Accessibility links

Еуроодақ Беларустың 15 шенеунігіне санкция салуды мақұлдады, арасында Лукашенко да бар


Александр Лукашенко жаңа тағайындалған ішкі істер министрін қабылдап отыр. 23 қазан 2020 жыл.
Александр Лукашенко жаңа тағайындалған ішкі істер министрін қабылдап отыр. 23 қазан 2020 жыл.

Еуроодаққа мүше елдердің тұрақты өкілдер комитеті Беларустағы сайлау қорытындысын бұрмалау мен бейбіт шеруге шыққандарға күш қолдануға жауапты 15 тұлғаға санкция салуды мақұлдады. Арасында Александр Лукашенко да бар.

Азаттықтың Орыс қызметінің Брюссельдегі тілшісі Рикард Йозвяктың хабарлауынша, санкция салынған шенеуніктерге Еуропа аумағына кіруге тыйым салынады, активтері бұғатталады.

ТАСС агенттігінің жазуынша, бұл шешімді жақын арада Еуропа кеңесі бекітеді. Ақпарат бойынша, шешім 6 қарашада Еуроодақтың арнайы журналында жарияланады.

Еуроодақ осыған дейін де мұндай тізімді жасап, бекіткен еді. Бірақ оған Лукашенко кірмеген болатын. Беларусь сыртқы істер министрлігі бұған жауап ретінде Еуроодаққа қарсы санкция салатынын мәлімдеген.

Санкция Беларуста 9 тамыз күнгі президент сайлауынан кейін қалыптасқан жағдайға байланысты енгізіліп отыр. Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауында Александр Лукашенконың 6-рет жеңіске жеткенін хабарлағаннан кейін тұрғындар көшеге шығып, сайлау қорытындысының бұрмаланғанын айтқан. Арнайы жасақ қарсы шыққандарды күшпен ұстап, құқық қорғаушылар түрме мен қамау орындарында азаптау мен ұрып-соғу фактілерін тіркеген.

Наразылық акцияларына қарамастан 23 қыркүйекте Лукашенко жасырын инаугурациясын өткізді. Еуроодаққа мүше бірқатар елдер, АҚШ, Украина Лукашенконы елдің заңды президенті деп танудан бас тартты. 29 қыркүйекте Ұлыбритания мен Канада Беларусь билігіне санкция салды. Бұған дейін Латвия, Литва және Эстония шамамен 130 белорус шенеунігін "қара тізімге" енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG