Әблязовтың бұрынғы адвокаты амнистияға ілікті

Елена Тищенко. 3 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстандық бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың экс-адвокаты, Мәскеуде ұсталған Елена Тищенко экономикалық амнистияға ілігіп, қамаудан босап шықты.
Елена Тищенконың адвокаттарына сілтеме жасаған ресейлік "Известия" басылымының дерегінше, шағымданушы тарап - БТА-банк Тищенкоға байланысты берген талабын ("Әблязовтың Қазақстаннан заңсыз шығарған 3,3 миллиард АҚШ долларын жымқырды") 30 желтоқсанда қайтарып алған.

"Ресейлік тергеушілер қылмыстық істі жапқан соң Елена Тищенко елден шығып кетті, қазір Лондонда баларының жанында" дейді оның адвокаттары Алексей Поздняков мен Сергей Куземин басылымға.

Украина азаматы, Францияда тұруға рұқсат алған 37 жастағы адвокат Елена Тищенко 2013 жылы 31 тамызда шетелден Мәскеуге ұшып келген бойда ұсталып, екі айға қамалған еді. Тергеушілер Тищенконы "Мәскеуде Әблязовтың қылмыстық жолмен иемденген мүліктерін заңдастырумен айналысқан" деп айыптаған.

Мәскеудің Тверь аудандық соты 2013 жылы 30 қазанда тергеушілердің "Тищенконың ісі бойынша әлі біраз тергеу жүргізу қажет" деген сұрауын ескеріп, оның қамауда ұстау мерзімін 2014 жылдың ақпан айына дейін ұзартқан. Қорғаушылары Тищенконы 40 миллион рубль кепіл төлеп қамаудан босатуды сұрағанымен, сот тергеу тарабын қолдаған.

ӘБЛЯЗОВТЫҢ "АДАМДАРЫ" МЕН ӘЙЕЛІН ҚУДАЛАУ

Еуропада оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовпен істес болған Тищенкодан өзге бірнеше адам да назарға ілікті. Чехия Мұхтар Әблязовпен іскерлік байланысы үшін 2012 жылдың мамыр

Татьяна Параскевич.

айында Карловы Вары қаласында тұтқындалған банкир Татьяна Параскевичті Украина немесе Ресейге экстрадициялауы мүмкін.

Ол Әблязовпен байланысты «Еуразия» инвестициялық-өнеркәсіптік топ» компаниясының қаржы-есеп басқармасын басқарған.

Ресей мен Украинада Татьяна Параскевичті «Мұхтар Әблязовтың «қылмыстық тобымен» сыбайласып, қазақстандық «БТА банкінен» миллиондаған долларды жымқырған» деп айыптайды.

2013 жылы сәуір айында Қазақстанның сұрауы бойынша Интерпол ​санкциясымен Мұхтар Әблязовтің бұрынғы оққағары Александр Павлов Испанияда ұсталған. Қазақстан билігі оған "қаржылық алаяқтық" және "терроризм" бойынша айыптар таққан.

Әблязов пен БТА

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.


2013 жылы шілденің 22-сі күні Мадрид соты Павловты экстрадициялау туралы шешім шығарды, қарашаның 18-і күні Испания жоғарғы соты Павловты экстрадициялауды мақұлдады. Оны экстрадициялау туралы соңғы шешімді Испания министрлер кеңесі шығарады.

2013 жылы маусым айында Польшада Қазақстан билігінің сұрауы бойынша
​Әблязовтың жақын серіктерінің бірі ретінде аталатын Мұратбек Кетебаев та ұсталып, кейін «қамауға негіз жоқ» деп босатылған. Ол жуықта Польшадан босқын статусын алды.

2013 жылы маусымда Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен кәмелетке толмаған қызы Италияда тұтқындалып, Қазақстанға әкелінген еді. Кейін Италия өкіметі бұл депортацияның заңсыз екенін мәлімдеп, оқиғаға байланысты Италия ішкі істер министрлігінің шенеунігі кінәсін мойындап, жұмысынан босатылды. Шалабаеваның депортациясы туралы іс Италия парламентінде қаралып, бұл оқиға Италия ішкі істер министріне сенімсіздік жариялау тәралы мәселе қозғауға түрткі болды.

24 желтоқсанда Қазақстан құқық орындары Алма Шалабаеваға ешқайда кетпеу ​ туралы қолхатпен ұстау шартын өзгертіп, шетелге шығуына рұқсат берген соң ол қызы екеуі Италияға оралды.

Ал Мұхтар Әблязовтың өзі 2013 жылы 31 шілдеде Францияның оңтүстігіндегі Муан-Сарту қаласында Украинаның сұрауы бойынша ұсталған. Оны "ірі көлемде қаржы жымқырды" деп Қазақстан мен Ресей де сұратқан.

2005-2009 жылдары Қазақстанда "БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген.

Қазақстан үкіметі Әблязовты "5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды" ​деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінген. 2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен.

Әзірге Франция соты Мұхтар Әблязовты абақтыда ұстап отыр.