Accessibility links

Биыл да бітпеуі мүмкін «үдемелі даму» жобалары


Қарашығанақтан Оралға тартылып жатқан газ құбыры. 10 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Қарашығанақтан Оралға тартылып жатқан газ құбыры. 10 наурыз 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі үкіметтің әуелгі жоспары бойынша 2014 жылы тапсырылады деп хабарланған ірі индустриялық-инновациялық жобалардың қазіргі жайын шолып шықты.

Ақпанның басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министрдің орынбасары-индустрия және жаңа технология министрі Әсет Исекешевке үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының «екінші бесжылдығын сапалы әзірлеуді» тапсырды.

Қазақстан үкіметі «2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламаны 2010 жылы ақпанның 23-інде қабылдаған болатын. Құжат бойынша «2010-2014 жылдарға арналған республикалық индустрияландыру картасы» жасалды. Ресми ақпарат құралдары бұл жобаларды «үкіметтің жойқын жоспарлары» екенін бірнеше жылдан бері қайталап келеді. Жобалар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.
Азаттық былтыр «ашылу салтанатына» Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан, бірақ ізінше жабылып қалған 10 кәсіпорын туралы жазған еді.

Индустриялық-инновациялық дамуға қатысты мемлекеттік бағдарлама бойынша 2014 жылға дейін орындалуы тиіс көптеген ірі жобаның да қағаз жүзінде қалмаса да, мерзімінде жүзеге аспайтыны байқалады. Азаттық тілшісі зерттеу барысында олардың көпшілігі келесі «бесжылдыққа» шегерілгенін анықтады.

1. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы

Қазақстан аумағында ұзындығы 2787 шақырымға жететін (нақты жаңадан салынатын бөлігі – 2452 шақырым – ред.), 2,3 миллиард АҚШ долларына бағаланған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы жолдауында аталып, сол жылы «үдемелі жоба» тізіміне қосылды. 2009 жылы жол құрылысы басталғанымен, аяқталатын мерзімі бірнеше рет өзгерді.

2011 жылы қыркүйекте көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының 2013 жылы аяқталатынын президентке мәлімдеген еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриалық форумда сөйлеп отыр. Астана, 3 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриалық форумда сөйлеп отыр. Астана, 3 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Президенттің өзі де 2012 жылғы жолдауында «Бұл шын мәнінде халықтық ғасыр құрылысы. 2700 шақырымға жететін сапалы автомобиль жол небәрі үш жылда басқа қай жерде салынып еді? Бұл жолды келер жылы аяқтауымыз керек» деген болатын.

Бірақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының 2013 жылы емес, 2015 жылы ғана салынып бітуі мүмкін екені туралы сол жылдың күзінде-ақ хабарланды. Халықаралық көлік дәлізінің сайтындағы (www.europe-china.kz) соңғы мәліметке қарағанда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының 1721 шақырымы аяқталған». Сайт халықаралық көлік дәлізінің 2015 жылы салынып бітетініне «сендіреді».

2. Мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту

Индустрияландыру картасы бойынша Қазақстандағы үш: Шымкент, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттары 2014 жылға дейін қайта жаңартылуы керек еді. Мұнай және газ министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жоба 2016 жылға сырғытылған. Әуелгі жоспар бойынша үш мұнай өңдеу зауытын жаңартуға 4 миллиард доллар жұмсалуы тиіс еді. Бірақ қазірдің өзінде 5 миллиард 700 миллион долларға жуық қаржы құйылған.

3. Екібастұз ГРЭС-2-нің № 3 блогы

Индустрияландыру картасында 2014 жылы Екібастұз ГРЭС-2 стансасының №3 блогы аяқталатыны көрсетілген. Қуаты 525 МВт болатын бұл блоктың құны – 600 миллион доллар шамасында. Блок салу жөніндегі келісімге 2009 жылы Ресей мен Қазақстан қол қойған.

2012 жылы желтоқсан айында Екібастұз ГРЭС-2-нің сайтында (www.gres2.kz) технологиялық құрал-жабдықтарың жеткізу және монтаждау жұмыстары 2013 жылы басталып, тек 2015 жылы аяқталатыны туралы жазылған.
2013 жылдың қазан айында www.pavlodarnews.kz сайты «Қытайдың Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергоблогын салуға Ресейге 400 миллион доллар кредит беретінін» хабарлады.

4. Ферроқорытпа зауыты

2009-2013 жылдары Ақтөбе қаласында жаңа ферроқорытпа зауыты салынуы тиіс еді. 843 миллион долларға бағаланған зауыт құрылысының басталу салтанатына 2009 жылы Қазақстан президенті қатысқан. 2013 жылы желтоқсан айында
Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаев.
Еуразия табиғи ресурстар корпорациясының (ENRC) акционері Александр Машкевич зауыт құрылысына 1 миллиард доллар жұмсалғанын хабарлады.

2013 жылы тамыз айында премьер-министрдің бірінші орынбасары – аймақтық даму министрі Бақытжан Сағынтаев зауытқа барғанда оның 75-80 пайызы дайын екендігін, 2013 жылдың соңында аяқталатынын мәлімдеген болатын. Алайда 2014 жылғы қаңтар айының соңында зауыттың әлі салынып біпегені, бірақ «85 пайызы дайын» екендігі мәлімденді.

5. Күкірт-қышқыл зауыты

Ақмола облысына қарасты Степногрск қаласындағы өндірістік қуаты жылына 180 мың тонна күкірт қышқылын шығаруға жететін зауыт құрылысы индустрияландыру картасы бойынша 2010-2013 жылдар аралығында жаңартылуы тиіс еді. Ал «Самұрық-Қазына» қорының порталында нысанның тіпті одан ертерек, яғни 2010-1011 жылдары жаңартылатыны көрсетілген. Бірақ екі жоспар да орындалмай, жоба бірнеше рет кейінге шегерілді.

Ақмола облысының әкімдігі әр кезеңдері таратқан ақпараттарға қарағанда облыс басшылығы зауыттың 2013 жылдың күзінде ашылатынына екі жыл бойы «сенімді» болған. Бірақ 2014 жылдың қаңтарында Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамедов күкірт қышқылы зауытына өзі барып, зауыттың 2014 жылдың екінші жартысында аяқталатыны туралы уәде алып қайтты. Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жобаның жалпы құны 12 миллиард 230 миллион теңгеге (70 миллион АҚШ доллары шамасы) жеткенін хабарлады.

6. Торғай жылу электр станциясы.

2014 жылға дейін салынады деп индустрияландыру картасында көрсетілген Торғай жылу электр станциясы жоспар күйінде қалып қойды. 2005 жылы пайда болған жоспар бойынша, 5,6 миллиард тоннадан артық қоры бар Торғай қоңыр көмір бассейнін пайдаланатын ЖЭС тек Қостанай облысын ғана жылумен қамтамасыз етпей, қуатты Ресейге де экспорттауы тиіс еді.

ЖЭС-тің техникалық негіздемесін жасаған «Тобыл» әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясы 2009 жылы сәуір айында «ЖЭС-тiң алғашқы блогы 2015 жылы, қалған блоктары 2020 жылға қарай iске қосылатыны туралы» болжам жасады. 2012 жылы наурыз айында жаңа технология және индустрия министрі Әсет Исекешев ЖЭС құрылысының 2020 жылы басталатынын хабарлады.

6. Хош иісті көмірсутек кешені

2006 жылы үкімет қаулысымен жоспары бекітілген Атырау мұнай өңдеу зауытының жанынан салынтын хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен 2013 жылы аяқталуға тиіс еді.

Sinopec Engineering компаниясының бас директоры Чжу Хайсин (сол жақта) мен Атырау мұнай өңдеу зауытының басшысы Талғат Байтазиев зауытты модернизациялау келісіміне қол қойып жатыр. Атырау, 29 қазан 2009 жыл.
Sinopec Engineering компаниясының бас директоры Чжу Хайсин (сол жақта) мен Атырау мұнай өңдеу зауытының басшысы Талғат Байтазиев зауытты модернизациялау келісіміне қол қойып жатыр. Атырау, 29 қазан 2009 жыл.
2007 жылы техникалық жобасы, бас жоспары, жобалық-сметалық құжаттамасы бекітіліп, 2009 жылы Атырау мұнай өңдеу зауыты мен қытайлық «Sinopec Engineering» («Синопек Инжиниринг») компаниясы құрылысты 2013 жылы аяқталау жөнінде уағдаласқан. Құны 1 миллиард 63 миллион доллар деп есептелген кешен құрылысы 2010 жылы қыркүйекте басталды. Жоспар бойынша 2014 жылдан бастап жылына 133 мың тонна бензол, 496 мың тонна параксилол өндірілуі тиіс еді.

Алайда Атырау мұнай өңдеу зауыты баспасөз қызметінің Азаттық тілшісіне берген мәліметіне қарағанда «құрылыс әлі аяқталмаған, 2014 жылдың екінші жартысында аяқталуы мүмкін».

7. Қарашығанақ газ өңдеу зауыты

Қарашығанақта газ өңдейтін мини-зауыт салу жөнінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы жарлық шығарған болатын. 2012 жылы президент жолдауында да осы жобаны атай кетті. Жолдаудан кейін іле-шала баспасөз бетінде «Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысы 2013 жылы басталатыны» хабарланды. Көп ұзамай ақпарат қайта түзетіліп, жобаның 2014 жылы басталып, 2022 жылы аяқталатыны хабарланды. Қазіргі есеп бойынша зауытқа 3,7-5 миллиард доллар аралығында қаржы жұмсалуы мүмкін.

Мұнай сарапшыларының айтуына қарағанда Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу үшін Қарашығанақ ган кенішінен өндірілетін газдың көлемін 8-9 миллиард текше метрден 16 миллиардқа дейін жеткізуі керек. Ал қазір өндіріліп жатқан газ 2006 жылғы келісім бойынша Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытына жіберіліп келеді.

8. Жел электр станциялары

2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында Алматы облысының Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізінде жел электр станциясының салынатыны айтылған. 2005 жылы сол кездегі Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмаханов «бұл жобаның таяуда басталатынын» хабарлаған. Бірақ арада 7 жыл өткеннен кейін де жоспар жасалып жатқаны мәлім болды.

2012 жылы мамырда Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов пен «Самұрық-Энерго» компаниясы құны 103,6 миллиард теңге (560 миллион доллар шамасы) болатын жел электр стансасын салу жөнінде келісім жасасты.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында айтылғанымен, индустриялық картаға енгізілмеген бұл жоба Алматы облысының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында 2016 жылы аяқталуы мүмкін.

«Үдемелі даму» жобаларының инфографикасы:

XS
SM
MD
LG