Accessibility links

Шыңжаңда 13 адамға бұйырылған өлім жазасы орындалды


Үрімжіде болған жарылыстардың бірі. Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы, Қытай. 22 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Үрімжіде болған жарылыстардың бірі. Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы, Қытай. 22 мамыр 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

16 маусым күні Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында терроризм және зорлық-зомбылық жасау айыптары тағылған 13 адамға бұйырылған өлім жазасы орындалды.

Үкіметтік Xinhua агенттігінің хабарлауынша, 13 адамның жеті қылмысқа қатысы бар делінеді.

Шыңжаңдағы cоңғы үш жылда болған қақтығыстар

Шыңжаңда 2011-2014 жылдары болған қақтығыстар

  • 2014, шілденің 28-і - Қашғар округі Ярканд уезінде шерушілер мен полиция қақтығысып, Қытай билігі дерегінше - он шақты адам, дүниежүзілік ұйғыр конгресі дерегінше - 33 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 21-і - полиция учаскесіне жасалған шабуылдан 13 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 15-і - пышақпен қаруланған үш адам Қотандағы ойын орталығына шабуыл жасады.
  • 2014, мамырдың 22-сі - Үрімжі қаласында жарылыстан 40-қа жуық адам қаза тапты.
  • 2014, сәуір - Үрімжідегі теміржол вокзалында пышақпен қаруланған адамдардың шабуылы мен жарылыстан бір адам мерт болды.
  • 2013, желтоқсан – Яркендте полицияға шабуыл жасалып, 8 адам өлді
  • 2013, қараша – Қашқарда полицияға шабуыл жасалып, 11 адам өлді
  • 2013, қазан – Тяньаньмэнь алаңындағы жарылыстан 5 адам қаза тапты
  • 2013, қыркүйек – үш ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, тамыз – екі ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, маусым – Тұрпандағы қарулы қақтығыста 35 адам мерт болды.
  • 2013, сәуір – этникалық ұйғырлар мен полиция арасындағы қақтығыстан 21 адам (оның 15-і полицей) қаза тапты.
  • 2013, наурыз – Корла қаласында төбелес болып, 4 адам қаза тапты.
  • 2012, ақпан – Яченг аймағында қақтығыстан 12 адам өлді.
  • 2011, желтоқсан – Қытай полициясы Шыңжаңда «террорист» деп 7 адамды атып өлтірді.
  • 2011, тамыз – Қашқардағы қақтығыста 12 адам қаза тапты.
  • 2011, шілде – Қашқар және Қотандағы жанжалдан 32 адам қаза болып, 4 ұйғыр өлім жазасына кесілді.


2013 жылы күзде Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңында жеңіл көліктің жарылуына қатысты жеті адамның үстінен қозғалған істі қарау Үрімжіде 17 маусымда аяқтады. Ол жарылыстан бес адам қаза тауып, ондаған адам жараланғаны хабарланған еді. Билік бұл қылмысты Шыңжаңдағы ұйғыр сепаратистеріне артқан.

Биыл 15 маусым күні пышақпен қаруланған үш адам Қотандағы ойын орталығына шабуыл жасады. Полиция олардың екеуін атып өлтіріп, біреуін қолға түсірген. Олардың шабуылды не мақсатпен жасағаны әзірге белгісіз.

Ал 22 мамырда да Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласында жарылыс болып, 31 адам қаза тауып, 94 адам жараланған еді. Белгісіз үш адам екі көлікті базар аумағына айдап кіріп, терезеден жарылғыш заттар лақтырып, сол маңда бірнеше жарылыс болған. Қытайлық ақпарат құралдары "22 мамырда Үрімжі қаласында базарда болған жарылысты бес жанкешті жасады" деп хабарлады.

Қытай коммунистік партиясының ресми People's Daily басылымының хабарлауынша, билік оқиғаны тексеріп, жарылысқа басқа да адамдардың қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Одан бұрын биыл сәуірдің соңында Үрімжідегі теміржол вокзалында пышақпен қаруланған адамдардың шабуылы мен жарылыстан бір адам қаза тауып, 79 адам зардап шеккен.

5 маусым күні Xinjiang Online ақпарат агенттігі Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында антитеррористік шаралар барысында 29 адам ұсталғанын хабарлаған. Агенттік ақпараты бойынша, бұл адамдар "сепаратизмге айдап салды", "әлеуметтік тұрақсыздық орнату әрекеттерін ұйымдастырмақ болды" деген айыптармен ұсталған.

Қытайдың батысындағы табиғи байлықтары мол, этникалық ұйғырлар мекендейтін бұл аймақта соңғы айларда зорлық-зомбылық пен шабуылдар көбейген.

Пекин "исламшыл экстремистер мен шетелдік топтар қолдайтын ұйғыр сепаратистерінен қауіп төніп тұрғанын" айтып, аймақта қауіпсіздік шараларын күшейткен.

Бірақ сыншылар "Пекин өзі жүргізіп отырған қатаң саясаты мен қауіпсіздік шараларын ақтау үшін қауіп деңгейін тым асыра көрсетеді" дейді.

Құқық қорғаушылар "зорлық-зомбылықтың басты себебі - экономикалық теңсіздік пен ұйғырларға қысым жасау " деп санайды.
XS
SM
MD
LG