ОРЫС ТІЛІНІҢ ҮСТЕМДІГІ
Жаңа оқу жылы басталар алдында айтылып жатқан көп жаңалықтың ішінде бір оқиға ерекше елең еткізді. Могилев қаласындағы мектептердің бірінде тек бір оқушы ғана белорусь тілінде оқығысы келеді екен.
Қалған оқушылар орыс тілін таңдапты. Айтпақшы, бұл қаласаң белорусь тілінде де оқытатын жалғыз мектеп.
Могилевте 350 мың адам тұрады. Әлгі оқушы қыздың аты-жөні - Ялинка Салаувьева. Орысша айтқанда – Соловьева. Ялинканың әкесі қызының өз мұғалімі болатынын хабарлады. Мектеп басшылығы егер ол мұғалім ауыра қалса, орнына басқа мұғалім уақытша сабақ береді деп уәде бергенге ұқсайды.
Ялинканың ата-анасы қыздарының Могилевтегі жалғыз белорусь тобы бар №81 балабақшаға барғанын айтады. Бұл топта небәрі төрт-ақ бала болған. Оны да ата-аналар талап еткен соң ашқан.
Елде мемлекеттік тіл ресми түрде екеу. Бірі – орыс тілі, екіншісі – белорусь тілі. Беларусь – орыс тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалған Ресейден өзге бұрынғы советтік елдердегі жалғыз мемлекет.
Белорусьтардың орыс тілінен бас тартуына Беларусь президенті Александр Лукашенко үзілді-кесілді қарсы. Лукашенко республикадағы
Тек ақымақ адам ғана орыс тілінен бас тартуы мүмкін. Орыс тілінсіз дами алмаймыз.
«Тек ақымақ адам ғана орыс тілінен бас тартуы мүмкін. Орыс тілінсіз дами алмаймыз. Мәселен, орыс тіліндегі көптеген ғылыми терминдер белорусь тілінде мүлде жоқ», – дейді Александр Лукашенко.
Соның арқасында белорусь бұқаралық ақпарат құралдарында орыс тілі үстемдік құрып тұр. Балалардың 75 пайызы орыс мектептерінде оқиды. Жоғары оқу орындарындағы орыс тіліндегі пәндердің үлесі кем дегенде 90 пайыздан асады.
АНА ТІЛІН ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН ПИКЕТ ЖАСАТПАУ АМАЛЫ
Тілге қатысты тағы бір оқиға Гродно қаласында орын алды. Гродно медицина университетінің профессоры Алесь Астровский әйелі Аксана екеуі үш баласымен және журналист Владимир Хилмановичпен бірге қалада белорусь тілінде оқытуды талап етіп, мэрия алдында пикет өткізді.
Олар қолдарына «Гроднода бірде-бір белорусь мектебі жоқ», «Біз қандай елде өмір сүреміз?» «Этноцид – ұлтты жоятын апат», «Белорусь тілінде оқығымыз келеді» деген жазулары бар плакаттар ұстап шықты. Пикетке шыққандарды қала мэрінің орынбасары Ирина Сенчанкова өзіне шақырып алып, қалада белорусь тілінде сабақ өтетін бір сынып ұйымдастыратыны жөнінде уәде берді.
Мэрияға кіргендерді сыртта бес полиция күтіп тұрды. Отбасы мэриядан шыққаны сол екен, бір үйлі жанды журналистпен қоса полиция бөлімшесіне алып кетті. Оларға пикет өткізу үшін заң бойынша алдын-ала он бес күн бұрын жазбаша түрде рұқсат сұрау керектігін түсіндірді.
Алесь Астровский белорусь тілінде оқыту жөніндегі өз отбасының талабына жергілікті биліктің құлақ аспағаны қыркүйектің 1-і күні ғана мәлім болды деп жауап берді. Полиция Астровскийлер отбасы мен Владимир Хилмановичке заңды бұзғаны үшін оларды сотқа тарта алатындығын айтып, ескерту жасады.
«АУЫЛҒА БАРЫП ОҚЫСЫН»
Елдегі оппозициялық күштер Беларусь қоғамында орыс тілінің емін-еркін қанат жаюы белорусь тілін тұқыртып тастады деген пікір айтады.
«Белоруский партизан» газеті «белорусь мектебі дегеніміз, шындап келгенде орыс мектебі» деп жазады. Тек ауылдардағы шағын мектептер ғана белорусь тілінде оқытады, ал қаланың тұрмыс-тіршілігінде де, білім жүйесінде де орыс тілі үстем».
Оқу-білім саласына жауапты шенеуніктер «бұған орталық биліктің кінәсі жоқ» дейді. Білім министрінің орынбасары Казимир Фариноның айтуына қарағанда, мектептердің саны мен ондағы оқыту тілін ата-аналардың сұранысы бойынша жергілікті басқару органдары анықтайтын көрінеді.
Белорусь қоғамы бұл сөздің шындыққа сай келе бермейтінін біледі. Мәселен, №1 гимназия басшылығынан өздерінің 14 жасар баласы Янка Лапицкиді белорусь тілінде оқытуды талап еткен Алексей мен Светлана Лапицкийлерді алайық. Мектеп басшылығы: «Ондай болса, балаң ауылға барып оқысын» деп жауап берді.
«Белорусский партизан» газеті осыдан он жыл бұрын белорусь тілінде 463 мың бала оқығанын, мұндай үрдістен кейін қазір ол көрсеткіш екі есеге бір-ақ құлдырағынын хабарлап отыр.
ЖАСТАРДЫҢ ТАҢДАУЫ
ТМД-ның өзге елдерінде орыс тіліне қатысты көзқарас демографияға қарай құбылып тұр. ТМД елдерінің көпшілігі ССРО құлаған сәттен бастап-ақ орыс тілінің ауқымы тарыла бастағанын айтып отыр. Оқшау қалған Белоруссия ғана.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік демограф Александр Арефьев орыс тілі мәртебесінің төмендеуі – кешенді үдеріс деп түйіндеген еді. Яғни, жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттердің өз ана тілдерін дамытуға күш салуына байланысты орыс тілінде сөйлейтіндер Ресейге қарай ірге көтермек, оған қоса қалған жастар арасында орыс тілін білетіндер күрт азаймақ.
Сондай-ақ жастар арасындағы шет тілдерінің ара-салмағы да аумалы-төкпелі. Орыс ғалымының пікірінше, Әзірбайжанда Түркияның тілдік ықпалы күрт күшейген.
Александр Арефьев «ресми тіл» мәртебесін алып отырған орыс тілінің Қазақстандағы ықпалы әзірге күшті, орыс тілді мамандар елден кетіп қалмас үшін қазақ билігі орыс тілінің мәртебесін сақтауға тырысып отыр, алайда қазірдің өзінде бұл елдің біршама облыстарында іс қағаздары қазақ тілінде жүреді» деп жазады.
Қырғызстан да орыс тілді тұрғындардың екі есе азайғанына және ары қарай да азая беретініне қарамастан, 2000 жылы орыс тіліне ресми тіл мәртебесін берді.
УКРАИНАДАҒЫ САЙЛАУҒА ДЕЙІН ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІН
Украинада орыс тілі мен украин тілінің текетіресі жалғасып келе жатыр. Виктор Ющенко тұсында украин тілінің ықпалы күрт күшейіп, орыс тілінің өрісі біраз тарылып қалды.
Виктор Янукович билікке келген соң орыс тіліне психологиялық тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да көбірек назар аударыла бастады. Болашақ президент өзінің сайлау алдындағы саяси науқанында «егер халық өзін президент сайлай қалса, орыс тіліне мемлекеттік мәртебе әперуге ұмтылатынын» мәлімдеген болатын.
Бұл сөзден кейін Виктор Януковичтің жақтастары одан әрі масайрады. Оны, әсіресе Украинаның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы көбірек қолдап шықты. Алайда президент болып сайланып алған Виктор Янукович елде мемлекеттік тіл біреу ғана болатынын, ол – украин тілі екенін мәлімдеді.
Көпшілік тұрғындары қолдайтын кейбір аймақтарда ғана орыс тілі ресми қатынас құралы ретінде белгіленді. Осылайша тілге байланысты тартысты аздап болса да бәсеңдетуге мүмкіндік туды.
Виктор Янукович тұсындағы Украинаның даму мүмкіндіктері туралы «Эхо Москвы» радиостансасына берген сұхбатында ресейлік белгілі құқық қорғаушы Валерия Новодворская «егер тағы бір мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаса, онда Украина құлайтын болады» деген болжам айтты.
Валерия Новодворская Беларусьты мысалға ала отырып былай деді: «Егер елдің өз тілімен, тарихымен байланысы үзілсе, онда бұл іргетасы осал барақ іспеттес... Белорусь мемлекеті осындай жағдайды көрді…»