"ҰЛЫМНЫҢ СЫНЫБЫНДА БАЛА САНЫ 40-ТАН АСҚАН"
Астаналық 40 жастағы Фарида Мұратова биыл жаңа оқу жылы басталғанда, әдеттегідей, қуана алмадым деп мұңайды. Ұлын 1 қыркүйекте қаладағы мектептердің біріне үшінші сыныпқа апарғанда кластағы бала саны күрт көбейгенін білген.
– Бала саны 40-тан асқан. Тамыздың аяғында мұғалім ұлымның сыныбына тағы алты оқушы қосылғанын ескерткен еді. 2-сыныпта 29 оқушы болған, алты бала келсе, 35 болады деп ойлап, "мақұл" деп келістік. Бірақ 1 қыркүйекте сыныпта 41 бала оқитынын, тағы алты бала жазылып қойғанын естігенде шошып кеттік, – дейді ол.
Фарида Мұратованың ұлы 3 "С" сыныбында оқиды. Бұл – алфавиттің 24-әрпі. Оның топшылауынша, мектепте жиырмаға жуық үшінші сынып бар.
– Балаларды сыныпқа бөлген кезде әр кластағы оқушы санын ескеру керек деп ойлаймын. Мысалы, 3 "П" сыныбында 33 бала бар. Жаңа оқушылардың құжатын қабылдағанда бала саны қай сыныпта аз, соған жіберуге болар еді. Бірақ өйтпеді, 41 оқушысы бар 3 "С" сыныбына тағы алты баланы жазып қойған. Ата-ана, бәлкім, нақты педагогты таңдаған болар, оны түсінем. Бірақ мектеп басшылығы түсініспеушілік болмас үшін осының бәрін реттеуі керек еді. "Бұл қалай?" деп шу шығардық, содан кейін ғана бірнеше оқушы басқа сыныпқа ауысты. Бірақ әлі күнге дейін сыныпта нақты қанша бала қалғанын білмеймін, – дейді ол.
Фарида ұлының сыныбына бірден 12 оқушы қосылғанда парта жетпей қалғанын, мектеп басшылығы мәселені парта әкелумен шешуге тырысқанын айтады. Бірақ көп парта кіргізген соң кабинет тарылған.
– Ата-аналар шағымданған соң мектеп басшылығы алдағы аптадан бастап біздің сыныпты кең кабинетке көшіріп жатыр. Оқушы санын азайтудың орнына осыны жөн көрген. Амал жоқ, көндік. Бірақ жаңа кабинет үшінші қабатта екен. 8-9 жасар баланың қозғалысын білесіз. Енді олар сабақ арасында биік баспалдақтан ары-бері жүруі керек. Өте қауіпті. Шынын айтсам, қазір баламның мектепке барып-қайтуы мен үшін мұң болды, – деп қынжылды Фарида.
Ал 34 жастағы Әсел Саухимова баласының қауіпсіздігімен қатар білім сапасына алаңдайды. Оның ұлы оқитын №71 мектеп-лицейде 6 "О" сыныбы бар.
– Былтыр екі балам да қаладағы №71 мектеп-лицейде оқыған. Қызымның сыныбында 36 оқушы болғандықтан, биыл жекеменшік мектепке ауыстырдым. Үйдің маңындағы төрт мектептің үшеуі – жекеменшік, біреуі ғана мемлекеттік. Биыл жекеменшік мектептің біріне бюджеттен ақша бөлініп, бастауыш сыныпқа тегін бала қабылдады. Сәті түсіп, қызым соған ілінді. Әйтпесе төлеп оқыту өте қымбат. Кем дегенде бір балаға айына 150-200 мың теңге кетеді. Ал ұлым бұрынғы мектебінде қалды. Ұлымның білім сапасына алаңдаймын. Шатаспасам, сыныбында 33 бала бар. Мектеп үш ауысымда оқиды. Ұлым үшінші ауысымда. Былтыр ең кеш дегенде үйге кешкі сағат 6-дан аса келетін, ал қазір 8-ге дейін оқиды. Меніңше, бала үшін бұл тым кеш. "Сабақ ауыр" деп баламды қосымша үйірмелерден шығарып алдым, – дейді Әсел.
"ЖЕКЕ МЕКТЕПТІҢ ЕҢ АРЗАНЫ – АЙЫНА 150 МЫҢ ТЕҢГЕ"
Фарида Мұратова да үйінің маңындағы жекеменшік мектептерді зерттеп көргенімен, "бағасы удай екенін көріп, басы айналып қалған".
– Ең арзаны айына 150 мың теңгеден басталады. Бұл – жай мектептің құны. Егер білім сапасы жақсы, белгілі бір бағытта тереңдетіп оқытатын мектепті іздесең, баға екі есе қымбат. Мәселен, үйімнің жанындағы жекеменшік мектепте оқу құны жылына 4 миллион теңге екен. Ондай ақшаны қайдан табамын? – деп күрсінді Фарида.
Астана әкімдігінің дерегі бойынша, биыл қаладағы 169 мектептің сегізі үш ауысыммен оқыса, 18 мектепте оқушы саны тиісті мөлшерден әлдеқайда асып кеткен.
Азаттық тілшісі үш ауысымда оқитын сегіз мектептің біріне – Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясына барды. Оқу орны қаланың құрылыс қарқын жүріп жатқан аумағында орналасқан.
Шамамен түскі екі кезі. Бұл уақытта екінші ауысымда оқитындар шығып, келесі ауысым оқушылары жиналып жатты. Мектеп ауласы ұл-қызын әкелген я күткен ата-анаға лық толы. Оқушылар негізгі кіреберістен бөлек, тағы екі есіктен кіріп-шығып жатыр.
Директор Гүлмира Жәрменова 1200 оқушыға есептелген №83 мектепте қазір 4676 бала оқып жатқанын айтты. Мектеп қызметкерлері оқушы саны күрт артқан тұста мәселені әупірімдеп шешуге тырысып жатыр.
– Оқушы саны тиісті мөлшерден төрт есе көп. Осыған байланысты ата-аналармен келісе отырып, кейбір сабақтарды сенбіге ауыстырдық. Бұл оқу процесін сәл де болса жеңілдетеді деп сенеміз. Бірінші ауысымда оқитындар таңғы сағат 8-де келіп, 11-ден аса кетеді. 11 жарымнан екіге дейін екінші ауысым оқиды, қалған сыныптар екіде кіріп, 18.45-ке дейін оқиды. Бірақ кабинет жетпеуіне байланысты екінші сынып оқушылары сағат үштен оқып жатыр. Олардың соңғы пәні жеті жарымда аяқталады, – дейді директор.
Бұл мектепте 145 сынып 63 кабинетте кезектесіп оқиды. Директор Жәрменова алдағы бірнеше айда тағы үш кабинет жасақтаймыз деп отыр.
– Үш кабинетті дәліздегі рекреация зоналарында (балалар үзілісте тынығатын орындар – ред.) жасақтаймыз. Үзіліс кезінде оқушылар тынығатын басқа алаңдар бар, сондықтан осындай шешімге келдік. Келесі жылы мектеп жанынан 1200 орындық жаңа ғимарат салынады. Сол кезде мектеп үш ауысымнан екі ауысымға көшеді. Ал оған дейін осылай амалдауға мәжбүрміз. Үш кабинет ашылса, онда алты сынып кезектесіп оқиды. Сөйтіп, сағат үште оқитындардың мәселесін толық шешеміз, – деп үміттенеді мектеп басшысы.
"500 БАЛА МЕКТЕП БІТІРСЕ, МЫҢ БАЛА БІРІНШІ СЫНЫПҚА КЕЛЕДІ"
Ал қалада 2018 жылы ашылған №85 мектеп-лицейі 1200 балаға есептелсе де, мұнда биыл 3140 оқушы оқып жатыр. Мектеп директоры Марал Қазиеваның сөзінше, 2018 жылдары бұл оқу орны ЭКСПО жақтағы жалғыз білім ордасы болған. Кейін ЭКСПО маңайында көп тұрғын үй салынып, аумақ өсіп-өнген сайын бала саны да артқан.
– Қазір бізде сегіз 1-класс бар. Әр сыныпта кемі 32-33 оқушы. Бала саны ең көп класта 38 адамнан отыр. Ол негізінен орыс сыныптары. Қазақ сыныптарында 30 баладан аспайды. Мектепке бас-көз болғалы бес жыл болды ғой. Бір байқағаным, жылына 500 оқушы кетсе, жаңа оқу жылында одан екі есе көп бала қабылдаймыз, – дейді директор.
Бұл мектепте де сынып саны кабинеттен екі есе көп. Бала санына қарай аумағы үлкендеу кабинеттерді 36-38 оқушысы бар сыныптарға берген. Азаттық тілшісі 38 бала оқитын осындай кабинеттің біріне кірді. Аядай бөлмеде екі мұғалімді қосқанда 40 адам отыр. Ауасы тар, бөлме іші ыстық болып көрінді.
Сабақ кестесін дұрыс ұйымдастырудың нәтижесінде мектепте кезектесіп оқу жағынан мәселе жоқ, бірақ үзіліс кезіндегі ахуал қиындау дейді директор Қазиева.
– Бала болған соң қозғалыс көп. Кабинеттен кабинетке жүгіреді, төменнен жоғары, жоғарыдан төменгі қабатқа түседі, асханаға асығады дегендей. Үзіліс кезіндегі қозғалысты реттеу үшін мектепішілік тәртіп енгіздік. Оған сәйкес, оқушылар оң жақтағы баспалдақпен көтеріліп, сол жақтағымен түседі. Сөйтіп 10-15 минуттық қоңырау кезінде ығы-жығы кептелістен сәл де болсын құтылдық. Мен үшін баланың қауіпсіздігі маңыздырақ, – деді директор.
Биыл оқу жылы басталғанда желіде мектеп дәлізінде балалардың кептеліп тұрғаны көрінетін видеолар тарады. Сондай жағдайдың бірі Әсел Саухимованың ұлы оқитын №71 мектепте болған.
– Жақында әлеуметтік желіде гардеробқа асыққан балалардың дәлізде иін тіресіп кептеліп тұрғаны көрінетін видео тарады ғой. Сол оқиға біздің мектепте болды. Ығы-жығы болғандар арасында ұлым да жүрген. Қатты шошыған. Қысылып қалғандар жылады деп келді. Баламның қауіпсіздігіне алаңдаймын, – дейді Әсел.
5 қыркүйекте №71 мектепте болған осы оқиғадан кейін оқу-ағарту министрлігі Астананың білім басқармасы жетекшілеріне сөгіс жариялап, мектептегі оқу-тәрбие жұмысын баса назар аударуды тапсырған.
Астана әкімдігі мектеп тапшылығы қаланың жаңа аудандары – Есіл мен Нұрада қатты байқалатынын мәлімдеген. Қос ауданда да құрылыс қызу. Бірақ салынып жатқан ғимараттар арасында бірді-екілі мектеп болмаса, қалғаны көп қабатты үйлер. Ондаған жыл құрылыс саласында істеген астаналық зейнеткер Фарид Ақбердиев қаланың бас жоспары өрескел бұзылып жатқанын айтады.
– Бұрын бізде құрылыс нормасы мен ережесі деген бар еді. Соған сай, әр кварталға бір мектеп, бір балабақша, бір емхана деген талап болған. Жобалаушы да, құрылысшы да соны бұлжытпай орындайтын. Ал қазір ше? Үкімет қаулысымен бекітілген қаланың бас жоспарының өзін, қажет десе, әкімдер ыңғайына қарай кесіп-піше салады. Бұған ешкім жауап бермейді, – дейді зейнеттегі құрылыс маманы.
Мектеп тапшылығы қызу талқыланып жатқан тұста бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазір мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 13 қыркүйекте осы көкейкесті мәселені шешуді көздейтін заң жобасы дайындалып, үкіметке жолданғанын мәлімдеді.
"Заң жобасында дайын мектебі, балабақшасы және әлеуметтік инфраструктурасы жоқ жерге көппәтерлі үйлер салуға рұқсат бермеу қарастырылған. Әкімдік көпқабатты үйлерді салуға рұқсат бергенде осындай анық жайттарды ескермеген" деді депутат журналистерге.
"МЕКТЕП ТАПШЫЛЫҒЫ МЕКТЕП САЛУМЕН ШЕШІЛМЕЙДІ"
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, қазір Астанада 259 мың оқушы бар. Ал оқу жылының алдында білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қалада 27 мыңдай оқушыға орын жетпейтінін мойындаған. Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен биыл қалада 11 мектеп ашылатынын, қыркүйекте төрт мектеп (бір мемлекеттік, екі жекеменшік, бір мектеп жанынан жаңа корпус) пайдалануға берілгенін айтқан. Әкімдік қаладағы мектеп тапшылығын жаңа мектеп салу арқылы "шешеміз" деп сендіреді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа жолдауында үкіметке "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын әзірлеп, жүзеге асыруды тапсырған. Осы бағдарлама аясында 2024-2025 жылдары Астанада 90 мың орындық 24 мектеп салынады деп жоспарланған.
Бірақ "QAZBILIM" орталығының негізін қалаушы, астаналық педагог Аятжан Ахметжанұлы білім басқармасының мектеп салу арқылы мәселені түбегейлі шешеміз деуі "сандырақ" дейді. Ол Астанадағы түйткілді жоюдың бірден-бір жолы өңірлерді дамыту деп біледі.
– Ойлап қараңызшы, Астанада жылына 20 мың бала туса, тағы 20 мың бала аймақтардан көшіп келеді. Сонда бір жылда кемі 40 мың баланы мектеппен қамту керек. Ал ол биліктің қолынан ешқашан келмейтін дүние. Сондықтан түйткілді шешудің ең оңай әрі тиімді жолы – өңірлерді дамыту. Яғни, Екібастұз немесе Атбасардың тұрғыны жақсы өмір іздеп, Астанаға ағылмауы керек. Тұрғылықты жерінде үйі, күйі болса, білім сапасы жоғары мектебі болса, ол мегаполисті қайтеді? Міне, үкімет осыны түсініп, осы бағытта жұмыс істесе деймін, – дейді ол.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, Астанада халық саны жыл сайын өсіп келеді. 2013 жылы қалада 778 мың адам тұрса, он жылдың ішінде екі есеге жуық көбейген. Қазір, ресми статистика бойынша, мұнда 1 млн 354 мың адам тұрады.
Астана халықаралық университетінің оқытушысы, әлеуметтанушы Айдар Хамит алдағы уақытта да Астана мен Алматы сынды ірі қалалардың халқы өсе береді деп топшылайды.
– Қазақстандағы ауылдардағы жұмыссыздық, инфрақұрылымдардың тозуы жұрттың жаппай қалаға көшуіне әкелді. Қазір халықтың Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполистерге ағылуы түсінікті. Адамдар жақсы өмір іздейді. Үлкен қалаларда білім, денсаулық сақтау жақсы дамыған. Ал өңірлерде сапалы білім мен сапалы медицина, жақсы жұмысқа қол жете бермейді. Сондықтан елде жаппай урбанизация алда да жалғаса береді, осыны ескеру керек, – дейді сарапшы.
ПІКІРЛЕР