Accessibility links

Қордайда жанжалдан қаза болғандардың саны онға жетті


Масаншы ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.
Масаншы ауылы. 8 ақпан 2020 жыл.

Жамбыл облысы Қордай ауданында жанжалдан қаза болғандардың саны онға жетті деп хабарлады ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчи.

"9 ақпан таңертеңгі дерек бойынша он адам қаза болды" деді Алексей Калайчи жексенбі күні өткен брифингте. Биліктің айтуынша, 8 адам - жанжал кезінде, екі адам реанимацияда көз жұмған.

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданында тұрғындар арасында жанжал болып, 10 адам қаза болған, 40-тан астам адам жарақаттанған.

8 ақпанда кешке Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Жанжал болды делінген Масаншы ауылының кейбір тұрғындары 9 ақпанда Азаттыққа ауылда дүкендердің көбі өртеніп кеткендіктен азық-түлік, нанды басқа жақтан алуға мәжбүр болып отырғанын айтты. Масаншыға іргелес жатқан Қаракемер ауылының тұрғындарының айтуынша, ауылды әскерилер қоршап, ешкімді елді мекеннен шығармай отыр.

Полиция жанжалға байланысты "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады. Биліктің айтуынша, жаппай төбелеске шамамен 300 адам қатысқан. 30-дан астам үй өртенген, 23 көлік бүлінген, 15 шақты сауда нысаны қираған.

Қордайдағы жанжалдан кейін кейбір дерек бойынша кемінде 4500 адам Қазақстаннан Қырғызстанға қарай өткен. Қазақстан мен Қырғызстанның ресми орындары әзірге бұл дерекке байланысты түсініктеме бермеді.

Оқи отырыңыз: Қордайдағы жанжалдан кейін Қырғызстан шекарасынан шамамен 4500 адам өтті

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG