Бүкіл әлемде тұтыну бағасының индексі өсті. Мысалы, бидай бағасының көтерілуі Украина мен Ресейден келетін импортқа тәуелді Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдеріне ауыр тиді. Халқының көбі кедей тұратын Ливанда ұн бағасы бірден 47 пайыз өсті.
Әлемдегі қымбатшылыққа пандемия, ауа райының қолайсыздығы, соғысқа байланысты Ресейдің шетелге астық сатудан бас тартып, Украинаның экспорт жолдарын жабуы сияқты бірқатар фактор әсер еткен. Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының басшысы Дэвид Бисли америкалық CBS арнасына берген сұхбатында Ресейдің іс-әрекетін "ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігіне қарсы соғыс жариялауға" теңеп, мұның аяғы аштық, тәртіпсіздіктер мен босқындардың жаппай көшуіне апарып соғатынын ескерткен. БҰҰ-ның болжамынша, тыңайтқыштар экспортының қысқаруы да астық көлеміне әсер етуі мүмкін.
Әлемдегі жағдай Қазақстанды айналып өткен жоқ. Бірақ Қазақстанның өз ішінде де атап өтуге тұрарлық бірнеше фактор бар.
ВАЛЮТА БАҒАМЫ БАҒАҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?
Наурызда әлемдегі жағдайлар теңге бағамына әсер етіп, ұлттық валюта тұрақсыз күйге түскенін қазақстандықтардың бәрі байқады. Осыдан шетелдік валютаға сұраныс артып, доллар бағасы 510 теңгеге дейін көтерілді. Ұлттық банк валюта сату мен сатып алуды шектеп, 1 миллиард доллардың интервенциясын (ақша сату және сатып алу арқылы валюта бағамына әсер ету әдісі – ред.) жүргізді. Сәуірде "ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақталуына байланысты" интервенция тоқтады.
Қазір теңге нығайып, бір доллар 415 теңге болды.
Ұлттық банк баспасөз қызметі "Ұлттық валютаның нығаюы энергетикалық өнімдер бағасының өсуі, экспортерлардың салық төлеу мерзімі, жеке тұлғалар тарапынан шетелдік валютаға сұраныстың азаюы, рубльдің және дамушы елдер валютасының нығаюы сияқты факторларға байланысты" деп жазды.
Бірақ теңге тұрақталғаннан кейін қазақстандықтардың өмір сапасы жақсарып, тауар мен қызмет бағасы арзандаған жоқ, керісінше, кей өнімдердің бағасы әлі де өсіп жатыр.
Экономист Арман Байғанов теңгенің күшеюін рубльдің тұрақталуымен, жартылай эмбарго нәтижесінде көтерілген мұнай бағасымен және кейінгі қырық жылда ең жоғарғы деңгейге жеткен АҚШ-тағы инфляциямен байланыстырады.
Қазақстан импортының 42 пайызы Ресейден келеді, ал рубль қымбаттап жатыр. Сарапшылар бұл валютаға сұраныс артып, экономика күшейген кезде болатын "нарық әсерінен нығаю" емес, санкциялар салдарынан, Ресей билігінің шешімімен жасалған "жасанды нығаю" деп есептейді.
– Негізінен сыртқы факторлар әсер етті. Бірінші кезекте, рубль тұрақталды. Оның басты себебі сауда балансына байланысты. Ресейде валюта пайдалану азайып, экспорт шектеліп, экспортерлерді валютаны рубльге конвертация жасауға міндеттеді. Экономикада біраз мәселе бар, бірақ рубль тұрақталды, бұл теңгеге де ықпал етті. Бізде сауданың 40 пайызы Ресеймен арада жүргізіледі. Рубльдің мықты болуы экономикамызға тиімсіз, өйткені ресейлік тауарлар автоматты түрде қымбат болып келеді. Теңге рубльге ілесіп, бағамы құбылып отырады. Еуразия экономика одағы аумағында жасалған сауда салықсыз, кеден төлемдерінсіз жүреді. Валюта бағамындағы айырмашылық бәсекеге қабілеттілікке әсер етеді. Рубль арзан болса, бәрі Ресейден тауар ала бастайды. Қымбат болса, халыққа қиын, тауарлар қымбаттап, инфляция артады, – дейді Арман Байғанов.
Ең дұрыс нұсқа – тепе-теңдік сақтау. Бірақ жоғарыда айтылғандай, рубль нарық ережесі бойынша емес, жасанды түрде нығайған. Сондықтан тепе-теңдікті бұрынғы қалпында сақтап қалу мүмкін емес.
– Бір теңге 5,7 рубль деген бағамды ұстап тұрсақ, доллар 400 теңгеден төмендейді, бұл экономикаға тиімсіз. Қазақстан экономикасының жағдайы доллар бағамы 380 теңге болатындай жақсарған жоқ, – дейді Байғанов.
Экономист Айдархан Құсайынов теңгенің долларға шаққандағы номиналды бағамы нығайғанымен, азық-түлік арзандамағанына таңғалмайды. Ол халық санасындағы "доллар арзандаса, баға да түседі" деген аңызды былай түсіндіреді:
– Тауарлар валюта бағамына байланысты емес, басқа себептермен қымбаттап жатыр. Өкінішке қарай, жедел инфляцияға кіріп келе жатырмыз, баға инфляциялық болжамдарға байланысты өседі. Баға валюта бағамына қарай өзгереді деу – қате. Бұл туралы кітабымда да жаздым. Валюта бағамы тұрақталған кезде "Қалай сонда?" деген сұрақ туындайды. Ал теңге әлсіреген кезде мұндай сұрақ болмайды, – дейді ол.
Айдархан Құсайынов Қазақстанда инфляция қарқынын арттыру механизмі барын, бұл әдіс үш жыл бұрын қолданыла бастағанын айтады. Оның кітабында "номиналды бағамның өмір сапасына еш қатысы жоқ, сатып алу қабілеті паритетінің бағамы ғана әсер етеді" деп жазылған. Сатып алу қабілеті паритеті – орташа өмір сүретін америкалықтың бір айлық азық-түлік себетін алып, оны теңгеде есептеу дегенді білдіреді. Құсайынов кітабында "2002 жылы Қазақстан азаматы 155 мың теңгеге Америкада 6,2 мың долларға бағаланатын тауарларды сатып ала алатын. Ал 2008 жылы дәл осы 155 мың теңгеге 2300 доллардың тауары ғана келетін болды" деп түсіндіреді.
Азық-түлік себеті инфляциялық процестерге байланысты қымбаттай береді.
– Үш жылдан бері баға өсіп жатыр. Бұл мәселемен ешкім күресіп жатқан жоқ, тіпті Ұлттық банктің өзі қол қусырып қарап отыр. 2019 жылдан бастап инфляция қарқыны артып жатыр. Халықтың еті үйренген сайын, баға да тез өсіп жатыр. Халық баға көтеріледі деп күткен сайын, қымбатшылық қыса береді.
"АЗЫҚ-ТҮЛІК ДАҒДАРЫСЫ БОЛУЫ МҮМКІН"
Жыл сайын Қазақстан бюджетінде тапшылық болады: Ұлттық қордан алатын қыруар қаржыны қосқанның өзінде мемлекеттің шығыны табысынан асып кетеді. 2022 жылы қор активі алуға болмайтын шекке жақындады. Бұл әсіресе, қазір азық-түлік дағдарысы төніп тұрған кезде өте маңызды.
– Үкімет азық-түлік саласы бойынша тиімсіз жұмыс жүргізіп отыр. Ауыл шаруашылығы дұрыс дамымай жатыр. Ауыл шаруашылығына жылына 300-400 млрд, ал қорғаныс саласына 800 млдр теңге бөлінеді. Екі есе көп. Экономиканың шынайы секторын қолдау қажет. Аграрлық секторда еңбек өнімділігі төмен. Қазақстан шаруалары жылына 6-7 мың доллардың тауарын өндіреді. Ал шағын Беларусьтің өзі 33 мың доллардың өнімін шығарады. Еңбек өнімділігі артпай, азық-түлік бағасы қымбаттай береді, – дейді Арман Байғанов.
Қазақстанның бірқатар өңірінде қант бағасы бірнеше айдың ішінде 312 теңгеден 700 теңгеге дейін өскен. Ауыл шаруашылығы министрлігі елде қант тапшылығы жоқ деп мәлімдеді. Ведомство алдағы уақытта нан бағасы да көтерілмейді деп уәде берді. Оралда (Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы, Ресеймен шекарада орналасқан қала) қант тапшылығынан кондитер цехының жұмысы тоқтады.
"Өндіріске қымбат қант пайдалансақ, бағаны көтеруге тура келеді. Халық Ресейдің арзан кәмпитіне жүгіріп, біздің қымбат өнімді алмайды" дейді кондитер цехының басшысы.
– Еуразия экономика одағынан шықпай, қандай да бір жоспар құру қиын. Өйткені ең үлкен сауда серіктесіміз – Ресей, ал соғыс (Ресейдің Украинаға басып кіруі – ред.) қашан бітетіні түсініксіз, – дейді Арман Байғанов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Ресей соғыста саяси және экономикалық тұрғыдан жеңіледі". Мұның Қазақстанға зардабы қандай?Тоқаевтың "жартыкеш" шаралары, "елбасыдан арылу" және Назарбаевтың алдағы тағдырыҚазақстан қорғанысты күшейтіп жатыр ма? Түркияның Орталық Азияда ықпалы арта ма?Қазақстан Украинаның кебін құшуы мүмкін бе? Қазақстан ірі астық экспорттаушыға айнала ала ма?КҚК құбырымен мұнай тасымалдау шектелді. Енді не болмақ?