Accessibility links

Люксембургте Украинаны Еуроодаққа қосу бойынша келіссөздер басталды


Ольга Стефанишина (сол жақта) мен Аджа Лябиб.
Ольга Стефанишина (сол жақта) мен Аджа Лябиб.

25 маусымда Люксембургте Украинаны Еуроодаққа қосу бойынша келіссөздер басталды.

Үкіметаралық конференцияда Бельгияның Еуропа одағы кеңесіне төрағалық ететін сыртқы істер министрі Аджа Лябиб бірінші кезекте талқылау керек міндеттерді атап өтті. Олар Украинаның сот реформасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі және аз ұлттарды кемсіту болмауы жөнінде.

Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель келіссөздер басталғаны – маңызды реформаларды қажет ететін ұзақ процестің басы деді.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, келіссөздердің басталғаны Украина сөзсіз ЕО-ның толық мүшесі болады деп айтуға мүмкіндік береді.

"Осы жолда Украинаны қолдайтындардың бәріне алғыс айтамын", – деді ол. Зеленскийдің сөзі президент сайтында жарияланды.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары Киев пен Брюссельге келіссөздер процесін ресми түрде 1 шілдеге дейін, яғни Еуроодақ кеңесінің төрағалығы Венгрияға өткенге шейін бастау маңызды деп жазған. Себебі Будапешт — Ресейдің Еуроодақтағы ең жақын одақтасы, Венгрия бұған дейін ЕО-ның Украинаға көмектескенін кұптамайтынын айтып келген.

Будапешт Киев Украинадағы венгр азшылық өкілдерінің құқығын қорғауға жеткілікті көңіл бөлмейді деп мәлімдеді. Кейін екі тарап бұл мәселеде мәмілеге келді.

Украинаның Еуропа және Еуроатлантикалық интеграция мәселелері жөніндегі вице-премьері Ольга Стефанишина Еуроодаққа қосылу бойынша келіссөздерде Украина делегациясын басқарады. Ол Украина аз ұлттар құқығын қорғау жөніндегі Венгрияның 11 талабын орындауға дайын деп мәлімдеген.

Будапештің Украинаға қойған талаптарын қаңтардың аяғында Венгрия СІМ басшысы Петер Сийярто Ужгородқа барған сапарында тапсырған.

  • Украина 2022 жылы Еуроодаққа қосылуға үміткер мәртебесін алды. 2023 жылғы 14 желтоқсанда Еуропа кеңесі Киевті одаққа қосу туралы келіссөздер бастау туралы шешім қабылдады.
  • 7 маусымда Еурокомиссия Украина келіссөздерді бастауға қажет алғышарттарды орындағанын растады. Еуропа кеңесі Киев Еуроодаққа 2030 жылға қарай қосылуы мүмкін деп айтқан, бірақ оның қашан іске асатыны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG