Accessibility links

Қытайға қарсы наразылықтың түп-тамыры және Орталық Азиядағы "дефолт қаупі"


Ақтөбедегі Қытай экспансиясына қарсы наразылық шарасы. 3 қыркүйек 2019 жыл.
Ақтөбедегі Қытай экспансиясына қарсы наразылық шарасы. 3 қыркүйек 2019 жыл.

Осы аптада батыс басылымдары Орталық Азиядағы Қытайға қарсы наразылықтың себептерін талдап, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көліктерінде адамды бет-жүзінен тану технологиясын енгізуге қатысты белсенділердің секемденуіне тоқталады және Қазақстандағы балалар семіздігі мәселесін қозғайды.

ҚЫТАЙҒА НАРАЗЫЛЫҚ НЕГЕ КҮШЕЙДІ?

Америкада шығатын Washington Post басылымы Орталық Азиядағы Қытайға қарсы наразылықтардың түп-төркінін талдаған. Мақала авторы, Вильсон орталығы жанындағы Қытай мен АҚШ мәселелері бойынша Киссинджер институтының зерттеушісі Брэдли Джардин Пекиннің Шыңжаңдағы аз ұлттарға, оның ішінде қазақтарға қатысты жүргізіп отырған саясатын, Қытайдың жерге қатысты ықтимал дауын, халық саны көп елден жұмыс күшінің ағылуы, Қытайдың жемқор үкіметтер басқаратын елдерге инвестиция салуда ашық әрекет етпеуі сияқты жайттарды аргумент ретінде келтіреді.

Мақаланың басты суреті ретінде Пекиннің Қытай тауарларын тасымалдау үшін Азия мен Еуропада логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған «Бір белдеу – бір жол» жобасының аясында Қазақстан астанасында салынып жатып тоқтап қалған жеңіл рельсті көлік жолы құрылысының суреті берілген. Нұр-Сұлтандағы дуалмен қоршалған құрылыс алаңы суретінің астына бұл жоба «елдегі жемқорлықтың кесірінен» тоқтап қалды делінген.

Нұр-Сұлтанда салынып жатып тоқтап қалған жеңіл рельсті көлік жолы құрылыс жобасы.
Нұр-Сұлтанда салынып жатып тоқтап қалған жеңіл рельсті көлік жолы құрылыс жобасы.

Мақалада Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыруда ғана емес, Пекиннің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қытайдың маңызды әріптесі делінеді. Дегенмен, Қытай басшылығының Шыңжаңдағы жергілікті этникалық топтарға қатысты жүргізіп отырған репрессиялық саясаты Қазақстан мен Қырғызстанда Қытайға қарсы наразылықтың өршуіне алып келді дейді автор. Оның жазуынша, Шыңжаңда ашылған «қайта тәрбиелеу лагерьлеріне» «Шыңжаңдағы екі миллионға жуық мұсылман қамалған, олардың арасында қазақтар мен қырғыздар бар».

Пекинде тұратын қазақ студенттері мақала авторына елдің солтүстік-батысында аз ұлт өкілдерін жаппай тұтқындаудан соң қалыптасқан үрейлі ахуал туралы айтып берген. Бірнеше студент тұтқынға түсіп қаламыз деп қорыққандықтан, Үрімшіде ұзақ аялдамайтындарын айтқан.

«Қытайдың ықпалы артып бара жатқандықтан, Пекин Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен арадағы ұнамсыз шекара келісім-шарттарын қайта қарауы мүмкін деп қобалжитын сарапшылар бар» деп жазады Washington Post.

Қазақстан үкіметінің мәліметі бойынша, 2014 жылы Қытайдың 32 азаматы 4750 гектар жерді жалға алған, бұл Қазақстанның жалпы жер көлемінің 0,0002 пайызы. 2016 жылы үкімет заңға өзгеріс енгізіп, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктердің жалға алуына рұқсат беру туралы ұсыныс тастағанда Қазақстанда наразылық бұрқ ете қалды. Сол митингілердің кесірінен үкімет заңға енгізбек болған өзгерістерге мораторий жариялады дейді автор.

2016 жылғы "жер митингілеріне" шолу:

"Жер митингілеріне" шолу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

Орталық Азиядағы ең шетін тақырыптардың бірі – Қытайға жер беру мәселесі делінген материалда.

«Совет одағы құлаған соң Орталық Азия мемлекеттері Қытаймен арада 900 шаршы километр болатын шекарадағы даулы жерлерді «мұраға» алды. 1990 жылдардың ішінде Қазақстан мен Қытай 2420 шаршы километр жер бойынша уағда жасасты. Қазақстан басшылығы бұдан «ештеңе жоғалтпадық, ештеңе алмадық» дегенімен, сыншылар әу баста Қазақстанға тиесілі болған жердің Қытайға өтіп кеткенін айтқан» деп жазады Washington Post.

Миграция көрсеткіші онша жоғары болмаса да, Қытайды сынаушылардың көбі ол жақтан мигранттар ағылып келуі мүмкін деп қауіп етеді. 1995-2014 жылдар аралығында этникалық қазақтарды көшіру бағдарламасы бойынша Қытайдан Қазақстанға 93 мыңдай адам көшіп келген. Солардың тек 80-і ғана хань ұлтының өкілі (Қытай тұрғындарының 92 пайызын құрайтын елдің негізгі ұлты), ал қалғаны этникалық қазақтар болған.

Қытайдан келетін инвестицияға қатысты ақпараттың ашық еместігі де ол елге сенімсіздікті күшейтіп отыр. «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысып жатқан 68 елдің 23-інің, соның ішінде Тәжікстан мен Қырғызстанның Қытайға қарызы өте көп.

«Қырғызстанның 4 миллиард доллар сыртқы қарызының жартысы Пекиннің алдындағы берешек, бұл елдің жылдық жалпы ішкі өнімі 7 миллиард доллар екенін ескерсек, бұл тым ауыр жүк. Энергетика саласындағы табыстың арқасында үлкен қарыз мәселесін шеше алатын Қазақстанмен салыстырғанда ресурстары шектеулі Қырғызстан мен Тәжікстанның мүмкіндігі аз, сондықтан оларға дефолт қаупі көп» делінген мақалада.

"Қытайға қарсы" наразылыққа қатысып тұрған белсенді. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.
"Қытайға қарсы" наразылыққа қатысып тұрған белсенді. Алматы, 4 қыркүйек 2019 жыл.

Бұған қоса, автор Орталық Азия елдердің Қытайдан алған несиені қалай жұмсап жатқанына да тоқталады. Тәжікстанда Қытайдан алған қарыздың басым бөлігі негізгі инфрақұрылымды – жолдар мен туннельдерді салуға жұмсалды, ал 230 миллион долларға тұрғызылған парламенттің жаңа ғимараты тек жергілікті элитаға ғана игілік әкелсе керек. Қытайдың алдындағы қарызды жабу үшін Тәжікстан ол елге өзінің алтын кен орнын берген. Тәжікстанның 2,9 миллиард доллар сыртқы қарызының жартысына жуығы Қытай алдындағы берешекті құрайды.

Әзірге Орталық Азия елдердің басшылары Қытайға деген наразылықты бақылауда ұстап отыр. Дегенмен, бұл қарсылық болашақта Пекиннің аймақтағы экономикалық саясатына елеулі қатер төндіруі ықтимал деп жазады сарапшы.

КІСІНІ БЕТ-ЖҮЗІНЕН ТАНУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ОҒАН РЕАКЦИЯ

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтында жарық көрген «Қазақстан кісіні бет-жүзінен тану технологиясын енгізді, азаматтық қоғам бұдан секем алады» деп аталған мақалада Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көлікте ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу жоспарына қатысты пікір айтылған. 15 қазанда қазақстандық IPay компаниясының директоры Алмас Айменов кісіні бет-жүзінен тану технологиясына негізделген FacePay жүйесі 5 пайызға ғана қателесетінін, соның арқасында жолаушылардың билет алмастан, қолма-қол ақша төлеместен төлем жасай алатынын айтты.

Face pay. Нұр-Сұлтан автобустарына Қытай камераларын орнатпақ:

Face pay. Нұр-Сұлтан автобустарына Қытай камераларын орнатпақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

«Алайда бұл идея саяси белсенділерді алаңдатып отыр. Адамдардың сыртқы бейнесіне қатысты жан-жақты ақпарат негізіндегі деректер базасы авторитарлық тұрғыда қадағалауға ұмтылып отырған мемлекетте қандай жағдай алып келетінін білмей алаңдап отырғандар үшін өте шетін мәселе» дейді автор.

Мақалада кісіні бет-жүзінен тану технологиясын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдағаны туралы айтылады. Жұрт алдында сөйлеген сөздерінің бірінде Тоқаев қыркүйекте Қытайға барған сапарында көргендерінің бірін баяндаған. «[Адамның суреті шыққан] экранға басып қалсаң, ол адамның институтты қашан бітіргені, бос уақытында қайда баратыны, қандай несиелері бар екені туралы және тағы барлық мәліметі шыға келеді. Біз де осы бағытта жылжуымыз керек» деді Тоқаев 8 қазанда IPay жүйесін енгізіп жатқан Нұр-Сұлтан қаласының басшыларымен кездесуде.

Тоқаев Қытайға барған сапарында арнайы барған интеллектуалдық камера саласына маманданған Hikvision компаниясы жақында Шыңжаңдағы аз ұлттардың құқығын бұзуға қатысқаны үшін АҚШ үкіметінің қара тізіміне ілінді.

АҚШ-тың "қара тізіміне" енген Қытай компаниясы және Қазақстан:

АҚШ-тың "қара тізіміне" енген Қытай компаниясы және Қазақстан
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:50 0:00

Қазақстан билігінің әрекетін сынаушылар «билетсіз жолаушыларды ұстау – биліктің жалғыз мақсаты емес» деп санайды және бақылау күшеюі мүмкін деп қауіп етеді.

«Адамдардың биометриялық мәліметтерін жинаудың ең оңай жолы қандай? Автобуста бет-жүзіңмен ақша төлесең болды!» деп жазды «Oyan, Qazaqstan» азаматтық қозғалысының мүшесі Әсем Жәпішева Facebook-тағы парақшасында.

Бұл жүйе «толығымен біздікі, тегіс Қазақстанда жасалған» дегенге маңыз беру арқылы Алмас Айменов мәліметтер базасында шетелдік компаниялар мен үкіметтер қол жеткізуі мүмкін-ау деген болжамдардың жолын кесуге тырысқан сияқты.

Huawei алпауыты мәлімет жинауы мүмкін деген үрейдің кесірінен Батыстағы бірнеше ел жергілікті телекоммуникация провайдерлерінің Қытай компаниясының технологиясын қолдануына тыйым салды. Алайда, үкіметтері мәліметтердің құпиялығынан гөрі қауіпсіздік мәселесіне көбірек көңіл бөлетін Орталық Азия елдерінде Huawei алдыңғы орындарда тұр. Душанбедегі бақылау жүйесін орнатуға арналған «Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыруға осы компания қатысып жатыр, ол сондай-ақ Өзбекстанмен де жүздеген миллион долларға келісім-шарт жасасқан.

Қазақстанда ерекше «ақылды қаланың» үлгісі – «Сергек» бақылау жүйесі жұмыс істейді. Оны жергілікті ІТ-компаниялардың консорциумы әзірледі делінеді. Дегенмен, Informburo ақпараттық сайтының жазуына қарағанда, «Сергекке» орнатылған құралдардың ең кем дегенде бір бөлігін АҚШ-тың санкциясына ұшыраған Қытайдың тағы бір компаниясы - Dahua Technology орнатқан деп жазады Eurasianet.org.

«​ӘРБІР БЕСІНШІ БАЛА СЕМІЗДІК ДЕРТІНЕ ШАЛДЫҚҚАН»​

Америкада шығатын Forbes журналы «Тойып тамақ ішпеу, семіздік және жасырын аштықпен күрес» атты мақалада БҰҰ-ның Балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің жаңа есебінен мәліметтер келтіреді. Құжатқа сенсек, кедейліктің, урбанизация, климат өзгеруінің және дұрыс тамақтанбаудың кесірінен көп бала зардап шегіп жатыр.

ЮНИСЕФ-тің «Балалар, азық-түлік және тамақтану: өзгермелі әлемде дені сау бала» атты есебінде: «Әлемдегі бес жасқа дейінгі балалардың үштен бірі (яғни 200 миллионға жуық адам) тойып тамақ ішпейді не семіздікпен ауырады, ал әрбір екінші бала қажетті витаминдер мен минералдардың жетпеуінен жасырын аштыққа ұшыраған» делінген. Есепте айтылғанындай, кедейлік ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қоғамның маргиналданған топтарындағы балалар тойып тамақ ішпейді.

Миллиондаған бала денсаулыққа зиян тамақ жейді деп жазады мақала авторы. Журналға берген сұхбатында ЮНИСЕФ балалар қорының атқарушы директоры Генриетта Фор «Балалар нашар тамақтанса, олардың өмір сапасы да нашар болады» деген.

Forbes журналында 10 жастағы қазақстандық баланың оқиғасы баяндалады. Фаст-фуд кафесінде екі гамбургер, картоп фри жеп, сүт коктейлін ішіп суретке түсіп отырған алматылық Ержан зиян тамақ туралы білетінін айтқан. «Мұндай өмір салты бауыр рагы сияқты ауруларға алып келуі мүмкін деп ойлаймын» деді Ержан журналистерге.

«1-ден 10-ға дейінгі шкаламен қарасақ, өзімнің тамақтану салтымды 5 деп бағалар едім. Гамбургер жеп, сүт коктейлі мен газдалған сусын ішуді тоқтатсам, рейтингім бұдан жоғары болар еді» дейді Ержан.

ЮНЕСЕФ-тің өз сайтында осы бала мен Қазақстандағы балалардың тамақтануы жайлы көбірек жазылған. Ержан мен оның анасы Шахида дұрыс тамақтанудың неге қиын екенін түсіндіреді. Жақын маңдағы сауда орталығының кез келгенінде бұл тамақтар самсап тұр дейді олар.

«Кішкене балалар арасында семіздік кең тараған Қазақстанда бұл – қалыпты жағдай. 5-19 жас аралығындағы балалардың шамамен бестен бірі артық салмаққа ие немесе семіз саналады» делінген ЮНИСЕФ мақаласында.

Бұл – тек Қазақстандағы мәселе емес. Еуропа мен Орталық Азияда кішкене балалар арасындағы семіздік күрт көбейіп барады. Орталық Азиядағы мектеп оқушыларының 60 пайызы күн сайын жеміс-жидек жемейді, ал әрбір үшінші бала күн сайын тәтті алкогольсіз сусын ішеді. Қазақстандағы тағы бір мәселе – балалар тәтті газды сусындардың, кондитерлік тағамдардың және майы, қанты мен тұзы көп тағамдардың жарнамасын көп көреді.

Сонымен бірге Қазақстан әлемдегі «тұзды ең көп тұтынатын елдердің қатарына кіреді». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жақында жарияланған есебіне сенсек, кәуәп немесе құрт сияқты дәстүрлі үй тағамдарының бір түйірінде тұздың бір тәуліктік нормасы болады деп жазады ЮНИСЕФ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG