипаты өзгерді.

Қытайдың кейбір баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілер ақпаратты дәл Батыс медиасы секілді таратып, соғыстың гуманитарлық салдары мен БҰҰ секілді халықаралық органдардың көмек көрсетуі жайлы хабарлады.

Бірақ Пекин бұл бағытқа баяу ойысты. Мысалы, мемлекеттік телекомпаниялар Ресей басқыншылығынан бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын соғыстың үшінші аптасына дейін хабарлаған жоқ.

Зеленскийді сынау да, ол жайлы ақпарат беру де аз болды.

Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 3 мамыр 2022 жыл.

Мемлекеттік баспасөз құралдары Украина президентінің Батыс парламенті алдында сөйлегенін, халыққа үндеу жасап жатқанын хабарламады. Бірақ Зеленский Батыс елдерін сынап, энергетика санкцияларын салмағанын айтқанда, оның сөзінен цитата келтірді.

Қытай баспасөз құралдары Украинадағы неонацистер туралы да айтып, Кремльдің басқыншылығын осылай ақтап алуға тырысып жатыр.

Демократияны қамтамасыз ету альянсы құрған деректер базасына сәйкес, Қытай дипломаттары мен мемлекеттік БАҚ соғыс басталғалы неонацистер туралы біршама твит жариялаған. Бұл кейінгі алты айдағы көрсеткіштен анағұрлым көп.

Соның бірінде Қытай сыртқы істер министрлігінде істейтін Ли Янг дейтін шенеунік сәуірдің басында түсірілген суретті жариялады. Онда бейнеленген адамдар Украина, Америка және свастика белгісі бар ту ұстап тұр.

"[АҚШ-тың] неонацистердің жанында тұрғаны таң қалдырады" деп жазған Янг суреттің жанына. Суреттің түпнұсқасында свастика белгіленген тудың орнында АҚШ туы тұр.

Украинадағы соғыс басталғалы Қытай таратқан ақпараттар АҚШ-қа бағытталды. Бірақ қазір одан да өршіп бара жатыр.

Your browser doesn’t support HTML5

"Мәйіттер көшеде шашылып жатыр". Бучадағы қырғынның видеосы

Ресей сарбаздарының Бучадағы айуандығынан кейін Global Times мемлекеттік басылымы бейбіт тұрғындардың өліміне Ресей жауапты емес екенін айтып, оның орнына Вашингтонға кінә тағуға тырысты.

"Бір өкініштісі, Бучадағы оқиға әшкере болған соң Украинадағы дағдарысқа себепші болған [АҚШ] бейбітшілікке және келіссөздерге шақыру нышанын байқатпады, бірақ Ресей-Украина шиеленісінің отына май құюға дайын болды" деп жазылған сайттағы мақалада.

ҚЫТАЙ ЕНДІ НЕ ІСТЕЙДІ?

Украина соғысы жайлы пропаганда мәселесінде Қытай мен Ресей арасында тікелей келісім болғаны анық емес. Бірақ Қытайдың ең ірі сауда серіктестері Еуропа одағы пен АҚШ Пекиннің Мәскеуді риторикалық қолдауына қарсы шықты.

АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Венди Шерман сәуірдің аяғында Қытай мемлекеттік баспасөз құралдарын "Кремльдің жалған ақпаратын қолдап отыр" деп айыптады.

Еуропа одағы да Си Цзиньпин мен басқа да жоғары лауазымды шенеуніктерге ескерту жасап, Ресейді қолдау Брюссельмен арадағы экономикалық байланыстарға кесірін тигізетінін мәлімдеді.

Әзірге Қытайдың Батыс салған санкцияларын айналып өтетіні немесе Ресейден кеткен Батыс компанияларының орнын басуға асығып жатқаны байқалмайды. Жуырда АҚШ шенеуніктері Reuters агенттігіне соғыс кезінде Қытайдың экономикалық және әскери қолдауының болмағанын жақсы қабылдағанын айтты.

2 мамырда Цинхуа университеті жанындағы халықаралық қатынастар институтының деканы Ян Сюэтун Америкадағы Foreign Affairs журналында Мәскеу бастаған соғыс халықаралық шиеленісті арттырып, Қытайдың саудасына кері әсер ететіндіктен, Қытай үшін "стратегиялық қиындық туғызатынын", бірақ Пекин сонда да Ресейді қолдай беретінін жазды.

"Қытай АҚШ НАТО-ның кеңею шешімін қолдай отырып, Ресейді арандатып отыр деп айыптайды және Вашингтон Ресейді басу үшін Украинадағы соғысты жалғастыруға тырысады деп қауіптенеді" деп жазды ол. "Пекин Мәскеуді айыптайтын халықаралық үнге қосылғаннан айтарлықтай пайда көріп тұрған жоқ".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украинадағы соғыс Қытайдың Еуразиядағы ықпалына қалай әсер етеді?Қытай Орталық Азияда үстемдік орнатуға ұмтылып жатырРесей мен халық "қаһарына қалмау" амалын іздеген Тоқаев және аймақта үстемдігі артқан ҚытайРесей Украинаның жікшіл аймақтарын қолдады. Орталық Азияның болашағы не болмақ?Батыс елдері Украина мен Ресейді бітістіргісі келеді. Қытай ше?