Қазақстанда түрмедегі жәбірлеуге қатысты істердің бес пайызы ғана сотқа жетеді, ал қалғандарын прокуратура тиісті түрде қадағаламайды дейді Penal Reform International (PRI) ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің аймақтық директоры әрі ТМД елдерінде түрме реформаларын жүргізудің кешенді шараларын жүзеге асыру жөніндегі пенитенциарлық жүйе мен қылмыстық сот төрелігі халықаралық қорының сенімді өкілі Азамат Шамбилов.
Дені сау адам полицияға келіп, сол жерде көз жұмады. Ол ғимаратқа кіріп жайдан жай өліп қалмады ғой.
Penal Reform International өкілі Азамат Шамбилов
Азамат Шамбиловтың айтуынша, Қазақстанда белсенділер мен адам құқықтарын қорғаушылар жыл сайын айтып, дабыл қағатын түрмедегі азаптау және кісі өлтіру фактілері тиісті деңгейде тергелмей қалады, ал олар сотқа жеткен күннің өзінде дәлелденбейді, ал прокуратура әрі қарай оның себептеріне үңіліп, лайықты бақылау жүргізбейді.
Ол өткен аптада Венада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Тұрақты кеңесіне мүше елдердің бірінші кездесуінде (ЕҚЫҰ-ға кіретін 57 елдің өкілдері қатысқан) осы мәселені көтерген. Азамат Шамбиловтың айтуынша, көп елдің өкілдері қатысқан жиында сөз сөйлегенде Қазақстанның ресми өкілдері оған ешқандай сұрақ қоймаған. Ал шетелдердің өкілдері Қазақстанда түрмедегі азаптау және радикалдану оқиғаларының неліктен толық тергелмейтініне ерекше қызығушылық танытқан.
– Сонымен бірге мен жалпы кісі өлімі мәселесін де көтердім. Полиция бөлімшесіне келіп, сонда өліп қалу фактілері бар. Дені сау адам полицияға келіп, сол жерде көз жұмады. Ол ғимаратқа кіріп жайдан жай өліп қалмады ғой. Жақында осындай оқиға Шығыс Қазақстан облысында болды, – дейді Азамат Шамбилов.
Оның айтуынша, бас прокуратураның «Жәбірлеусіз қоғам» атты соңғы жобасы азаматтарды қорғауға жәрдемдесе алмайды, прокурорлар оны тек халықаралық қауымдастық пен адам құқықтарын қорғау ұйымдарының көзін алдау үшін ұйымдастырып отыр.
– Бәрібір ештеңе жасалып жатқан жоқ. Жасап жатқандары – тек «өтті» деп белгі соғу үшін. Бұл жобада нақты механизм жоқ, бұл жобада олар ұлттық превентивті механизм (ҰПМ) [түрмелерге] жиі барып тұруы қажет деп жазады. ҰПМ барды делік, одан не қайран бар? ҰПМ-ға арызданатын адамдар мүлде қорғалмаған. Прокуратура емес, басқа бір мекеменің аясында түрмедегі азаптау оқиғаларын тергейтін бөлек мекеме немесе құрылым ашатын кез келді, – дейді Азамат Шамбилов.
Қазақстанның бас прокуратурасы 23 ақпанда Астанада «Жәбірлеусіз қоғам» деген жобасын таныстырған. Прокурорлардың айтуынша, бұл жобаның мақсаты – «қылмыстық процесте және бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі азаптауды түбірімен жою». Бірақ мұның қалай жүзеге асатыны туралы айтылмаған. Жоба азаптаудың алдын алу, оларды тергеу, жапа шеккендерді сауықтыру деген үш бағытта жүреді деп жоспарланған.
Бас прокуратураның сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін пайдалану, тергеудегілер мен жазасын өтеп жатқандарға зорлық жасау фактілері бойынша жылына 700-ге тарта арыз түседі. Соңғы бес жыл ішінде кісіні азаптағаны үшін құқық қорғау органдарының 140 қызметкері сотталған. Ал қылмыстық жүйесі комитетінің ақпаратынша, 2013-2016 жылдар аралығында бұл мекемеде екі қылмыс жасалып, бес адам қылмыстық жауапқа тартылған.
«АЗАПТАУҒА ҚАРСЫЛЫҚ» ЖӘНЕ АСТАНАДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана қоғамдық бақылау комиссиясының (ҚБК) Астана бойынша төрағасы қызметін атқарған белсенді Руслан Оздоев «азапталдым» деп шағымданған екі азамат отырған Астанадағы тергеу абақтысына кіре алмай жүргенін айтады. Қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегілер жақында жаңа қоғамдық бақылау комиссиясының құрылғаны туралы хабар алғандарын айтып отыр. Ал Руслан Оздоевтың айтуынша, өзін азаптау фактілерін зерттеуге жібермеу үшін «клон» комиссия құрып алған. Әдетте ол осындай зерттеулерден соң қамаудағылар мен жазасын өтеушілердің құқықтарының бұзылуы туралы шағымдарын жариялап отыратын. Қоғамдық бақылау комиссиясының бұдан арғы жұмысының қалай жүретіні әлі түсініксіз.
Руслан Оздоевтың айтуынша, 17 шілдеде оны прокуратураға шақырып, тергеу абақтысында жатқандардың екі шағымы бойынша түсініктеме алған. Ол азапталғандарын айтып, мамырдың соңында шағымданған екі адамның ісі бойынша куәгер ретінде пікір білдірген.
– Ұзақ уақыт өтсе де, олар істі әлі тергеп жатыр. Камераларда видео түсіріледі. Ал олар тек бір видеоны ғана алған. Шағымданушының «оперативті қызметкер келіп: «Енді ісім сенімен болсын» деп иығымнан қақты» деген сөзін нақтылайтын екінші видео алынбаған. Сол видеоны да алу керек, ол жерде қызметкердің оны иығынан қаққаны анық көрінер еді, – дейді Руслан Оздоев.
ҚБК мен ҰПМ өкілі Аида Жүсіпәлиева да жыл басынан бері жабық мекемелерге кіріп жүр. Оның айтуынша, шағымдар жиі түседі, бірақ оның барлығы азаптау туралы емес. Оған зорлық туралы тікелей шағымданғандар болмапты, арызданушылар көбіне дәрі-дәрмектің жоқтығын айтады екен. Аида Жүсіпәлиева "барлық көрген-білгендерін ҰПМ-ның есебіне кіргізіп, Қазақстан президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілге жіберіп отырамыз" дейді. Бірақ оларға омбудсменнен әрі қарай не істелгені туралы ешқандай хабар келмейді екен.
Азаптауды дәлелдеудің барлық мүмкіндіктері бар, бірақ әр іс бойынша бұл қаншалық жүзеге асып жатыр – ол жағын айта алмаймыз.
«Қадір-қасиет» ұйымының жетекшісі Анар Ыбыраева.
«Қадір-қасиет» ұйымының жетекшісі, адам құқықтарын қорғаушы Анар Ыбыраеваның айтуынша, ол басқаратын ұйым биыл сәуірде Германия елшілігінің қолдауымен «Азаптауға қарсы» деген жобаны қолға алған. Соның арқасында олар Астанада, Қарағандыда және Өскеменде азаптау туралы шағымдар болғанын анықтаған. Оның айтуынша, Астанадағы тергеу абақтысынан түскен арызға қатысты прокуратура түсініктеме беріп, іс бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан.
– Азаптауды дәлелдеудің барлық мүмкіндіктері бар, бірақ әр іс бойынша бұл қаншалық жүзеге асып жатыр – ол жағын айта алмаймыз. Әр іс шапшаң әрі жан-жақты қаралып, жәбірленушінің күш-жігері жетті, құқықтары қорғалды деп айта алмаймыз. Бірден жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тергеуге ықпал ете алмас үшін полицейді немесе азаптады деген қызметкерді тез арада жұмыстан шеттету керек, тәуелсіз экспертиза тағайындау қажет, – дейді Анар Ыбыраева.
Ресми мекемелерден жеткен ақпарат басқаша көріністі суреттейді. Қылмыстық атқару жүйесі комитетіндегілер «азаптаудың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр, тергеу мақсатында тұтқындалғандар мен сотталғандардың конституциялық құқықтарының бұзылуы жөніндегі әрбір факт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде кінәлі деп танылған қызметкерлер мен олардың басшылары тәртіптік жауапқа тартылады» деп сендіреді. Бұған қоса азаптау фактілері бойынша сот үкімдерін кінәлі қызметкер жұмыс істейтін мекемеде бүкіл ұжымның көз алдында оқу тәжірибесі енгізілген. Онымен қоса қызметкерлер арасында адам құқықтарын сақтаудың халықаралық стандарттары бойынша дәрістер мен тренингтер жиі өткізіліп тұрады екен.
Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары түрмелер мен полиция бөлімшелерінде азаптау фактілері кездеседі деп Қазақстан басшылығын жыл сайын сынап отырады.