“ТІЗІМНЕН СЫЗЫП ТАСТАУДЫҢ ҚҰНЫ 5 МЫҢ ДОЛЛАР”
Сот материалдары бойынша өткен жылдың шілдесінде «Атырау Энерго Проект» компаниясы директорының бөлмесіне Атырау облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті (ҰҚКД) 3-ші басқармасының полковнигі келіп, қала түбіндегі Курилкино елдімекенінде салынып жатқан дүкені бар техникалық қызмет көрсету бекеті үшін қуат көзімен қамтамасыз ету жобасын жасап беруін сұрайды.
Полковник өзінің қызмет бабын алға тартып, компания директорынан мұны шұғыл әрі ақысыз жасауын сұрайды. Арнайы қызмет органымен арақатынасы аса жақсы емес директор бұған келіскен.
Полковниктің келерінен бұрын «Атырау Энерго Проект» компаниясының директорын ҰҚКД-нің 4-ші басқармасы шақырып алып, компанияның 2007 жылы алған сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы лицензиясының тоқтатылуы ықтимал екенін ескертеді.
Бұл лицензияны кезінде осы компанияға энергетикалық сараптама қорытындысы негізінде берген мемлекеттік энергетикалық қадағалау органы қызметкерінің үстінен ҰҚКД қылмыстық іс қозғаған болатын. Ол жайтты компания директорына айтқан ұлттық қауіпсіздік қызметкері әлгі сараптама қорытындысының жасанды екенін жеткізеді. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау инспекторының кесірінен жапа шеккен бір ғана «Атырау Энерго Проект» кәсіпорны емес.
«Атырау Энерго Проект» компаниясының директоры клиент кейпін киген полковниктен лицензия жағдайының қаншалықты қиындығын біліп беруін сұрайды. Полковник көмек беруге уәде береді де, көп ұзамай, ҰҚКД-нің 4-ші басқармасында мемлекеттік энергетикалық қадағалау инспекторы жасанды сараптама үлестірген кәсіпорындардың тізімі жасалып жатқанын хабарлайды. Лицензиялардың күшін тоқтату мәселесі көтерілген “қара тізім” әкімшілікке жіберуге дайындалған.
Полковник өз әріптесімен сөйлескенін, тізімнен «Атырау Энерго Проект» компаниясын сызып тастау үшін 5 мың доллар пара беру керектігін айтады.
Бұл мәселені директордан естіген өзге де құрылтайшылар пара беруден бас тартады. Келесі күні полковникпен оның автокөлігінде сөйлескен директор екеуара әңгімені ұялы телефонның диктофонына жазады, ал әріптестері олардың кездесуін фотоға түсіріп алады.
Сол кездесуден кейін екі күн өткенде, 9-шы тамызда, «Атырау Энерго Проект» компаниясының директоры ҰҚКД-нің ішкі қауіпсіздік қызметіне пара беруге мәжбүрлеу жөнінде арызданып, телефондағы жазбаны тыңдатады.
ҰҚКД қызметкерлері белгілеген 11-ші тамыз күні диктофон алып кездесуге барған директор ақшаның басы есебінде полковникке 400 мың (арнайы ен салынған) теңге ұстатады. Полковник қала түбіндегі өндірістік аймаққа жетіп, жартылай қираған зауыт ғимаратында ақшаны жасырып жатқан жерінен ішкі қауіпсіздіктегі өз әріптестерінің тұтқынына түседі.
Айыптау қорытындысында баяндалған тергеудің ресми мәліметі осындай.
СОТТАЛУШЫ ПОЛКОВНИК ӨЗІНІҢ АРАНДАТУШЫЛЫҚ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАНЫН АЙТАДЫ
Айыпталушы тағылған кінәні сотта мойындамады. Оның айтуынша, ол ешқандай ақша талап етпеген, бірақ, онсыз да тегін жоба жасамақ ниеттегі кәсіпкерге ақысыз көмектесуге уәде берген.
Полковниктің берген жауаптары бойынша, жанармай бекетінің жанындағы кездесуде директордың түсініксіз қылықтары мен ақша ұсынғанына таңданған ол әлгіні көлігінен түсіріп, ары қарай өз жұмыстарымен жүріп кеткен.
Ал, зауытқа қызы дәрет сындырғысы келгендіктен барған. Сондықтан, жедел уәкілдер кірпіш астынан тапқан ақша салынған қалтаға ешбір қатысы жоқтығын айтып, «мұның бәрі – көре алмаушылардың ұйымдастырған арандатушылығы» деп мәлімдеді.
Алайда, ұстау мезетінде жазған түсініктемесінде ол ақшаны алғанын мойындаған. Ал одан кейін жасаған мәлімдемесінде ол, облыстық ҰҚКД бастығының кадрлар жөніндегі орынбасарының «үй ішіндегі жанжалды сыртқа жаймай», қылмыстық істі сиырқұйымшақтандырып жіберу үшін жазбаша мойындай салуын өзінен сұрағанын айтады.
Ақшадан жұғатын арнаулы ұнтақ іздері полковник саусақтарында жоқ болып шыққанымен, сот-химиялық сараптама ұнтақ бөлшектерін басқа тұстарынан тапқан.
СОТ ОНЫҢ СІҢІРГЕН ЕҢБЕКТЕРІН ЕСКЕРДІ
Аталмыш істің тергелуі былтырғы желтоқсан айының соңына қарай аяқталды. Атыраудың өз әскери соты жоқ болғандықтан, іс материалдары Ақтөбе гарнизоны әскери сотының көшпелі мәжілісінде қаралды.
- Менің қорғауымдағы адамға таңылып отырған баптардың ауырлығы орташа қылмыстарға жатады, - деп түсіндіреді мұндай жеңілдеу үкімді адвокат Ирина Сутягина. - Ол топтағы қылмыстар үшін қылмыстық кодексте белгіленген ең ауыр жаза — 5 жылға бас бостандығынан айыру. Сонымен қатар, сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін бірқатар жағдайларды ескерді. Атап айтсақ, ол бұрын сотталмаған, органдағы еңбек өтілімі 20 жыл, бірнеше рет мақтау қағаздарымен және алқа медальдарымен марапатталған, сондай-ақ, асырауында кәмелетке толмаған бала бар.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 4 жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуді сұраған еді. Бірақ, сот ұлттық қауіпсіздік полковнигін “Пара беруге мәжбүрлеу”, “Пара алу”, “Алаяқтық” атты 3 бап бойынша кінәлі деп танып, шартты түрде 2 жылға кесті.