Accessibility links

Лукашенко наразыларға арнап концлагерь салмақ. Әшкере болған аудиодағы әңгіме


Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі наразылық кезіндегі полиция жасағы. 10 тамыз 2020 жыл.
Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі наразылық кезіндегі полиция жасағы. 10 тамыз 2020 жыл.

Беларусь қауіпсіздік және сот жүйесінің бұрынғы бір топ қызметкері ішкі істер министрлігінің лауазымды өкілі делінетін адамның аудиотаспасын жариялады. Шенеунік шерушілерге арналған лагерь салу жоспарын талқылап, үкіметке қарсы шерушілерге күш қолдануға шақырады.

Қамау, ұрып-соғу, елден кетіру, тіпті кісі өлімі. Бұл – өткен жылдың тамызындағы сайлаудың нәтижесіне қарсы шыққан беларусьтердің басынан өткергендері. Олар президент сайлауында Александр Лукашенко жеңіске жетті деген ресми нәтижеге сенбей көшеге шықты, бірақ полицияның жойқын қатыгездігіне тап болды.

Ал енді Беларусь билігінің саяси тұтқындарға арнап концлагерь салуды қарастырғаны мәлім болып отыр. Беларусь ішкі істер министрлігі қызметкерінің әшкере болған аудиожазбасынан осыны аңғаруға болады.

Аудиожазбада Ішкі істер министрлігінің шенді қызметкері деген адам концлагерьмен қатар наразылықтарға тойтарыс беру жайын қамтыған. Ол күш құрылымдары қызметкерлеріне қажет болса шерушілерді атып тастауға болатынын, ол үшін жауапқа тартылмайтынын айтады.

Николай Карпенков бастаған полиция жасағы наразыларды басып-жаншыды. 23 қыркүйек 2020 жыл.
Николай Карпенков бастаған полиция жасағы наразыларды басып-жаншыды. 23 қыркүйек 2020 жыл.

Аудиожазбаны әлеуметтік желілерге 15 қаңтарда By-Pol Initiative тобы жариялады. Бұл топ құқық қорғау органдарының Лукашенконы қолдаудан бас тартып, оппозиция жағына өткен бұрынғы қызметкерлерінен құралған.

АУДИОЖАЗБАДАҒЫ ДАУЫС КІМДІКІ?

By-Pol мен оның дереккөздері концлагерь мен наразыларға оқ ату жайын әңгіме қылған адамның Беларусь ішкі істер министрінің ішкі әскерге жауапты орынбасары Николай Карпенков екенін айтады.

Карпенков үшін бейбіт шерушіге күш қолдану жаңалық емес. Оның Минскіде шерушілер тығылған дәмхананың витринасын сойылмен шаққаны видеоға түсіп қалған.

Лукашенко былтыр қарашада Карпенковтың қызметін көтеріп, ішкі істер министрінің орынбасары еткен. Сарапшылар мұны құқық қорғау органдарын күшейту амалы деп бағалады.

By-Pol тобының дерегінше, аудио қазан айының соңында, Карпенков ішкі істер министрлігінің сыбайлас жемқорлық және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасын басқарып тұрған кезінде жазылған.

Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі митинг. Минск, 23 тамыз 2020 жыл.
Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі митинг. Минск, 23 тамыз 2020 жыл.

"ҚАҚ МАҢДАЙДАН АТЫҢДАР"

Аудиожазбада Карпенков делінген адам Ивацевич қаласында тұтқындарды ұзақ мерзімге қамайтын түрме салу жоспарын талқылайды. Беларусьтің оңтүстік-батысындағы бұл қалада жаза өтейтін мекеме бұрыннан бар.

"Біз сонымен қатар наразылық танытушыларға арналған лагерь салу мүмкіндігін де қарастырып жатырмыз. Әрі мәліметтер базасы да құрылып жатыр" дейді жазбадағы дауыс. Ол бұған қоса беларусьтік "бірбеткей шерушілер сымтемірмен қоршалған мекемеге орналастырылатынын" да айтады. Бұл жоспарлардың қаншалықты жүзеге асырылғаны белгісіз.

Аудиожазбадағы адам бұған қоса сөйлесіп отырғандарды қолдарында бар "ресейлік Яргин тапаншасын" (ресми атауы MP-443 Грач) қорықпай қолдануға шақырады.

"Сіздерге айтайын, бізге жойқын қару берілген" дейді ол. "Қару қолдану мәселесінде бізді мемлекет басшысы барынша қолдайды".

Карпенков делінген адам Лукашенконың "көшедегі наразылықты" қатаң басып-жаншуды бұйырғанын айтады.

"Президент айтқандай, егер қандай да бір шеруші сендерге ұмтылса, қару қолданыңдар. Тіпті адамды өлімші етпейтін қарудан шерушінің аяғынан, ішінен, қуығынан көздеп атыңдар. Есін жиғанда не істегенін түсінсін. Яғни сендерде үш түрлі таңдау бар: жаралау, майып қылу немесе өлтіру. Қақ маңдайдан, дәл бетінен ату керек. Бұдан соң ол ешқашан есін жимайды".

Аудиожазбада сонымен қатар тамызда сайлаудан кейінгі наразылықты басып-жаншуда қаза тапқан алғашқы демонстрант Александр Тарайковскийдің ісі де аталады.

"Иә, иә, Тарайковский мас және нақұрыс болған. Ол көкірегіне тиген резеңке оқтан мерт болды" дейді Карпенков делінетін адам.

Беларусь билігі Тарайковский 10 тамызда милицияға лақтырмақ болған жарылғыш заты қолында жарылып қаза тапты деп хабарлаған еді. Алайда кейін Associated Press агенттігі полиция жасағынан бірнеше метрде жейдесі қан жуған Тарайковскийдің теңселіп барып жерге құлаған видеосын жариялаған. Оқиға орнында билік айтқандай ешқандай жарылыстың нышаны байқалмайды.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ольга Чамаданава Карпянковтың даусы жазылды деген аудиотаспаға қатысты "Біз фейкке қатысты пікір білдірмейміз" деп жауап берді. Оның сөзінше, министрлік қызметкері кәсіби міндетін "заңға сай" атқарады.

Беларусьтер 9 тамыздағы даулы сайлаудан кейін жаппай наразылық таныта бастаған. Билік аяусыз басып-жаншыса да, үкіметке қарсылық басылмақ емес. 66 жастағы Лукашенкоға халықаралық қысым да күшейіп келеді. Батыс елдері, оның ішінде АҚШ, Канада мен Еуропа Одағы Лукашенконы Беларусьтің заңды президенті деп танудан бас тартып, оған және жоғары шенді шенеуніктерге сайлауды бұрмалады және демонстранттарды қуғынға ұшыратып отыр деп санкция салған.

Беларусь ішкі істер министрлігі болса аудиожазбаны "жалған" деп атады, бірақ оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская мен басқа да адамдар оның шынайы екеніне сенеді.

"Беларусь ішкі істер министрінің орынбасары заңсыздыққа қарсы бейбіт шеруге шығу құқығын пайдаланған азаматтарға арнап лагерь салуды жоспарлап отыр екен. Өз еліңізде осындай болады деп елестете аласыз ба?" деп жазды 15 қаңтар күні Тихановская Twitter желісінде.

Бұл белсенділерге қарсы шаралар туралы алғашқы аудиожазба емес. Таяуда EU Observer ақпараттық порталы 2012 жылғы құпия әңгіменің аудиожазбасын жариялаған. Онда КГБ (Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) қызметкерлері Лукашенконың Германиядағы бәсекелестерін өлтіру жоспарларын талқылағаны естіледі.

Human Rights Watch ұйымының 2021 жылғы есебі бойынша, Беларусь билігі демонстранттарға қарсы билікті асыра пайдалануға қатысты бірнеше алдын ала тергеу бастаған, бірақ бір де бір қылмыстық іс қозғамаған. Ұйымның дерегінше, "саяси оппозиционерлерге, наразылық танытушылар мен олардың жақтастарына, азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушыларға" қарсы "саяси астары бар жүздеген қылмыстық іс қозғалған".

HRW есебінде Беларусь полициясының қарашаның ортасына дейін 25 мыңнан астам адамды ұстағаны айтылады. Минскіде бетперде киген топ адам аяусыз ұрып-соғып кеткен Роман Бондаренко да осы айда қайтыс болған. Беларусьтің "Весна" құқық қорғау ұйымы Бондаренконы соққыға жыққан топты ішкі істер министрлігімен байланыстырады.

Аудиожазбаға қатысты реакция білдірген жалғыз Тихановская емес.

2010 жылы президент сайлауына түскен соң түрмеге жабылған Андрей Санников Twitter-де аудиожазба "Беларусь билігі Лукашенко бастаған аса қауіпті есалаңдардың қолында екенінің" тағы бір дәлелі екенін жазды.

Билікті сынайтындар Карпенков Лукашенко билігіне наразыларға күш қолдануды қуаттауымен және өзі де күш қолданғанымен әйгілі дейді.

Ол сонымен қатар 12 қазанда бейбіт тұрғындарға бейбіт тұрғындарға оқ атуға дайын екенін білдірген ішкі істер министрінің орынбасары Геннадий Казакевичті қолдаған.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, Карпенков "Егер олар қарсыласатын болса, біз қару қолданамыз. Оларға қарсы қаруды, оның ішінде атыс қаруын аяушылықпен қолданып жатырмыз" деген.

ЛУКАШЕНКО ӨЛІСПЕЙ БЕРІСПЕККЕ БЕКІНГЕН

Беларусь стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Екатерина Шмацинаның айтуынша, Карпенковтың мәліметі мен үкіметтің дерегі аудиотаспаның шынайы екенін айғақтап тұрғандай.

"Таспа шынайы ма, жоқ па, оны технология мамандары анықтасын. Алайда, Лукашенко жүйесінің өз ішінен жария болған жазба бұл ғана емес. Мысалы, EU Observer порталында жарияланған шетелдегі саяси диссиденттерді өлтіруге сөз байласу туралы таспаны алайық. By-Pol Initiative жариялайтын видео, аудио таспалар, оның ішінде тұтқындағы шерушілерге қатыгездік танытылғанын дәлелдейтін материалдар да бар" Шмацина Азаттыққа берген пікірінде.

Шмацина аудио таспа шынайы болса, онда ол Лукашенконың биліктен айрылмау үшін қауіпсіздік органдарына қаншалықты еркіндік бергенін көрсететінін айтады.

"Бір нәрсе айқын: режим қарсылықты қалайда басып-жаншуға дайын және жоғары лауазымдылар күш құрылымдары мен полицияға режимнің саяси қарсыластарына не істесе де ерік беріп қойған және олар онысы үшін жазаланбайды" дейді Шмацина.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG