Accessibility links

Карантин кезіндегі кәсіпкерлердің үміті мен күдігі


Көк базардан зат алып шығып келе жатқан әйел. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.
Көк базардан зат алып шығып келе жатқан әйел. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Төтенше жағдай режимі кезіндегі шектеулер Қазақстандағы шағын және орта бизнеске кері әсер етті. Ондаған мың бизнесмен жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін ақысыз еңбек демалысына жіберуге немесе қысқартуға мәжбүр болды. Мемлекеттен қолдау күткен олар болашағына алаңдайды. Республикалық кәсіпкерлер палатасы қанша адамның жұмыссыз қалғаны, бюджетке қандай шығын келетіні және төтенше жағдай режимінен кейін отандық бизнес қаншалықты тез аяққа тұратыны жайлы нақты ақпарат бере алмай отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай режимін жарияланған бірінші күннен бастап пандемияның бизнеске кері әсерін азайту үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін, бұл мақсатқа 300 миллиард теңге бөлінгенін айтып келеді. Бірақ шағын және орта бизнес өкілдерінің шағымына қарағанда, құрғақ уәдеге кәсіпкерлердің көңілі толмағанға ұқсайды. Қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттен салық жеңілдіктерін беруді, несиенің төлем уақытын ұзартып, ғимаратты жалға алу төлемінен босатуды сұрайды. "Кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау үшін" құрылған "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, сауалнамаға қатысқан 8228 шағын және орта бизнес субъектісінің (бұларда 131 мың адам еңбек еткен) 10 пайызы 12 мың қызметкерін жұмыстан шығаруға, ал 35 пайызы 46 мың адамды ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр екенін айтқан. Осыған дейін қазақстандық кәсіпкерлер интернетте президентке хат жариялап, "ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы мен COVID-19 вирусынан шенеуніктер ойлағаннан да көп шығын келгенін" айтып, қолдау сұраған.

Коронавирус пандемиясынан зардап шеккен кәсіпкерлерге бизнестің уәдесі

Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден түскен 33,5 мың өтініштің негізінде билік келесідей қолдау шараларын ұсынады:

  • Статистикалық есепті мерзімінде өткізбеген кәсіпкерлер әкімшілік жауапқа тартылмайды.
  • Коммуналдық төлемдерді кейін бөліп төлеуге болады.
  • Бұған дейін жоспарланған тексерулер тоқтатылады.
  • Ірі сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, дене шынықтыру мен сауықтыру және спорт мекемелері, туризм, қоғамдық тамақтандыру мен қонақ үй саласындағы бизнес мүлік салығынан босатылады.
  • 2020 жылы жеке табыс салығынан босатылады.
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосымша құн салығы азаяды.
  • Салықтың барлық түрі мен басқа да міндетті және әлеуметтік төлемдерді өтеу мерзімі шілдеге дейін ұзартылады.
  • Шілдеге дейін қарыздарға өсім есептелмейді және салық, кеден, әлеуметтік төлемдерге берешекті өндіріп алуға тоқтам салынады (төлемей кету қаупі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда).
  • Банк несиелерін 90 күннен кейін өтеуге мұрсат беріледі және несие бойынша өсім алуға мораторий енгізіледі.
  • Фермерлерге егіс алқабында жұмыс істеуіне рұқсат беріледі.
  • Қазақстаннан пияз, ақбас қырыққабат, сәбіз бен тазартылмаған май өнімдерін экспортқа шығаруға рұқсат беріледі.

Сәуірдің 17-сі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында журналистер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма басшысының орынбасары Ербол Өстеміровтен шағын және орта бизнес коронавирус кесірінен қанша шығынға батқанын, төтенше жағдайдан кейін бизнестің қанша пайызының жұмысы тоқтайтынын, жағдайды қалыпқа келтіруге қанша уақыт керегін және болашаққа қандай болжамдар барын сұрады.

- Күрделі сұрақ. Төтенше жағдайдың салдары қандай болатынын түсіну үшін кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіп жатырмыз. Әзірге нәтижесі дайын емес. Кәсіпкерлердің пандемиядан кейінгі қызметіне байланысты жұмыс жүріп жатыр. Өкінішке қарай, әзірге нәтижесі жоқ. Біз де бұл туралы ойланып отырмыз. Бизнестің тым болмаса пандемияға дейінгі деңгейіне қайта оралғанын қалаймыз, - деді журналистер сұрағына жауап берген Өстеміров.

"ЖАҒДАЙ ҚИЫН. АМАЛДАП КҮН КӨРІП ОТЫРМЫЗ"

Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіпкер Талғат Омаров бірнеше бағыттағы бизнеспен айналысады. Ол ғимарат жалдап, дәріхана жұмысын жүргізеді, арнаулы желдеткіштер шығарып, мемлекеттік сатып алуға қатысады. Омаровтың екі бизнесі де карантин кезінде шығынға батқан.

Кәсіпкер карантинге дейін дәріхананың ақша айналымы бірнеше миллион теңге болғанын, ай сайын 600-700 мың теңге таза пайда тауып келгенін айтады. Ол айналымдағы ақшаны ғимарат жалдап, салық пен қызметкерлер жалақысын төлеуге жұмсаған. Омаровтың айтуынша, төтенше жағдай режимі енгізілген соң өткен бір айда дәріхананың бар айналымы 600 мың теңге болған. Ал желдеткіш өндірісі тоқтаған. Кәсіпкер жұмысшыларын ақылы еңбек демалысына жіберген.

- Карантин кезінде дәріханалар жұмыс істеп тұрғанымен, сатып алушы аз, шығынға батып жатырмыз. Түнгі ауысымды алып тастадық. Жалдап отырған ғимаратқа берешегіміз бар. Бірақ желдеткіш жасайтын қызметкерлерімді жұмыстан шығарып не ақысыз еңбек демалысына жібере алмаймын. Өйткені бәрі отбасын асырауы керек. Олар карантин кезінде жұмысқа шыға алмайды, - дейді Талғат Омаров.

Карантин кезінде жабылған сауда орталықтарының бірі. Көрнекі сурет.
Карантин кезінде жабылған сауда орталықтарының бірі. Көрнекі сурет.

Кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін касса арқылы есепшотын толтыруы керегін, ал банк кеңселерінің жұмысы тоқтап тұрғанын айтады. Омаровтың бизнесі мемлекеттен еш қолдау көрмеген.

- Жағдай қиын. Амалдап күн көріп отырмыз. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына, билік карантин кезінде жеңілдетілген несиелер береді деген банктерге хабарласып көрдім. Әзірге жауап жоқ. Осындай қиын жағдайда үкімет, кәсіпкерлер палатасы, парламент депутаттары ел бюджетін толтыратын кәсіпкерлерге көмектесу үшін барын салуы керек. Бізге қаптағы ақша сияқты қарайды. Шын мәнінде елде адал бизнеспен табыс табу қиын. Президент айтқан көмек заңда көрсетілуі керек, - дейді Талғат Омаров.

Кәсіпкер төтенше жағдайдан соң ісі оңалып кетер деп үміттенеді, бірақ бұған өзі де аса қатты сенбейді. Қазір ол болашақта бизнесінің бағытын өзгертуді ойластырып жүр.

Nexxio Pizza – Қазақстанның сегіз өңірінде жұмыс істейтін пиццерия желісі. Қазақстандық өлшеммен алғанда бұл орта бизнес саналады. Nexxio Pizza сауда белгісі компаниялар тобының басқарушысы Дарья Королькованың айтуынша, пиццерия желісі несие қарыздары болмағандықтан карантинді салыстырмалы түрде жеңіл өткеріп жатыр. Бірақ соған қарамастан, қызметкерлердің біразын ақысыз еңбек демалысына жіберуге тура келген.

Nexxio Pizza сауда белгісі компаниялар тобының басқарушысы Дарья Королькова.
Nexxio Pizza сауда белгісі компаниялар тобының басқарушысы Дарья Королькова.

- Біз мекемені жалға алмаймыз. Сондықтан жалға алу ақысын төлемейміз, ешқандай несие немесе инвесторларға берешегіміз жоқ. Адамдарды ақысыз еңбек демалысына жібердік, өйткені басқа амалымыз болмады. Ондағы мақсатымыз – табысқа кенелу емес, бизнестің банкрот болуына жол бермеу. Қазір Қазақстанның сегіз өңірі: Нұр-Сұлтан, Орал, Ақсай, Ақтөбе, Қостанай, Семей, Ақтау мен Жаңаөзенде өзіміз ашқан және франчайзинг негізінде жұмыс істейтін сауда орындарымыз бар. Қазақстан өңірлерінде жұмыс тәртібінің әртүрлі болуы қиындық туғызып отыр. Барлық қалада карантин ережелері бірдей болса, серіктестерімізге не істеу керегін айтып, көмектесе алар едік. Ал қазір күнде жаңа жағдайға бейімделуге тура келеді, - дейді ол.

Дарья Королькованың сөзінше, қазір пиццерия желісі толықтай жеткізу қызметіне көшкен. Бірнеше өңірде тапсырыс беруші көбейгені байқалады. "Біз онлайн форматқа көшуге күш салған жоқпыз. Өйткені бізде бұл қызмет бұрыннан бар" дейді ол.

Королькова карантин аяқталғаннан кейін бизнес бәрібір қиын жағдайда қалатынын, өйткені адамдардың төлем қабілеті төмендеп, жұрт коронавирус жұқтырудан қорқып, сауда орталықтарына баруды азайтатынын айтады.

Бір жақсысы, бизнесіміз орта табысы бар адамдарға арналған.

- Әйтеуір бір жақсысы, бизнесіміз орта табысы бар адамдарға арналған. Орташа баға қымбат емес – 2500 теңге. Яғни, орта табысы бар адам айына бір рет пицца алдыруға тапсырыс бере алады, - дейді Дарья Королькова.

Дарья мемлекеттен көмек болмағанын, бизнесті қолдау жайлы нақты ақпарат жоғын айтады.

- Жалақы үшін төлейтін әлеуметтік төлемдер бойынша жеңілдіктер болса немесе қосымша құн салығын азайтса жақсы болар еді. Мемлекет салық есебін өткізу мерзімін өзгертті, бірақ біз оны бұрынғыдай уақытында тапсырып жүрміз, - дейді Дарья Королькова.

Кәсіпкер Гүлмира Алдабергенова 20 жыл бойы әйелдер киімін сатумен айналысады. Ол Түркиядан әкелген тауарын Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласындағы сауда орталықтарының бірінен орын жалдап, сатады. Бір ай бұрын сауда орталығы карантинге жабылған соң кәсіпкер жалғыз табыс көзінен айырылды. Ол доллар бағамы көтерілгеннен кейін шетелдік тауар да қымбаттайтынын айтады. Әзірге шекара қашан ашылары белгісіз. Сауда орталығы кәсіпкерді сәуір айында бутикті жалға алу төлемінен босатқан.

- Оған қосымша мемлекеттен 42500 теңге көмек алдық, бары осы. Мен сияқты ондаған жалға алушы алда не боларын білмей отыр. Бизнесімнің аяққа тұрып кетуі халықтың төлем қабілетіне байланысты. Бұл бірнеше айға созылуы мүмкін. Өйткені төлем қабілетінің күрт төмендегені төтенше жағдай режиміне дейін де байқалған. Жұрттың көбі киімді қарызға алатын. Ал қазір бәрінің материалдық жағдайы нашарлады, ары қарай бұдан да қиын болады, - дейді кәсіпкер.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Кәсіпкерлер мен тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысып жүрген заңгер Жангелді Сүлейманов мемлекет ұсынған қолдау шаралары "толық емес және кәсіпкерлердің қазіргі мәселелерін шешуге арналмаған" деп есептейді.

- Бизнесті ары қарай сақтап қалуға мұндай көмектен көп пайда жоқ. Кез келген бизнес – тірі ағза сияқты. Мұндай дағдарыстан кейін қайта аяққа тұруына уақыт керек. Төтенше жағдай режимі аяқталған бойда мыңдаған адам бірден мейрамханаға жүгірмейді. Қазір бизнес "құлап жатыр", уақыт өте келе басын көтеріп, әуелі тізерлеп отыратын жағдайға жетеді, тек содан кейін ғана аяғына тұрады. Мемлекет бизнеске бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге көмек көрсетуі керек. Одан өзгесінің барлығы – жарым-жарты шара ғана болады, - дейді заңгер.

Сүлейманов билік қазіргі қиын жағдайда бизнес пен халыққа шынайы көмектессе, "болашақта осы көмегі өзіне еселеп қайтады" деп сенеді.

- Мүмкін, күтілгеннен де көп беруге тура келер. Бұл жерде үнемдеуге болмайды. Қазір жақсылап қолдау көрсетпесе, көп кәсіпкер аяққа тұра алмайтынын ешкім түсінбейді. Мысалы, мейрамхана жабылса, ұжымнан бөлек, сол мекемеге азық-түлік таситындар, тазалық жұмысын атқаратын компания, күзет және жарнама қызметі сияқты қосымша қаншама адам жұмысынан айырылады. Бар қауіп осында. Өкінішке қарай, ешкім жағдайға осы жағынан қарап отырған жоқ. Мемлекет суға батып бара жатқан кеменің тесік тұсын ғана жөндеп, негізгі мәселені шешпей отырғанға ұқсайды. Бұл 42500 теңге берілген кезде де анық көрінді. Мәселені сараптау жетіспейтіні байқалады, - дейді Сүлейманов.

Ауылды жердегі азық-түлік дүкені. Көрнекі сурет.
Ауылды жердегі азық-түлік дүкені. Көрнекі сурет.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов бизнес өкілдері жалғыз қалмайтынын айтып, үкімет пен ұлттық палатаның қолдау шаралары бар қиындықты еңсеруге көмектеседі деген үміт білдірді. Жүрсінов бизнеске орасан зор шығын келіп жатқанын, бірақ карантин мен бүкіл ел аумағындағы шектеу шаралары халықтың денсаулығын сақтау үшін қажет екенін айтады.

- Аурудың жағдайына байланысты карантин ұзаққа созылуы мүмкін. Жағдай әр апта сайын өзгереді. Мұнай, металл бағасының төмендеуі, теңгенің құнсыздануы да әсер етеді. Биыл бізде экономикалық ахуал нашарлайтынына дайын болуымыз керек. Мемлекет отандық бизнесті қолдау үшін бұрын болмаған қолдау шараларын ұсынып отыр. Бұл шаралар жұмыс істеп тұрған бизнестің басым бөлігін сақтап, кәсіпкерлердің жаппай банкрот болуына жол бермейді. Дағдарысқа қарсы қолдау шараларының ұзақтығы шығын көлеміне байланысты бекітіледі, - дейді қазіргі жағдайға баға берген бизнес-омбудсмен.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің 2020 жылдың басындағы дерегіне сәйкес, Қазақстанда 1,6 миллион шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Биыл наурызда олардың 1,3 миллионы жұмыс істеп тұрған. Бұл салада 3,3 миллионнан астам адам еңбек етеді.

2020 жылдың наурызында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз немесе 441,6 мың адам болды. 2020 жылдың қаңтар айының 1-індегі дерекке сай, Қазақстанда 18,6 миллион адам тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG