Accessibility links

Президент сайлауында қыза түскен айтыс-тартыс


Қырғызстан президенті сайлауына түсіп жатқан Темір Сариевтің Бішкек маңындағы Күн-ту ауылындағы сайлаушылармен кездесінен түсірілген сурет. 11 қыркүйек 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Қырғызстан президенті сайлауына түсіп жатқан Темір Сариевтің Бішкек маңындағы Күн-ту ауылындағы сайлаушылармен кездесінен түсірілген сурет. 11 қыркүйек 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Орталық Азия елдерінің арасында Қырғызстанның сайлауы басқаша өтеді, алдағы президенттік сайлау соған тағы бір дәлел болмақ. Тамыз айының басында 59 адам президент болудан үміткер еді, қазір олардың 11-і қалды, сайлау өтетін қазанның 15-іне қарай саны тағы азаятын сияқты.

Қыркүйектің 17-сінен бері екі мықты үміткер басқа үміткерлерді қолдайтынын білдірді, бұндай саяси келісімдер қазанның ортасына қарай әлі де болатын шығар. Қазіргі президент өзінің ізбасарын таңдау кезінде «әкімшілік ресурстарды» пайдаланды деген айыптау да болды. Кейбір үміткерлерге қолдау көрсетілді, телеарналарда «сыңаржақ» насихат жүрді деген айыпаулар да айталды.

НЕГІЗГІ ҮМІТКЕРЛЕР

Қыркүйектің 10-ы күні Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) президент сайлауына 13 кандидат тіркелгенін мәлімдеді. Негізгі үш кандидат Алмазбек Атамбаев президент болып тұрғанда премьер-министр қызметін атқарғандар: Омурбек Бабанов, Темір Сариев және Сооронбай Жээнбеков.

Ал қалған төрт үміткер – Адахан Мадумаров (Бутун Кыргызстан партиясы), Бақыт Торобаев (Онугуу-Прогресс), Қамчыбек Ташиев (Ата Журт) және жақында құрылған Қырғызстанның ұлттық патриоттық күштерінің одағы өкілі Азимбек Бекназаровтың жеңіске жетулері екіталай, олар шамамен 5 немесе одан көп пайыз дауыс жинайды деген болжам бар.

Омурбек Бабанов (сол жақта) пен Бақыт Торобаев Жалал-Абадта біріккендерін айтып тұр. 17қыркүйек 2017 жыл.
Омурбек Бабанов (сол жақта) пен Бақыт Торобаев Жалал-Абадта біріккендерін айтып тұр. 17қыркүйек 2017 жыл.

Қырғызстанның бұрынғы парламент депутаты, қазір Бостондағы Солтүстік-Шығыс университетінде профессор Бакыт Бешимов пен Соғыс және бейбітшілік институтының Бішкектегі орталықазиялық редакторы Тимур Токотоналиев «билікке Бабанов пен Жээнбеков таласады» дейді.

Үміткерлердің өзара күш біріктіріп жатқанына қарап олардың болжамы шындыққа жанасатынын байқаймыз. Қыркүйектің 17-сі күні Онугу-Прогресс кандидаттары Торобаев пен Бабанов одақ құратынын мәлімдеді. Бабанов жеңіске жетсе, Торобаев премьер-министр болады.

Алайда Торобаевты сенімді саяси әріптес деуге келмейді. Тамыздың басында Торобаевтың партиясы, бутункыргызстандық Мадумаров пен ата-журттық Ташиев орталарынан бір кандидат шығару үшін альянс құрды, бірақ бұл одақтың ғұмыры ұзаққа бармады.

Бұл үміткерлердің үшеуі де Қырғызстанның оңтүстігінен шыққан, олар орталарынан бір адамды билікке жеткізіп, үкіметте лауазымды қызметті иеленуді көздеді. Қыркүйектің ортасында одақ тарқады, бірнеше күннен соң Торобаев Бабановқа қосылды. Мадумаров та қыркүйектің 16-сы күні Узген қаласында өткен Бабановтың сайлау науқанына қатысып жүрген жерінен байқалғанымен, оны қолдайтынын ашып айтпады.

Ташиев қыркүйектің 20-сы күні президенттік сайлауға түспейтінін айтты, сол күні Жээнбековтің кампаниясына қосылды. Ташиев Жээнбековті қолдайтынын айтып, «Ата-Журт» Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) соңынан ереді» деп мәлімдеді (қазіргі президент Атамбаев та ҚСДП мүшесі).

2015 жылғы парламент сайлауына дейін құрылған «Республика Ата-Журт» партиясы бірлігін сақтап қалды. Темір Сариев пен оның «Ак Шумкар» (Ақ Сұңқар) партиясы атынан саяси науқан жетекшісі болған Элмира Ибраимова қыркүйектің 25-і күні Сариевпен келіспей қалғанын, сондықтан бұл ұйымнан кететінін айтты. Сариев Жээнбековпен күш біріктіруі мүмкін деген болжам бар.

АЙЫПТАУЛАР

Қырғызстандағы сайлау кезінде әркез әкімшілік ресурстарды пайдалану туралы айыптау болады, бұл жолы да сол жағдай қайталанды. Мұндай дауға президент Атамбаев ресми түрде қолдайтын Жээнбековтің басы ілікті. «Мемлекеттік қызметкерлер мен студенттерді Жээнбековке дауыс беруге шақырған, әйтпесе болашақтарың бұлыңғыр деп қорқытқан» деген сөз тарады.

Knews.kg интернет сайты қыркүйектің 25-і күні оңтүстіктегі Ноокен ауданының сайлау бөлімшесінде ілініп тұрған Жээнбековтің баннерін жариялады. Бұдан соң Бабанов пен Жээнбековтің сайлау командасы ОСК-ге шағымданып, түрлі ақпарат құралдарының өздеріне қарсы теріс пікір таратып жатқанын айтты.

Кетіп бара жатқан президент Алмазбек Атамбаев қолдайтын кандидат Сооронбай Жээнбеков.
Кетіп бара жатқан президент Алмазбек Атамбаев қолдайтын кандидат Сооронбай Жээнбеков.

Басқа да БАҚ өкілдерін айыптау оқиғалары болды. Бабановпен тандем құрғанына қарамастан әлі күнге дейін кандидат болып отырған Торобаев Қоғамдық телерадиокорпорация бөлген 15 минутына байкот жариялады, себебі корпорация оның саяси абыройына нұқсан келтіретін ақпараттар таратқан екен. Торобаев басқа үміткерлерді де эфирдегі 15 минуттық тегін уақыттан бас тартуға шақырды.

Жээенбеков пен Бабановты қолдау шаралары да үлкен шу туғызды. Қыркүйектің 19-ы күні премьер-министрдің орынбасары Дуйшенбек Зилалиев Баткенде мемлекеттік қызметкерлер алдында Жээнбековті қолдайтынын айтып қана қоймай, басқаларды да оған дауыс беруге шақырды. Келесі күні Жалал-Абадта өткен шара кезінде Жээнбеков одан да мықты қолдауға ие болды.

Ташиев Жээенбековті қолдайтынын айтқанда елдің бұрынғы бас мүфтиі Чубак Али Жалилов халыққа үндеу жасады. «Мен бұнда мүфтий ретінде емес, Қырғызстанның улем халықаралық кеңесінің мүшесі ретінде емес, қырғыз халқының ұлы, осы мемлекеттің азаматы ретінде келдім» деді ол.

«Осы жерде халқымыздың алдында Камчи акенің қасында тұрып ол кісінің жалғыз емес екенін айтқымыз келеді, біз оны (Жээнбековті айтады – ред.) қолдаймыз» деді ол. Азаматтық белсенді Адил Турдукулов пен Бабановтың сайлау кампаниясының жетекшісі Эрик Рыскулбеков дереу ОСК-ге шағымданды.

Сайлау кодексінің 22-бабында діни тұлғалардың саяси үміткерлерді насихаттауына тыйым салынған. «Чубак Жалилов – танымал діни қайраткер және Улемдер кеңесінің белсенді мүшесі. Сооронбай Жээнбеков оның сөйлеуіне рұқсат бергені үшін жауап беруі керек» дейді Турдукулов. Жээнбековтың тобы «Жалиловты шараға Ташиевтің шақырғанын» айтып, «бұрынғы мүфтийдің жұмысшы топтар өтінген соң сөйлегенін» мәлімдеді.

Жалилов өте ықпалды адам, оның сөзі сайлау науқаны барысына ықпал етуі мүмкін. Азаттық тілшісі Ош облысында тұратын этникалық өзбекпен сөйлескен еді. Оның пікірінше, «Жалилов – қуатты қару, оны бағаламау мүмкін емес». Жалилов Қырғызстанда танымал, соған қоса оны елдің оңтүстігінде тұратын 700 мың өзбек азаматы да құрметтейді.

Бұл өзбектердің көбі 2015 жылғы парламенттік сайлауда дауыс бермеді. Қырғызстанда 3 миллионнан астам сайлаушы тіркелген, бірақ 600 мыңнан астамы шетелде, негізінен Ресейде жұмыс істейді. Олардың көбі сайлау бюллетенін алмайды. Демек, өзбектерден бірнеше жүз мың дауыс алса Жээнбековтің мүмкіндігі артады.

Қырғыз сайлауында бұрын кездеспеген тағы бір түйткіл болды. Қыркүйектің 19-ы күні Бабановтың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен түскен суреті жарияланды.

Кандидаттарға лауазымды тұлғалармен суретке түсіп, оны жариялауға тыйым салынады. Алдыңғы сайлауда үміткерлер ресейлік лауазымды тұлғалармен суретке түспек болғанда осындай тыйым болды. Қазақстан президентімен түскен сурет қырғыз басылымдарында да жарияланды, қыркүйектің 20-сы күні Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанға нота тапсырды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Қырғызстан президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабанов. Алматы, 19 қыркүйек 2017 жыл. Қазақстан президентінің ресми сайтындағы сурет.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұған қарсы жауап қатып, Назарбаевтың тамыздың 14-і күні Жээнбековпен де кездескенін айтты. Қазақстан СІМ-і ол кезде Жээнбековтің премьер-министр болғанын және Астанада Еуразия экономикалық одағы елдерінің кездесуіне барғанын айтпады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЫҚПАЛЫ

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қыркүйектің басында Қырғызстанға келген еді. Қырғыз саяси партияларының жетекшілерімен кездескен Мирзияев Бабановпен қол алысқан кезде сәл тоқтап: «Сіз туралы естідім» деді.

Мирзияев бұл сөзінің мәнісін түсіндірмеді. Әлбетте, Ресей де Қырғызстанның сайлау науқанына ықпал етеді, мысалы, ресейлік танымал саясаткерлер сайлауға дейін елге келеді немесе Қырғызстанда кең тарайтын ресейлік телеарналар үміткерлер туралы өз пікірін таратады.

Орталық Азия басшылары бұрын-соңды Қырғызстандағы сайлауға ықпал етіп көрген емес. 1990 жылдары өз мәселесі бастарынан асып жатты, солайша Қырғызстанға қарауға шамалары келмеді.

2005 жылы Қырғызстанда парламенттік сайлау болып, оның соңы президент Асқар Ақаевты орнынан алуға ұласқанда олардың бәрі есеңгіреп қалды. Орталық Азияның (ОА) басқа басшылары тәуелсіздік алу кезінде өздерімен қатар билікке келген президент елінен қашқанда не істерлерін білмеді, үш айдан соң Құрманбек Бакиев сайланғанда өз елдерінде осындай жағдайдың болмауы үшін жанталасты.

2010 жылдың сәуіріндегі төңкеріс кезінде де ОА елдері президенттері дәрменсіз болды, Қырғызстанда парламенттік жүйе мақұлданып, 2010 жылдың қазанында парламенттік сайлау өтті, одан бір жылдан соң президенттік сайлау болды.

Қазір Қазақстан мен Өзбекстан басшылары Қырғызстан сайлауына ерекше мән беріп отырған тәрізді. Саяси өзгерістерге қарағанда бірінші айналымда-ақ кімнің билікке келетіні шешілетін сияқты. Торобаев пен Ташиев сияқты екінші деңгейлі кандидаттардың бәрі сайлауға қатысса жалғыз адамның 50 пайыздан астам дауыс жинауы екіталай болар еді. Ал қазіргі жағдай қазанның 15-і күні Қырғызстанның жаңа президенті айқындалатынын байқатады.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG