Наурыздың 27-cінде Атырау облыстық апелляциялық соты бұған дейінгі қалалық әкімшілік соттың "Saipem S.p.A компаниясын әкімшілік құқық бұзушылық жауапкершілігінен босатып, мемлекеттік еңбек инспекторы Сырбай Жанесеновті тәртіптік жазаға тарту туралы" шешімін бұзды. Сот шешімі бірден заңды күшіне енді.
Апелляциялық соттың бұл шешімінен кейін енді Saipem S.p.A компаниясы өзінің бұрынғы мұнайшысы, мекемеде ұзақ жыл жұмыс істеп кәсіби ауруға шалдыққан Бекарыс Тұрсынғалиевке тиісті өтемақыны төлейтін болады. Бұған қоса сот Saipem компаниясына мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысын орындамағаны үшін 500 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл да салды.
Ауыр заттарды көтеретініміз өз алдына, траншеяларда еңкейіп күні бойы жұмыс істеу белден бел қалдырмайды
Бекарыс Тұрсынғалиевтің мамандығы – бірінші санатты бұрғышы көмекшісі. Өзінің айтуынша, бұл – мұнай саласындағы ең ауыр жұмыстардың бірі.
- Ауыр заттарды көтеретініміз өз алдына, траншеяларда еңкейіп күні бойы жұмыс істеу белден бел қалдырмайды, - деп еске алады ол.
Тұрсынғалиев Saipem компаниясында 2005 жылдан бері еңбек еткен. Содан бері құрлықта да, теңіздегі Қашағандағы жасанды Д аралында да мұнай өндіретін бұрғылармен жұмыс істеген. Ол 2013 жылы кезекті медициналық комиссиядан денсаулығына байланысты өте алмаған соң жұмыстан шығарылған. Бекарыс Тұрсынғалиев содан бері денсаулығына ауыр жұмыс кері әсер еткенін дәлелдеуге тырысып келген.
20 ЖӘНЕ 80 ПАЙЫЗ КІНӘ
48 жастағы Бекарыс Тұрсынғалиев 2009 жылдан бастап алдымен құлағы дұрыс естімей, кейін аяқтары бастырмай ауыра бастаған. Оның сөзінше, бұл туралы жыл сайынғы медициналық тексеріс кезінде айтқанымен ешкім елемеген.
- 2009 жылы тұрғылықты жерімде компьютерлік томография жасаттым. "Ештеме жоқ, тек остехондроз" деген соң мән бермедім. 2012 жылы мекеменің дәрігерлік орталығына белімнің ауыратыны туралы айттым, бірақ ешкім менде сегіз омыртқамда бірдей грыжа бар екенін білмеді. Ал 2013 жылы мені "денсаулығыңа байланысты бұрғылау жұмысына жарамайсың" деп дәрігерлік тексеруден өткізбей, жұмыстан шығарды, - дейді ол.
Бекарыс Тұрсынғалиев өзінің бұл ауруға жұмыста жүріп шалдыққанын дәлелдеу үшін Қарағандыдағы Кәсіби аурулар мен еңбек гигиенасының ұлттық орталығы республикалық мемлекеттік коммуналдық мекемесіне барғанын айтады. Бұрынғы мұнайшының сөзінше, оған "ауыр заттарды көтеру мен тасудың, денені амалсыз бүгу мен өндірістік шудың салдарынан болған омыртқалар протрузиясы мен құлақтың саңыраулығы. Кәсіби ауру, алғашқы сатысы" деген диагноз қойған. Тұрсынғалиев Кәсіби аурулар мен еңбек гигиенасының ұлттық орталығының кәсіби ауру туралы бұл диагнозынан соң жұмыс беруші бұрынғы жазатайым оқиғасы актісін кәсіби ауру туралы актіге ауыстырып, "жұмысшының кінәсі – 0%, ал жұмыс берушінің кінәсі – 100%" деп көрсетуі тиіс деп санайды.
Бұрынғы мұнай жұмысшысы 2014 жылы бұл ресми дәрігерлік арнайы сараптамға қарамастан жұмыс берушінің өндірістегі жазатайым оқиға туралы Н-1 актісін толтырып, онда "жұмыс берушінің кінәсі – 20%, ал жұмысшының кінәсі – 80%" деп көрсеткенін айтады.
- Бұл жағдайды зерттеген комиссия мені "ауруын жасырды" деп айыптады. Менен түсініктеме алудың орнына, сұрақ-жауап хаттамасын толтырып, ондағы менің кейбір жауаптарымды бұрмалады. Жұмыс беруші тіпті санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің жұмыс орынымды "3.2 қауіпті санаты" деп бағалағанын да елеген жоқ, - дейді ол.
2013 жылдан бері облыстық прокуратура, президент әкімшілігі мен соттарға бірнеше мәрте арызданған ол тек 2017 жылы "Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының бұрынғы басшысы жемқорлықпен ұсталып кеткен соң барып" сотта жеңіп шыққанын айтады.
"МҰНАЙ-ГАЗ СЕКТОРЫ КӘСІБИ АУРУДЫ МОЙЫНДАМАУҒА МҮДДЕЛІ"
Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекторы Сырбай Жанесенов те жұмыс берушінің шешімімен келіспейді. Ол 2017 жылы қайта арызданған Бекарыс Тұрсынғалиевтің шағымына қатысты қайтара зерттеу жасап, Saipem компаниясы толтырған жазатайым оқиға туралы актінің қайта қаралуы тиістілігі туралы қорытынды шығарғанын айтады. Оның сөзінше, жұмыс беруішінің кінәсін дәлелдеу оңайға соқпаған.
- Біз жұмыс берушіге ресми түрде өндірістегі жазатайым оқиға мәселелерін зерттеу туралы қорытындыны жібердік. Алайда Saipem компаниясы келіспей, бізді бірнеше мәрте сотқа берді. Соңғы Атырау облыстық апелляциялық соты компанияның ісінің негізсіз екенін тағы да нақтылаған шешім шығарды, - дейді ол.
Сырбай Жанесеновтің айтуынша, жұмыс беруішінің Тұрсынғалиевті 80% кінәлi деп тануы мүлдем дұрыс емес. Себебі егер жазатайым оқиға болса, еңбек қауіпсіздігін сақтамаған жұмысшы ғана кінәлі деп танылуы мүмкін.
Бұл жерде тек жалғыз Saipem емес, жалпы мұнай-газ секторы кәсіби ауруды мойындамауға мүдделі. Ал өзінің құқығын ақыр соңына дейін қорғауға көп адам моральдық-психологиялық жағынан шыдай да бермейді.
- Бұл жерде тек жалғыз Saipem емес, жалпы мұнай-газ секторы кәсіби ауруды мойындамауға мүдделі. Ал өзінің құқығын ақыр соңына дейін қорғауға көп адам моральдық-психологиялық жағынан шыдай да бермейді. Бұрғылау саласында істейтіндердің көбі дәл осы аурумен ауырады. Олар денсаулығына келген зиянды компаниядан өндіріп ала алады, - дейді Сырбай Жанесенов.
Saipem заңгері Данияр Отаралиев Бекарыс Тұрсынғалиевтің денсаулығына қатысты 2014 жылы компанияда өткен тексеру бойынша жасалған актіні еңбек инспекторы талап еткен формаға сай кәсіби ауру ретінде қайта рәсімдеудің қажеті жоқ деп санайды.
- Актіде "кәсіби ауру" екені айтылған. Біз актіні қайта қарағанымызбен оны қайтадан жаза алмаймыз, себебі бұрынғы акт еңбек министрлігі белгілеген бұйрыққа сай толтырылған, - деді ол өзінің Атырау облыстық апелляциялық сотында сөйлеген сөзінде.
Компания заңгері Данияр Отаралиевтың айтуынша, республикалық гигиеналық орталық кәсіби ауру туралы диагнозда Тұрсынғалиевтің қауіпті еңбектегі өтілі 13 жыл деп көрсеткенімен, ол Saipem-де ресми түрде тек 7 жыл жұмыс істеген.
- Тұрсынғалиев Saipem-де бұрғы қондырғысында 4 жыл ғана жұмыс істеді. Ол бұған дейін де басқа мекемелерде, темір жол саласында ауыр жұмыстар істеген, бұрғышы көмекшісі болған. Оның кәсіби ауруын жасырғаны 2014 жылы сұрақ жауап алыну кезінде анықталған. Өйткені ол ауруын жасырмаса жұмысқа жіберілмейтін еді, - дейді ол.
Оқи отырыңыз: Мұнайшылар жалақының толық есептелмегеніне наразы
Мемлекеттік еңбек инспектор Сырбай Жанесенов Saipem компаниясы мұнайшыға тиісті өтемақысын бермеу үшін барлық шараларды қолданып бақты деп санайды.
- Сот шешімінен соң жұмыс беруші алдымен жазатайым оқиға актісін қайта толтырып, өзінің 100% кінәсін мойындауы тиіс. Одан соң Бекарыс Тұрсынғалиевке мүгедектігіне байланысты осы уақытқа дейінгі төленбеген өтемақыны жалақысының 50% мөлшерінде төлеуі және еңбек шартына сәйкес зейнатқы жасына дейін тиісті өтемақысын төлеп тұруы тиіс, - деп санайды еңбек инспекторы.
Бекарыс Тұрсынғалиевке құқықтық қолдау көрсеткен азаматтық белсенді Әсел Нұрғазиева жұмыс беруші әркетінің ешқандай заңға сәйкес еместігін айтады. Оның сөзінше, жұмыс беруші және сақтандыру компаниялары егер өндірістегі жарақат немесе кәсіби ауру дәлелденіп шықса, төленуі тиіс қомақты өтемақыдан қашады.
- Мұндай жағдайларда жұмыс беруші компания мен сақтандыру компаниясы зардап шегушіге өмірлік жәрдемақы төлеп тұруға мәжбүр. Ол қай компанияға ұнайды дейсіз? - дейді ол.
Данияр Отаралиев 2017 жылға дейінгі сот процестерін көлденең тартып, Saipem-нің әрекеті дұрыс, жұмысшының кінәсі 80% екені нақтыланған деген уәжінен танбайды.
- Біз соңғы апелляциялық сот шешіміне шағымданамыз. Ал Тұрсынғалиевтің 80% кінәлі екендігіне келісуді компания басшылығы шешеді. Еңбек инспекторының әрекеті дұрыс емес деп санаймыз, себебі 2014 жылы толтырылған жазатайым оқиға актісін сот кері қайтарған жоқ, - дейді ол.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы республика бойынша кәсіпорындар мен ұйымдарда жазатайым оқиға салдарынан 1678 адам зардап шегіп, оның 244-і жұмыс үстінде қаза тапқан. Ал Атырау облысында былтыр 79 адам жараланып, 12-сі қайтыс болған. Алайда құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева бұл цифрлармен келіспейді.
- Аса ірі өндіріс ошақтары көптеп орналасқан аймақтағы өндірістегі қайғылы жағдайлар мен зардап шеккендер саны одан әлде қайда көп болуы мүмкін. Бірақ ол деректер жария етілмейді, - дейді заңгер.