Қазақстан Ресейге «Протон-М» апаты зардабының есебін жіберген

«Протон-М» зымыран тасығышының апатқа ұшыраған сәті. "Россия 24" телеарнасының видеосынан алынған скриншот. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Жергілікті ақпарат агенттіктері «Қазақстан шілдедегі «Протон-М» апаты зардабының есебін Ресейге ұсынды. Қоғамды дүрліктірмес үшін өтемақы көлемі айтылмады» деген мәлімет таратты.
Ақпараттар бойынша, қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Бектас Мұхамеджанов Астанада өтіп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық форумында «Ведомстволық комиссия апаттан кейінгі экологиялық залалды есептегенін, Ресей жағы залал шығыны есептелген цифрлармен танысып, оны талқылап жатқанын» айтқан.

Азатық тілшісі осы мәліметті анықтау үшін қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне хабарласты.

- Бұл есеп «Протон-М» зымыран тасығышының биылғы шілдедегі апатынан кейін құрылған комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жасалған, - деді министрліктің баспасөз қызметі өкілі.

Министрлік өкілі залалды өтеу есебінде көрсетілген «қаржы көлемі туралы айта алмайтынын» мәлімдеді.

«200 ТОННА ГЕПТИЛ, 400 ТОННА АМИЛ»

2013 жылы 2 шілде күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді.

Апаттан соң екі күн өткенде Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин «зымыран тасығыш құлаған жер экологиялық тұрғыдан қауіпсіз» деп мәлімдеген.

«2 шілде күні Байқоңырдағы апатта шамамен 200 тонна гептил мен 400 тонна амил түгел жарылып кетті. Апат орнында ені 20 метр, ұзындығы 40 метр, тереңдігі 7 метр шұңқыр пайда болды. Ал қоршаған ортаға зиянды салдарын біз таба алмадық, өйткені барлығы жанып кеткен» деді ол.

Апат орнындағы ескерту белгісі. Қызылорда облысы, Байқоңыр ғарыш айлағы, 31 шілде 2013 жыл.

Апаттан соң Қазақстан «Ресейдің Байқоңырдағы жұмысына разы емес» екенін білдірді. Байқоңырда өткен, зымыран апаты зардабын жою жөніндегі комиссия отырысында «Роскосмосқа» Қазақстан өкілдері бірнеше ескерту айтқан. Осы отырыста Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бірігіп, осындай апаттардың зардабын өтеуге қатысты методика жасап жатқаны хабарланған.

Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болды. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді. «Роскосмос» зымыран ұшыруға қарсы шаралар өтіп жатқан кезде, 30 қыркүйекте Байқоңырдан тағы бір «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырды. Ресей бұдан кейін де бірнеше «Протон-М» (26 қазанда және 12 қарашада) ұшырған.

Ресей Қазақстанға тиесілі Байқоңырды 1994 жылдан бастап жалдап, жылына 115 миллион доллар төлеп, 2050 жылға дейін толық пайдалануға рұқсат алған. Соңғы кездері екі ел Байқоңырға байланысты бірнеше рет келіспей қалып, қосымша келіссөздер өткізген. 2013 жылы қаңтар айында Қазақстан үкіметі «биыл Ресейдің пайда табу мақсатында ұшыратын «Протон-М» зымырандарын азайтамыз» деп мәлімдеген еді. Ресей ғарышқа 17 зымыран ұшыруды жоспарласа, Қазақстан солардың 12-сіне ғана рұқсат беретінін айтқан.