Accessibility links

Ленин шахтасындағы жарылыс бойынша сотта айыпталушыларға прокурор сұрағаннан аз жаза берді


Судья үкім орнына сот тергеуін қайта бастау туралы хабарлаған сот отырысы. Шахтинск, 17 мамыр, 2024 жыл.
Судья үкім орнына сот тергеуін қайта бастау туралы хабарлаған сот отырысы. Шахтинск, 17 мамыр, 2024 жыл.

6 маусымда Қарағанды облысындағы Шахтинск қалалық сотында Ленин атындағы шахтада кеншілер қазасына себеп болған жарылысқа байланысты айып тағылған адамдарға үкім шықты.

Бұл – кейінгі жылдары бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау" (қазіргі Qarmet) компаниясы кеншілерінің өндірістегі қазасына байланысты қозғалып, сотқа және үкімге жеткен бірінші қылмыстық іс. 2022 жылы қарашада Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан 5 адам қаза тапқан. Тағы төрт шахтер қатты зардап шегіп, еңбекке жарамсыз болып қалды.

Сот айып тағылған төрт адамның бәрін кінәлі деп тапты, бірақ прокурор сұрағаннан аз мерзімге жаза тағайындады:

  • Ленин шахтасындағы техникалық қызметтің бас инженері Петр Ли бес жылға сотталды, прокурор оны жеті жылға бас еркіндігінен айыруды сұраған;
  • желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Дмитрий Аблов төрт жылға бостандығынан айырылды;
  • ауаға қауіпті заттар тарайтын учаскелерді болжау қызметі басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Талғат Баекенов пен өндірістік қызмет ауысымының басшысы Андрей Завьялов төрт жарым жылға сотталды. Прокурор үшеуін де алты жылға бас еркіндігінен айыруды сұраған.

Үкімнен кейін сотталушыларды сот залынан қолына кісен салып алып кетті. Сот оларға көмір өнеркәсібінде басшылық лауазымда жұмыс істеуге үш жылға тыйым салды.

Сот қаза болған кеншілердің туыстары мен зардап шеккен адамдардың моральдық өтемақы туралы арызын қабылдамады. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы жәбірленуші тарапқа тең үлеспен 20 млн теңге өндіріп беруді сұраған-ды.

Жәбірленушілер сот үкіміне келіспейтіні жөнінде шағым түсіретінін айтты.

— Cот шешіміне көңіліміз толмайды. Жаза мерзімі аз. Олар кейін бостандыққа шығады, ал біз туыстарымызға тек зиратқа баратын боламыз, — деді Азаттыққа қаза тапқан кеншінің анасы Галина Инкина.

Сотталушылардың бірінің әйелі Елена Ли айыпталушылардың жақындары да сот үкіміне келіспейтінін, шағым түсіретінін мәлімдеді.

Бастапқыда жұрт сот бұл іс бойынша үкімді 17 мамырда шығарады деп күткен. Бірақ сот залына келген ондаған адамды шамамен бір сағаттай кіргізбей, кейін судья үкімді жариялау белгісіз уақытқа шегерілгенін, бұған дейін моральдық өтемақы туралы айтқан "жәбірленушілердің талабын шешу үшін бірқатар мәселе анықталғанына байланысты" сот тергеуі қайта басталатынын мәлімдеген.

Бұған таң қалған жәбірленушілер мұны күмәнді деп есептеді. Сот тергеуі тағы бірнеше күнге созылды.

Бұған дейін прокурор айыпталушыларға "тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды" деген айыппен қатаң жаза беруді сұраған.

Сотталушылар процесс басталғалы тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Олар да, адвокаттары да журналистерге пікір бермеді және өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды. Сот процесінің ортасында сотталушылардың кейбір туысы журналистер мен блогерлерге жүгініп, айыптаушы тарап "жауапкершілікті жүктейтіндерді" тапты деп мәлімдеді.

Сот барысында прокурор "айыпталушылар сотты адастырғысы келді" деп мәлімдеді. Айыптау нұсқасына сәйкес, 2022 жылдың 29 қазаны мен 2 қарашасы аралығында, яғни жарылыс болар күннің қарсаңында, газ-дренаж ұңғымаларын бұрғылау кезеңінде алты жерде газ тұнып қалғаны тіркелген. Газ көбейіп кеткенін арнайы құралдардың көмегімен анықтаған. Бірақ, айыптау мәліметінше, сондай жағдайға қарамастан, жұмыс тоқтамаған, ал апат болған күні өндіріс орнында тау-кен шеберлері мен болжау қызметі болмаса да, жұмыс істеуге келісім берілген.

Жәбірленушілер сотталушыларды "қатаң түрде" жазалауды сұраған.

Мемлекеттік комиссия бұл апатқа 26 адам жауапты деп атаған. Олардың арасында шахта басшылығы, көмір департаменті басшылығы, компанияның бас директоры болған. Бірақ қылмыстық іс бойынша тек төрт адам сотқа тартылды. Марқұмдардың туыстары 26 адамның бәрін жауапқа тарту керек деп есептейді.

Қазір бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" және Қарағандыдағы Костенко шахталарындағы кеншілер қазасына байланысты қылмыстық істерді тергеу жүріп жатыр. Былтыр қазанның аяғында Костенко атындағы кеніште болған жарылыстан 46 адам қаза тапқан.

2023 жылы желтоқсан айында шахталар мен АМТ металлургия комбинатының иесі өзгерді. Отыз жылға жуық компанияға Ұлыбританияда тұратын миллиардер Лакшми Миттал иелік етіп келген. Қазір кәсіпорын Qarmet деп аталады, оның иесі – қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев. Басшы ауысқалы шахталарда бірнеше оқиға болды, қазірге дейін кемінде бір кенші қаза тапқаны белгілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG