Жексенбі, 11 сәуір күні Қырғызстанда конституциялық референдум өтіп жатыр. Билік ұсынып отырған жаңа заң президент құзыретін кеңейтіп, премьер-министр қызметін жоймақ. Заң жобасында "ұлттық құндылыққа" басымдық берілетіні айтылған. "Настоящее время" телеарнасы конституцияның ұсынылып отырған жобасын талдап, негізгі өзгерістерді шолып өтті.
ДЕМОКРАТИЯ ОРНЫНА АТА-БАБА ДӘСТҮРІ
Қазіргі конституцияның преамбуласында басты заңның "адам, оның өмірі, саулығы, құқықтары мен еркіндіктері жоғарғы құндылық саналатын еркін және тәуелсіз мемлекет құруға арналғаны" жазылған. Жаңа жобаның преамбуласынан бұл сөздерді таба алмайсыз.
Оның орнына "ата-баба дәстүріне сүйеніп, бірлік, бейбітшілік және келісімде, табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, Қайырымды Манас өсиеттеріне негізделе отырып..." деген жолдар пайда болған.
ПРЕЗИДЕНТ = АТҚАРУШЫ БИЛІК
Жаңа заңды "ханституция" деп атауы бекер емес, өйткені ол президент құзыретін едәуір ұлғайтпақ.
Қазір билік тармақтарының бөлінісі айқын. Ал атқарушы билікті (үкіметті) премьер-министр басқарады. Жаңа конституция жобасында "президент мемлекет басшысы болып, атқарушы билікке жетекшілік етеді" деп жазылған. Заң жобасы қабылданса, премьер атқарушы билік басшысынан министрлер кабинеті мен президент әкімшілігінің жетекшісіне айналады да, құзыреттері мемлекет басшысына өтеді.
Сайлаушылар қолдап жатса, бұдан былай қырғыз президенті билікте ұзағырақ отыра алады. Жаңа конституцияның жобасында бір адамның бес жылдық екі мерзімге президент бола алатыны жазылған. Қазіргі конституция бойынша, бір адам алты жылдық бір ғана мерзімге сайлана алады.
Жаңа конституция президентті мерзімінен бұрын қызметінен алуды да қиындатпақ. Қазір импичмент туралы шешім қабылдануы үшін парламент депутаттарының үштен бірінің қолдауы мен депутаттардан тұратын арнайы комиссияның шешімі ғана қажет. Жаңа жобада импичмент үшін парламент құрған арнайы комиссияның, бас прокуратура мен конституциялық соттың шешімі керек деп жазылған. Ал бас прокуратура мен конституциялық кеңес басшысын президенттің өзі тағайындайды.
ПАРЛАМЕНТТІ ӘЛСІРЕТУ
Қырғыз парламенті қазір 120 депутаттар тұрады. Жаңа конституция бойынша, депутат саны 90-ға дейін азаймақ және депутатты мандатынан айыруға жол берілмек. Бастысы – депутаттар бұдан былай үкіметке сенімсіздік вотумын білдіре алмайды.
Ұсынылған конституция жобасында Қырғызстанның саяси сахнасында "Халық құрылтайы" дейтін жаңа құрылым бар. Ол президентке кей шенеуніктерді қызметтен кетіру жөнінде кеңес беріп, өз өкілдерін сот төрелігі бойынша кеңестерге ұсына алады және заң жобаларына бастамашыл бола алады. Яғни құрылтай парламент қызметін қайталайды. Сөйте тұра, құрылтайдың құзыреті мен оның қалай жасақталатыны жаңа конституцияда жазылмаған.
Заңгерлер бұл құрылымның төндірер қаупі жоғары дейді, өйткені президент қалауына қарай құрылтайдың құзыретін кеңейтіп, парламенттен ықпалдырақ ете алады.
Әдетте авторитар басшылар парламент құзыретін қайталайтын "балама" құрылымдарды халық сайлаған депутаттардың билігін шектеу үшін пайдаланады. Мұның ең кейінгі мысалы Венесуэладан көруге болады. Бұл елде қазір екі "парламент" бар: бірі халық сайлаған депутаттардан, бірі президент Мадуро жақтастарынан тұрады.
СОТТАР МЕН ПРОКУРОРЛАРДЫҢ ЗАҢЫ
Жаңа жоба қабылданса, Қырғызстанда заң шығару процесі де өзгермек. Қазір заңға бастамашыл болу құқығы 3 институтта ғана бар. Олар: парламент, халық және үкімет. Жаңа құжатта мұндай мүмкіндік қосымша төрт институтқа берілген: Халық құрылтайы, бас прокуратура, жоғарғы сот және президент. Сарапшылар мұның "полицей мемлекетке" әкелуі мүмкін екенін айтады.
ПІКІР ҮШІН ҚУДАЛАУ
Заң жобасында формалды түрде цензураға тыйым салынған. Бірақ онда пікір үшін қудалаудың қылмыс екені жазылмаған. Ал мұндай норма қазіргі заңда бар.
Есесіне ұсынылған құжатта сөз еркіндігін шектейтін тармақтар бар. Мысалы заң жобасында "Өскелең ұрпақты қорғау үшін моральдық және адами құндылықтарға, Қырғыз Республикасы халқының қоғамдық санасына қайшы іс-шаралар заңмен шектелуі мүмкін" деп жазылған.
Биліктің нақты нені шектегелі отырғаны заң жобасында жазылмаған. Онда "моральдық және адами құндылықтарға" не жататыны да көрсетілмеген. Заңгерлердің айтуынша, билік бұл бапты ресми цензура үшін де, адамдардың өз-өзін цензуралауы үшін де пайдалануы мүмкін.
ҚОРЫТА АЙТҚАНДА
Бүгін өтіп отырғаны – Қырғызстан тәуелсіз ел атанған 30 жыл ішіндегі 11-референдум. Елдің бас заңын барлық президент өзгерткен. Қазіргі президент Садыр Жапаров та бұл жолдан таймай, жаңа конституция ел дамуының кепілі болмақ дейді.
Бірақ заңгерлер конституция жобасын қатты сынап жатыр. Олардың сөзінше, құжатта тепе-теңдік және тежемелік жүйе жоқ, ал түзетулер нақтыланбаған. Қырғыз сарапшыларының бұл пікірін халықаралық ұйымдар да құптайды. Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы конституциялық жиынның легитимдігіне күмән келтіріп, конституция жобасы мен референдумның тағайындалуын қайта қарауға шақырған. Ал Freedom House дейтін халықаралық ұйым конституцияның кезекті рет қайта жазылуы Қырғызстанның еркін емес елдер қатарына кіруінің бірден-бір себебі дейді.
ПІКІРЛЕР