Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жанжал болған елді мекендерге кіреберісте полицейлер күзетіп тұр. Олар кейбір көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп жатыр. Ауылдарда арнайы жасақ өкілдері жүр. Елді мекенге апаратын жолдарға блокпостар қойылған.
Гейсар есімді Масанчи тұрғыны 9 ақпанда күндіз Азаттық тілшісіне ауылдағы дүкендердің басым бөлігі өртеніп кеткендіктен шамамен 50 шақырым жердегі Қордайдан азық-түлік сатып алып жүргенін айтты. Көрші ауылдарда да дәл осыған ұқсас жағдай орнаған. Мұндағы дүкен иелерінің бірі Азаттық тілшісіне "Масанчи ауылындағы көтерме сауда дүкендерінің бәрі өртеніп кеткендіктен күріш, құмшекер, су май сияқты азық-түлік түрлерін Қордайдан сатып алып жатқанын" айтты.
9 ақпанда Сортөбе мен Масанчи ауылында жанжалдан қаза болған бірнеше азаматты жерледі. Қаза болғандардың туған-туыстары мен жергілікті тұрғындар биліктен кінәлілерді тауып, жазаға тартуды сұрады.
Масанчиде үйлері өртеніп, баспанасыз қалған 1,5 мың тұрғын балабақша мен мешіттерге уақытша орналастырылған. Билік олардың үйлерін қалпына келтіруге көмектесетінін айтты.
Үкімет 9 ақпанда жанжалдан кейін Қырғызстанға қашқан Қазақстан азаматтары елге орала бастады деп хабарлады. Бірақ нақты санын айтқан жоқ. Қырғызстанның шекара қызметі 9 ақпан таңертеңгі сағат 10.00-дегі жағдай бойынша, Қырғызстаннан мыңнан астам адам Қазақстанға өткенін хабарлады.
Премьер-министрдің сайты балаларын жетектеп кеден бекетінен өтіп жатқан отбасылардың суретін жариялады. Ондағы дерекке сәйкес, Ауқатты пунктінде Қазақстан жаққа өту үшін адамдар кезекке тұрған. Олардың басым бөлігі - әйелдер мен балалар.
Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өткізу пунктінде тұрғандарды "арандатуға ермеуге" шақырып, қираған үйлердің қалпына келетінін, отбасыларға көмек берілетінін айтқан.
"Қазір біздің мамандар жұмыс істеп жатыр, зардап көлемін есептеп жатыр. Қырғызстандағы туыстарының үйлерінде тұрып жатқан жақындарыңызға жеткізіңіздер - үйлеріне қайтсын" деді ол.
Сапарбаевтың айтуынша, қазір ауданда жағдай тұрақтанған. Түн тыныш өткен. Сайттың жазуынша, Қазақстанға оралып жатқан азаматтарды бекетте жеңілдетілген тәртіпте өткізіп жатыр.
Қордайдағы жанжалдан кейін 8 ақпанда кейбір дерек бойынша кемінде 4500 адам Қазақстаннан Қырғызстанға қарай өткені хабарланған еді. Қырғызстанда өткізу пунктіне жақын аумақта туыстарын күткен азаматтар шекараны кесіп өткен адамдарға қажетті көмек көрсетіп, ыстық тамақ та әзірлегенін Азаттық жазған.
Видео: Қордайдағы жанжалдан соң жүздеген адам Қырғызстанға қашты (8 ақпан 2020 жыл).
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданында тұрғындар арасында жанжал болып, 10 адам қаза болған, 40-тан астам адам жарақаттанған. Полиция жанжалға байланысты "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.
9 ақпан күнгі дерек бойынша, Қазақстан ауруханасында 39 адам жатыр. Олардың 8-і - реанимация бөлімінде. Қырғызстан ауруханасына 13 адам түскен, олардың бесеуі санавиация көмегімен жексенбі күні Алматыдағы ауруханаларға жеткізілді.
Қордай ауданында болған бұл оқиға – Жамбыл облысында соңғы жылдары болған ең ірі жанжал. Этникалық қазақтардың этникалық дүнгендермен жанжалдасуына не себеп болғаны нақты белгісіз. Азаттық тілшісі сөйлескен кейбір адамдардың сөзінше, қазақтар мен дүнгендер арасында біраз уақыттан бері түсініспеушілік болған.
9 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің салғырттығы кесірінен арандатушылар қантөгіс жасады, олар жазаланады деді. Ішкі істер министрлігі оқиғаға байланысты нақты қанша адам ұсталғанын айтпай отыр.
Басында 47 адам ұсталды деп хабарланған еді, бірақ кейіннен олардың одан да көп екені анықталып, босатылған еді.
- Қазір нақты қанша адам ұсталғанын айта алмаймын, себебі оқиға орнында тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оған министр орынбасары, бас прокурордың бірінші орынбасары жетекшілік етеді. Олар бүгін нақты қанша адам ұсталды, не тәркіленгенін айта алады деп ойлаймын, - деді ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди 9 ақпан күнгі брифингте.
Оның айтуынша, екі аңшылық мылтық, бір пистолет, 54 жанғыш зат бар бөтелке тәркіленген. Ұсталғандарға байланысты бұлтартпас шара үш күн ішінде қолданылады.
- Біз тек бір адамның айтқанына ғана сүйене алмаймыз. Бірнеше ауылда жанжал болған. Жанжалға қатысқандардың бәрінен сұрап шығуға тиіспіз. Фактілер қорын құрастырып, баға беріп, сараптауымыз керек. Содан кейін ғана әрбір адамның осы жанжалдағы рөлін анықтай аламыз, - деді Калайчиди.
Ішкі істер министрлігі "жұртты арандатқан" хабарлама таратқан адамдарды да анықтағанын хабарлады. Олардың айтуынша, соның кесірінен жастар тәртіпсіздікке шыққан. Министрлік олардың санын айтпады.
Видео: Төбелес болған Қордайдағы ахуал (8 ақпан 2020 жыл).
ПІКІРЛЕР