"БУЧАҒА КІРГЕНІМІЗДЕ, ҚАЛА ӨЛІК САСЫП ТҰРДЫ"
Әлия Тұрысбекова, ерікті:
– Адамдарды қиындық біріктіреді деген рас екен. 24 ақпанда жау басып кіріп, өлім қаупі төнеді деп ойлаған жоқпыз. Балаларым соғыс көреді деп күтпедім. Бұл – сұмдық.
Алғашқы екі аптада көрші жертөледе тұрдық, кейін Батыс Украинаға жол тарттық. Киев облысы қайтарылған соң, кері оралдық. Киевте үлкен қазақ диаспорасы бар. 10-ға жуық отбасы өзара араласып, кездесіп тұрамыз. Осы белсенді отбасылар бірігіп, халыққа көмектесеміз деп шештік. "Ми всі з України" қорын құрып, Киев облысының азат етілген аудандарына (Буча, Ирпень, Гостомель, Бородянка және оккупацияда болған басқа да елді мекендер) гуманитарлық көмек жеткізуге кірістік. Гуманитарлық көмек тараттық, дәу қазанға палау жасадық, бауырсақ пісірдік, қара жамылған адамдарға үміт сыйлағымыз келді. Өйткені жағдай тым ауыр еді.
Ресейлік телеарнаның "Буча – фейк, онда ешкім өлген жоқ" дегені есіңізде ме? Бучаға кіргенде, қала өлік сасып тұрды, қарғалар ұшып, көшеде иесіз қалған иттер жүрді. Осының бәрін көріп, тірі қалғаныңа шүкіршілік етесің. Барынан айырылған адамдарға барынша көмектескің келеді.
Күн суығанда гуманитарлық көмекті уақытша тоқтатуға тура келді. Өйткені далада тамақ істеу қиындап кетті. Қазір жоғарғы рада депутаты Сергей Нагорнякпен және қазақ кәсіпкерлерімен бірге "Мызғымастық киіз үйлерін" тігіп қойдым. Киіз үйде бой жылытып, шай ішіп, телефон қуаттап, адамдармен сөйлесіп қайтуға болады.
Бірінші киіз үйді Бучада, екіншісін Киевте тіктік. Кейін Харьков, Львов, Одессаға киіз үй тігілді. Херсонға да киіз үй тіккіміз келеді, бірақ өкінішке қарай, бұл әзірше мүмкін емес. Қаланы күнде атқылап жатыр. Харьковтағы киіз үй қаланың қақ ортасында тұр. Соның өзінде жақында киіз үйдің жанына зымыран түсті.
Қай елді мекенге барсақ та, Қазақстанмен байланысы бар адамдар келеді. Кей адамдардың ата-әжесі кезінде Қазақстанға жер аударылған, басқалары біздің елде туып-өскен не қазақ қызына үйленген. Бірде 25 жыл Қарағанды облысында тұрған апа келді. Киіз үйді көріп, көзіне жас алды.
Your browser doesn’t support HTML5
"УКРАИНАДА ҮЙСІЗ-КҮЙСІЗ АДАМДАР ДА "ОРЫС ӘЛЕМІНЕ" ҚОСЫЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ"
Марат Дәрменов, ерікті:
– Украин, қазақ – бәріміздің басымызға "соғыс" деген ортақ қауіп төнді. Бұған жай қарап отыра беруге болмайтынын түсіндік. Соғыстың алғашқы күндері жау Киевтің іргесіне жетіп қалғанда, үйсіз, көшеде жүрген адамдардың өзі Молотов коктейлін дайындауға бөтелке жинады. Украинада үйсіз-күйсіз адамдардың өзі "орыс әлеміне" қосылғысы келмейді!
Киевтің түбіндегі Белогородка ауылында тұрамын. Ресей танкілері үйімнен екі шақырым жерде тұрды. Бірақ біздің әскер (Мен Украина азаматымын, сондықтан украин әскерін айтып отырмын) жауды қалаға өткізбес үшін Ирпень өзеніндегі көпірді жарды. Танкілер шынымен тұрып қалды. Кейін соққы беруге көшті. Дәл қасымызда кескілескен соғыс жүріп жатты. Сондықтан 15 шақырым жерде тұратын туыстарымыздың үйінде тұрдық.
Бір жарым ай сол жақта тұрып, сәуірдің басында келдік.
Деоккупация басталғанда, Киев облысында қауіп басылайын деді. Киев қазақтары бірігіп, гуманитарлық көмек беруді қолға алдық. Ортадан ақша шығарып, азық-түлік, самаурын, үлкен қазан сатып алып, тамақ істеп тараттық. Бірінші Гостомельге бардық. Бізді алғаш көргенде адамдар "Тамақ қаншадан?" деп сұрады. “Тегін, Украина қазақтарымыз, сіздерге тамақ таратуға келдік" дедік.
Гостомельде көбіне оккупация алдында басқа жаққа кеткісі келмеген қарт адамдар ғана қалған. Олар "қарт адамдарға тимейді" деп ойлапты. Кейін "Оккупанттар көшеге шығармады, тамақ сұрап жеу үшін қоршау арқылы көршіміздің ауласына секіруге тура келді. Оккупациядағы 1,5 ай көргеніміз нағыз тозақ болды" деп жылады.
"Украинада қазақтар көп пе?" деп сұрағанда, "Аз болғанына шүкір" деп жауап беремін. Неге? Өйткені өз елінде жұмыс таба алмай, жағдайы болмаған адам ғана күнкөріс үшін шетелге кетеді. Украинаға ақша табуға келген қазақтар жоқтың қасы.
Гостомельге барып келгеннен кейін гуманитарлық көмекті жалғастырғымыз келді. Бірақ ақшамыз таусылды, өйткені еріктілердің 90 пайызы соғыс кезінде жұмыссыз қалды. Әр қалаға баруға кемі 500 доллар кететін: палау мен бауырсақ пісіруге қажет азық-түлік, құрғақ тамақ, гигиена құралдары керек. Адамдар ыдыс жуатын химиялық зат сұрады, өйткені тамақты ошаққа пісіргендіктен, қазанның сырты қара күйе болды.
Бірде адамдарға тамақ таратып жатқанымызды видеоға түсіріп, Қазақстандағы қарындасыма және сыныптастарыммен ортақ топқа жібердім. Бұл видео бүкіл Қазақстанға тарап кетті: туыстарым, таныстарым мен достарым хабарласып, "Жарайсыңдар, картаңның нөмірін берші, біз де көмектесейік" деді. Әдетте ешкімнен көмек сұрамаймын, бірақ бұл ақша өз қалтама емес, халыққа тамақ таратуға кетеді. Інімде Қазақстан картасы бар, ақшаны соған жинадық.
Басында көп адам ақша жіберді. Аз болса да, көп адам атсалысты. Апта сайын елді мекендерді аралауға жететін. Жаз бойы қарашаға дейін осылай гуманитарлық көмек тасыдық. Кейін қарасуық басталып, далада бауырсақ пісіре алмадық: май тоңазып қала беретін болды. Бірақ адамдарға май, жарма сияқты заттар тарату тоқтаған жоқ.
Әзірше жұмысым жоқ, ерікті болып жүрмін. Көбі "Ақшасыз қалай өмір сүріп жатырсың?" деп сұрайды. Үлкен ұлым Дастан соғыста, коммуналдық төлемдерге ақша жіберіп тұрады. Оған дейін Қазақстандағы қарындасым көмектесіп жүрді. Дастан – артиллерист. Осыған дейін майданның алғы шебінде соғысып келді, қазір жамбас сүйегінің шеміршегі жыртылып, ауруханада жатыр. Оқ тиген жоқ. Бомбалау кезінде окопқа жетіп үлгермей, терең шұқырға секіріп, содан жарақат алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина әскеріндегі қазақ: Екі баламның бойында украин қаны бар, оларды қорғау – парызым"ТӨБЕМІЗДЕ ТІКҰШАҚТАР ҰШЫП ЖҮРДІ"
Владимир Козлов, оппозициялық белсенді, Украинада тұрады:
– Соғыс басталғанын Львовтағы досымнан білдім. Таңғы 5-те хабарласып, "Сендерде қалай болып жатыр?" деп сұрады. "Ұйықтап жатырмыз" дедім. "Соғыс басталғанда қалай ұйықтайсыңдар?" деп таңғалды.
Киевтің солтүстігінде Беларуське апаратын жолға жақын тұрамыз. Таңертең Гостомельге шабуыл жасалды, төбемізде тікұшақтар ұшып жүрді. Басында ресейлік тікұшақтар деп ойлаған жоқпыз, өйткені ешқандай айырым белгісі жоқ, тек V әрпі ғана бар. Қатты қорықтық, өйткені артиллериямен және зымыранмен атқылай басталды.
Көршіміздің үйінде үлкен жертөле бар еді. Олар бізді балалармен бірге қоршаудан өткізіп алды. Үш апта сыртқа шықпай, жертөледе жаттық. Айнала қауіпті еді. Жертөледе көршілер, туыстар бар – 20 адам отырдық. Бұл қиын болды, әсіресе, балаларға ауыр тиді.
Соғысқа аз уақыт ішінде бойымыз үйрене бастады. Алғашқы күннен бастап көршілермен бірігіп, аумақтық қорғаныс (тероборона) тобына қосылдық. Қолымызға қару берді. Күні-түні ауылға кіреберістегі блокпостыда күзетте тұрдық. Еріктілікпен айналысу туралы ой өздігінен келді, өйткені адамдарға көмек қажет еді. Украинаның батысында тұратын достарымыз көмек жіберді, біз заттарды сұрыптап, таратып шықтық. Кейін Украинаның оккупацияланған аудандарынан босқындар ағылды.
Еріктілер қозғалысына көп адам қосылды: біреу жауынгерлерге нан пісіреді, көмек жібереді, әскерге көлік сатып алуға ақша жинайды немесе еріктілердің шотына аударады.
Соғыс аяқталғаннан кейін Украинаның Ресеймен ешқандай байланысы болмайды деп ойлаймын. Үлкен отбасым, алты балам бар. Төртеуі ересек. Соғыс басталғанда туған ағам, ата-анам, ұлым мен қызым Ресейде тұратын. Олар Қазақстанда туған, бірақ 1990-жылдары басқа елдерге көшіп кеткен. Ресейде тұратын жақындарыммен араласуды қойдым. Сөйлесу қиын. Олар Украинаны іштей осынша жек көреді деп ойламадым. Ата-анам – Қазақстанға көшкен украиндардың ұрпағы. Бірақ Совет Одағы украиндерді туған жерінен айырып, Қазақстанға көшірді, генетика деңгейінде украин екенін мойындауға қорқатын күйге жеткізді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Санкция соққысы бізге де тиді". Ресейдің Украинаға басқыншылығы Қазақстанға қалай әсер етті?Динара Қасымбекова, құқық қорғаушы:
– 24 ақпанда Львовта едім. Соғыс басталғанын естіген кезде дүние аласапыран болып кетті, ойым сан-саққа жүгіріп, не істерімді білмей, шақшадай басым шарадай болды. Осының бәрі өңім екеніне сене алмай, бір қорқынышты түс көріп жатқандай сезімде жүрдім. Тез ес жиып, Қазақстан консулдығы баласымен бірге эвакуациялағысы келмеген құрбыма елден шығып кетуге көмектесуге кірістім. Ол – өз алдына ұзақ әңгіме.
Free Belarus Center құқық қорғау ұйымындағы әріптестеріммен бірге Киевтен Польша шекарасына дейін эвакуация автобустарын ұйымдастыруға бірден кірісіп кеттік. Қолымыздан келгенше адамдарды көшіруге көмектестік. Сосын Варшаваға жетіп, жұртты эвакуациялауға қашықтан жәрдем жасадық. Бұған қоса, гуманитарлық көмек жасаумен айналыстық: жергілікті поляктар, украиндер келіп, қалай, немен көмек бере аламыз деп сұрады.
Осының бәрін адамдар өздері бастама көтеріп, қолдан келген көмегін аямай, жұмыла істеді. Мен еріктілер орталығында жұмыс істеген жоқпын, Free Belarus Center-дегі қыз-жігіт өздері белсенділік танытып, көмек берді. Польшада еріктілер қозғалысы керемет жұмыс істеді: перронға шыққан сәтте бірден қасыңа келіп, нендей көмек қажет, міне, жылынып алыңыз деп кофе, шай ұсынады. Соғыстан қашып келгендерге ас-су ішіп, ес жинап, ары қарай не істеймін деп ойлануға мүмкіндік беретін арнаулы ақпарат орталығы жұмыс істеді. Және де ондай жекелеген еріктілер орталығы әрбір қалада болды, жұрт ол жерге күнделікті тұтынатын аса қажет заттар жинап, Украинаға жіберді немесе осында келген украин босқындарға таратты.
Өзім жеті айдан кейін Киевке оралдым, осында құқық қорғау саласындағы жұмысымды жалғастырып тұрып жатырмын. Белсенділер мен еріктілерге бейресми білім берумен айналысамын, Қырымдағы адам құқықтары ахуалын құжатқа түсіріп, тіркеп отырамын.
2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірді. Содан бері, БҰҰ есебінше, 8 мыңнан астам бейбіт адам (400-ден астамы – бала) қаза тапқан. Өлгендердің шынайы саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Екі жақтан да ондаған мың жауынгер қаза тапты.
Қазақстан бейтарап позиция ұстануға тырысып, басқыншылық соғыс ашқан Мәскеуді айыптап-сынаған емес, ал Украинаға гуманитарлық көмек жөнелткен.