Accessibility links

Жетімге қамқор болу жобасы басталды


Жетім балаларға - қамқорлық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:36 0:00

ВИДЕО: Жетім балаларға - қамқорлық.

Алматыда биылдан бастап «Жетім балаларды қамқорлыққа алу» жобасы жүзеге асып жатыр. Ондаған қамқоршы мен жетімдер үйінің баласы жандарына жақын адам тапқан.

Алматыдағы шағын пиццерияның бірінде бір топ бала мен үлкен бас қосты. Әзіл мен күлкі аралас ашық-жарқын әңгімеден у да шу зал ішінде олар италиялық пастаның қалай жасалатынын көріп, дәмін татып жатыр.

Бұлар – «Жетім балаларды қамқорлыққа алу» жобасына қатысушылар. «Дара» қайырымдылық қоры мен «Бала отбасында өмір сүру керек» қозғалысының біріккен жобасы аясында, кез-келген азамат жетімдер үйінің балаларын қамқорлыққа алу мүмкіндігіне ие. Жобаның үйлестірушісі Сәуле Қағарова, осы жерге келген 10 жұп жобаның алғашқы қатысушылары екенін айтады.

- Алғашқы кездесулер балалар үйінде өтеді. Соңында балалар мен үлкендер кездесуде өздеріне ұнаған адамдар туралы анкета толтырады. Бір бала нақты үлкен кісіні немесе әлгі үлкен адам сол баланы таңдаса, олар тағы да кездеседі. Осы кезге дейін бұл жұптардың арасында екі кездесу өткен. Міне, бүгін үшінші кездесу өтіп жатыр. Біз мұнда бір-бірін екі мәрте таңдап, араларында жылылық пайда болған балалар мен ересек адамдарды еркін жағдайда өзара жақынырақ сөйлессін деп жинап отырмыз, - деді Сәуле Қағарова.

Ата-анасыз баланы қамқорлыққа алудың бала асырап алудан ең басты айырмашылығы – қамқоршы мен тәрбиеленуші арасында екі тарапқа қандай да бір әлеуметтік-құқықтық шарттар мен отбасылық мәртебе міндеттемейтін достыққа ұқсас қарым-қатынастың орнауы талап етіледі.

24 жастағы алматылық Перизат Оралбекқызы, қаладағы №2 жетімдер үйінің тәрбиеленушісі Александра Токареваны қамқорлығына алғанын айтады. Екі мәрте кездесуден кейін, «Сашаның өзіме ұқсайтындығын түсіндім» дейді ол.

- Өзімнің қарамағымдағы бір балаға махаббатымды сыйлауға әрі Қазақстанның жақсы бір азаматы болуына өз үлесімді қосқым келді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Балаға қамқор болғың келіп, білгеніңмен бөліскің келеді, алайда өзің де көп нәсені үйренеді екенсің, - деді Перизат.

Бір балаға махаббатымды сыйлауға әрі Қазақстанның жақсы бір азаматы болуына өз үлесімді қосқым келді. Бұл – үлкен жауапкершілік.

14 жастағы Александра Токарева жетімдер үйіне үш жыл бұрын түскен. Қазіргі жағдайын «жақсы» деп санайтын ол қамқоршы тапқанына тіпті қуанышты екенін айтады.

- Перизатқа сырымды ашып айта аламын, бірге ағылшын тілін үйренеміз деп келістік. Қатты ризамын, - деді Александра.

Жобаға 18 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы қатысып, волонтер-қамқоршы бола алады. Олар арнайы оқу курсынан өтіп, сынақ жоба аяқталғанша психологиялық, педогогикалық және заңгерлік көмек алып отырады. Қамқоршылар өз қарамағына алған тәрбиеленушімен бір жыл үнемі байланыста болып, аптасына кем дегенде 2-3 сағат кездесіп тұруға міндетті.

- Арнайы құжаттар жинаған соң, қамқоршы адамның балаларды демалыс күндері, мереке мен каникул кезінде үйіне де апаруына мүмкіндігі бар. Одан бөлек әр кез телефон мен электрондық пошта арқылы байланыста болуы тиіс. Баланың сабағына көмектесіп, оны үй шаруасына бейімдеу, қоғамдық ортада өзін ұстау мен болашаққа жоспар құру сынды жайттарды үйрету – қамқоршының міндеті. Ерікті қамқоршылар мұның барлығын тегін жасайды, - дейді Сәуле Қағарова.

Жоба басталғалы бері қазір 10 қамқоршы қамқорлығына бала алып, жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса, 10 адамнан құралған тағы бір топ, екінші кездесуін өткізіп, таңдауларын жасап жатыр.

Әлемдегі ең ірі қамқоршылар жобасының бірі – 1904 жылы АҚШ-та пайда болған Big Brothers Big Sisters of America («Американың Ағалары мен Әпкелері» - ред.) қайырымдылық ұйымы. Бұл жоба қазір 13 мемлекетке тараған. BBBS-дің қайырымдылық жобалары кезінде қамқоршы тапқан жетім балалардың көңіл-күйлері көтеріліп, өз қабілеттеріне деген сенімдері артып, адамдармен қарым-қатынасы жақсарып, наша мен ішімдікке әуестігі кемігені байқалған.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 34 мыңға жуық бала ата-ананың қамқорлығынсыз қалып, түрлі жетімдер үйлерінде тәрбиеленіп жатыр.

XS
SM
MD
LG