Accessibility links

HRW мұнайшылар хақын жемеуге шақырды


HRW ұйымының Орталық Азия бойынша жауапты маманы Мира Ритман ұйым есебін жариялап отыр. Алматы, 10 қыркүйек 2012.
HRW ұйымының Орталық Азия бойынша жауапты маманы Мира Ритман ұйым есебін жариялап отыр. Алматы, 10 қыркүйек 2012.
HRW («Хьюман Райтс Вотч») халықаралық ұйымы Батыс Қазақстандағы мұнайшылар құқықтарына қатысты арнайы есебін жариялап, «ел үкіметі мен мұнай компаниялары жұмысшылар құқықтарын өрескел түрде бұзған» деп мәлімдеді.

Ұйым Батыс Қазақстандағы жұмысшылардың тапталған құқықтарын зерттеу барысында 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі қақтығыстың шығу себебіне үңілген. Бұл туралы есепті қыркүйектің 10-ында Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ұйымның Орталық Азия бойынша жауапты маманы Мира Ритман жариялады.

Ұзын саны 153 беттен тұратын баяндаманың «Ереуілдеуші жұмысшылар: Қазақстанның мұнай секторындағы адам құқықтарының бұзылуы» деп аталатын бөлімінде ұйым мамандары Батыс Қазақстанда мұнай мен газ игеріп жатқан Қазақстан үкіметінің және шетелдік үш түрлі компания өз жұмысшыларының топталу, ұйымдасу және ой-пікірлерін ашық айту сияқты құқықтарын шектеген деп санайды. Баяндамашылар соңы 17 адамның қазасына ұшыратқан Жаңаөзен оқиғасының тарихына тоқталып, оқиғаны қысқаша шолып шыққан.

«МҰНАЙШЫЛАР ШАҒЫМДАНАТЫН ЖЕР ҚАЛМАҒАН»

– Мұнай – Қазақстан экономикасына қуат беріп отырған негізгі шикізат. Алайда үкімет пен шетелдік компаниялар мұнай саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқарып жатқан жұмысшылардың құқықтарына көз жұмып қарайды. Хақы желініп жатқан мұнайшылар еңбек дауын шешу үшін қайда барып шағымданарын да білмей дал болған, – деді HRW-тың Орталық Азия бойынша жауапты маманы Мира Ритман.

«Қазақстан үкіметі мұнайлы өлкесіне инвестиция тарту үшін әлі де әрекет етіп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше Еуропа елі бұл елге мол көлемде қаржы салған. Сондықтан бұл саладағы адам құқықтары да әлемдік нормаға сәйкес жақсартылуы тиіс» деп санайды мамандар.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының өртенген ғимараты. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.
"Өзенмұнайгаз" компаниясының өртенген ғимараты. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Ұйымның құжатында аты аталған компаниялар – «Қаражанбас Мұнай», «ҚазМұнайГаз», қытайлық CNPC, италиялық Eni және «ҚазМұнайГазға» қарасты «ӨзенМұнайГаз».

Баяндама негізінен 2011 жылдың тамыз бен қазан айларының арасында Батыс Қазақстандағы екі кеніш орнында жүргізілген зерттеулердің негізінде жасалған.

Зерттеушілер мәселені анықтау үшін 64 жұмысшыдан, бірнеше кәсіподақ мүшесінен және тағы басқа арнайы мамандармен әңгімелсекен.

HRW осы мәселе бойынша мұнай компанияларының өкілдеріне де сауалдар қойып, хат жолдаған. Олардың хатына «Қаражанбас Мұнай» компаниясы мүлдем жауап бермеген. Басқалары мемлекет заңына сәйкес әрекет еттік деп жауап қайырған.

«ОЛАРҒА КЕРЕГІ – САУАТСЫЗ ЖҰМЫСШЫ»

Сұқбат берген жұмысшылардың барлығы бірдей құқықтарының шектелгенін былайша сипаттайды: Компания басшылары мұнайшылардың тізе қосып қимылдауына кедергі жасап, бейбіт түрде ереуілдеп жатқан жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығарған. Билік өкілдері бейбіт шеруді күшпен тоқтатуға тырысып, олардың жетекшілеріне әр түрлі саяси айыптар тағып, әділетсіз жолмен сотқа сүйреген.

– Компания біздің кәсіподақты көзіне де ілмейді. Оларға жұмысшылардың көзін ашып, заңдық кеңестер беріп, құқықтарын қорғауды үйретіп отыратын кәсіподақ мүлде керек емес. Олар үшін жұмысшының бәрінен бейхабар боп, үнсіз ғана шаруасын жасап жүргені өте тиімді, – дейді Ersai Caspian Contractor компаниясының бұрынғы жұмысшысы HRW мамандарына.
«Ersai Caspian Contractor LLC» («Ерсай Каспиан Контрактор») компаниясы жұмысшыларының 11 мамырда басталған ереуілі аштыққа ұласты. Маңғыстау, 25 мамыр 2011 жыл.
«Ersai Caspian Contractor LLC» («Ерсай Каспиан Контрактор») компаниясы жұмысшыларының 11 мамырда басталған ереуілі аштыққа ұласты. Маңғыстау, 25 мамыр 2011 жыл.

Мұнайшылар жалақы мен тағы басқа шиленіскен проблемаларды реттеу үшін компания басшыларын бірнеше рет келіссөзге шақырған. Бірақ басшылар оларға немқұрайды қарап, тіпті дөрекі жауап беріп отырған деп жазады баяндама авторлары. Мысалы, «ҚаражанбасМұнай» мен Ersai Caspian Contractor компаниялары кәсіподақ басшыларының компания территориясына өтіп, жұмысшылармен сөйлесіп, жиналыс жасауына тыйым салған. Компания басшылары жұмысшыларын кәсіподақ жиналыстарына қатысқаны үшін тергеп, тексеріп, оларға қоқан-лоқы көрсеткен. Кей кездері оларға полиция да жәрдемдескен.

Талаптарын бейбіт жолмен шеше алмаған мұнайшылар амалсыз аштық жариялап, алаңға шығуға мәжбүр болған. Солайша олардың саны үш айдың ішінде мыңнан асып кеткен.

ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗ ТІККЕН ИНВЕСТОРЛАРҒА ЕСКЕРТУ

«Ереуіл жасау құқығы жұмысшылардың мүддесін қорғап қалуда игі ықпал ететін тәсіл. Солай бола тұрса да, билік өкілдері бейбіт шеруге бөгет жасап, кәсіподақ жетекшілерін 10 күннен қамап, әкімшілік жазаға тартумен айналысқан» деп түйеді. Оған дәлел ретінде кәсіподақ заңгері Наталья Соколованың үстінен қозғалған қылмыстық істі атап өтеді. Бейбіт шеру кезінде барлығы 2 мыңнан аса мұнайшы заңсыз жұмыстан босатылған. Халықаралық ұйым осы оқиға орай «Компаниялардың жұмысшыларды қудалап, жұмыстан кетіруі заңсыз әрекет. Бұл жұмысшыларды кемсітіп қорлау» дейді HRW.
Компаниялардың жұмысшыларды қудалап, жұмыстан кетіруі – заңсыз. Бұл – жұмысшыларды кемсітіп, қорлау.

Арнайы есеп авторлары Қазақстан билігін еңбек заңын жетілдіріп, оны халықаралық нормалармен сәйкес етуге және аса маңызды өндірістік салада ереуілге шығуға салынған тыйымды қайта қарауға шақырады.

Ұйымның сарапшылары билік қылмыстық және басқа да кодекстерді заңды кәсіподақ қызметін шектеу үшін пайдалануды тоқтату керек деп есептейді.

HRW ұйымының пікірінше, бұл жағдайдың Қазақстанға инвестиция салғысы келетін шетелдік бизнес пен үкіметтердің ендігі іс-қимылдарына әсері зор болмақ.

– Құқықтарын талап еткен жұмысшыларын арандатып, жәбірлеп, түрмеге жабатын үкіметпен әріптес болуда опа жоқ. Қазақстанның мұнай қорына қызығатын компаниялар мен үкіметтер бұл елдегі адам құқықтары ахуалынан хабардар болуы тиіс. Күш қолдану акцияларына сеп болмаулары үшін жұмысшылардың хақы желінбей жатқанына көз жеткізулері керек, – дейді HRW («Хьюман Райтс Вотч») халықаралық ұйымының өкілі Мира Ритман.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG