Сербияға алғаш кірген кісі әуежайда, вокзалда не тас жол бойында ресми белгілердің кириллица қаріптерімен жазылғанын көреді.
Алайда интернет негізгі ақпарат көзіне айналған қазіргі заманда сербтердің кириллица қарпін қолдануы сиреп барады.
“Жастардың бәрі телефон мен компьютерде латын қарпін қолдана бастады, сондықтан кириллица әліпбиінің болашағы бар ма, жоқ па, білмеймін”, – дейді 14 жасар оқушы Лазар Николич.
9 ғасырдың екінші жартысында қазіргі Македония Бұрынғы Югослав Республикасында пайда болған кириллица әліпбиі бүгінгі күні Ресейде, Украинада, Беларуста, Моңғолияда, Орталық Азияның бірнеше елінде, Болгарияда, бұрынғы Югославияның орнында пайда болған мемлекеттердің кейбірінде - мәселен, Македонияда, Черногорияда, Сербияда және Боснияның бір бөлігінде пайдаланылады.
2006 жылғы конституцияда “кириллица – Сербияның ресми әліпбиі” деп көрсетілген, сондықтан мемлекеттік мекемелердің өз арасында, олардың халықпен қарым-қатынасында осы әліпби қолданылуы тиіс. Тек “ұлттық азшылық” өкілдерімен коммуникацияда ғана кириллица қарпімен жазбауға рұқсат бар.
Бірақ мемлекеттік мекемелерден сыртқа шыға қалсаң, латын қарпі барлық жерде үстем болып барады. Сондықтан үкімет бұған қарсы шара қолдануға мәжбүр.
"ТӨЛ ӘЛІПБИДІ ҚАДІРЛЕМЕЙТІНДЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ"
Сербияның Мәдениет және ақпарат министрлігі қатаң тіл заңын қабылдау туралы ұсыныс тастады. Ол бойынша, елде Серб тілі кеңесі құрылады және “сербтердің төл қарпін қадірлемейтіндерге” айыппұл салынады.
Кириллица қарпін бизнесте пайдалануға ынталандырудан бастап, заң арқылы мәжбүрлеу сияқты тәсілдердің бәрі қолданылып жатыр. Бұл шаруаны Сербияның мәдениет және ақпарат министрі Владан Вукосавелиевич басқарып келеді.
“Кириллица әліпбиін қолдану барған сайын сиреп барады. Біз жазалау шараларын қолданбаймыз, тек жағдайды лайықты түрде түзетеміз”, – деді Владан Вукосавелиевич.
Басты назар ел астанасы – Белградта.
Мемлекеттік мекемелер көне әліпбимен көмкеріліп тұрғанымен адам көп баратын коммерциялық орталықта латын қарпі үстем болып тұр.
Латынның “шабуылына” төтеп беру үшін Белград қалалық әкімшілігі кириллица қарпін қолдану арқылы оны насихаттағандарды ынталандыруды қолға алды. Бұл жоспар бойынша, жазуларын кирилше жазған мекемелер мен жеке адамдарға орынды жалдау ақысы 5 пайызға арзандатылады.
“Кириллица қарпі ресми әліпби саналатын елдерде Starbucks пен McDonald's атауларын кириллицамен жазады. Егер өз мүдделеріне сай деп тапса, олар мұнымен келіседі”, – дейді Белград қаласының мэрі Зоран Радоичичтің кеңесшісі Андреа Младенович Beta News агенттігіне берген сұхбатында.
“Қала анағұрлым әдемі көрінеді. Бұл туристерге біздің қала туралы жақсы әсер қалдырады. Оның үстіне бұл – мекемелерді кириллица қарпін қорғауға ынталандыру шарасы”, – деді Андреа Младенович.
"КИРИЛЛИЦА ҚАРПІНІҢ ЖОҒАЛУЫ НЕҒАЙБЫЛ"
Белград университеті Филология факультетінің профессоры, тіл маманы Ранко Бугарскидің айтуынша, тіл – жеке адам қолданатын құрал болғандықтан, оның қандай да бір аспектісін заң жолымен міндеттеу көп пайда бермейді.
Оның айтуынша, конституцияда кириллица әліпбиіне орын берілген, ал латын қарпінің ондай артықшылығы жоқ. Бұған қоса, оқушылар алдымен кириллица қарпін үйренеді, яғни олардың мектеп бітіргенде оны жақсы білмей шығуы мүмкін емес.
“Барлық мектептерде оқушылар алдымен кириллица әліпбиін, содан кейін ғана латынды үйренеді. Мектептегі барлық оқулықтар кириллица қарпімен жазылған. Осының өзі – жақсы қорғаныс. Сербияда мектептер тұрғанда халық та кириллица қарпін біледі және оның жоғалып кетуі туралы әңгіме қозғау ертерек”, – деді ол Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Студент Дунья Ясович те осы пікірмен келіседі.
Белграда тұратын 21 жастағы Дуньяның айтуынша, ол бастауыш мектепте қалыптасқан дағдысы бойынша үнемі кириллица қарпімен жазады.
“Университеттегі сабақта да, бірдеңе жазғанда да әрдайым кириллицаны қолданамын. Бірақ Интернетте, ноутбукпен жұмыс істегенде латынды пайдаланған оңайырақ”, – дейді ол.
Мұның бір себебі – әлемнің басқа елдері сияқты Сербияда да Интернетте көбіне латын қарпі қолданылады.
Сербия ұлттық Интернет домендерін тіркеу мекемесінің мәліметінше, .rs латын қаріпті доменінде 101 мың 648 сайт, ал кириллица қарпінде тек 2 512 домен тіркелген.
Студент Дунья Ясович бұл статистикадан хабардар, бірақ оның айтуынша, қай әліпбиді қолданса да, сербтер ана тілін мақтаныш тұтуы керек.
“Меніңше, екі қаріпті біліп, олардың арасында айырмашылықты байқамауымыз – біздің бағымыз. Біреулер үшін кириллицаны қолдану оңай болса, енді біреулер латынды жөн көреді. Бұл – кемшілік емес, артықшылық”, – дейді Дунья Ясович.
(Азаттықтың ағылшын қызметінің мақаласы)
ПІКІРЛЕР