Ресейдің Украинаға басып кіргеніне төрт ай болды. Әскер санын жасырғысы келетін Мәскеу астыртын мобилизация жүргізіп жатыр. Наурыз-сәуірде соғысқа еріктілер жазылған. Олардың көбі күш құрылымдарының бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлері. Сарбаздарға ай сайын 200-300 мың рубль төленеді деген уәдеге қарамастан, еріктілер қатары сиреп жатыр. Ал соғыстан оралғандар ақшаны толық төлемегенін, майданда арнайы киім-кешек пен тамаққа жарымағанын айтады.
"Бұрынғыдай 300 мың төлемейді" деп жазып жатыр Шешенстандағы еріктілер чатында. Ресей федерациясы құрамындағы аймақтан қанша адам соғысқа барып, қаза тапқаны айтылмайды. Оның орнына аймақ басшысы Рамзан Қадыров Шешенстанның интернационал әскер құрамында жоқ сарбаздарын да соғысқа жібергенін айтып жүр.
Шешенстанда әлеуметтік желілерде, WhatsApp-тағы топтарда, ауылдар мен аудандарда, Telegram-арналарда жастарды соғысқа тартуға тырысып жатыр. Тіпті сотталған және тергеліп жатқан адамдарды да соғысқа жіберген. Кейбірін форма, автомат беріп, соғысқа жіберу үшін ұрлап әкеткен.
Полиция басқармасына апарып, "не айыппұл төлеп, түрмеге түсесің, не Украинаға барасың" деп шарт қойған.
Қалмақ республикасында еріктілерді тарту үшін Украинаға қарсы соғысқа баратын адамдарға бір реттік төлем жасалатыны жайлы жарлық шығарды. Бюджеттен оларға 30 мың рубльден беріледі. Краснодарда еріктілерді тарту процесіне шенеуніктерді жұмылдырған. Оларды атқарылған жұмыс жайлы әкімшілікке есеп беруге міндеттеген. Қала мэрі кәсіпорын басшыларына жұмысшыларға қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруға кедергі келтірмеу жайлы қаулы шығарды.
Ал соғыста жүргендер сарбаздарға қажет беренді желет, каска, жылы киім, дәрі-дәрмек секілді қажет заттар жетіспей жатқанын айтады. Ресейде тек жалдамалы сарбаздар ғана емес, оларға төлейтін қаражат пен қару-жарақ та жетпей жатқанға ұқсайды.
"СОҒЫС ЗАҢЫМЕН ӨМІР СҮРЕДІ"
Шешенстаннан шыққан заңгер әрі құқық қорғаушы Әбубәкір Янгулбаев соғысқа апта сайын 200 жаңа рекрут жіберуге уәде еткен Рамзан Қадыровтың ұлты шешен азаматтар арасында күш жинауда қиындыққа тап болғанын айтады.
"Мендегі дерек бойынша, Шешенстанның 1400 азаматын жинаған, жалпы республикадан Украинаға үш мың сарбаз жіберген. Үш жүз мың рубль төлейміз, қаза тапқан жағдайда бір реттік жәрдем ретінде бес миллион рубль төленеді деген үгіт-насихат ойлап тапқан. Науқанды Қадыровтың күш құрылымдары бойынша көмекшісі Даниил Мартынов басқарады. Кез келген адам Шешенстанға келіп, соғысқа аттана алады. Тек Ресейден емес, ҰҚШҰ-ға мүше Беларусь, Армения, Қырғызстан, Қазақстаннан да [бара алады]" дейді Янгулбаев. Оның сөзінше, Шешенстанда ұлты орыс азаматтарды да "жалдамалы сарбаз" ретінде көптеп тартып жатыр. Грозный мэриясына кез келген адамды шақырып, сол жерден Гудерместегі әскери базаға алып кетеді де, қаруды қалай қолдануды, автоматты бөлшектеп, қайта жинауды, мина қоюды, жаралыға алғашқы көмек көрсетуді, тактикаларды үйретеді. Содан кейін форма мен қару-жарақ береді. Қымбат тұратындықтан, беренді желет пен каска бермейді. Сосын Украинаға жібереді. Олардың тамағы мен жолын төлейді.
Ақша табу үшін соғысқа қатысқысы келетін Шешенстан тұрғындары Украинаға наурыз-сәуір айларында кетіп қалған дейді Янгулбаев. Олардың қатарында күш құрылымдарының өкілдері, бұрын сотталғандар немесе жазасын өтеп жатқандар да бар. "Еріктілер" қатарында жауапқа тартылып, сот үкімі әлі күшіне енбегендер де бар. Олардың бәрі түрмеден құтылу үшін билікпен келісімшарт жасап, соғысқа кеткен. Янгулбаев бұл тенденцияны толық зерттеп көрген.
Украинада қаза тапқан кемінде төрт шешен соғысқа дейін түрмеде немесе тергеуде болған.
"[Сотталып], жазасын өтеп жатқандарды соғысқа жіберу – [Ресей үшін] қалыпты жағдай. Сирия мен Грузиядағы әскери жанжалды мысалға келтіруге болады. 2008 жылы Грузияға Сулим Ямадаев (Шешенстанның "Восток" батальонының командирі – ред.) басшылығымен қылмыскерлерді жіберген. Тіпті, тергеліп жатқан, "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы жағында соғысқысы келген адамдарды да Сирияға жіберген жағдайлар болған" дейді ол Кавказ.Реалии тілшісіне.
Шешенстаннан шыққан күш құрылымы өкілдерін де, ерікті рекруттарды да "Қадыров әскері" деп атайды. Янгулбаевтың дерегінше, Украинада олар тұтқынға түсе бермейді және көбіне артиллерия оғынан қаза табады. Ресей күштері Украинаға басып кіргеннен кейін бір ай өткенде Қадыров әскерін үшінші эшелонға жіберген. Қазір олар Украинаның Ресей жаулап алған жерлерін "тазалаумен" айналысады.
Украинада қаза тапқан кемінде төрт шешен соғысқа дейін түрмеде немесе тергеуде болған дейді Янгулбаев.
"Оларға "есірткі" бабымен айып таққан. Олар жайлы деректердің бәрін көршілері немесе ауылдастарынан анықтап, тексеріп шықтым. Олардың қаза тапқанына көз жеткізіп, зиратының суретін жіберуді сұрадым" дей келе ол марқұмдардың аты-жөнін атады.
Абубакар Мударов, Заур Чучаев пен Аслан Успанов. Соңғы тұрғаны Кадыровқа видео жолдап, әділетсіздікке тап болғанын айтып, көмек сұраған. Оған қандай айып тағылғаны айтылмайды, бірақ сот болғаны белгілі. Төртіншісі – Зейнди Имадаев – есірткі сақтағаны үшін бірнеше рет сотталған.
"Имадаев – төртеуінің ішіндегі ең нойысы, – дейді Янгулбаев. – Ол ауылында бәрінің, тіпті, туыстарының да есін шығарған. Мендегі дерек бойынша, Украинада оны Қадыров әскері өлтірген. Ол Мариупольде болған. Осылайша оны украиндарға жасаған зұлымдығы мен қарақшылығы (мародер) үшін жазалаған. Оған бола ешкім кек алмайды, себебі туыстары одан баяғыда бас тартқан".
Құқық қорғаушының сөзінше, Украинада Қадыров әскерінің қатардағы сарбаздарына тұтқындарды қорлауға тыйым салынған.
"Ондай іске бұрын КГБ, НКВД, чекистер кезіндегідей, Ресей арнайы қызметінмен байланысы бар жекелеген адамдар барады. Қадыров әскерін ақтап тұрғаным жоқ. Бұл адамдар ең алдымен ақшаға бола бәріне баруға дайын. Олар басқа адамдардың қанын төгіп, пайда табуға ұялмайды. Бірақ бұл адамдар соғыс заңымен өмір сүреді және олардың өзіндік ар-намыс кодексі бар" дейді Янгулбаев.
Қадыров әскерінің арасында әскери қылмыс жасап масқара болғысы келмейтіндер де бар. Олардың кейбірі майданға садизмді жақсы көргеннен емес, бұйрыққа амалсыз бағынып барған дейді ол.
Янгулбаев Шешенстанда ер адамдарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберу жүйесі жоқ дейді. Бірақ ол Еуропаға кетіп, босқын мәртебесін алғысы келетіндердің баспасөз құралдарындағы осы ақпаратты қолдана алатынын айтады.
"Жуырда Аргунда бұрын сотты болған қырық адамды ұстап, соғысқа баруды ұсынған. Олар [соғысудан] бас тартқан. Қырық адамның бәрі үйіне оралған, ешкімді қамамаған. Кейде қандай да бір қылмыс үшін адамды ұстап, оған түрме мен тергеудің орнына Украинаға баруды ұсынады. Бұған сенемін. Бұл оқиға бір ай бұрын басталған. Ол кезде Қадыров [соғысқа] баратын еріктілер азайып, мәселеге тап болған. Кей адамдарды профилактикалық әңгіме жүргізу үшін полицияға шақырады. Бірақ Шешенстанда жоғалғандардың бәрі ұсталған соң соғысқа бармайды. Оны Шешенстанның заңсыз жертөле түрмелерінде де ұстауы мүмкін" дейді Янгулбаев.
Украинаға мәжбүрлеп жібергендердің ішінде блогер Хасан Халитовтың ағасы бары мәлім.
"ТҰТҚЫНДАРДЫ ТАМАҚТАНДЫРУҒА ТЫЙЫМ САЛАДЫ"
Кавказ.Реалии сайты Украинаның шығысында "іссапармен" болған Шешенстанның жазаны орындау федералды қызметі өкілімен сөйлесті. Ол аты-жөнін атамауды сұрады. Оның бөлімі әскери тұтқынға түскен украиндарды күзетеді. Қазір ол Шешенстан елді мекендерінің бірінде тұрып жатыр.
"Украинамен шекарадан өткенде, басшылық смартфондарыңды тапсырыңдар деді, тек отбасымызбен байланысу үшін қарапайым телефонымыз қалды. Формадағы шеврон, погонды, басқа да белгілерді алып тастауды, Ресейге оралғанша басымыздан балаклаваны шешпеуді, бетімізді ашпауды бұйырды" дейді ол.
Ол офицерлер бұйрық бойынша барып, солай әрекет етті, ал еріктілер телефон камерасын қосып, видео жазды, тікелей эфирге шығып, бетіне маска тақпады, "сорақы тәртіпсіздік" жасап, жергілікті тұрғындарды келеке етті, олардың мүлкін тартып алды дейді.
Федералдар қазір украиндарға не істесе, 2000 жылдары бізге де тура соны істегені есімде. Отыз шешеннің бір камерада отырып, бір шелекке дәрет сындырғанын ұмытқан жоқпын.
Басқарма қызметкерінің сөзінше, басшылық оларға украин тұтқындарына, олар қалған әскердің қайда екенін айтпайынша, тамақ бермеңдер деп бұйырған. Қажет ақпарат алу үшін оларды ұрып-соғып, азаптауға рұқсат берген.
"Бірақ, адамбыз ғой, бәрібір оларға тамақ бердік. Күнделікті ақшамызға оларға тамақ сатып алдық. Су бердік, тыйым салған ережелерге қарамастан камерасына апарып бердік, – дейді шешен сарбазы. – Федералдар қазір украиндарға не істесе, 2000 жылдары бізге де тура соны істегені есімде. Отыз шешеннің бір камерада отырып, бір шелекке дәрет сындырғанын ұмытқан жоқпын. Тамақ болмаған еді. Бұл соғыстың әділетсіз екенін бәріміз түсінеміз, бірақ бұйрық солай. Республикада жақсы өмір сүру үшін не күш құрылымында жұмыс істейсің, не ешқайда істемейсің".
Шешенстан полициясы әлеуметтік желілерде Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасау үшін еріктілер іздейтіні жайлы хабарландыру жариялаған. Онда қатардағы қызметкер мен сержанттарға 34 мың рубльден 68 мың рубльге дейін, ал егер Украинадағы арнайы операцияға қатысқан жағдайда әлгі ақшаға қосымша күніне 53 доллар төленетіні айтылған. Сонымен қатар дұшпанның әскери техникасын қиратқаны үшін де сый-сыяпат қарастырылған. Атап айтқанда, 50 мың рубльден 300 мың рубльге дейін ақша төлеп, қызмет біткен соң коммуналды төлемге жеңілдік жасайтын ардагер куәлігін береді.
Грозный қаласында тұратын Айшат (есімі өзгертілді – ред.) Кавказ.Реалии басылымына берген сұхбатында, жуырда полиция туыстарын Шешенстан астанасындағы аудандардың бірінен ұстап әкеткенін айтты. Жас жігіт тыйым салынған препарат қабылдаған. Оны полиция басқармасына апарып, "не айыппұл төлеп, түрмеге түсесің, не Украинаға барасың" деп шарт қойған.
"Ол бас тартты. Қазір Шешенстаннан Ресейдің солтүстігіне барып жұмыс істеуге дайындалып жатыр. Айыппұлды бәрібір төлейді, тек оны және ағасын жайына қалдырғанын қалайды. Олардың отбасының жағдайы қиын. 1999 жылы екінші шешен соғысы басталған кезде әкесі үйінен шығып, хабарсыз кеткен. Одан әлі күнге еш хабар жоқ. Олар ешқандай соғысты қаламайды" дейді Айшат.
Ол Шешенстан ер азаматтары Украинаға ақшаға бола барып жатпағанын айтады.
"Адамгершілігі бар адам ол жаққа бармайды. Бірақ қарама-қайшы пікір де бар. Жергілікті билікке разы емес адамдар соғыста қарсыласу үшін қаруға ие болсам деп үміттенеді. Қайтып келген еріктілердің кейбірі қару ұстауға рұқсат алған. Олар қаруды үйінде сақтайды. Біразы шешендердің тапанша, оқ-дәрі секілді сүйікті ойыншығы үшін де барады" дейді ол.
Құқық қорғаушы Янгулбаев бұл тенденцияны растап отыр.
"Кез келген шекара шиеленісіне ҰҚШҰ мен НАТО көп қару жібереді. Кей шешендер соғысқа тек қару-жараққа бола барып жатыр. Олар Қадыров әскері секілді көрініп, "Ахмат!" деп айғайлап, қару алғысы келеді. Оны Шешенстандағы режимге қарсы қолданғысы немесе сатқысы келеді" дейді ол.
Янгулбаев "Юг" батальоны командирінің Украинадан Шешенстанға қарумен оралғанын мысалға келтірді. Оның жергілікті күш құрылымдарының көзіне түспеуінің себебі де сол деген қауесет тараған.
"Бұған дейін ол тик-токта жиі видео жариялайтын. Оны Қадыров ұрып-соғып, жертөлеге тығыпты деп айтып жүрді. Украиндар қолға түсірген әңгімелерде соған дәлел болған. Қадыров әскері сол оқиғаны талқылаған. Бірақ қатардағы сарбаз соғыс алаңынан гранатаны оп-оңай ала алады. Жуырда олардың бірі алты әріптесін атып тастады деді ол.
Янгулбаевтың сөзінше, Шешенстанда Украинадан оралғандарды тексеріп, бейресми есепке алу туралы тапсырма берілген. Күш құрылымдары олардың қару-жарақ әкелген-әкелмегенін тексеріп, профилактикалық әңгіме жүргізеді.
"Мұндай жұмысты Шешенстанда үнемі заңсыз жүргізеді. Адамды алып кетеді, біршама уақыт ұстайды, сосын құжатқа қол қойғызады, мұның профилактикалық әңгіме болғанын, ешқандай арыз-шағымы жоғын құжатқа түсіріп алады. Мұның артында кез келген жағдай болуы мүмкін. Жеңіл табысқа кенелгісі келгендерді осылайша тоқтатуға тырысады" дейді Янгулбаев.
ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫМДАР
"Гражданин. Армия. Право" тобының директоры Сергей Кривенко Ресей әскерінің әртүрлі категориядағы мүшелеріне кеңес береді. Ол Кавказ.Реалии басылымына аудандардағы жасырын мобилизация қалай жүріп жатқанын айтты.
"Айтарлықтай мобилизация жоқ, оны жариялаған емес. Бірақ запастағы азаматтарды деректеріңді нақтылаймыз деген сылтаумен әскери комиссариатқа шақырады. Мұндай шақырту алған соң олар сонда баруға міндетті. Мобилизация жарияланбағандықтан, запастағы адамдарды қызметке тарта алмайды. Бірақ оларға әскери қызметпен келісімшарт жасау ұсынылады. Бас тартса, әскери коммисариат оларды қинамайды. Бірақ келісімшарт жасағандар бар" деп түсіндірді Кривенко.
Мұнымен қатар соғысқа тарту процесі де жүріп жатыр дейді ол.
Ресей заңы бойынша, еріктілер деген түсінік жоқ. Заңсыз қарулы құрылымға қатысқаны үшін сотта жауап береді, қылмыстық кодексте сондай бап та бар.
"Бүкіл Ресей бойынша еріктілерді іздеп жатыр. Оларды қандай құрылым арқылы жіберіп жатқаны белгісіз. Бұл келісімшарт жасағандар емес, еріктілер. Бәлкім "ЛХР" мен "ДХР" (Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдар – ред.) арқылы болар, әлде жеке әскери компаниялар арқылы шығар. Ондай жолмен қанша адам жинап алғаны да белгісіз. Статистика жоқ, масштаб жайлы айту қиын. Оларға ақша ұсынады, бірақ кейін оны төлемейді деген арыз-шағымдар да бар" деді Янгулбаев.
Оның сөзінше, ерікті рекруттар кіммен келісімшарт жасап жатқанын білмейді, Украинадағы соғысқа қандай статуспен кетіп жатқанын да толық түсінбейді. Мұның заңсыз құрылым екенін де түсіне қоймайды.
"Ресей заңы бойынша, еріктілер деген түсінік жоқ. Заңсыз қарулы құрылымға қатысқаны үшін сотта жауап береді, қылмыстық кодексте сондай бап та бар. Бірақ Ресей билігі 2013 жылы егер азамат заңсыз қарулы құрылымға Ресей мүддесі үшін қатысса, жауапқа тартылмайтыны жазылған. Бірақ бәрі өзгеруі мүмкін, "Ресей мүддесі" де өзгеруі мүмкін" дейді ол.
Кривенко қаза тапқандардың отбасына берілетін төлемге байланысты да мәселе туындауы мүмкін дейді. Егер Ресей федерациясының әскери қызметкері болса, оның келісімшарт жасағанына немесе әскерге шақырылғанына қарамастан, ол жараланған немесе қаза тапқан жағдайда өтемақы беруге міндетті. Жалпы алғанда ондай төлемнің мөлшері сегіз миллион рубльге дейін жетуі мүмкін. Бірақ бұл ақшаға үнемі қол жете бермейді.
Еріктілерге келсек, заңда олардың туыстарына төлем қарастырылмаған. Оларға тек келісімшартта көрсетілген ақша беріледі. Сәуірдің аяғында Ресей президенті еріктілер қаза тапқан жағдайда бес миллион рубль төленеді деген қаулы шығарды. Бірақ бұл төлемге қандай құрылымның жауапты екені түсініксіз дейді Кривенко.
Кавказ.Реалии сайты тілшісі Евгений Беловтың материалынан аударылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Өзін жек көретіндер үшін жанын пида етті". Мәскеу Украинадағы соғысқа Ресей қазақтарын да салып жатырУкраина әскеріндегі қазақ: Екі баламның бойында украин қаны бар, оларды қорғау – парызымРамзан Қадыровтың Украинаға барғаны рас па?"Зиянды серік" және "мина қойылған аймақ". ҰҚШҰ саммитінен кейінгі ой"Ұрланған" камера Украинада жүрген орыс сарбаздарының күнделік өмірін көрсетті