Accessibility links

Болгария профессоры қазақтардың «жиһадқа» аттану себебін зерттейді


София университетінің саяси ғылымдар докторы, болгариялық профессор Татяна Дронзина.
София университетінің саяси ғылымдар докторы, болгариялық профессор Татяна Дронзина.

Болгариялық профессор Татяна Дронзина исламистерге қосылған қазақстандықтарды жиһадшы деп тырнақшаға алмай атауды ұсынады. София университетінің саяси ғылымдар докторы оларды Сириядағы соғысқа аттануға итермелеген себептер мен факторларды зерттейді.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шетелден шақыртылған оқытушысы әрі Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы «Көкше» бейбітшілік, конфликт және медиация академиясының директоры кейбір қазақстандықтардың Сирия содырлары қатарына қосылуына не түрткі болғанын анықтауға тырысып жүр. Азаттыққа берген сұхбатында Татяна Дронзина зерттеудің алғашқы нәтижелерімен бөлісті.

Азаттық: - Сонымен Қазақстан тұрғындарын Сириядағы «жиһадшыларға» қосылуға не итермелейді? Бұған экономикалық немесе әлеуметтік проблемалар түрткі болды деп айтуға бола ма?

Татяна Дронзина: - Зерттеу нәтижелері әзірше түгел шықпады, жауабым да толық болмауы мүмкін. Бірақ бірер жайтты бірден ескерткім келеді. Жұрттың көбі терроризмді кедейлікпен байланыстырады, бірақ зерттеу екеуінің арасында тікелей байланыс жоғын көрсетті. Әйтпесе кедей елдер нағыз террорист болып шығар еді, бірақ олай емес. Алайда алаңдататын бірнеше жағдай бар. Біріншіден, ешкім «жиһадқа» өздігінен кетпеген, біреулер «көмектескен». Демек елде жақсы ұйымдасқан үгіт-насихат желісі бар деген сөз.

Екіншіден, Қазақстаннан барған содырларды кедей адамдар немесе бейшара ғаріптер деп айта алмаймыз. Олардың арасында жоғары немесе кәсіби білімі, тіпті тәуір жұмыс істеген жандар бар. Кейбірі элиталық мектепті бітірген, енді біреулері үлкен қалада тұрған. Маргиналдар ғана кетіп жатыр деп айтуға болмайды. Үшіншіден, көбі бала-шағасын алып кеткен, әйелдері күйеулерінің әмірін екі етпестен соңына ерген. Әлгі әйелдердің құқығы көбірек болғанда, олар мүмкін күйеулерін тоқтатар ма еді немесе балаларын ойлап, қалып қояр ма еді.

YouTube-ке 2013 жылы 15 қазан күні шыққан 150 қазақ "жиһадшысы" туралы 20 минуттық видеодан алынған скриншот.
YouTube-ке 2013 жылы 15 қазан күні шыққан 150 қазақ "жиһадшысы" туралы 20 минуттық видеодан алынған скриншот.

Адамның жеке шешім қабылдауына әлеуметтік, экономикалық, мәдени факторлардың жиынтығы әсер етеді. Бұл «Терроризмнің әйел келбеті» деген кітабымдағы тағы бір гипотезамды растайды. Мұндай типтегі терроризм ескі құндылықтар күйреп, жаңасы әлі қалыптаспаған жерде пайда болады. Қазақстан қоғамы дәл осындай күйде.

Азаттық: - «Терроризмнің әйел келбеті» деген кітабыңызда теракт жасаған әйелдердің көбі ешқандай дін ұстамаған, оларды бұл әрекеттерге әлдебір жағдайлар итермелеген деген ой айтылады. Сіз бұл ойыңызды Сирияға «жиһадқа» аттанған әйелдер туралы хабарларға сүйеніп айтасыз ба, әлде әлеуметтік желілер арқылы «жиһадқа» шақыратын үндеулер негізінде осындай қорытындыға келдіңіз бе?

Дронзина: - Әйелдерді суицидті таңдауға итермелейтін негізгі фактор дін емес. Өйткені жанкешті әйелдердің арасында мұсылман, христиан әйелдер, өзге дін өкілдері немесе атеистер бар. Әлгі әйелдердің көбі әлеуметтік стигмаға ұшыраған, яғни қоғамнан түртпек көретіндей қылық жасаған. Бұл - бала көтере алмау, ажырасу, бөтен ер адаммен қатынаста болу, тұрмыс құруға мүмкіндік бермейтін әлдебір ауру сияқты жағдайлар.

Жанкешті әйел өзін өзі жарып жіберу арқылы бұрынғы стигма статусын батыр әйел мәртебесіне өзгертеді. Олар бұл мәртебеге ажал құшып барып қана ие болады.

Бұл болжамымды жаңадан ашылған жайттар да растап отыр. «Ислам мемлекеті» ұйымының үндеуіне еріп, «жихад-әл-никах», яғни махаббат жиһадына барғандар содырларға күйеуге тиеді немесе «жиһадшылардың» жауынгерлік рухын көтеру үшін олардың жыныстық қажеттіліктерін орындайтын әйелдерге айналады.

Азаттық: - «Қазақстандықтардың Сирияға соғысқа аттанып жатуының себептерінің бірі - оларды діни көзқарасы үшін қудалау» деген пікірмен келісесіз бе?

Дронзина: - Терроризм – діни емес, саяси құбылыс. Мұнда қудалауға ұшырағандықтан, «Ислам мемлекетіне» кетіп жатқанын ешкім айтпайды да, олай ойламайды да. «Ислам мемлекеті» ұйымына кеткен әйелдерді зерттеу кезінде ондай себепті байқамадым.

Азаттық: - Елге қайтып оралғысы келген «жиһадшыларды» Қазақстанда не күтеді?

Дронзина: - Қайтып келгендерді Қазақстан заңдарына сәйкес соттайды деп ойлаймын, әрі мұны дұрыс деп есептеймін. Көбі өкінгенін айтқанымен, олардың елге шын мәнінде кім болып оралатынын білмейсің ғой. Шын өкініп оралды ма, әлде үгіттеуші немесе барып тұрған террорист болып оралды ма - онысын білмегендіктен, бұл арада әділдік болуы тиіс. Әлгі «жиһадшылар» мен олардың отбасыларымен диалог жүргізу қажет, бірақ олар Қазақстанда жазасын өтеуге көндігуі тиіс.

Азаттық: - Сирияға аттануға бекінген әйелдер мен ер адамдарды бірдеңе етіп тоқтатуға бола ма? Олар тек діншіл адамдар ғана ма, әлде күнкөріс қамымен кеткендер де бар ма?

Сириядағы қазақ "жиһадшыларының" видеосынан (YouTube) алынған скриншот.
Сириядағы қазақ "жиһадшыларының" видеосынан (YouTube) алынған скриншот.

Дронзина: - Мен мына шараларды ұсынар едім. «Ислам мемлекеті» ұйымы мен оның қылмыстық болмысы туралы шындықты ашық жазып, ашық айту керек. «Жиһад қаһармандарының» 190 адамның өмірін қиып, миллиондаған жанды босқынға айналдырғанын, мұсылман емес үш мың әйелді жыныстық құлдыққа салғанын ашық айту керек. Содырлар басып алған қалаларындағы мұсылман отбасыларын 14 жастан асқан қыздарын «махаббат жиһадына» жіберуге міндеттеген. «Ислам мемлекеті» құлдықты ресми түрде заңдастырып, әйелдерді сатудың прайс-парақтарын (бағаларын) бекіткен. «Ислам мемлекеті» ұйымының нағыз исламмен ортақ ештеңесі жоқ екенін жұртқа түсіндіру керек.

Қазақстанда заң төрелігін нығайтуды жалғастырып, жастарды кландық, рулық, жершілдік және басқа кіріптарлықтан босатып, олардың өз өмірін дұрыс құруға мүмкіндік жасалуы тиіс. Зайырлы мемлекет негіздерін нығайту, жастарды дербестікке; өзінің, отбасының және заң алдында жауапкершілікке үйрету қажет.

Ал сұрақтың екінші бөлігіне қатысты айтарым, «Ислам мемлекеті» ұйымына діншілдер немесе ақша тапқысы келгендер ғана қосылып жатыр деуге болмайды. Оларды бұл қадамға не итермелегенін мына зерттеу ғана емес, Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзге де зерттеулер аяқталған соң барып білеміз.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG