Accessibility links

20 жылдық үнсіздіктен соң да Жаңаөзен көтерілісінің себептері өзекті боп қалуда


Қазіргі кездегі Жаңаөзеннің кіре берісіндегі жазу. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің ауторы - Ибрагим Газиков.
Қазіргі кездегі Жаңаөзеннің кіре берісіндегі жазу. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің ауторы - Ибрагим Газиков.

Жаңөзендегі көтерілісті билік Желтоқсан оқиғасы кезіндегі сияқты ұлтшылдыққа бейім азғындаған қазақ жастарының әрекеті етіп көрсеткісі келді. Бірақ, араға мәскеулік газет кіріп кетіп, барлығын «бүлдірді».

Жаңаөзендіктердің көтерілісін республикалық деңгейдегі шенеуніктер ескі тәсілмен, оған қатысушылардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жуық арада шешуге уәде беріп, «тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларды» айыптап, аудандық деңгейдегі басшыларды қызметтерінен алып жаба салмақшы болған.

Бірақ, олардың жоспарларына күтпеген жерден соққы тиді. Бұл соққының иесі сол кездегі ең құрметті де беделді одақтық газет «Литературная газета» еді.

МӘСКЕУЛІК ГАЗЕТ: МӘСЕЛЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫҢ УШЫҒУЫНДА

«Литературная газетаның» Қазақстандағы меншікті тілшісі Александр Самойленконың газеттің 1989 жылғы 28 маусымдағы санында шыққан «Тағы да коменданттық сағат» атты мақаласы Жаңаөзен оқиғасының айналасындағы өтірік әңгімелердің күл-талқанын шығарып, шенеуніктердің төбесіне ашық күнде жай түскендей әсер етті.

Арада 20 жыл өтсе де мақала өзінің зәрулігін жоғалтпаған. Мынау дер кезінде Маңғышлақ тұрғындарының рухын көтерген сол күтпеген мақаладан қомақтылау үзінді.

«...Жаңаөзен қазақтарының ұлтшылдығына келсек, жанжалға себеп болған бұл емес деп толық жауапкершілікпен айта аламын. Жергілікті
Совет кезіндегі Жаңаөзеннің көрінісі. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің ауторы - Александр Семенов.
тұрғындар жалпы қазақ халқынан кем интернационалист емес. Соғыстың алдында, соғыс кезінде олар өз жерлеріне Cталиннің ұлттық репрессиялық саясатының құрбаны болған жүздеген мың немістерді, кәрістерді, кавказдықтарды, өзге де ұлт өкілдерін шын ықыластарымен қарсы алған болатын.

Тың жерлерді, республиканың табиғи байлығын игеру кезінде мұнда орыстар, украиндар, белорустардың эшелондап келгенін барлық әлем біледі. Осыдан кейін дәл қазір оқиғаны «ұлттық» жағынан бағалау дұрыс бола қояр ма екен?

Оның үстіне Жаңаөзен оқиғасына бұл қырынан келу ешнәрсені түсіндіре алмайды. Шынында да, қазақтардың бір күннің ішінде «кавказ ұлтының адамдарын» жақсы көрмей қалғанына кім сенеді? Жанжалдың алғашқы күні республикада осындай байлам пайда болған еді.

Бірақ, газеттердің жазғанындай, шерушілер қаладан кавказдықтарды алып кету туралы үзілді-кесілді талап еткен. Жаңаөзен әуежайы әйелдер мен балаларға толып қалған. 21 маусымдағы деректер бойынша Кавказға алты жүзден аса адам кеткен. Күн сайын бұл сан өсуде. Бұл енді «ұлтаралық жанжал» болмағанда не?

...Бұны түсіну үшін Жаңаөзеннің не екенін білу керек. Бұл қала – кен орындарын игерумен айналысатын кәсіпорындардың типтік көрінісі. Қалаға бар болғаны жиырма жыл. Онда 56 мың адам тұрады.

Қала шөлейтті Маңғышлақ түбегінің ортасында, аңыраған желдің өтінде тұр. Мұнайдан түскен долларлардан Маңғышлақтың қазақтарына бір тиын да тимейді. Барлығы жалпы совет халқының, мемлекетінің игілігіне жұмсалуда.

Маңғышлақтағы Солтүстік Бұзашы мұнай кеніші.
...Ал, СССР Мұнай өнеркәсібі министрлігі Жаңаөзенге жұмысшыларды Бакуден, Грозныйдан, Махачкаладан және Ресейдің өзге де қалаларынан вахталық әдіспен әкелуді әдетке айналдырды. Аурухана да, зират та салудың қажеті жоқ. Вахташылар ұшып келіп, жұмыс біткенше екі апта вагондарда өмір сүріп, үйлеріне қайтады. Қала осындай принциппен өмірге келді.

Пәтерлер келімсектерге бұйырды. Қызмет те соларға. Азық-түлік, заттар, жиһаз, медициналық қызмет – барлығы солар үшін. Ал, жергілікті тұрғындарға Мұнай министрлігі бөлген қиқым ғана тиеді.

Мұнай, көмір өндіру, орманды кесу дегеніміз – саясатпен, идеологиямен, ұлтаралық қатынас мәселесімен айналысу екені біздің министрлердің басына кіріп те шыққан жоқ. Олардың принципі мынадай болды: «Біз – өндірушілерміз, бұрғылар мен қаланың қожасымыз. Бізге кім керек болса – әкелеміз, кім қажет болса – үй береміз, кімді қажет десек – жұмысқа аламыз.

...Жаңаөзендегі толқудың басты себебі – әлеуметтік теңсіздіктің шектен шығуы. Әрине, мұндай дағдарыс кезінде ашулы халықтың назарына алдымен халықтың қанын сорып отырған саудагерлер, кооператорлар, зәру заттарды таратушылардың ілінгені түсінікті. Ал олардың көпшілігі кавказдықтар болатын...»

Александр Самойленконың мақаласынан соң маңғышлақтықтардың шеруіне қатысты жағдай түбегейлі өзгерді. Ол кездері барлық деңгейдегі партия басшылары одақтық баспасөзге жалтақтап жұмыс істейтін.

Егер орталық баспасөзде, әсіресе «Правда», «Известия» және «Литературная газета» сынды басылымдарда шулы мақалалар шыға қалса, елдің партноменклатурасы бұны Кремльдің тапсырмасы деп түсінетін. Яғни, оны қолдап, бұдан былай жұмыс барысында осыны басшылыққа алуға тырысатын.

Міне сондықтан да, осыған дейін бұл оқиға жайында біржақты жазып келген қазақстандық газеттер тып-тыныш бола қалды немесе бағыттарын өзгерте қойды.

ОДАҚ ТАРҚАП, ЖАҢАӨЗЕН ЖАЙЫНА ҚАЛДЫ


Жаңаөзендіктер үшін өз мәселелерін әділ шешудің уақыты енді келгендей болған. Бірақ, олай болмай шықты. Жаңаөзендіктердің проблемаларына көбірек назар аудару республиканың жаңа басшылығының ойына да келген жоқ. Жаңаөзен сияқты түйінді мәселелер Қазақстанда жетіп-артылатын.

Жері уланып, халқы қайыршылық күйге түскен дәл сол Семей полигоны, балықшылары тентіреп кеткен Арал аймағы, Оңтүстік Қазақстандағы мақта өсіретін аудандардың жағдайы да мәз емес болатын. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның жартысында экономика жедел жетілдіруді қажет етіп тұрған.

Бірақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасы үшін қайдағы бір жаңаөзендіктердің жайын ойлағанша, өздерінің билігін нығайту
Жаңаөзен қаласының қазіргі көрінісі. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің ауторы - Александр Максимов.
маңыздырақ болатын. Сондықтан, жоғарыдағылар халықтың осындай ірі толқуларын сылап-сипап қоя салуға тырысатын.

Соған қарамастан, маңғышлақтықтардың проблемаларының жабулы күйінде қалуына тек Қазақстанның жаңа басшылығы ғана кінәлі болған жоқ. Одақтағы саяси жағдай күрт күрделеніп кетті.

Маңғышлақтағы оқиғадан соң Кавказ аймағында, Прибалтикада, Батыс Украинада сепаратистік көзқарас белең ала бастады. Сол жылдың күзінде социалистік лагердегі елдерде болған «мақпал революциялардың» нәтижесінде Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі коммунистік режимдер бірінен соң бірі құлай бастады.

Аздаған уақыттан соң Совет Одағы деген алып державаның өзі 15 бөлікке бөлініп кетті.

Осылайша елдер күйреп, миллиондаған адамдар өгейдің күйін кешіп, баспанасыз қалып, босып кеткенде қайдағы бір жаңаөзендіктердің жағдайын ойлауға ешкімнің мұршасы болған жоқ. Оны жылдам ұмыта бастады.

ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАЛАРЫ – КУӘГЕРДІҢ КӨЗІМЕН

Жаңаөзен оқиғаларына куәгердің көзімен қарау оқырманға қызықтырақ болар деп ойлаймыз. Азаттық радиосының журналистеріне бұл жайында Қайрат Досметов айтып берді. Ол Чехиядан саяси баспана алуға тырысып жүрген қазақ босқындарының жетекшісі. Ол жайында біз бұдан бұрын жазғанбыз.

Қайрат Досметов 1989 жылы 7 жаста болатын және олар Жаңаөзеннің дәл ортасында тұрған еді. Советтік тәртіптегі ресми насихатқа қарсы жас сәбидің жанына жиіркеніш туғызған дәл осы оқиғалар еді деп айта алмаймын.

Бірақ, ол – жас отағасы қазір мұсылмандық жолды таңдап, диссидент болды. Және Чехиядағы екі жүзден аса қазақ босқындарының көпшілігі бір кездері советтік рәсімде Новый Узень аталған жаңаөзендіктер.

1989 жылғы Жаңаөзен оқиғалары жайында оның куәгері Қайрат Досметов мынаны айтып берді:

«Мен ол кездері бірінші сыныпты бітіріп, демалысқа шыққаным есімде. Таңертең оянсам, үйдегілер арлы-берлі жүгіріп, абыр-сабыр болуда. Маған ешқайсысы қарайтын емес. Балконға шықсам, әскери тікұшақтар ұшып, Жаңаөзеннің тұрғындарына ереуілді тоқтатуға шақырған қағаздар тастап жүр екен.

Қайрат Досметов, қазақ діни босқындарының лидері. Прага, ақпан, 2009 жыл.
Түрлі киім киген солдаттар мен милиция қаптап жүрді. Мен отырып алып әрқайсысына ат қоятынмын. Көк киім киген, береткалы адам көрсем, көк десантшылар деймін. Киімі жасыл болса, жасыл десантшы деймін. Осылай кете береді.

Кейінірек белгілі болғанындай, барлығы түнде басталған екен. Қазақтар «Шолпан» дүкенінің терезесін сындырып, барлығы бірдей болып киініп алыпты.

Үлкендердің айтуынша, қазақ қызын қорлау арқылы барлығын бастаған кавказдықтардың өздері көрінеді. Оқиғаның барлығы 1-ші шағынаудандағы 43-ші үйдің жанындағы «Арай» мейрамханасында басталған. Мен ол кездері 46-шы үйде тұратынмын. «Арай» мейрамханасы келесі күні түгі қалмай жанып кетті.

Белсенді әрекеттер кешке басталды. Негізінен жас жігіттерден тұратын адамдар тобы кавказдықтарды қалқалап тұрған солдаттарға қарай жүгіріп, тас лақтырды. Қазақтар кавказдықтардың қай үйлерде көбірек тұратынын білетін. Біздің ықшамаудандағы 37-38 үйлерде олар көп тұратын. Ол жерден олардың барлығын көшіріп жіберді.

Жағдай Палестинаны еске түсіретін. Үлкен балалар 7 жасар бізді көмекке шақырды. Біз тастарды бір жерге жинаймыз. Ал, үлкендер келіп сол тастарды алатын.

Солдаттардың автоматпен ата бастағаны да есімде. Кенеттен шамамен 500 адамдай топ «Строитель» Мәдениет үйі жағынан жүгіріп шығып, маған қарай жылжыды. Олардың артынан автомат ұстаған солдаттар жүгіріп келеді. Мен қорыққанымнан жылап жібердім. Мені таптап кете ме деп ойладым. Бірақ, адамдар біздің үйімізге қарай жүгіріп келіп, тоқтап, жан-тәндерімен таспен атқылай бастады.

Олардың арасынан қан-қан болып әзер жүрген жігіттерді де байқадым. Бұны көрген мен одан сайын жыладым. Шағынаудандағы
1989 жылы маусымда жаппай қақтығыстар болған бірінші шағынауданның қазіргі көрінісі. Жаңаөзен, 6 шілде 2009 жыл.
әйелдердің барлығы медбике рөлінде болды. Олар қолдарына дәрі-дәрмек, су алып, жаралыларға көмектесті.

Осы күндердің барлығында ереуілге қатысушылар тұрғын үйлердің шатырларында тұрды. Олар ұлутас кірпіштерінен басына қалқа жасап, сонда ұйықтады. Кімге соққы беріп, кімге тимеу үшін қазақтар тұратын пәтерлердің терезелеріне қызыл шүберек байлағандары есімде.

Бірнеше күннен соң біз бір орыннан екіншісіне көшіп жүрдік. Неге екенін білмеймін, бірақ кавказдықтар да қарап отырмай қазақтарды атуда деп айтатын. Шатырдың үстінде отырған кавказдық мергендер қазақтарды атуда деп айтылатын. Аулада жүру үшін алдымен шатырға қарап алып, содан соң ғана жүруге белгі беретін.

Коменданттық сағат жарияланып, содан соң қорқынышты, қатыгез десантшылар пайда болды. Бізге олар Мәскеуден келді деп айтатын. Олар кешкі сегізден кейін көшелерде БТР-лермен жүріп, көшедегілерді боқтап үйлеріне қуатын.

Әдетте жазғы кештерде апалар үйдің ауласына көрпе төсеп жайғасып алып әңгіме соғатын еді. Бұл күндері Жаңаөзенде ешкім бұлай далаға шыға алмай қалды.

Жаңаөзен қаласының қазіргі көрінісі. http://uz.eugk.com сайтындағы суреттің ауторы - Александр Максимов.
Менің сыныптас көршім қашып үлгере алмай қалып, оны қуып жеткен десантшы көршімді автоматтың дүмімен ұрғаны есімде. Бұл менің көз алдымда болды. Десантшылардан бәрі де қорқатын. Десантшылар көріне қалса аулада дүрбелең басталатын. Адамдар үйлеріне қарай қашатын. Бір десантшының осыған мәз болып, ыржалақтап тұрғаны есімде.

Қазір марқұм болып кеткен менің бір танысым мына бір оқиғаны айтып берген еді. Осы оқиғалардың кезінде олар Грозныйдағы пионер лагерінде болған. Олардың лагерлерін шешендер қоршап алып, қазақтардың көкесін көздеріне көрістіреміз деген. Артынша оларды милиция қуып тарқатып жіберіпті. Олар елге пойызбен қайтып келе жатқанда, кавказдықтар оларды кепілге алмақ болған. Содан соң оларды жарты жолдан түсіріп алып, автобуспен алып кеткен. Оларды таяқпен қаруланған қазақтардың қарсы алғанын айтады.

Бірақ, кавказдықтарға да қиын болғанын айтқым келеді. Мысалы менің Рустам есімді ингуш танысым болды. Ол анасымен бірге Жаңаөзенге Грозныйдан көшіп келген. Ереуіл кезінде олар Жаңаөзенді өздерінің туған қаласы санап, Кавказға қайтудан бас тартты. Ереуілден соң олардың үйлерін тартып алып, анасын әуре-сарсаңға салды. Оның әкесі жоқ болатын, оларға қиын тиді. Анасы қала басшылығына көмек сұрап хат жазды. Бірақ, оларды ешкім тыңдаған жоқ».

Сол бір қорқынышты оқиғалар жайында сол кездері Жаңаөзеннің кішкене тұрғыны болған Қайрат Досметовтың еске түсіргендері осы.

КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ЕСТЕЛІКТЕРІ

Тағы бір куәгердің сөзін келтіреміз. Нақтылай айтқанда, Жаңаөзен оқиғасына баррикаданың арғы жағынан көзқарас туралы айтамыз.

«Жас Алаш» газетінің 2009 жылғы 18 маусымдағы санында Жаңаөзен оқиғасына байланысты жарияланған мақалада Андрей атты ОМОН-дықтың күнделігінен үзінді берілген.

Жаңаөзендіктермен қақтығыста жараланып, ауруханаға түскен Андрей жазылып шыққан кезде күнделігін тумбочкада ұмыт қалдырған екен. Мынау «Витязь» арнаулы бөлімшесі десантшысының күнделігінен үзінді:

Жаңаөзендегі 1989 жылғы маусымдағы оқиғаға қойылған ескерткіш. Сурет 6 шілде 2009 жылы түсірілген.
«...Мен арнаулы бөлімше солдаты ретінде талай «ыстық нүктелердегі» оқиғаларға қатысқанмын. Әдетте біз, ОМОН-дықтар қолымызға автоматымызды алып, бір қатар сапқа тұрып, жиын топтағылардың басынан асырып оқ атқанымызда олар у-шу болып жерге жата қалып, қолдарымен бастарын қорғайтын.

Ал бұл жерде (Жаңаөзенде) барлығы басқаша болды. Біз жиналған топқа тоқтаңдар деп айқайлап, бастарынан асыра оқ атқанымызда олар тоқтай қалды. Кенет олардың алдарында келе жатқан бір жігіт өзгелеріне: «Қорықпаңдар, олардың оқтары резинадан жасалған» – деп айғай салды. Сол-ақ екен мыңдаған адам жолындағы кедергіні бұзып-жарып алға ұмтылды. Міне, енді мен ауруханада жатырмын. Мұндай батыр халықты ешқашан көрмеппін...»

Бұған мына естеліктерді де қосып қоюға болады. Осы бір аласапыран кезінде қазақ және кавказдық достар
1989 жылдың маусымындағы Жаңаөзендегі халық толқуына қарсы арнайы жасақ қимылдауда. «Витязь» арнайы тобының ардагерлер кеңесінің сайтындағы (http://osn.bkb-vityaz.ru) сурет. Сайтта: «Арнайы жасақ тыныштық кепілі бола білді» деп жазылған.
бірін бірі құтқарып, көмектескен. Қазақтарды қолдамаса да өз адамдарына қазақтарды осы жағдайға жеткізген өздерің кінәлісіңдер, жергілікті халықтың дәстүрлері мен салттарын құрметтеу керек деп айтқандар да болған.

Аталған зерттеуге материал іздестіру барысында советтік «Витязь» арнаулы бөлімшесінің сайтына кездестік. Бұл элиталы отряд ақтық демі бітіп бара жатқан Совет Одағының көптеген ыстық нүктелеріндегі бейтараптандыру операцияларына қатысқан.

Ресейлік osn.bkb-vityaz.ru веб-сайтындағы отрядтың тарихы туралы бөлімінде былай деп жазылған:

«Қазақ ССР-індегі Маңғышлақ облысының Новый Узень қаласына келу туралы бұйрық түсті. Ол жерде жаппай тәртіпсіздік басталған екен. Коменданттық сағат енгізілді.

Қалыптасқан жағдайдан белгілі болғанындай, бұл жерді жайлап алған жемқорлық табиғи және ауылшаруашылық ресурстарына бай аймақтың тұрғындарын қайыршылық жағдайына түсірген. Бұл әлеуметтік және ұлтаралық негіздегі тәртіпсіздікке ұласқан жаппай толқулардың басталуына түрткі болған.

Ұлтшылдық бағыттағы жетекшілер республиканың өзге ұлт өкілдерін өлтіріп, олардың үйлерін өртеп, өмірлік маңызы бар нысандарды басып алып, олардың атауын өз ыңғайларына қарай өзгертуге шақырды.

Арнаулы бөлімшенің міндетіне қоғамдық тәртіптің жаппай бұзылуын тоқтату, тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушыларын, арандатушылар мен белсенді қатысушыларын ауыздықтау, қаруды жинап алу, патруль күзеті кірді.

Барлық аудандарда құқық тәртібін орнату міндеті тұрды. Төрт күннен соң Жаңаөзендегі жағдай арнаулы бөлімшенің бақылауына өтті. Жаппай тәртіпсіздіктер тоқтатылды.

Арнаулы бөлімше өз әрекетімен құқықтық тәртіп пен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тыныштықтың кепілі болды».

БҮГІНГІ ЖАҢАӨЗЕН: АДАМДАР ӘЛІ ДЕ КЕДЕЙЛІКТЕ ӨМІР СҮРУДЕ

Сонымен, осыдан 20 жыл бұрын тұрмыс деңгейіне наразы болған халық режимге қарсы шықты. Одан бері талай өзгерістер болғанымен, аймақтағы қарапайым халықтың жағдайы еш өзгерген жоқ. Иә, билікке жақындау жүрген кейбір адамдар Маңғышлақ мұнайын сату арқылы миллионер, тіпті миллиардер болды.

Жаңаөзендегі Бұрғылау кәсіпорнының жұмысшылары аштық акциясын өткізуде. 23 наурыз, 2009 жыл.
Тарихтан сабақ алмаған адам ондай оқиғаны басынан тағы да өткеретінін білеміз. Мынау соңғы уақыттарда болған фактілер. Қазақстандық БАҚ-тардың ақпараттары. Жаңаөзендегі әлеуметтік қарсылық акциялары жайында біз Азаттық радиосының сайтында жан-жақты жаздық.

«2009 жылдың 20 наурызында Қазақстанда мұнайды бұрғылау мен өндіру жұмысымен айналысатын Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау» кәсіпорнының жұмысшылары ереуілге шықты.

Қарсылық акциясына барлығы 1800-дей адам қатысты. Қазақстанда жұмысшылар бірінші рет кәсіпорынды мемлекет иелігіне алуды, әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандандыруға байланысты жедел шараларды қабылдауды, кадрларды жаппай қысқартуды тоқтатып, жалақы бойынша барлық қарыздарды төлеуді талап етті.

Басшылық келіссөздерге бармағандықтан, жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподағының 14 белсендісі қарсылық белгісі ретінде мерзімсіз аштық жариялады.

Билік ереуілшілерді оңашалап, тұйықтау мақсатында олардың айналасында нағыз ақпараттық блокада ұйымдастырды. Шенеуніктер мен арнаулы қызметтер кәсіподақ жетекшілеріне үнемі қысым жасап отырды...»

«Сәуірдің 17-сінде УОС-2 кәсіпорнының үш жұмысшысы Совет Төкенов, Аманқос Түлкібав және Мырзахан Өтеғұловтар аштық
Жаңаөзен-Шевченко күре жолындағы бұрылыс. http://uz.eugk.com сайтындағы сурет.
жариялады. УОС-2 – «РД ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамына қарасты Жаңаөзенде орналасқан «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының бөлімшесі болып табылады. Жұмысшылар өздерін жұмысқа қайта алып, кәсіпорын директоры Оразымбет Мүсірепов пен бас инженер Ислам Тегісбаевты қызметтерінен кетіруді талап етті...

...Полицейлер мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «аштықты тоқтатыңдар» деді. Төкеновтың айтуынша, «олар бізді сәл болмағанда өлтіре жаздады. Біз отырған машинаның ішіне көзден жас ағызатын газ жіберді. Біз тұншыға бастадық. Таза ауа жұтпақшы болып машинамыздың терезесін ашқанымызда олар бізді суретке түсіріп алып, бізді мазақтап күлді».

«...20 сәуірде УОС-2-нің 700 жұмысшысы аштық жариялап жатқан әріптестеріне қолдау ретінде екі күн жұмысқа шықпай қойды. Қарсылық білдірушілердің талаптары қанағаттандырылды. Оларды жұмысқа қайта алып, компания директорының басшылығымен құрылған арнайы комиссия «УОС-2» директоры Оразымбет Мүсірепов пен бас инженер Ислам Тегісбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылдады...»

Одан бұрын, 2006 жылдың 20 тамызында, Ақтау қаласындағы «Ынтымақ» алаңында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы жұмысшыларының рұқсат етілмеген шеруі өтті. Олар жұмыс жағдайын жақсартып, жалақыны көтеріп, Ақтау қаласының әкімін жұмыстан босатуды талап етті.

Шерушілердің саны, түрлі деректер бойынша, 400-ден 1000 адамға дейін болды. Ашулы жас жігіттер ұлттық ұрандарды айқайлап, 1989 жылдың Жаңаөзен оқиғасын қайталауға уәде берді. Бұның жай ғана айғай еместігінің белгісі ретінде бірнеше кафе мен дүкендерді қиратты».

Бүгінде Жаңаөзеннің кейбір тұрғындары қала ешқандай дамып жатқан жоқ, жастардың айналысатын ісі жоқ дейді. Жұмыссыздар көп. Адамдар кедейшілікте өмір сүруде. Бір сөзбен айтқанда, оқиға 1989 жылды еске түсіреді.

Адамдар құрбан болған оқиғаға 20 жыл болды. Көтерілісті ұмыттыруға айналды. Бірақ, толқудың себептері жойылған жоқ. Дағдарыс салдары тереңдей түсті.
XS
SM
MD
LG