Accessibility links

Мектеп директорын сотқа берген қызылордалық мұғалімдердің өтініші қанағаттандырылмады


Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Көмекбаев атындағы мектеп-лицей
Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Көмекбаев атындағы мектеп-лицей

"Қысыммен жұмыстан шығарды" деп өздері жұмыс істеген мектептің директорын сотқа берген қызылордалық екі мұғалім сотта жеңіліп қалды. 26 маусымда Қармақшы аудандық соты олардың бұрынғы басшысынан моральдық шығын өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тартты.

Жыл басында Стамбұлдағы түнгі клубта трансвеститтер шоуында жүрген видеосы желіде тарап кеткен соң қармақшылық Ақерке Жұмабаева мен Фатима Ысқақова желідегі жұрттың және білім саласы басшыларының сынына қалып, кейін жұмыстан кеткені хабарланған.

Қызылорда облыстық сотының мәліметінше, жауапкердің әрекетінен талап қоюшыларға қандай да бір зиян келгені анықталмаған. Сондай-ақ олар мектеп басшысы қысым жасағанын, одан жан азабын тартқанын растайтын дәлел ұсына алмаған.

Мұғалімдер моральдық шығынды 3 млн теңге деп бағалаған. Яғни, мектеп директорынан әрқайсына үш миллионнан жалпы сомасы 6 млн теңге өндіруді талап еткен.

Олар сот шешіміне келіспейді, олар апелляция алқасына шағым жазатынын айтты.

– Сот шешіміне келіспейміз! Себебі Стамбұл сапарынан соң жұмыстан мәжбүрлі түрде кетіп қана қоймай, абыройымызға нұқсан келді. Қоғамнан психологиялық қысым көріп, моральдық зардап шектік, – дейді арыз берушілердің бірі Ақерке Жұмабаева.

Олар биыл ақпанға дейін Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінің Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде ағылшын тілінен сабақ берген.

Азаттық мұғалімдердің айыптауына байланысты мектеп директоры Гүлжахан Мұнарбаевамен байланыса алмады. Оның телефоны өшіп тұрды.

Дауға себепкер болған видео 2024 жылғы қаңтарда әлеуметтік желіде жарияланған. Бұдан соң Қазақстанның оқу-ағарту министрлігіне қарасты білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Ернұр Дәуенов Facebook парақшасында 2024 жылғы 15 қаңтарда пост жариялап, "ата-аналардың наразылығын" тудырған екі мұғалім "жұмыстан босатылды" деп мәлімдеген. Оның айтуынша, мұғалімдер жұмыстан бос уақытта да министрлік бекіткен "Педагогикалық әдеп ережелерін" сақтауы тиіс. Бірақ Дәуенов жұмыстан босатылды деген екі адамның аты-жөнін ашық жазбаған. Ал Қызылорда облыстық білім басқармасы мұғалімдер түнгі клубқа барғаны үшін емес, демалыстан соң "белгісіз себеппен жұмыс орнына келмегеннен" соң "өз қалауымен" жұмыстан босатылды деген.

Сот мәліметі бойынша талап қойған мұғалімдер 2024 жылғы 9 ақпанда "өз өтінішімен" жұмыстан босаған. Қандай да бір тәртіп бұзу туралы мағлұмат жоқ.

Жұмабаева мен Ысқақова демалыс кезінде түнгі қаланы аралап жүріп, мейрамханаға барғанын, сол жерде билеп көңіл көтергенін жоққа шығармайды. Бірақ олар мейрамхананың шоу бағдарламасынан алдын ала хабардар болмағанын айтады.

"Іш киіммен жүрген биші жігіттер өнер көрсетті. Біз оған аса мән бере қоймадық. Жарты сағаттан соң мейрамханадан шығып, қонақ үйге кеттік" дейді Ақерке Жұмабаева.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG