Accessibility links

Дженнифер Брик Муртазашвили: Путин маңызы арта түскен Орталық Азиядан қолдау тапқысы келеді


Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитіне қатысушы мемлекеттер басшылары. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитіне қатысушы мемлекеттер басшылары. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

14 қазанда Астанада ТМД елдері басшыларының саммиті мен Орталық Азия – Ресей саммиті өтеді. Оған Ресей президенті Владимир Путин де қатысады. Украинадағы соғыс шиеленісіп, Батыс Ресейді айыптап жатқан шақта Қазақстанға келген Путиннің көздегені не? Орталық Азия елдерінің Мәскеумен қарым-қатынасында не өзгерді? Олар Ресейден шын мәнінде алшақтап жатыр ма? Путинді елде қабылдау Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқанына қалай әсер етпек? Азаттық АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының жетекшісі, Орталық Еуразия зерттеулер қауымдастығының президенті Дженнифер Брик Муртазашвилимен осы жайлы сөйлесті.

"ПУТИН ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН ҚОЛДАУ ІЗДЕЙДІ"

Азаттық: Путин Астанаға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитіне, ТМД саммитіне және ең маңыздысы – Орталық Азия − Ресей саммитіне қатысуға келді. Ол Қазақстанға Украинадағы шиеленіс күшейіп, Батыс елдері Мәскеудің Украинадағы кейінгі шабуылдарын айыптап, Киев Ресейді "террорист ел" деп атаған тұста келіп тұр. Путин Орталық Азия елдерінің қолдауына иек артқысы келе ме?

Дженнифер Брик Муртазашвили – АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының жетекшісі, Орталық Еуразия зерттеулер қауымдастығының президенті.
Дженнифер Брик Муртазашвили – АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының жетекшісі, Орталық Еуразия зерттеулер қауымдастығының президенті.

Дженнифер Брик Муртазашвили: Меніңше, Путин сөйтпек болды, бірақ ол әрекеті нәтиже бермеді. Мұны Қазақстан мысалында анық байқауға болады. Орталық Азия елдерінің ішінен тек Қазақстан ғана Ресеймен шекаралас, Қазақстан мен Ресей тығыз қарым-қатынаста. Астана Ресей бастаған көпжақты ұйымдардың бәріне – Еуразия экономика одағына, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына мүше. Дегенмен Қазақстанның кейінгі айларда Ресейден тәуелсіздігін көрсеткенін бақылау қызық болды.

Ресей Орталық Азиядан, әсіресе Қазақстаннан қолдау тапқысы келеді. Бірақ бұл оңай болады деп ойламаймын, Ресейде Орталық Азияға қарсы көңіл-күй күшейген. Сондықтан Орталық Азия елдерін Ресейдің іс-әрекеті қатты алаңдатады. Егер Ресей нысанаға келесі кезекте Орталық Азия алынады, империяны қалпына келтіргіміз келеді десе, онда Орталық Азияға Ресейді қолдаудың мәні жоқ. Әлбетте, [Ресеймен] экономикалық байланыс күшті. Қазақстан импортының 60 пайызы – азық-түлік пен басқа тауарлар Ресейден келеді. Бұл Қазақстан үшін қиын. Дей тұрғанмен, екінші жағынан алғанда Ресейдің Орталық Азияға ықпалынан гөрі Орталық Азия елдерінің Ресейге қарсы ықпалын жүргізе алатын тетіктері бар.

Азаттық: Путин Қазақстанға сайлауалды науқан алдында келді, кезектен тыс өтетін сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке басты кандидат екені белгілі. Әлеуметтік желіде көп жұрт Путиннің елге келуіне қарсылық білдіріп, Қазақстан билігін Путинді қабылдамауға шақырды. Тіпті Алматыда бірнеше белсенді наразылыққа шықты. Путиннің келуі Тоқаевтың сайлауалды кампаниясына қалай әсер етеді? Қазақстандықтардың Тоқаев жайлы пікіріне әсері қандай болады?

Путиннің Қазақстанға келуіне қарсылар ұсталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

Дженнифер Брик Муртазашвили: Әлеуметтік желіде ондай пікірлерді көрмедім, бірақ қазір жұрт Путинді қолдамайтынына көз жеткіздім. Бұл өзгеріс, себебі Орталық Азияда кейінг төрт-бес жылдағы қоғам пікіріне сүйенсек, Путин өте танымал, қолдауға ие болғанын байқаймыз. Тәжікстанда бұл көрсеткіш 92 пайыз шамасында болды. Путин соғысқа дейін Ресеймен салыстырғанда Орталық Азияның кей елдерінде көбірек қолдауға ие болды.

Қазақстандағы сайлау шынайы бәсеке емесін тағы білеміз. Сондықтан бұл толықтай шынайы бәсекесі бар сайлау болса, [Путиннің келуіне] алаңдауға болар еді. Бірақ шынайы бәсекеге шектеу барын ескерсек, сайлау нәтижесіне алаңдамаймын.

Путинді қабылдауға келсек, Тоқаевтың не дейтінін күтейік. Бәлкім, ол Санкт-Петербургтегі тәрізді оған қарсы нәрсе айтатын шығар. Яғни кей ретте Путиннен мықты екенін көрсететін әдістер бар. Мұндай әдістерді Самарқанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіндегі кездесулер кезінде кей жетекшілер қолданды, олар Путинді күттіріп қойды. Кезінде Путин осы әдісті көптеген елдің жетекшілеріне қолданатын. Сондықтан Тоқаев бұдан жол тауып, баланс ұстай алады деп есептеймін.

Азаттық: Өткен аптада Тоқаев Санкт-Петербургтегі ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысты. Ресей президенті Путин сол жиында Тоқаев ТМД жанынан орыс тілін дамыту орталығын құруды ұсынғанын мәлімдеді. Бұл Қазақстандағы аудиторияның алаңдаушылығын туғызды. Сол сияқты ішкі аудитория Ресей Украинаны зымырмен атқылаған соң Путиннің Қазақстанға келгеніне алаңдайды.

Дженнифер Брик Муртазашвили: Меніңше, Тоқаевқа бұдан шығатын жол табу қиын. Себебі ол бұған дейін соғыс пен агрессияға қарсы ұстанымын анық айқындады. Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек жіберді. Қазақстан Ресейге эконономикалық жағынан тәуелді болғандықтан, Тоқаевқа баланс табу қиын болады. Меніңше, сауда-саттық, экспортқа келгенде Ресей Қазақстанды қажетсінеді. Өйткені Ресей бизнесі Қазақстанда тіркеліп, пайда таба алады.

[Елде] Ресейге қарсы, ұлтшыл көңіл-күй бары рас. Бірақ екінші жағынан Тоқаев экономиканы ойлауы тиіс, себебі экономика Қазақстандағы әрбір азаматқа әсер етеді.

Азаттық: Сіз әлгінде айтқан Санкт-Петербург экономика форумында Тоқаев Путиннің көзінше Ресей басып алған Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды Қазақстан мойындамайтынын мәлімдеген соң Батыс басылымдарында "Астана Мәскеуден алшақтап жатыр", "Путиннің одақтасы күтпеген жерден оның бетін қайтарды" деген тақырыппен мақалалар жарық көрді. Енді Путиннің Қазақстанға келуі Батыс аудиториясының Тоқаев жайлы көзқарасына, Тоқаевтың Батыстағы беделіне қалай әсер етеді?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Егер Путиннің Өзбекстанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне барған сапарымен салыстырсақ, қазір Батыс баспасөзі Қазақстанға айтарлықтай мән беріп жатқан жоқ. Батыс басылымдарындағы тақырыптарды қарасаңыз, негізінен Путин мен [Түркия президенті Режеп] Ердоғанның (Астанадағы) кездесуі туралы жазып жатыр. Орталық Азия жай ғана осы кездесу өтетін орын іспетті көрсетіліп жатыр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Батыс басылымдары Орталық Азия елдері бұл саммитте не істеп, не дейтініне мән беруі керек деп санаймын.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) дөңгелек үстел басында отыр. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта), Ресей президенті Владимир Путин (ортада) және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (оң жақта) дөңгелек үстел басында отыр. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Тәжікстан мен Қырғызстанның не дейтіні және олармен салыстырғанда Ресейден тәуелсіздігін көрсете алған, Украинадағы соғысты сынауда батылдық танытқан Қазақстан мен Өзбекстанның не дейтіні қызық. Себебі түптің түбінде Орталық Азия елдері өз аумағына Ресейдің басып кіргенін қаламайды. Қырғызстан мен Тәжікстандағы Ресей әскери базаларын есепке алмағанда, Қазақстан мен Өзбекстан өз аумағында Ресей әскері болғанын құптамайды. Қазақстанда қаңтар айындағы оқиғаны еске алсақ, бұл таңғаларлық дүние. Қазақстан мен Тоқаев әлі де баланс табуы тиіс нәрсе – оның билікке келуіне Ресей әскері ҰҚШҰ арқылы қолдау көрсеткені, Ресей оған қиын сәтте көмек көрсетті, сол себепті ол Ресейдің алдында осал.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯ РЕСЕЙМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫ ҮЗБЕЙДІ"

Азаттық: Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан өз азаматтарына Украинадағы соғысқа қатыспауды ескертті. Қырғызстан жақында ҰҚШҰ жаттығуына қатысудан бас тартты. Орталық Азия елдері Ресейден алшақтап жатқанын немесе сақтық танытып отырғанын айқындайтын белгілерді көріп тұрсыз ба?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Әрине. Біріншіден, меніңше, Ресей кезінде құру үшін үшін едәуір тер төккен ҰҚШҰ ыдырап жатыр. Мұны Әзербайжан мен Армения арасындағы оқиға кезінде көрдік. Тіпті Арменияда көпшілік ҰҚШҰ немесе Ресей жанжалға араласудан бас тартқандықтан, ҰҚШҰ-дан шығуға үндеп жатыр. Армения Ресейдің жақын одақтасы. Бұл ұйымға кіретін елдердің көпшілігі бұл әскери блок қаншалықты қажет, одан пайда бар ма деген сұрақ қойып жатыр. Егер әскери одақ әлсіз, ал экономикалық одақ ыдырай бастаса, онда бұл Ресейдің аймақтағы рөлі мен елдердің стимулы туралы көп жайттан хабар береді.

Ресей Украинаға басып кірген соң Орталық Азияның экономика ахуалын бақылаған қызық. Бастапқыда мұның Орталық Азия экономикасына салдары ауыр болады деп болжадым, бірақ қателесіппін. Бір жағынан азық-түлік қымбаттады, инфляция өсті. Бұл соғыстың тікелей салдары екені түсінікті. Алайда, екінші жағынан Орталық Азияға үлкен инвестициялар келіп жатқанын көріп отырмыз. Себебі жұрт Ресейден инвестицияларын шығарып жатыр. Тіпті Ресейдің өзі де Орталық Азияға бұрынғыға қарағанда көбірек инвестиция құйып жатыр. Еуропа қайта құру және даму банкінің мәліметіне қарағанда, Қырғызстанға аударылған ақша көлемі биыл 11 пайызға өскен. Биыл соғыстың әсерінен Орталық Азияның экономикасына инвестициялар артады деген болжам бар. Сондықтан аймақ елдеріне мүлде күтпеген жерден соғыстың пайдасы тиюі мүмкін. Бірақ ішкі жалпы өнім мен инвестициялардың өсімімен қатар жұртқа ауыр соғып жатқан қымбатшылық пен жоғары инфляция бар. Бұл ресурстар әділетсіз бөлінетінін көрсетеді. Егер Тоқаевтың орнында болсам, соғыстың экономикалық салдарынан халық зардап шекпейтін жолдарды іздер едім. Меніңше, бұл орыс тілін дамыту орталығын ашқаннан гөрі маңызды.

Азаттық: Тоқаев Ресейдегі "ішінара" мобилизациядан қашқан ресейліктерді Қазақстан қабылдап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Батыс басылымдары бұл Қазақстан – Ресей қарым-қатынасына әсер етеді деп жазды. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Бұл да Қазақстанның Ресейден алшақтап жатқанын көрсетті деп ойлаймын. Ол бұл адамдарды қайтармайтынын, шекараны жаппайтынын, ол адамдарды қабылдап, адамгершілікпен қарайтынын айтты. Қазақстан үшін бұл Орталық Азиядан келген мигранттарға Ресейде қалай қарайтынын еске салудың бір жолы. Қазақстаннан Ресейге көп еңбек мигранты бармайды, есесіне аймақтағы басқа елдерден көп мигрант барады. Financial Times басылымындағы мақалада Алматыдағы бір әйел ресейліктердің қоныстануына көмектескенін, бірақ Ресейде өзіне ешкім олай қарайласпағанын, оң қабақ танытпағанын айтқан. Яғни Орталық Азия ресейліктерге дұрыс қарамай, оларды дұрыс қабылдамаса, бұл мәселенің шешімі бола ма? Жоқ, олай болмайды деп ойлаймын. Ресейліктердің келуінен пайда тауып жатқандар бар. Ең алдымен ол сол елдердің үкіметтері дер едім. Жазда Өзбекстанда болдым, үкімет Ресейден қашқандарды елге инвестиция құюға ынталандырып, арнайы орталықтар ашқан. Бірақ белгілі бір шектеу де жоқ емес. Мысалы, Өзбекстан "елге жай ғана келуге болмайды, егер келсең қалуың керек" дейді. Банк қызметін пайдалану үшін де шектеу бар. Банкте есепшот ашу үшін 15 күн ел аумағында болуың керек. Яғни бұл жай ғана келіп-кететін жер емес, елді тек ақшаны аударып, қайта алып шығу үшін пайдалануға болмайды. Елге келдің бе, бұл ұзақ мерзімде бізге де пайдасын тигізуі керек дегенді меңзейді.

Азаттық: Бұған дейін жыл басында Орталық Азия – Қытай форматында жиын өткен. Енді Астанада Орталық Азия – Ресей саммиті өтпек. Путин бұл жерде нені көздейді?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Ол өзі құрған одақтар, бұрынғы совет кеңістігі әлі де бар, мықты, берік және біртұтас екенін көрсеткісі келеді. Бірақ ол оны қаншалықты көрсете алатыны белгісіз, өйткені әлгінде айтқанымдай, ҰҚШҰ мен Еуразия экономика одағының ыдырай ма деген күмән бар. Украинадағы соғысты есепке алсақ, Путиннің Ресейде аудиториясы бар. Оның пропагандасы орысша сөйлейтін халықты ұлтшылдық пен фашизм құрбандары етіп көрсетуге бағытталды. Осылайша ол Орталық Азия өзін қолдайтынын көрсеткісі келеді. Бірақ шын мәнінде олай емес екенін білеміз.

Ресей президенті Владимир Путин Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінде. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінде. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Қазақстан қашанда да Ресеймен экономикалық қарым-қатынаста бола береді, ол еш уақытта үзілмейді. Бұл Путинге ғана барып тірелмейді, бұл оған ғана байланысты нәрсе емес.

