Accessibility links

Алматыда кинорежиссерлер ұлттық фильмді қолдауға бағытталған мемлекеттік байқаудың қорытындысына наразылық білдірді


"Алматы" қонақүйінің алдында наразылық жасап тұрған кинорежиссерлер. Алматы, 12 мамыр, 2023 жыл.
"Алматы" қонақүйінің алдында наразылық жасап тұрған кинорежиссерлер. Алматы, 12 мамыр, 2023 жыл.

12 мамырда Алматыдағы Қабанбай батыр көшесінің бойында орналасқан Шәкен Айманов ескерткішінің алдына "Ұлттық киноға ұлттық менеджер", "Президент Тоқаев! Кино орталығының былықтарына назар аударыңыз!", "Тәуелсіз комиссия құрылсын" деген жазуы бар плакат ұстаған бір топ кинорежиссер мен продюсер наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, биыл ұсынған жобалары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының іріктеуінен өтпей қалған.

Наразылардың пікірінше, комиссия байқау кезінде "өздері жақсы танитын" сценаристер мен режиссерлердің жобасын таңдаған, ал "шынымен де құнды еңбектер" іріктеуден өтпеген.

Продюсер Жансерік Шонаұлының айуынша, кино орталығы қазақ тілінде түскен жобалармен толық таныспай жатып, бас тартады.

– 2023 жылғы жоспарға ілінбей, іріктеуден өтпей қалған 153 жоба бар. Олардың арасында құжатына байланысты қателер болған шығар. Бірақ ол – майда-шүйде, жарты сағаттың ішінде түзей салатын қате. Ал мына киноны қолдау орталығы бірінші кезекте құжатты қабылдауға емес, алдымен сценарийге қарауы керек. Бұлар келіп түскен 280 сценарийдің барлығын сараптамаға жіберуі керек. Сценарий оқылып, соның ішінен іріктелгендердің ғана құжатын түгендеу керек. Бірақ бұлар тізімде кеткен кішкене қателер үшін 153 жобаны ысырып тастап отыр. Негізі құжат жинау үшінші кезеңде болуы керек, – дейді.

"Алматы" қонақүйінің алдында наразылыққа шығып, талаптарын оқып тұрған кино мамандары. 12 мамыр, 2023 жыл.
"Алматы" қонақүйінің алдында наразылыққа шығып, талаптарын оқып тұрған кино мамандары. 12 мамыр, 2023 жыл.

Наразылар байқаудың алдын ала қорытындысын жарамсыз етуді, мәдениет министрімен кездесуді және ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының басшылығын отставкаға жіберуді де талап етті. Олардың айтуынша, 2019 жылы қабылданған кино туралы заңдағы мемлекеттік байқауды жүргізу туралы ереженің бұлыңғыр тұстары көп, соның салдарынан кейбір авторлар байқаудан негізсіз шеттетілуі мүмкін.

Наразылардың алдына Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов шығып, наразылардың талаптары мен сұрақтарына кешкі сағат 5-ке дейін жауап беруге уәде етті.

Ұлттық киноны қолдау орталығының баспасөз қызметінің өкілі Жангелді Өмірәлиев іріктеуден өтпеген жобалар талаптарға сәйкес келмегенін айтты. Оның айтуынша, биылғы киножобалар конкурсына 270-тен астам сценарий келіп түскен.

– 130 жоба ғана конкурсқа өткізілді. Қалғанының бәрі өтпеді. Себебі олардың құжаты дұрыс емес. Қойылған талаптарға сай келмеген. Бұл кісілердің жобасы өтпей қалғаннан кейін киноорталыққа келген. Бәріне түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Министрліктен өкілдер келді. Комиссия құрылды. Наразылардан да екі өкіл қатысты, – дейді ол.

Орталық өкілдері өздері таратқан хабарламада киноөндірушілерді жауапсыздығы үшін кінәлап, "кей компаниялар байқау кезінде болашақ жобаларын әдемі сипаттап, қаржы алады. Ал соңында прокаттан ақша таппайтын, көрілмейтін әлсіз фильм шығарады" деді. Орталық мамандарының айтуынша, биыл осы мәселе бойынша сотқа бес шағым түсірілген.

Наразылар ескерткіш алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап үндеу оқыды. Алматы қалалық прокуратурасының өкілі мұндай наразылық заң талабына сай емес екенін, сондықтан тез тарап кетуді сұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG