Әблязовтың экстрадициясы. Қайта шағымдану

Мұхтар Әблязов, оппозициялық тұлға, қазақстандық олигарх

Оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялауды Франция үкіметі қолдап отыр. Оның адвокаттары әлі шағымдануға мүмкіндік бар екенін айтады.

Қыркүйектің 17-сі күні Францияның премьер-министрі Мануэль Вальс қазақстандық БТА банкінің бұрынғы басқарма төрағасы Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы жарлыққа қол қойды. Алайда оның адвокаттары мен жақын туыстарының айтуынша, шешім ресми түрде Мұхтар Әблязовқа өткен жұмада, 9 қазанда айтылған.

Әблязов пен БТА

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.

- Біз техникалық мәселелерге байланысты кешігіп берілген болар деп ойлаймыз, өйткені шешім алдымен орыс тіліне аударылып, содан соң ресми орындарға жөнелтілуі тиіс, - дейді оппозициялық тұлғаның қызы Мәдина Әблязова.

Бұрынғы банкирдің адвокаты Питер Саластың мәлімдеуінше, «бұл шешімді Францияның мемлекеттік кеңесіне шағымдануға мүмкіндік бар». Оны құптаған Мәдина Әблязованың Азаттыққа айтуынша, француз үкіметінің жарлығының үстінен жоғары сот инстанциясында шағымдануға әлі 30 күн уақыт бар.

- Келесі жолы олар істі жан-жақты қарайды деп үміттенеміз, - дейді Мәдина Әблязова. - Айыптың қолдан жасалғанын көрсететін өте көп қағаздар ұсындық. Ресейдегі сот жағдайы туралы құқық қорғаушы ұйымдардың есептерін де жолдадық. Осының бәрін ескереді, қарайды деп үміттенеміз. Үкіметтің шешімі «Ресейдің ұсынып отырған кепілі жеткілікті, судья Алексей Криворучка мырза (Магнитскийдің ісін қараған адам - М.Ә.) Ресейде оның ас-су мен серуеніне қатысты жақсы жағдаймен қамтамасыз етілетіні туралы дәлелдер келтірді» дегенге ғана негізделген.

Қазақстандық оппозициялық тұлғаның ресейлік адвокаты Марк Фейгин егер Әблязовты экстрадициялау туралы шағымды Францияның мемлекеттік кеңесі кері қайтарса, Страсбургтегі адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотына шағымданатындарын мәдімдеді.

- Францияның Ресейдегі сот істерінің жағдайынан хабардар екенін ескерсек, бұл негізсіз шешім оның абыройына нұқсан келтіреді. Экстрадиция туралы шешімді қабылдау халықаралық құқық нормаларын көпе-көрнеу бұзу болып табылады. Олар Еуропа Кеңесіне кіретін елдер беретін кепілдік деңгейінен қарауы, адам құқықтары мен бостандығы конвенциясын сақтауы тиіс, - дейді Азаттыққа берген комментариінде адвокат Марк Фейгин.

Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржы махинациялары туралы айыптауы негізінде қамауда отыр. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ. Адвокаттары Әблязовты экстрадициялаған жағдайда Ресей билігі "оны президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалды қарсыласы ретінде" Қазақстанға тапсырады деп қауіптенеді.

Астанада бұл тәріздес мәлімдемелерге қатысты комментарий бермейді, бірақ Әблязовты "ұйымдасқан қылмыстық топтың бастығы" деп атайды. Қазақстанда «Әблязов ісін» тергеу Әблязов негізін қалаған және басқарған БТА банкі мемлекеттің бақылауына өтіп, ал өзі Англиядан саяси баспана алған 2009 жылдың наурызынан бері жалғасып келеді. БТА банкі сол кезде ТМД банктерінің арасындағы жетекші банк саналып, Ресей мен Украинада бизнес жүргізіп жатқан. Әблязовты кейінгі БТА банк басшылығы "активтерін негізсіз сыртқа шығарып жатыр" деп айыптаған. Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды "қолдан жасалған және өзі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққандықтан саяси негізі бар" деп санайды.

Материалды орыс тілінен тәржімелеген - Сәния Тойкен.