Аймақ елдері өзін қолдайтынын көрсеткісі келген Путин мемлекеттер жетекшілерімен суретке түседі. Путин бұл жиында агрессияға толы мәлімдеме жасамаса, аймақ елдері оның жеке өзінен алшақтамайды. Себебі экономикаға төнетін қауіп көп. Ресейдің оларға ықпал ете алатын тетіктері бар. Дегенмен екіжақты қарым-қатынас өзгерді, Орталық Азия Ресейге қарсы тұра алатындай күші мен қабілеті барын түсінді.

ЕРДОҒАН ТҮРКИЯНЫҢ АЙМАҚТАҒЫ ЫҚПАЛЫН КҮШЕЙТЕ АЛА МА?

Азаттық: Түркия президенті Ердоған Путинмен кездесті. Бірақ Ердоған бұдан басқа Орталық Азиямен қарым-қатынасын күшейту тәрізді мақсат көздейді деген пікір айтылды. Ресей Украинадағы соғыспен әуре болып, ықпалы азайып жатқан тұста Түркия аймақта ықпалын күшейтуге тырысып жатыр деген пікір бар. Сіз осыны айқындайтын белгілерді байқадыңыз ба?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Ердоған Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайтқысы келеді. Ердоғанның қолын байлайтын нәрсе – Түркиядағы ауыр экономикалық ахуал. Түркияда инфляция өте жоғары, Ердоған Ресей басқыншылығына да алаңдайды. Ол аймақтағы Ресей ықпалын теңестіріп, Орталық Азияда ықпалды ойыншы болғысы келеді. Ол Түркі елдері одағын құрды. Орталық Азиядағы көп жұрт мұны қуана қабылдады. Осыдан бес жыл бұрын ғана мұны талқылау мүмкін емес еді. Ол уақытта Өзбекстанның Түркиямен қарым-қатынасы нашар болатын. Өзбекстандағы өзгерістер Түркияға осы бастамаға қайта оралуға мүмкіндік берді. Түркия Орталық Азиядағы елдермен визасыз режим енгізген, бұл қарым-қатынасты, алыс-берісті күшейтті. Бірақ Түркия Орталық Азияда дәл Ресей тәрізді ықпалға ие бола алмайды. Түркияның аймақ елдерін Ресеймен байланыстыратын тарихи байланыстары, совет мұрасы жоқ. Әрі Өзбекстан қаламаса Түркиямен байланысты үзіп, қаласа қайта жолға қояды. Әлбетте, Ердоған Түркияның аймақтағы державаға, ұлы державаға айналғанын қалайды. Бірақ Түркияның мүмкіндігі шектеулі деп ойлаймын. Ол Ресей ықпалына қарсы тұра алмайды. Ресейдің Орталық Азияда екі әскери базасы бар. Түркияның ондай потенциалы жоқ.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитіне қатысуға Астанаға келген Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі. Қазақстан, 13 қазан 2022 жыл.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитіне қатысуға Астанаға келген Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі. Қазақстан, 13 қазан 2022 жыл.

Азаттық: Қыркүйекте Қазақстанға Си Цзиньпин келіп кетті. Енді Путин келіп отыр. Жақында Еуропа одағы президенті Шарль Мишель келмек. Орталық Азия мен Қазақстан маңызды аймақ деуге бола ма? Қай тұрғыдан және неге?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Орталық Азияның маңызы артып жатыр. АҚШ Ауғанстаннан кеткеннен кейін көпшілік АҚШ позициясына қарап Орталық Азия ұмыт қалды деп топшылады. Бірақ АҚШ пен Еуроодақ маңызды рөл атқара алады. Меніңше, Ресей мен Қытайдың ықпалын теңестіру үшін аймақта АҚШ-тың белсенді рөліне сұраныс пайда болды. Орталық Азия елдері аймақтағы ықпал үшін тек Қытай мен Ресейдің бәсекелес болғанын қаламайды. Өйткені тек екі ойыншы ғана ықпал үшін таласатын ойын жақсы бола алмайды. Осыдан жүз жыл бұрын аймақ елдері шешімді өз бетінше қабылдап, өз бетінше таңдау жасай алмады. Қазіргі жағдайдың айырмасы сол, Орталық Азия елдерінің Ресей мен Қытайға ықпал ете алатын көптеген тетігі бар. Самарқанда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының жиынында Қытай Орталық Азияға үлкен инвестиция құюға уәде етті. Аймақ елдері бұл оларға тиімді екенін түсініп, осы бәсекелестіктен пайда тапқысы келеді. Сондықтан Еуроодақ пен АҚШ-тың аймақтағы басқа ойыншылар тобына қосылуы Орталық Азияға тиімді. АҚШ пен Еуроодақ осының бел ортасында маңызды рөлге ие бола алатынын түсінеді. Меніңше, АҚШ Ауғанстаннан кеткеннен кейін Вашингтон аймақтағы сенімнен айырылды. Еуроодақ негізінен адам құқықтары мәселесіне мән берді. Бірақ Орталық Азияның бұл ойыншыларға сұранысы бар.

Азаттық: Қазақстанда Ресей Украинадан кейін елді нысанаға алуы мүмкін деген қауіп айтылып жатады (әлбетте, билік пен саяси элита деңгейінде емес). Қазақстан сол себепті көпвекторлы саясатты жалғастырып, ірі державалармен қарым-қатынасты күшейтуге тырысып жатқандай. Путин кезіндегі Ресей барынша оқшауда қалғанын ескерсек, мұндай баланс ұстау амалы болашақта қаншалықты сәтті болуы мүмкін?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Шын мәнінде, Орталық Азияға қазіргі уақытта әрекет ету оңай емес. Бірақ Қазақстан мен Өзбекстан өз риторикасында Ресейге қарсы тұра алғанына таңғалдым. Өзбекстан президенті [Шавкат] Мирзияев қыркүйекте саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Ресей империализмі туралы қатаң мәлімдеме жасады. Ол еш уақытта ондай сөз айтпаған. Бұған қоғамдық пікір ықпал етті деп ойлаймын, Орталық Азияда Ресей бұрын қолдауға ие болса, қазір жағдай өзгерді. Бірақ экономикалық қарым-қатынас терең. Сондықтан аймақ жетекшілері қарым-қатынас пен инвестицияларды сақтап қалуға тырысып, баланс ұстауға амалдап жатыр. Ресей қаласа аймақ елдерінің экономикаларына үлкен соққы жасай алады. Алайда Ресейдің өзі оған бара алмайтынын түсініп отыр. Себебі ондай жағдайда ол одан бетер оқшауланып қалмақ, Ресейге көршілер қажет. Меніңше, бұл ретте Орталық Азия басшыларының өзіне сенімділігі мен түрлі амал тауып кететінін көріп отырмыз.

Азаттық: Ресей мен Путиннің қандай жағдайда қалғанын ескерсек, Қазақстан қаншалықты баланс ұстап тұра алады?

Дженнифер Брик Муртазашвили: Қазақстан балансты жақсы ұстап тұр, меніше. Елге кім келіп кеткенін қараңыз. Си Цзиньпиннің COVID пандемиясы басталғалы бері алғашқы сапарын Қазақстанға жасап, елдің маңызды екенін көрсетті. Енді Путин келіп, аймақтың маңызды екенін аңғартты. Сондықтан Қазақстан маңызды аймақ деп қарастырылады және елде енді бұрын болмаған таңдау бар.

Ресей ықпалы айтарлықтай азайғанын көріп отырмыз. Дегенмен Ресеймен қарым-қатынас біржолата жойылмайды. Өйткені экономикаға төнетін қауіп көп. Ресей оқшауда қалғандықтан, қарым-қатынасты үзгісі келмейді. Бірақ ол ондай жағдайда Қазақстанды қарым-қатынас ұстануға ынталандыруы керек. Былтырғы жылмен салыстырғанда қазір Қазақстанның Ресейге ықпал ете алатын тетігі көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG