Accessibility links

«Биліктегі тұрақсыздық». Соңғы ауыс-түйістерге реакция


Марат Мәжин, Қырымбек Көшербаев, Ерлан Қошанов.
Марат Мәжин, Қырымбек Көшербаев, Ерлан Қошанов.

Қыркүйектің 18-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше кадрлық ауыс-түйістер жасады. Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар «Тоқаев кадрларды өзі таңдауы мүмкін, алайда «кітапхана» факторын да жоққа шығаруға болмайды» деп санайды.

«АУЫС-ТҮЙІСТЕР ЕКІ-ҮШ АДАМНЫҢ АРАСЫНДА ТАЛҚЫЛАНАДЫ»

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшілігіне тағайындады. Бұл қызметке маусымның соңында ғана келген Қырымбек Көшербаев мемлекеттік хатшы болды. Ал наурыздан бері мемлекеттік хатшы болған Марат Тәжин қызметінен босатылды. Премьер-министрдің орынбасары болған Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысына әкім болып барды. Қасымбектің орнына премьер-министрдің орынбасары болып инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр тағайындалды. Скляр басқарған министрлікке сыртқы істер министрі болған Бейбіт Атамқұлов бекітілді. Ал Мұхтар Тілеуберді енді сыртқы істер министрлігін басқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлеуметтік желі қолданушыларын, әсіресе, Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісінің биылдың өзінде үшінші рет ауысуы (наурыздың соңынан маусымның аяғына дейін Бақытжан Сағынтаев, маусымнан осы уақытқа дейін Көшербаев басқарды) таңырқатты. Қоғамда «бұл өзгеріс Қазақстан президенті Тоқаев отырған Ақорда мен елдің бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев отырған Тұңғыш президент кітапханасы арасында билік үшін тартыс болуы мүмкін» деген түрлі жорамалды күшейтті.

Саясаттанушы Асқар Нұрша Facebook парақшасында «маңызды кадрлық өзгерістер күтпеген жерден болды. Өйткені билікке аяқ астынан өзге партия келген жоқ, ал қызметінен босатылғандар көзге түсерлік кемшілік жіберген жоқ... Назарбаевтың ескі гвардиясына жататын Тәжин мен Көшербаев Тоқаев билігін күшейтіп, саяси тепе-теңдік сақтау үшін жіберілген. Бірнеше айдан кейін Тоқаевтың алдында екі сценарий тұрды. Біріншісі – Тоқаев билігін күшейту, екіншісі – әлсірету. Қазіргі негізгі сұрақ мынау: Көшербаев пен Тәжиннің қызметтен кетуі екінші президенттің билігін әлсірете ме? Тағы бір маңызды сұрақ – Ерлан Қошанов президент әкімшілігі мен Тоқаевтың позициясын күшейте ала ма? Бір жағынан, бұл өзгерістерді – биліктің бойына қан жүгірту, облыстармен жұмысты күшейту деуге де болады. Ал екінші жағынан президент әкімшілігін әлсіретіп, Қауіпсіздік кеңесін күшейтуі де мүмкін» деп жазды.

Ал Азаттыққа сұхбат берген саясаттанушы, Тоқаев құрған Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым «биліктің жоғарғы эшалонындағы кадрлық өзгерістер бұл жолы да үн-түнсіз жасалғанына» назар аударды.

– Үлкен кадрлық ауыс-түйістердің өзі жоғары биліктегі екі-үш адам айналасында ғана талқыланады. Мысалы, кейбір елдерде жоғары қызметке келген саясаткерлер «қызметке не үшін тағайындалғанын» жария түрде айтады. Бұл да – белгілі бір саяси мәдениет. Бізде тек әркімнің болжамы бар. «Кім кімнің кадры» деген алуан түрлі қисындар осыдан пайда болады, – дейді Айдос Сарым.

Бір кездері Қазақстан президенті әкімшілігінің стратегиялық зерттеулер мен сараптама орталығында, қауіпсіздік кеңесінің сараптама орталығында жұмыс істеп, кейін саяси партияда қызмет еткен саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов те «биліктегі өзгерістерді сырттай ғана болжауға тура келеді» деп санайды.

Оның сөзінше, «бұрын жоғары лауазымды қызметкерлердің бірі келіп, екіншісі кетіп жатқанына еті үйренген қоғам, қазір билік транзиті кезінде жоғары биліктегі әр өзгеріске міндетті түрде елеңдейді».

«КІТАПХАНА» ФАКТОРЫ АЗАЯ ТҮСЕДІ»

Саясаттанушы Айдос Сарымның пайымдауынша, соңғы кадрлық өзгерістер Тоқаев билігін күшейте түсуі мүмкін.

– Тоқаевтың қолында барлық билік тетігі бар. Сондықтан мемлекеттік аппарат пәрмен қай жақтан көбірек түссе, соған бейімделеді. Әрине, біраз уақытқа дейін «кітапхана факторы» болады, бірақ ол – азаятын фактор, – дейді ол.

Айдос Сарым.
Айдос Сарым.

Сарым Президент әкімшілігінің жетекшілігіне жаңадан тағайындалған Ерлан Қошановты «билік аппаратының тәжірибелі ойыншысы әрі билік механизмдерін жақсы біледі» деп бағалайды.

– Қошанов – жұмысын үнсіз атқаратындардың бірі. Бірақ оның алдына Тоқаев қандай мақсат қойғанын білмейміз. Қошанов үкіметтің кеңсесін бірнеше жыл басқарған. Соған қарағанда Президент әкімшілігінің жұмысын бір ізге келтіруді көздеуі де мүмкін, – дейді ол.

Ал саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов «жоғары биліктегі кадрларды жиі ауыстыру – президент белсенділігінің бір нышаны» деп есептейді.

– Бірақ президент әкімшілігінің жетекшісін жиі ауыстыру өтпелі кезеңде қаншалықты дұрыс? Ол президент жұмысын үйлестіретін қызмет қана емес, сонымен қатар, элита арасындағы мәселені шешетін тұлға болып есептеледі. Көшербаевты сол мақсатта қойған болар деп ойлағанбыз. Оның да ауыстырылуы биліктегі тұрақсыздықты білдіреді, – дейді ол.

Нұрмұхамедов Азаттықтың «Тоқаев президент әкімшілігінің жетекшісін өзі ауыстыра ма, әлде бұрынғы президент Назарбаевтың ықпалымен тағайындай ма?» деген сауалына «шешім қабылдайтын орталықтың екеу болуы түрлі болжамдарға апарады» деп жауап қатты.

– «Кітапхана» өз алдына институт ретінде қалыптасып жатса да, елді артқа тартатын институт ретінде көріне бастады. Қазақстандағы қазіргі билік жүйесіне біршама ұқсас саяси жүйе басқа елдерде де бар. Бірақ олардың функциялары нақты бөлінген. Ал біздегі қазіргі билік жүйесі Иранның билік жүйесіне ұқсайды. Иранда президент болғанымен, ақырғы шешімді Аятолла қабылдайды. Бізде бұл жүйе қашанға дейін созылары белгісіз, – дейді ол.

«СОВЕТТІК НОМЕНКЛАТУРА ӘДІСІ»

Тоқаевтың кадр таңдаудағы тәуелсіздігіне күмән Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов таяуда премьер-министрдің кеңесшісі болғанда қайта күшейді. Қызметінен «президент алдында сенімі түгесілді» деп босатылған Әбдірахымовтың жоғары билікке тез арада қайта оралуы жұртшылықты таңдандырған. Осыдан соң қоғамда «Ақорда қызметінен тайдырған адамды «кітапхана» билікке қайта әкелді» секілді деген сөздер де айтылған.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар соңғы айлардағы өзгерістерді «биліктегі тартыс дегеннен гөрі Совет одағынан қалған номенклатуралық әдістің жалғасы» деп санайды.

– Премьер-министрдің бірнеше кеңесшісі бар. Біріншіден, кеңесші саяси қызмет емес. Екіншіден, Совет кезеңінен келе жатқан номенклатура деген ұғым бар. Сол әлі сақталып келеді. Тек Әбдірахымов қана емес, үлкен қызметтен алынғандардың көпшілігін көп ұзамай аздап төмендеу қызметке келіп жатыр. Бүгінгі жүйе жоғары қызмет атқарғандарды далада қалдырмайды, әйтеуір бір қызмет тауып беріп, уысынан шығармайды, –дейді Айдос Сарым.

Ал Бөріхан Нұрмұхамедов те «советтік номенклатуралық әдіс сақталды» дегенмен келіседі. Ол «биліктен кеткендер әрі қарай жоғары қызметке ұмтылмай, басқа салаға кететін билік мәдениеті қалыптасуы керек» деп есептейді.

Қазақстанды отыз жыл басқарып, биыл наурызда кенеттен президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев ақпанда Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті «халықтың әлеуметтік жағдайын көтере алмады, ел экономикасын дамытпады» деп таратып жіберген. Назарбаевтың сынына ұшыраған үкіметті басқарған Сағынтаев қазір – Алматы қаласының әкімі. «Ел экономикасын дамыта алмаған» үкіметте премьер-министрдің орынбасары болған Асқар Мамин сол үкіметті басқарып отыр. Қазақстандық сарапшылар «ескі мүшелермен үкіметті «жаңарту» елге ешқандай өзгеріс әкелмейді» деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG