Қазір Өзбекстанда сот үкімімен түрмеде отырған және тағы бір сот процесінде айып тағылған Гүлнара Каримоваға тиесілі нысандар туралы ақпаратты Ұлыбританияның аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі бюросы (SFO, Serious Fraud Office) әуелі Gazette басылымына берген. Кейін The Times газеті Каримованың Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүлкінің тізімін жариялады.
Каримоваға Суррей графтығындағы көлемді поместье және Лондонның қымбат ауданында орналасқан, жалпы құны 40 млн фунт стерлинг (52 млн доллар) болатын екі пәтер тиесілі деп жазады британ басылымдары.
- Суррей графтығындағы Gorse Hill Manor сарайын Каримова 2010 жылы 18 млн фунт стерлинг (23,5 млн доллар) төлеп сатып алған. Қазір оның бағасы 30 млн фунт стерлинг (39 млн доллар) тұрады. 1912 жылы салынған нысанның аумағында қайықпен серуендеуге арналған көл және жалпы көлемі 70 мың шаршы метрге жуық бақ бар. Бұл нысан Бруней сұлтаны иелігіндегі жер аумағымен көрші тұр.
- Каримованың Лондондағы құны 8 млн фунт стерлинг (10,4 млн доллар) тұратын бір пәтері Мейфэр ауданында, ал 2 млн фунт стрелинг (2,6 млн доллар) деп бағаланған екінші пәтері Белгравия ауданында орналасқан.
Қаңтардың 8-і күні Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі Ташкентте Гүлнара Каримованың ісі бойынша жаңа сот процесі басталғанын растаған. Жабық сот процесі басталғаны туралы Гүлнара Каримованың қызы Иман және швейцариялық адвокат Грегуар Манжа өткен жылы қыркүйектің 16-сы күні хабарлаған еді.
Бұл жолғы сотта Гүлнара Каримова мен тағы бірнеше адамға "қылмыстық топ құрамында бопсалау, бюджет қаржысын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірісті шетелде заңдастыруға байланысты қылмыстар жасаған" деген айып тағылған.
Бір кездері Өзбекстандағы ықпалды тұлғалардың бірі болған және кәсіпкер әрі әнші ретінде де танылған Гүлнара Каримова 2014 жылы президент әкесінің қырына ілінген соң көпшілікке көрінбей кеткен. Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін, 2017 жылы желтоқсанда Өзбекстан соты Гүлнара Каримованы "салықтан жалтару", "қаржы жымқыру", "бопсалау" және "офшор компанияларының құжаттарын қасақана жоюға" айыпты деп танып, 10 жылға бостандығынан айыруға үкім еткен. 2018 жылы шілдеде сот Каримованың жазасын жеңілдетіп, бес жылға бостандығын шектеу жазасына ауыстырған.
Өзбекстанда бұрынғы президенттің үлкен қызының үстінен қылмыстық іс Гүлнара Каримоваға АҚШ пен Еуропаның бірнеше елінде жемқорлық және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру туралы істер ашылғаннан кейін қозғалған болатын. Тергеу орындары Гүлнара Каримова Өзбекстанда мобильдік байланыс қызметімен айналысу үшін лицензия алуына жәрдемдесетіні туралы уәде беріп, бірнеше телекоммуникациялық және өзге компаниядан (негізінен МТС, "Вымпелком", ING, Telia Sonera тәрізді шетелдік компаниялар) 1 млрд долларға жуық пара алған деп санайды. Кейін Каримова мен сыбайластары ол қаржыны офшор компаниялары арқылы шетелге аударып, әлемнің әр аймағынан оннан аса вилла мен өзге де жылжымайтын мүлік сатып алған дейді тергеушілер.
Өзбекстаннан шығарылған ақшаның бір бөлігі – 555 млн долларға жуығы – Швейцариядағы шоттардан табылған. Тағы 200 млн долларға жуық ақша әлемнің өзге елдерінен табылған. Қазір Өзбекстан билігі бұл ақшаны елге қайтаруға әрекет жасап жатыр.
Гүлнара Каримоваға бірінші сот үкімі шыққаннан кейін ол біраз уақыт үйқамақта отырды. Бірақ 2019 жылы наурызда Өзбекстан билігі үйқамақта отырған Каримованың "жаза өтеу шарты мен тәртібін қасақана бұзғаны үшін" түрмеге ауыстырылғанын хабарлаған. Қызы Иман анасы Гүлнара Каримованың қамау тәртібін бұзбағанын мәлімдеген. Сол жылы маусым айында Иман түрмедегі анасының "қысым көріп, медициналық көмекке мұқтаж болып отырғанын" айтып, мәлімдеме таратқан. Осыдан кейін көп ұзамай Каримованың үстінен екінші іс қозғалған.
2017 жылы желтоқсанда АҚШ қаржы министрлігі Өзбекстанның бірінші президенті, өмірден өткен Ислам Каримовті және оның үлкен қызы Гүлнара Каримованы "Магнитский тізіміне" енгізген. Бұл тізімге адам құқықтарын бұзған және коррупцияға қатысы бар адамдар алынады. Қаржы министрлігінің тұжырымы бойынша, Гүлнара Каримова "қуатты ұйымдасқан қылмыстық топты басқарып, өзгенің бизнесін тартып алуға мемлекеттік субъектілерді тартқан, рынокқа монополия орнатып, пара сұраған" және "бопсалаумен" айналысқан.
1989 жылы советтік Өзбекстан басшылығына келген Ислам Каримов авторитарлы билік жүйесін орнатып, елді 27 жыл бойы басқарды. Ресми Ташкент оның қайтыс болғанын 2016 жылы қыркүйектің 2-і күні хабарлаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Ислам Каримов Өзбекстанда адам құқықтары жаппай бұзып, саяси қуғын-сүргін ұйымдастырды деп санайды. Қарсыластары оның "қатыгез диктатор" болғанын айтады.
ПІКІРЛЕР