Accessibility links

АҚШ пен Орталық Азияның жаңа саясаты


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Бішкек, 31 қазан 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри. Бішкек, 31 қазан 2015 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Орталық Азияның бес елін аралап жүр. Вашингтонның аймақ елдерімен жаңаша қатынасы қалай өрбімек?

Қарашаның 1-і күні Өзбекстанның Самарқан қаласында Орталық Азиядағы бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлері және АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің қатысуымен кездесу өтті.

Ресми ақпаратта Самарқандағы кездесуде аймақ мәселелері, соның ішінде Ауғанстандағы жағдай талқыланатыны хабарланған. Бұл шара АҚШ-тың Орталық Азия аймағы елдерімен бірге бастайтын «С5+1» атты жаңа форматтағы диалогы болмақ.

АЙМАҚҚА САПАР

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Орталық Азия елдеріне сапарын сенбі күні Қырғызстаннан бастаған. Бішкекте ол Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен, сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Эрлан Абдылдаевпен кездесті.

Қарашаның екісіне дейін ол осы аймақтағы өзге төрт елді де аралап шығады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриді Бішкек әуежайында қарсы алу. 31 қазан 2015 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриді Бішкек әуежайында қарсы алу. 31 қазан 2015 жыл.

Мемлекеттік хатшы міндетін атқарған екі жарым жылдан астам уақыт ішінде Керри бұл аймаққа алғаш рет сапар жасап отыр. Ал АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен бастағалы отырған жаңа қарым-қатынасын Ауғанстан оқиғасынан кейінгі байланыс деп атауға да болады.

АҚШ 2016 жылдың соңына дейін Ауғанстанда әскерінің бір бөлігін ұстап тұрса да, бұдан былай ол Орталық Азия мемлекеттерінің көңілін аулауға мұқтаж емес. Қырғызстандағы Манас базасы жабылып қалған, Тәжікстан астанасы Душанбенің шетіндегі НАТО базасы да жабық.

Еуропадан Ресей және Орталық Азия арқылы Ауғанстанға теміржолмен және жолмен азық-түлік тасыған «Солтүстік тарату желісі» (NDN) өткен жылы қызметін тоқтатты.

ЖАҢАША ҰСТАНЫМ

Демек, аймаққа осы сапары кезінде Джон Керри соңғы 15 жылдық кезеңде АҚШ мемлекеттік хатшылары арасындағы өз күшіне нық сенімдісі болмақ. Бұл жолы Құрама Штаттар Орталық Азияға шынымен де мұқтаж емес.

Ал сыртқы саясаты тепе-теңдікті ұстап тұруға негізделген Орталық Азия елдері АҚШ көмегін қажетсінуі мүмкін. Еуразия құрлығының бұл аймағында сыртқы ойыншылар аз емес, бірақ солардың негізгі үшеуі: Ресей, Қытай және АҚШ.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джонн Кери (сол жақта) Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен бірге.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джонн Кери (сол жақта) Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен бірге.

Егер Американы дос әрі әріптес санатынан жоғалтаса, Орталық Азия Ресей және Қытаймен қалады. Бұлар көрші мемлекет болғандықтан жағдай адам қызығатындай болмауы да мүмкін. Егер ол екеуінің бірі немесе екеуі бірлесіп аяқ астынан Орталық Азияға қысым жасауды ұйғарса, аймақтағы елдер арасынан оған төтеп бере қоятыны кемде-кем, олар сырттан басқа бір ықпалды күшті қажетсінеді.

Тағы бір есте ұстарлық жайт, АҚШ-тың Ауғанстанға барғанын әркім өзінше бағаласа да, 2001 жылдың соңынан бастап АҚШ әскери күштері Ауғанстанда болған кезде Орталық Азия елдері қауіпсіздік тұрғысынан ұтқаны анық. АҚШ тіпті оларға әуежайларын қолдануға бергені үшін аймақтағы әр елге ақша да төледі және бұл елдер өз аумағы арқылы тауар тасымалдағаны үшін де тиісті ақысын алды.

СЫЛТАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

Бұл сапарында мемлекеттік хатшы АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы жаңа қарым-қатынастарды талқылау үшін келіп отыр. Сапар кезінде оның аймақ елдерінің билік өкілдеріне қолайсыз тақырыптарды айналып өтіп, сынамай кетуіне себеп жоқ деуге болады.

Орталық Азия елдеріне сапары қарсаңында Джон Керриді бірқатар халықаралық ұйымдар мен АҚШ-тың кейбір саясаткерлері аймақтағы үкіметтерге сол елдердегі бұзылып отырған адам құқықтарының жағдайын ашық айтуға шақырған.

Алматылық суретші Николай Веревочкиннің БАҚ бостандығы туралы салған карикатурасы. (Көрнекі сурет)
Алматылық суретші Николай Веревочкиннің БАҚ бостандығы туралы салған карикатурасы. (Көрнекі сурет)

Бұрын Орталық Азия елдері басшылары өз ойындарын жүргізе алатын, себебі АҚШ оларға тәуелді еді.

АҚШ үшін қазір 1990 жылдардағыдай, өз идеалдары мен құндылықтарын бөлісетін немесе ең болмағанда бөлісуге тырысатын Орталық Азиядағы әріптес елдермен дос және одақтас болуға көбірек назар бөліп, сол кездегі саясатқа қайта оралуға қолайлы сәт туып тұр.

Ал Орталық Азия елдеріне бұдан былай «біз демократияға өз салт-дәстүріміз бен тарихымызды ескере отырып жылжимыз» деген сылтауды көлденең тартудың мәні қалған жоқ. Оған мысал ретінде, демократиялық қоғам орнату тәжірибесі Орталық Азия елдерінен көп деуге келмейтін Моңғолияның бұл істе қол жеткізген табысын атауға болады.

XS
SM
MD
LG