БАЛА МЕН АҚША
Алматының Медеу ауданында тұратын Мирас (фамилиясын көрсетпеуді өтінді) биыл 6-сыныпқа барады. Осы жазда аздап нәпақа тапқысы келген ол ата-анасының рұқсатымен көршілердің автокөліктерін жуып жүр. Бизнесінен аздаған табыс табады.
– Құрдастарымның көбі автокөлік жуады, ал мен әкемнің машинасын жуудан бастадым. Әкем маған 200 теңге берді, сосын көршілермен келісті, олар әр көлікті жуғаныма 300 теңгеден төлейтін болды, - деді Мирас Азаттыққа сұхбатында.
Мирас кәсібіне еш арланбайды, ақша төлеген адамның көлігін ыждаһатпен жуады. Күніне 1 мыңнан 5 мың теңгеге дейін табыс табады. Жуатын заттарын өз ақшасына сатып алады. Тапқан ақшасына өзіне қажетті заттар – доп, сөмке, кроссовка сатып алады. Қалған ақшасын жинап, мектепке барар кезде керек-жарағына жұмсайды.
– Ата-анама осылай көмектесіп, бірінші қыркүйекке киім-кешегімді өзім аламын, - дейді 11 жастағы бала.
Нұржан Айдаров (аты-жөні өзгертілді) анасына жеміс-жидек сатуға көмектеседі, одан өзі де пайда көреді. 13 жасар бала күн сайын базардан көтерме бағамен тауар сатып алып, өздері жалдап отырған кішкентай дүкенге алып келеді. Басында сыныптастарынан ұялып жүрген ол кейіннен кәсібіне бойы үйренгенін айтады.
– Басында мамаммен ұрсысатынмын, кейін оны аяп кеттім де, көмектесе бастадым. Сағат алтыда тұрып, базарға барамын, такси жалдап, жеміс-жидекті дүңгіршекке алып келемін. Кейде мамамның орнына тұрып сауда жасаймын. Қыста көп ақша таба алмайсың, бұл – маусымдық жұмыс, - дейді Нұржан Айдаров.
Жас саудагердің айтуынша, анасы жәрдемдескені үшін оған күніне 2 мың теңге береді екен. Тапқан табысына ұялы телефон алған ол енді компьютерге ақша жинап жүр. Айына шамамен 60 мың теңгедей табыс табатынын айтады.
Алматыдағы ең ірі көтерме сауда базары – «Алтын Ордаға» Азаттық тілшісі барғанда оның директоры орнында жоқ болып шықты. Базар қызметкерлері басшыларының рұқсатынсыз сұхбат беруден бас тартып, сауда жасап жатқан балаларды суретке түсіруге де мұрсат бермеді. Базар әкімшілігі «сауда жасап жатқан бала жоқ» дейді, бірақ Азаттық тілшісі бұл жерде еңбек етіп жүрген балаларды көп мәрте көрген.
Қала маңындағы ауылдарға қатынайтын жекеменшік автобустардан да жұмыс істеп жүрген балалар жиі кездеседі. Шеберханаларда аяқкиім, ұялы телефон жөндеп отырған балалар да бар. Кейбір балалар көше сыпырып жүрген ата-аналарына көмектеседі.
ПСИХИКАҒА САЛМАҚ
Азаттық тілшісімен телефон арқылы сұхбаттасқан Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Әміртаева жаз мезгілінде балалар үшін олардың ата-аналары мен әкімшілік полиция жауапты болады деп түсіндірді. Дегенмен, білім басқармасы да жауапкершіліктен қашпайды және балалардың жазғы демалыста немен айналысып жүргенін қадағалап отыруға тырысады дейді шенеунік.
– Оқушылар туралы мәліметтер жинап, олардың қайда жүргенін қадағалап отырамыз. 15 жастан асқан балаға арнайы кестемен жұмыс істеуге болады, ал 15-ке толмағандарға жұмыс істеуге тыйым салынған, - деді білім басқармасының өкілі.
Бала ерте бастан ақшаға құнығады да, барлық шаруаны тек ақша үшін істейтін болады.
Заңгер Мұрат Кемелбековтың айтуынша, Қазақстанда 16 жастан асқан балалардың жеңілдетілген режимде жұмыс істеуіне рұқсат етілген.
– Жасөспірімді жұмысқа алғанда «сынақ мерзімі» болмайды. Оған міндетті түрде ерекше режим жасалуы керек, баланың жұмыс күні төрт сағаттан аспауы тиіс, - деді Азаттыққа Мұрат Кемелбеков.
Құқығы бұзылған балалар уәкілетті органдарға шағымдана алады. Оның айтуынша, балалардың көбі ешқандай келісім-шартсыз жұмыс істейді, ал олардың құқықтарын қорғайтын мекемелер бұған мән бере бермейді.
Төрт баланың әкесі Ислам Қалжанов балаларды жұмысқа жегуге қарсы. Оның айтуынша, бірде-бір ата-ананың өз перзентін балалық шағынан айыруға қақысы жоқ.
– Ата-ана баланың ерте еңбек етуіне қолдау білдірудің орнына бұған тыйым салуы керек, себебі, ерте бастан жұмыс істеу баланың психикасына кері әсер етеді, - дейді Ислам Қалжанов.
Психолог Гүлмира Бөпетаева да бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, әркімнің балалық шағы қызықты өтуі керек, баланы ерте бастан еңбекке жегуге болмайды. Бала білім алуы тиіс, ал еңбекке ерте араласу оның психикасын бүлдіреді дейді Бөпетаева.
– Бала ерте бастан ақшаға құнығады да, барлық шаруаны тек ақша үшін істейтін болады. Жақсы істері үшін баланы ақша беріп ынталандыруға мүлде болмайды, мұның салдары ауыр болады, - дейді Гүлмира Бөпетаева.
Қазақстан Балалар қорының өкілдері «Бала еңбегін пайдалануға қарсы тұру және Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мигрант балалардың құқықтарын қорғау» жобасы аясында бірнеше жыл бұрын елдің темекі алқаптарын аралаған. Олардың айтуынша, жұмыс істеп жүрген балалардың саны азайып келеді. Бірақ, Қазақстанда еңбек етіп жүрген бала санына қатысты нақты деректерді табу мүмкін болмады. Бірде-бір мемлекеттік мекеме бұл мәселе бойынша статистика жүргізбейтін болып шықты.
Орталық Азия бала еңбегі мәселесі шешілмеген аймақ қатарына жатады. Халықаралық еңбек ұйымы сарапшыларының айтуынша, әлемдегі еңбекке жегілген 215 миллион баланың 115 миллионы қауіпті жағдайда жұмыс істейді. Олардың 60 пайызы – ер балалар.
«Караван» қоғамдық-саяси басылымының жазуынша, Қазақстанда бала еңбегі, әсіресе темекі және мақта өндірісінде көп пайдаланылады. Мұнда жұмыс істеп жүрген балалардың үлесі сауда мен қоғамдық тамақтану саласындағы барлық қызметкерлердің 50-60 пайызын құрайды.
«Балалар ауыр жүк тасиды. Бұған қоса олар қайыр тілеп, аяқкиім тазалаумен, терезе, көлік жуумен, қоқыс жинаумен, жанармай құюмен айналысады. Соңғы кездері балаларды сексуалдық мақсаттарда пайдалану фактілері көбейді» деп жазады басылым.
Қазақстанда бала еңбегі заңсыз деп танылып, тыйым салынған.