Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылының тұрғыны Сейітбек Әбенов 2012 жылы қаңтарда ағасының үйінде газ баллоны жарылып, қара жамылғанын айтады.
- Түскі сағат 12 шамасында ағамның әйелі ас бөлмеде тамақ дайындап жатқанда газ баллоны өзінен-өзі жарылып кетеді. Түскі асын ішіп, сабаққа барғалы отырған сегіз жасар ұлының денесі бір-ақ күйіп, сол жерде қайтыс болды. Жеңгемнің де денесі күйіп, үш ай ауруханада емделіп шықты. Жақында ғана баланың жылдығын бердік. Кейін анықталғандай, газ баллоны қысымға шыдамай атылған екен, - дейді Сейітбек Әбенов.
ЖЕТІ АДАМ ҚАЗА ТАПҚАН ЖАРЫЛЫС
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің Азаттық радиосына берген мәлімдемесіне қарағанда, «Алматы қаласында 2011, 2012 жылдары тұрғын үйлерде төрт газ баллоны жарылу оқиғасы тіркеліп, бір адам қаза тапқан».
Ал Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сүйенсек, Алматы облысында соңғы екі жылда тоғыз рет газ баллоны жарылу фактісі тіркелген. Қаза тапқандардың саны - сегіз адам.
2012 жылы шілденің 7-сі күні түнгі үште Қарасай ауданы Таусамал ауылындағы көпқабатты үйде газ жарылып, жеті адам опат болған еді.
«ГАЗ БАЛЛОНЫ ЖАРЫЛУ ОҚИҒАСЫ АЗАЙМАЙ ТҰР»
20 жыл өрт сөндіруші болып қызмет еткен Алмат Сүлейменов Қазақстанда газ баллоны жарылған оқиғалар азаймай тұрғанын айтады.
- 1998 жылы Қарағандыда ең ірі газ баллоны жарылу оқиғасы болған. Бір подъезд бір-ақ жарылып, 14 адам қайтыс болған. Бұндай оқиғалар азаймай тұр. Себебі көп қабатты үйлерде тек бірінші және екінші қабатта ғана газ баллонын ұстауға рұқсат етіледі. Қазір бесінші, алтыншы қабатта да газ ұстай береді. Әрине, көбі баллон қолданғанда қауіпсіздік шараларын сақтамайды, - дейді сұхбаттасымыз.
Өрт сөндірушінің айтуынша, апаттың алдын алу үшін газ баллонын сатып алғанда дұрыстап тексеру керек.
- Газ баллонын алғанда бірден сабын жағып немесе су құйып тексеріп алған жөн. Баллонды газға қойып, редуктордың айналасына сабынның көбігін жағады. Газ шығатын болса, көбіктен шар пайда болады. Яғни бұл газ – қауіпті. Бірден ауыстыру керек. Және газ баллонын от жағатын пеш пен электр пештің жанына қоюға болмайды, - дейді маман.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ МЕН ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ ДЕРЕГІ
Қазақстанда газ баллонын көбіне құбырлы газ инфрақұрылымы тартылмаған қала мен ауыл тұрғындары пайдаланады. Кейбір жергілікті мамандардың пікірінше, ірі табиғи газ экспортері бола тұра Қазақстан жыл сайын 3,5 миллиард текше метр табиғи газды сырттан сатып алады. Ресми дерек бойынша, Алматы облысындағы елді мекендердің небәрі 10 пайызға жуығына ғана газ инфрақұрылымы тартылған.
Дүниежүзілік экономикалық форум (World Economic Forum) 2012 жылы қаңтар айында экологиялық өнімділік индексі рейтингін жариялады. Онда Қазақстан 132 елдің арасынан 129-шы орында тұр. Мұның бір себебі ретінде халықаралық форум Қазақстан халқы мен өндірісінің газбен қамтамасыз етілмеуін атады. Қазақстан тұрмыстық және өндірістік мақсатта көмір жағудың кесірінен ауасы ең қатты ластанған елдердің қатарында аталды.
2012 жылы шілде айында Қазақстан үкіметінің қаулысымен «ҚазТрансГаз» компаниясы газ және газ тарату саласындағы ұлттық оператор болып бекітілді.
Компанияның ресми сайтында болашақта Оңтүстік Қазақстан (2018 жылға дейін), Батыс Қазақстан және Ақтөбе (2014 жылға дейін), Қызылорда (2020 жылға дейін), Жамбыл (2013 жылға дейін), Алматы облыстарындағы мекендерді және Қызылорда қаласын (2020 жылға дейін) - 90 пайыз, Алматы қаласының тұрғын үйлерін 100 пайыз газдандыруға кіріскені жазылған.
Жоспарға Қазақстандағы газ құбырлары бойындағы жалпы жиыны 580 елді мекен қамтылған.
Осы жоспарда Алматы қаласы газбен 2016 жылы 100 пайыз қамтылатыны (қазір 83 пайыз), Қызылорда қаласы - 90 пайыз (қазір 77 пайыз), Алматы облысы - 20 пайыз (қазір 9 пайыз), Жамбыл облысы 43 пайыз (қазір 39 пайыз), Оңтүстік Қазақстан - 63 пайыз (қазір 50 пайыз), Маңғыстау облысы - 100 пайыз (қазір 98 пайыз) қамтамасыз етілетіні жазылған.
Қазақстанда әдетте қыс түсе көмір жағып, ыс тиіп опат болатындар да көбейеді.