Accessibility links

Бірнеше пәтері бар 50 үлескер шығарылды


Үміт Нұртазина бұрынғы пәтерінің есігі алдында отыр. Астана, 4 сәуір 2013 жыл.
Үміт Нұртазина бұрынғы пәтерінің есігі алдында отыр. Астана, 4 сәуір 2013 жыл.

Сот шешімімен пәтерінен шығып қалған Үміт Нұртазина бір аптадан бері баспалдақта өмір сүріп жатыр. Сот орындаушылары бірнеше пәтері бар үлескерлердің бәрін шығару шешімін орындағандарын айтады.

Астанадағы «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінің жетінші қабатындағы Үміт Нұртазина тұрған пәтердің есігі мөрлеулі күйі жабық тұр. Жаңа қожайындар әлі кірмеген. Нұртазина лифтің жанына диван жайып түнейтінін, күнде дәрі ішіп жүйкесін тыныштандыратынын айтады. Оның сөзінше, пәтер жалдайтын ақшасы жоқ, сондықтан баспалдақ маңында тұра бермек.

Ол көршілері - парламент депутаттарының ешбірі көмекке келмегенін, биліктің басқа өкілдерінен жәрдем күтетінін айтады.

— Сот орындаушылардың әрекетіне байланысты прокуратураға шағымданып едім, анықтаймыз деді. Соны күтіп отырмын. Кейінге қалдыру жайлы, соты орындаушылардың ісі туралы шағымдандым, — дейді Үміт Нұртазина.

Ол немерелерін келінімен бірге Алматыдағы туыстарына жөнелткенін айтты.

— Бұл менің жалғыз пәтерім екенін растайтын құжаттарым бар. Үлеске кіргенімде барлық егжей-тегжейі жазылған, — дейді Үміт Нұртазина.
Үміт Нұртазинаның сот орындаушылары есік алдына шығарып тастаған мүліктері. Астана, 28 наурыз 2013 жыл.
Үміт Нұртазинаның сот орындаушылары есік алдына шығарып тастаған мүліктері. Астана, 28 наурыз 2013 жыл.

«ОЛ ҮЛЕСКЕР ЕМЕС»

Астанадағы «Жаңа құрылыс» компаниясы директорының орынбасары Елена Чайканың айтуынша, Үміт Нұртазина ол пәтердің үлескері емес.

— Үлескер - ол кісі емес, оның туысы, үлес туралы бес шарты бар Әбжәркенов деген мырза. Заңды күшіне енген сот актісі негізінде сот орындаушылары ол кісіні үйден шығарған. Ол пәтердің заңды иесі - бірде-бір пәтері жоқ басқа үлескер, — деді Елена Чайка.
«Жаңа құрылыс» компаниясы директорының орынбасары Елена Чайка. Астана, 4 сәуір 2013 жыл.
«Жаңа құрылыс» компаниясы директорының орынбасары Елена Чайка. Астана, 4 сәуір 2013 жыл.

Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға салынған ол үйді әкімдіктегі барлық даулы тұрғын үй-құрылысы кооперативтері өкілдері енген арнайы комиссия бөлген. Олар үкіметтің "бір үлескерге - бір пәтер" деген қаулысын басшылыққа алған.

— Әбжәркенов мырзаға «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен бір пәтер берілген. Нұртазина - үлескер емес, бір пәтер алған үлескердің туысы. Нұртазина ханым 14 үлескерлік шартын жасаған ірі отбасының бір мүшесі. Бірақ ол 14 пәтер отбасының үш мүшесіне бөлінген. Ол кісінің көрсетіп жүргені — пәтерді сатып алуға алған несие шарты, — дейді Елена Чайка.

Оның айтуынша, Астанада бірнеше пәтерге үлескер болған 408 адам бар. Ол адамдарға енді мемлекеттің емес, шартты орындамаған құрылыс компанияларының ақшасына үй салмақ жоспар бар.

Астана қалалық сот актілерін орындау департаменті 53 адамды үйден шығару туралы сот актісін орындағандарын мәлімдеді. 50 үлескер пәтерінен шығарылған, екі адам 4 және 6 мамырға дейін мұрсат алған, бір пәтер талап етушінің арызы бойынша қайтарылған.

Сот орындаушылары әуелі 36 үлескерді, кейін 38 үлескерді шығаратындарын айтқан. Қазір ол 50-ге жеткен.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG