Accessibility links

Алматыда Заманбек Нұрқаділовты еске алды


Заманбек Нұрқаділовтің зират басындағы мүсіні. Алматы, 12 қараша 2011 ж.
Заманбек Нұрқаділовтің зират басындағы мүсіні. Алматы, 12 қараша 2011 ж.
Бүгін Алматыда жекелеген қоғам қайраткерлері мен журналистер белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің зиратына гүл шоқтарын қойып, марқұмға құран бағыштады.

Зират басында сөйлегендердің сөзінде Заманбек Нұрқаділовтың өлімі әлі жұмбақ күйінде қалып отырғандығы айтылды.

– Ол Алматыда әкім болып тұрғанда осы қалада қазақтардың қарасын көбейтуге үлкен үлес қосты. Алматыдан жер алып үй салған қарапайым ауыл қазағы да, сол кісінің қамқорлығымен баспаналы болған зиялы қауым өкілдері де аз емес. Бірақ, Зәкеңнің өз үйінде қасақана өлтірілгеніне алты жыл өтсе де, қылмыс әлі ашылған жоқ, ал ол жайындағы әңгімелер ас үйдің төңірегінен аса алмай келе жатыр, – деді сөйлегендердің бірі Ғабиден Жакеев.

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы Нұрқаділовтің өлімі – саяси қаза екендігін атап айтты.

– Осындай қайраткерді президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы келгендігі үшін өмірден ерте оздыру, ол – саяси қылмыс. Бәлкім, оны өлтіру туралы тапсырманы Назарбаев бермеген шығар, ондай тапсырысты оның төңірегіндегілер берген шығар – ол жағы әлі белгісіз, осы анықталуы керек. Және де бұл осы бүгінгі билік бар кезде анықталуы керек, – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Ол бұл сөз Заманбек Нұрқаділовпен бірге Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Асхат Шәріпжановтардың қазаларына да қатысты екендігін айтты. «Егер билік осы қылмыстарды ашқызса, онда оның қолы мен ары таза, ал егер осы үш қылмыс және басқа да қылмыстар ашылмаса, онда бұл биліктің қолы қанды, ары жоқ» деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

2004 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қатаң сынаған мәлімдемелерімен қоғам назарын өзіне аударған саясаткер Заманбек Нұрқаділов 2005 жылы 12 қарашада Алматыдағы өз үйінде жұмбақ жағдайда қаза болды. Ол жүрек тұсынан екі рет және басынан бір рет тапаншадан атылған оқтан мерт болғаны анықталды.

Ресми жүргізілген тергеу «Нұрқаділов өзін-өзі атып өлтірген» деген қорытынды жасады. Бірақ Қазақстанның оппозициялық күштері мен марқұмның жұбайы Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділов билікке жақпаған мінезі үшін қасақана өлтірілген деп санайды.
XS
SM
MD
LG