Елді мекен атауын өзгерту не үшін наразылыққа ұласты?

Батыс Қазақстан облысындағы көшелердің бірі. 24 сәуір 2018 жыл

Батыс Қазақстан облысында билік Оралдың ондаған көшесіне жаңа атау беріп, бір ауданның атын өзгерткісі келеді. Бұл жоспарға қарсы жергілікті тұрғындар өз пікірлерімен ешкімнің санаспайтынына наразы.

Батыс Қазақстан облысының билігі Зеленов ауданын Бәйтерек ауданы деп өзгертпек. Ауылдың көптеген тұрғыны оған қарсы. Бірақ қоғамдық тыңдау хаттамасында басқаша жазылған. Ресми құжат бойынша, Зеленов ауданы құрамындағы 22 ауылдық округтің бәрі аудан атын өзгертуді бір ауыздан қолдаған.

АТАУДЫ ӨЗГЕРТУ МЕ, ӘЛДЕ ЖОЛДЫ ЖӨНДЕУ МЕ?

Атауды өзгерту туралы шешімді барлық ауылдық округ құптағаны туралы жаңалық "Ауыл тынысы" аудандық газетіне қыркүйектің 25-і күні шықты. Ауданның танымал адамдарының пікірі де осы нөмірде жарияланыпты. Олардың ұстанымы әкімдік көзқарасымен толық сәйкес келеді екен: аудан атауын өзгерту керек.

Перемётное ауылы – Зеленов ауданының әкімшілік орталығы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ауылдың атын өзгертуге қатысты жиын өткенін олар кейін білген.

Перемётное тұрғыны Аслан Мултаев жиынды барынша тыныш өткізуге тырысқандарын айтады. Оның айтуынша, Перемётноедегі жиынға алдымен бюджет қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлерді жинайды, қарапайым азаматтармен кездесуден қашқақтайды.

- Адамдар жиынға келгенде жеке бас куәлігі керек деді, ал газетке өзімен бірге құжат әкелу қажеттігі туралы жазбады. Адамдар басында абыржып қалды, ал атауды өзгертуге үзілді-кесілді қарсылар үйлерінен жеке бас куәліктерін алып келді. Видеоға түсірді ғой, атауды өзгертуге қарсы көп адам қол көтерді, - дейді Аслан Мултаев.

Зеленов ауданының атауын өзгертуге келіспеудің негізгі себебі ретінде Аслан Мултаев экономикалық себепті атайды.

- Адамдар ауылда тұрады, ақша жоқ, жұмыс табылмайды. Егер атауын өзгертсе, жер мен үйдің құжаттарын қайта рәсімдеу керек. Ол үшін жүгіру керек. Атауды өзгертуден басқа маңыздырақ мәселелер бар, мысалы жолды жөндеу керек. Перемётноеден 15 километр қашықтықта Цыганова ауылы бар, лайсаң басталған кезде адамдар үйіне жету үшін екі сағат жүреді. Бізге келіп, өз көздерімен көрсін, ақшаны қайда жұмсаған дұрыс: атауды өзгертуге ме, әлде жолдарға ма? - дейді Аслан Мултаев.

Оралдан 20 километр қашықтықта орналасқан Дарьинское ауылының тұрғындары да осындай пікірде: жиынға жиналғандар ішінен екі адам ғана атауды өзгертуді қолдап дауыс берген. Тұрғындар құжатпен әуре болғысы келмейді. Олар балабақша салу, жолдарды жөндеу, ауылды абаттандыру сияқты одан да маңызды мәселелер бар деп санайды.

Үлкен Шаған ауылындағы тыңдау да осыған ұқсас өтті. Жиналғандардың көбін оқытушылар мен мемлекеттік қызметкерлер құрады. Басқа жергілікті тұрғындар өте аз болды. Ауыл тұрғыны Айгүл Сейдахметованың айтуынша (өтініші бойынша аты өзгертілді –ред.) жиын кезінде атауды өзгерту туралы түбегейлі шешім қабылданбаған.

- Әкім сөзіміздің бәрін жазып алып, аудан басшылығы алдында есеп беремін деді. Біраз уақыттан соң жергілікті газетке Кушум ауылдық округі аудан атауын өзгертуді қолдады деп жазды, - дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Топонимдерді өзгертуді «тарихи қажеттілік» дейді

"БІЗДІҢ СӨЗІМІЗГЕ ПЫСҚЫРМАЙДЫ"

Оралдың құрамына кіретін Дерқұл ауылының көшелерінің атауын өзгертуде де осындай жағдай қалыптасқан. Биліктің айтуынша, ол жердегі ондаған көше атауы "идеологиялық тұрғыда" ескірген. Ауыл тұрғындары шешімді өздерінің қатысуынсыз қабылдағанға наразы.

59 көшенің атауын өзгертіп, тағы үшеуіне атау беру туралы қоғамдық тыңдау тамызда өткен. Кейбір тұрғындар қоғамдық тыңдау өтетіні туралы кездейсоқ білген: таныстары хабарлама жіберген.

Вера Логашкина жиын туралы алдымен мұғалімдерге ескерткенін айтады. Мектеп директоры кездесуге бір сағат қалғанда хабарлама жіберген. Логашкина жергілікті әкімдікке қоңырау шалыпты. Ол жерде қоғамдық тыңдау өткенін, ол жайында бір ай бұрын хабарлағандарын айтыпты.

– Ақпаратты "Жайық үні" жергілікті газетіне жариялапты, оны ауылда ешкім оқымайды, - деді Вера Логашкина Азаттыққа.

Оның пікірінше, Дерқұлда адамдардың аз келуіне себептер жетіп артылады. Ал жиынға мемлекеттік қызметкерлер сияқты арнайы дайындалған адамдар келген, олар биліктің шешіміне қарсы шықпайды, себебі жұмыста проблема болуы мүмкін деп қорқады.

- Бұдан соң мен іске кірістім. Әлеуметтік желі арқылы жергілікті тұрғындарды жинап, атауды өзгертуге қарсы хат әзірледім (655 адамның қолын жинадық), ол хатты президент әкімшілігіне, бас прокуратураға, жергілікті әкімдік пен республикалық ономастикалық комиссияға жібердік. Біз мұндай ұйымдастыруға қарсымыз. 2014 жылы Назарбаев ономастика туралы заңға түзету енгізіп, жергілікті тұрғындардың пікірін ескеру керектігін айтты. Біріншіден, қоғамдық тыңдауды біз білмейтіндей етіп өткізді, екіншіден, онда пікірді есепке алу туралы бір ауыз сөз жоқ, - дейді Логашкина.

Тқрғынның айтуынша, Дерқұлда бірнеше буын ауысқалы тұрып келе жатқан жергілікті тұрғындарға көше атаулары ыстық.

– Ауыл шағын, біз осы көшелерге атау беріп, оларды қалыптастырған адамдардың ұрпағымыз. Сондықтан әр атау ата-әжелерімізді еске салады. Әкімдік үшін Зеленая немесе Лесная деген сөз еш мағына бермейді, ал біз үшін ол тұтас тарих, отбасымыздың тарихы. Мысалы, менің атам ауылдың қалыптасып, дамуына үлес қосқан, біздің отбасы үшін бұл үлкен соққы, - дейді Вера Логашкина.

Орал қаласындағы көшелердің бірі. 24 қараша 2018 жыл

"ЖЕРГІЛІКТІ ҚАУЫМДАСТЫҚ" ДЕГЕН НЕ?

Жергілікті өзін-өзі басқару заңы бойынша, ауылда жиын өткізгенде ауыл тұрғындары арасынан сайланған "жергілікті қауымдастық" дауыс беру құқығына ие. Мұндай қауымдастыққа тұрғындардың пікірін білдіретін өкілетті адамдар кіреді. Аудан атауын өзгерту туралы соңғы сөзді жергілікті қауымдастық айтуы керек.

Ауыл тұрғындарының көбі атауды өзгертуге дейін осындай қауымдастық бар екені туралы білмегендерін айтады, өз дауыстарының ұсыныс сипатына ие екенін де білмепті. Зеленовский ауданы әкімдігінде жергілікті өзін-өзі басқару ерекшелігі туралы сұраққа тіке жауап бермей, заңға сілтеме жасады.

"Қазақстанның жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы" заңының 39-2 бабы бойынша жергілікті қауымдастық мүшелері маңызы жоғары мәселелер бойынша жиын өткізеді, соның бірі - жергілікті қауымдастық құрамын төрт жылға белгілеу" деді әкімдік өкілдері.

Зеленов ауданындағы Көшім ауылдық округі әкімінің орынбасары Ауған Ақмурзин өзіне сеніп тапсырылған аумақта жергілікті қауымдастыққа сайлау қалай өтетіні туралы айтты.

– Жергілікті қауымдастықта сайлаушылар санынан бір пайыз жүреді, ауылда тіркелгендерден аламыз. Әр ауылда жиын өткіздік, тұрғындар жергілікті қауымдастық мүшелерін сайлайды. Ауылдық округ бойынша түрлі ауылдан қауымдастықта 35 адам бар, олар өздерін сайлаған адамдардың мүддесін қорғайды. Оларды таңдар алдында әр ауылда жиын өткізіп, тұрғындармен кездестік, олар өздері сенетін, беделі бар кандидаттарды ұсынды. Сайлаудың хаттамасы бар. Бұл адамдар – біздің басты көмекшілеріміз, барлық мәселені солар шешеді, - дейді Ақмурзин.

"Уральская неделя" жергілікті газетінің редакторы Лұқпан Ахмедьяров атауды өзгерту мәселесін әу бастан бақылап отыр. Оның пікірінше, бастама қоғамдық сананы бұрмалаумен өтіп келеді. Журналистің айтуынша, Қазақстан "дауыс беру қорытындысын бұрмалауда" алдына жан салмайды.

- Қазақстан билігінің бәрі қазақ тілінде болсын деген ниеті түсінікті, бірақ оны қандай әдіспен жүзеге асыратындары түсініксіз: жергілікті тұрғындардан кеңес сұрағандай көрінеді, бірақ оны жанама түрде жүзеге асырады, жергілікті қауымдастықтың қалай сайланып, жұмыс істейтінін ешкім ұқпайды. "Төмендегілер бастама көтерді" дейді, бірақ аудан мен оның тарихына қатысы жоқ Бәйтерек деген атауды ұсынады. Адамдардың бәрі бастаманың жоғарыдан берілгенін, табиғи ортада өсіп-өнбегенін біледі, - дейді Лұқпан Ахмедьяров.

Лұқпан Ахмедьяров

"ҚАЛАЙ БІТЕТІНІН БІЛЕМІЗ"

Қоғамдық тыңдау – атауды өзгертудің бір кезеңі ғана. Ары қарай бұл мәселені облыстық, содан соң республикалық ономастикалық комиссия қарайды. Алайда Зеленов ауданының тұрғындары жақында атауды өзгертетініне, тұрғындардың пікірі елеусіз қалатынына сенімді.

Перемётное тұрғыны Аслан Мултаев атауды өзгертуге қарсы қол жинап, бас прокуратура мен президентке жазу туралы ұсыныс тастағанын айтады, бірақ жерлестері белсенділік танытпапты, себебі адамдарда ұйымшылдық жоқ және өз құқықтарын білмейді.

Дерқұл тұрғыны Вера Логашкина да бос үмітке малданбайды. Ол ештеңеге қарамай көше атауларын өзгертетініне сенімді.

– Сотқа беріп, биліктің іс-әрекетіне шағымдану – уақыт пен ақшаны текке құрту. Себебі ақыры қалай бітетіні айдан анық. Жергілікті телеарнаға хабарластым, олар бұндай тақырыппен айналыспаймыз, жол туралы, төтенше жағдай туралы айтамыз дейді. Әрине, ешкім де билікке қарсы шыққысы келмейді, мен де оппозиционер емеспін. Бірақ неліктен адамдардың пікірін тыңдамайды, неге көше атауларын біздің келісімсіз өзгертпек? - дейді Вера Логашкина.