Accessibility links

«Козлов президент сайлауына түссе, ұлтаралық наразылық туады»


Жақсылық Жексембаев ("Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық ұйымының Алматы облыстық филиалының төрағасы - сол жақта), Бейсенғазы Сәдуұлы ("Желтоқсан ақиқаты" ҚҰ төрағасы - ортада) және Аманғазы Кәріпжан ("Желтоқсан ақиқаты" бірлестігінің мүшесі), Алматы, 2 қараша
Жақсылық Жексембаев ("Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық ұйымының Алматы облыстық филиалының төрағасы - сол жақта), Бейсенғазы Сәдуұлы ("Желтоқсан ақиқаты" ҚҰ төрағасы - ортада) және Аманғазы Кәріпжан ("Желтоқсан ақиқаты" бірлестігінің мүшесі), Алматы, 2 қараша

«Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі бүгін Алматыда арнайы мәлімдеме жасап, Қазақстанның президенті болып өзге ұлт өкілі кем дегенде 400 жылдан кейін сайлануы мүмкін деген тұрғыда пікір айтты.


Олар Владимир Козловтың президент сайлауына түсемін дегені ұлтаралық наразылық тудыруы мүмкін деді. Сондықтан саясаткер бұл ойынан бас тартуы тиіс көрінеді. Ал Козловтың өзі болса алған бетінен қайтпайтындығын айтып отыр.

САЙЛАУ БОЛМАЙ ЖАТЫП САУДА ҚЫЗДЫ

Алматыда 2012-жылы өтуі тиіс президент сайлауына тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың үміткер ретінде қатысуы туралы дау әлі жалғасып жатыр.

Бүгін, қарашаның 2-сі республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі мәлімдеме жасады. Олар Козловтың бұл ойын ұлтаралық татулыққа іріткі салу деп санайтындықтарын жеткізді.

- Владимир Козлов сайлауға түскен күннің өзінде оны қазақтың қолдамайтындығын біле отыра осындай қадамға баруының өзі – алдын ала жоспарланған арандатушылық деп ойлаймыз. Біз Козлов деп барлық орыстарды айтып отырған жоқпыз. Біз бір ғана адамның жеке басының ісін айтып отырмыз, - дейді «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлы.
Бейсенғазы Сәдуұлы, "Желтоқсан ақиқаты" қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Алматы, 2 қараша 2010 жыл

- Заң жүзінде айтылғанымен өзге ұлт өкілдерінің президентікке үміттенуі – қазақ халқының намысына тиеді. Қазақ халқын менсінбеу, - дейді бірлестіктің Алматы облыстық бөлімшесінің төрағасы Жақсылық Жексенбаев.

Осылай деген «Желтоқсан ақиқатының» өкілдері бұл мәселе ушықпай тұрғанда Козлов өзінің ойынан бас тартуы тиіс деп отыр. Ұйым мүшелері президенттікке тек қазақ ұлтының өкілі үміткер бола алады деп санайды. Олар осыған сәйкес конституцияға өзгеріс енгізу қажет деген пікір айтты.

«ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АЙҚАЙ-ШУ»

Ал тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов өзінің алған бетінен қайтпайтындығын айтады.

- Менің ниетімнің өзгеруіне негіз болатындай ешнәрсе көріп тұрғаным жоқ. Менің көздеген мақсатым да, міндетім де, ұстанған бағытым да өзгерген жоқ. Мен ортағасырлық айқай-шуға назар аударғым келмейді. "Ит үреді, керуен көшеді", - дейді Владимир Козлов.
Мені қолдаушылардың арасында қазақтың бетке ұстар азаматтары – Серікболсын Әбділдин мен Ғазиз Алдамжаровтар болды.

Ол президент сайлауына қатысамын деген мәлімдемесі ұлтаралық қақтығысқа негіз болады дегенмен де келіспейтіндігін айтты.

- Біріншіден, мен өз әрекетіммен ұлтаралық қақтығысқа түрткі болдым деп ойламаймын. Оны солай деп ойлайтындармен де келіспеймін. Менің әрекетімді – менің конституциялық құқығымды жүзеге асыру деп бағалау қажет. Бұдан бөлек, маған жұмыртқа лақтырғандар да, бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізушілер де барша қазақ халқының атынан сөйлеуге құқықтары жоқ. Себебі алғашқы баспасөз маслихатында мені қолдаушылардың арасында қазақтың бетке ұстар азаматтары – Серікболсын Әбділдин мен Ғазиз Алдамжаровтар болды. Сондықтан мен айтылып жатқан жабайы, ақымақ пікірлермен келісе алмаймын, - деді Азаттық радиосына Владимир Козлов.

400 ЖЫЛДАН КЕЙІН САЙЛАНУ

«Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің мүшесі Аманғазы Әлімғазыұлының сөзінше, Қазақстанда өзге ұлт өкілдері президент болып сайланудан шамамен төрт ғасырдан кейін барып дәмеленсе болады екен.

- Қазақстанда отарлық жүйенің басталуына төрт ғасырға жуық уақыт өтті Ермактан бастап. Ал енді бір төрт ғасырдан кейін басқа ұлт өкілі президент болып сайлануы мүмкін, - дейді Аманғазы Әлімғазыұлы.

Әр ұлтқа өз ұлтының азаматы басшылық жасау керек деген бірлестік өкілдері, «қазақты сыйлайтын елдегі өзге ұлт өкілдері президент пен премьерліктен үміттенбеуі керек» дегенді айтты.

- Демократиясы дамыған Американың өзі 300 жылдан кейін ғана қара нәсілді Барак Обамаға президент болуы мүмкіндік берді. Ал біздің ұлттық тамырымыз, руханиятымыз бен менталитетіміз орнықпай жатқан кезде бізге өзге ұлттың өкілін басшы етіп сайлау – тәуелсіздігімізді тұншықтыру деген сөз, - дейді Аманғазы Әлімғазыұлы.

БИЛІКТІҢ ОЙЫНЫ

Саясаттанушы Айдос Сарым бұл мәлімдемелердің артында биліктің тұруы ықтимал деген ойда.

- Бүгінгі биліктің қазақ ұлтшылдары мен оппозицияның өзара түсіністікпен қимылдай бастағанына қарсы жасап отырған ісі сияқты. Өйткені өзін «желтоқсаншылармыз» деп жүрген азаматтардың біразы бүгінгі билікпен етене жақын жұмыс істеп жүргендері анық. Яғни сол жақтан сондай тапсырыс түсуі ықтимал, - дейді саясаттанушы.

- Менің ойымша Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар біреудің қол баласына айналатын азаматтар емес. Сондықтан орын алған жайт (жұмыртқа лақтыру) - жекелеген азаматтардың сол сәттегі Козловқа көрсеткен қарсылығы. Әрине дәл осындай саяси іс-шараға мен қарсымын. Дегенмен желтоқсандықтардың бұл мәселені көтеруі өздерін ұлтшылмыз деген көптеген азаматтардың көкейінде жүрген жайт, - деді Азаттыққа саясаттанушы Дос Көшім.

САНЫ КӨП, САПАСЫ...?

Желтоқсан оқиғасын зерттеуші журналист Болатбек Төлепберген, қазіргі желтоқсаншыларға өз ойын жеткізуде сауаттылық жетіспейді деген пікірде.

- Менің білуімше қазір елде Желтоқсан оқиғасына қатысы бар азаматтар құрған 6-7 ұйым бар. Олардың, әрине, жалпы ойлары, мақсаты дұрыс. Бірақ, әрекетке келгенде шамалы әдепсіздеу әрекет (жұмыртқа лақтыру) жасалған екен. Желтоқсаншыларға дәл қазіргі уақытта айтайын деп жүрген ойларын жеткізуде, я билікке болсын, я қоғамға болсын, сауаттылық қажет. Оларға өзара бірлік жетіспейді, - дейді журналист.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды жақсы білетін адам ретінде Болатбек Төлепберген, «олар биліктің тапсырмасын орындайтын адамдар емес» деп түйді.
XS
SM
MD
LG