Accessibility links

«1916 жылы Ресей империясына қарсы ең ірі көтеріліс болды»


1916 жылғы көтеріліс құрметіне тұрғызылған "Ата бейіт" ескерткіші. Бішкек. Қыркүйек, 2016 жыл.
1916 жылғы көтеріліс құрметіне тұрғызылған "Ата бейіт" ескерткіші. Бішкек. Қыркүйек, 2016 жыл.

Тарихшы Сәулебек Рүстемов Азаттыққа берген сұхбатында Орталық Азиядағы 1916 жылғы Ресей саясатына қарсы көтерілістің зерттелмей жатқан тұстары бар екенін айтты.

Азаттық: - Тура 100 жыл бұрын Орталық Азиядағы көтеріліс қыркүйек айында қандай деңгейге жетіп еді?

Сәулебек Рүстемов: - 1916 жылдың қыркүйек айына қарай патшалық Ресей көтерілісті аяусыз басып-жаншу шараларын қолға алды. Әуелде жазалау отрядтары қоныс аударушылардан жасақталса, қыркүйек айынан бастап жазалау шараларына тұрақты әскер кеңінен тартылды. Қолға түскен көтерілісшілер сот шешімімен өлім жазасына кесіліп жаттты. Мәселен, Жетісудағы көтеріліс жетекшілерінің бірі ретінде танылған Бекболат Әшекеев 1916 жылы қыркүйектің 9-ы күні Боралдай маңында дарға асылды.

Қыркүйек айында жазалаушы отрядтарға қарсылық күшейді. Мұндай әрекет Торғайдағы көтеріліс ошағында айқын байқалды. Әбдіғаппар хан мен Амангелді батыр 50 мыңнан астам адамнан тұратын жасақ құрды. Кейкі батыр бастаған арнаулы мергендер тобы құрылды.

ВИДЕО: Ресей, Армения, Молдова, Қырғызстан президенттерінің 1916 жыл оқиғасы құрбандары ескерткішіне гүл қоюы. Бішкек. 18 қыркүйек, 2016 жыл.

Президенттер үркіншілік құрбандарын еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Қырқүйек айында жазалаушы отрядтармен көтерілісшілер ашық шайқасқа түскен оқиғалар болды. Мұндай оқиғалар Шу-Талас өңірінде, Луговое селосы мен Меркіде байқалды. Көтерілісшілер темір жол станциясына шабуыл жасады.

Қарқарадағы көтерілісшілер жазалаушы отрядтарға батыл қарсылық көрсетіп, қыркүйектің 15-іне дейін Нарынқол-Шарын приставына қарайтын өңірді өз қолдарында ұстап тұрды. Осы қыркүйек айында Лепсі уезінің көтерілісшілері де жазалаушы отрядтармен ашық шайқасқа түсті. Бірақ көтерілісшілер күші басым, қаруы мықты жазалаушы отрядтарға төтеп бере алмай қырғынға ұшырады.

Мұндай жағдай қырғыздар арасында да болды. Осы кезде жазалаушы отрядтардың басып-жаныштауы салдарынан Жетісудың қазақ-қырғыздары Қытай аумағына өтіп жатты.

Орталық Азияны шарпыған 1916 жылғы көтеріліс жазалау отрядтарының қыркүйек айында жүргізген әрекетінен кейін Самарқан, Ферғана және Сырдария облыстарындағы толқу біраз саябырсып, ел мойып қалды.

Закаспий облысына қарасты түркімендер болса, жазалау шараларына қарамастан патша жарлығын мүлде мойындамайтындығын білдірді. Соған орай түркімендер арасында майданның тыл жұмысына алынғандар болмады. Түркімендердің йомуд тайпасынан шыққан Жунайд-хан 1916 жылғы көтеріліс кезінде Бұхар әмірлігіне бірнеше дүркін шабуыл жасады. Ол патшалық Ресейдің протектораты саналған Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығын өзінің ықпалына көндіруге тырысты. Көтеріліске шыққан түркімендер түрік сұлтанына қадір тұтатынын танытты.

AzattyqLIVE:​ 1916 жылдың шындығы.

1916 жылдың шындығы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:36:48 0:00

1916 жылғы көтеріліс барысында Орталық Азия халықтарына османдық түріктер де белгілі дәрежеде ықпал етуге тырысқан. Бірінші дүние жүзілік соғыс барысында Түркияның Үштік одақтың құрамында болғаны белгілі. Османдық түріктердің өкілдері 1916 жылы барысында Ыстықкөл қырғыздары арасында, сондай-ақ Қарқара қазақтары арасына келіп, көтерілісшілерге қолдау көрсеткені жайлы мұрағат мәліметтері бар.

Ал 1916 жылғы оқиғалардың бел ортасында болған османдық түрік Әділ Хикметтің естелігінде түріктердің Жетісудағы көтерілісшілерге ғана емес, Шығыс Түркістанға босып барған қазақтар мен қырғыздарға да көмек көрсеткені жайлы мәліметтер берілген.

Азаттық: - Осы көтерілістен туындаған босқындар мәселесі қалай шешілді?

Сәулебек Рүстемов: - Жазалаушы отрядтардың әрекетінен соң Шығыс Түркістан аумағына өтіп кеткен қазақ және қырғыз босқындарының жалпы саны 300 мың адам саналады. Шығыс Түркістанға босып барған қазақ-қырғыздың тағдыры өте ауыр болды. Онда босқындардың көбісі мал-мүлкінен тоналып жетті. Қытай билігі босқындарға көмек көрсетуге қауқарсыз болды. Босқындардың көбісі ауруға шалдықты, аштыққа ұшырады. Аштықтың салдарынан босқындар өздерінің бала-шағасын бір шелек бидайға сатуға мәжбүр болды.

ВИДЕО: Қарқара көтерілісіне - 100 жыл.

Қарқара көтерілісіне - 100 жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:48 0:00

​Қытай жеріне өтіп кеткен босқындар 1917 жылы ақпан революциясынан кейін, яғни Ресейде патша өкіметі құлағаннан кейін ғана елге оралу мүмкіндігіне ие болды. Соның өзінде елге оралған алғашқы қазақ-қырғыз босқындарын қоныс аударушылар қарумен қарсы алып, оларды тағы да қырғынға ұшыратты. Толық емес мәліметке қарағанда, қазақ-қырғыз босқындарының 83 мыңы аштықтан, аурудан және қоныс аударушылардың қысымынан көз жұмған.

Босқындардың елге оралуы кеңес кезінде жүзеге асырылды. Бұл істе көрнекті қайраткер Тұрар Рысқұловтың сіңірген еңбегі көп. Оның қоныс аударушыларды қарусыздандыру, жергілікті халықтан тартылып алынған жерлерді кері қайтарту бағытында жүргізген іс-шаралары босқындардың туған жеріне оралуына жол ашты.

Азаттық: - Қырғызстанда көтерілісті жаңаша бағалауға тырысып, ескерткіш қойып, оқиға кезінде қырылған адамдардың сүйегін қайта жерлеп жатыр. Неге көтеріліс толқыны қамтыған басқа да елдерде мұндай белсенділік байқалмайды?

Сәулебек Рүстемов: - Қырғызстан 1916 жылғы көтеріліске 90 жыл толуына орай, яғни осыдан он жыл бұрын сіз айтып отырған іс-шараларды жүзеге асыра бастаған. Тау шатқалдарында қаза тапқан көтеріліске қатысушылардың шашылып қалған сүйектерін жинастырып, жерлеу рәсімдерін өткізген.

"Он алтыншы жыл". Азаттық тапқан суреттер.

"Он алтыншы жыл". Азаттық тапқан суреттер
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Біздің елде 1916 жылғы көтеріліске байланысты іс-шараларды атап өтуде билік орындарынан гөрі ғалымдар белсенділік танытады. Көптеген ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары және мемлекеттік мұрағаттар тарапынан 1916 жылға арналған ғылыми конференциялар өткізіліп жатыр. Біздің елді билігі де осы мәселеге жуық арада назар аударатын шығар деген ойдамын.

Азаттық: - Осы көтеріліске жаңаша баға беруге Қазақстанда кедергілер бар деп есептейсіз бе? Бар болса, қандай кедергілер? Жоқ болса, бұл - жаңаша баға берудің қажет емесін көрсете ме?

Сәулебек Рүстемов: - 1916 жылғы көтеріліске баға беруде біздің елде ешқандай кедергіні әзірге өзім кезіктірген жоқпын. Осы көтерілістің 100 жылдығына орай ресейлік тарихшы-ғалымдар бірнеше құжаттар жинағын шығарды. Ол жинақтарға Ресейдің мұрағаттарында жинақталған тың мәліметтер енген. Сондықтан болып өткен оқиғаға түсіністікпен қарап, оған шынайы, объективті баға беруге екі жақтың ғалымдары да талпыныс танытып жатыр деп айтуға болады.

"Еркін сөз": 1916 жылғы оқиға көтеріліс пе, соғыс па?

1916 жылғы оқиға көтеріліс пе, соғыс па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:25:02 0:00

Әрине, көтерілістің әлі зерттеуді қажет ететін тұстары жетерлік. Соның бірі ретінде қазақ-қырғыз босқындарының Шығыс Түркістандағы тағдыры деп айтуға болады. Бұл мәселе бойынша әлі күнге арнайы еңбек жарық көрмеген. Осы мәселені Қытай мұрағаты мәліметтері негізінде аша түсу керек. Ол үшін осыны зерттеймін деген тарихшы-ғалымдарға мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Азаттық: - Ресейден, Кунсткамерадан Кейкі батырдың басы Қазақстанға қайтарылатыны хабарланғанын білесіз. Бұл ненің белгісі?

Сәулебек Рүстемов: - Кейкі батыр 1916 жылғы көтерілістің қаһармандарының бірі. Кейкі батырдың бас сүйегінің қайтарылуы Ресейдің 1916 жылғы көтеріліске бұрыс қарамайтындын аңғартса керек. Ресейлік оқулықтарда 1916 жылғы көтерілістің патша үкіметін құлатуға, яғни Ресейде демократиялық лептің енуіне әсер еткен факторлардың бірі деп бағаланады.

Азаттық: - 1916 жылғы көтерілістің Орталық Азия үшін маңызы қандай болды?

Сәулебек Рүстемов: - Орталық Азиядағы бұл көтеріліс 1917 жылы ақпанда Ресейде патша өкіметінің құлауына әсер еткен көп факторлардың бірінен саналады. Мұны қазіргі кездегі ресейлік тарихшы-ғалымдар да мойындайды.

Тарихшы Сәулебек Рүстемов.
Тарихшы Сәулебек Рүстемов.

Патшалық Ресей Орталық Азияны толық өз отарына айналдырғаннан кейінгі кезеңде алғашқы ірі көтеріліс 1898 жылы болды. Ол «Әндіжан көтерілісі» деген атпен белгілі. Үн қатушылары сол тұста Самарқан, Сырдария және Жетісу облыстарында бой көрсеткенімен, бұл көтеріліс жалпыхалықтық сипат ала алмады.

1916 жылғы көтеріліс – Ресей империясына қарсы ең ірі көтеріліс болды. Бұл көтерілісті тіпті әлемдік ауқымдағы ірі көтерілістер қатарына жатқызуға болады. Бұл көтеріліс Орталық Азия халықтарының отарлық саясатқа төзбейтіндігін, олардың азаттықты, бостандықты аңсайтындықтарын негіздей түсті.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG